Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет29/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
59 
Құнанбайдың қасында Байсал, Майбасар бар екен. Және Құлыншақтың 
батыр ұлдарынан Наданбай, Манас отыр. Ырғызбайдан - Жұман, Төлепберді, 
тағы да басқа үй толы жігіттер бар екен. 
Құнанбай әуелі үн қатпай сазарып отырып барып, аздан соң екі 
атшабардың бетіне нұсқап отырып Байсалға: 
- Міне, көрдің бе? Қайтып ағайын болайын? Мына қамшы мыналарға емес, 
маған жұмсаған қамшысы ғой Бежейдің... Тұр тегіс! - деп, бар жігітке қатты 
ақырып бұйрық берді. - Қазір барыңдар да, сол өз үйінде сабатқан Үркімбайды 
қол-аяғын байлап тұрып, дәл менің алдыма сүйретіп әпкеліңдер! - деді. 
Басқа бір кісі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Құнанбай да мұнан әрі ләм деген 
жоқ. Он жігіт атқа міне-міне шаба жөнелді. Ішінде Құлыншақ балалары бірге 
кетті. 
Осы топ ымырт жабыла Үркімбайдың аулына жетіп, барлық ауылдың 
еркектерін бықпырт тигендей сабап жүріп, Үркімбайды өз үйінен сүйреп алып 
шықты. Үркімбай үйде қарсыласқанмен, таяқ тиетінін байқаған соң, енді 
қайтып үн қатқан жоқ. 
Бетінде жалғыз тамшы қан жоқ. Ашудан көкпеңбек боп, булығып алған еді. 
Ернін тістеп, қабағын тастай түйіп ап, шыдай бермек болды. Тыста мұның 
қолын артына байлап, бір семіз шабдар атқа мінгізді де, артына Төлепберді 
қарғып мініп алды. Ашулы топ Қарашоқыға қарай тасырлатып, шапқылап 
жөнелді. 
Қазірде қас карайып, іңір қараңғысы әбден болған екен. 
Бұлар Шыңғыстың қалың ішіндегі Үркімбай қорасынан төмен беттеп, 
өзенді бойлап шауып келеді. 
Аз уақытта өзенді кесіп өтетін бөктер жолға жетті. Енді күнбатыс жақтағы 
Қарашоқыға қарай бұрыла беріп еді. 
Бірақ алдарында көлденең тұста бір топ биік терек болатын. Соныц 
арасынан, бір сәтте, қалың нөпір боп: 
- Қапта, қапта!.. 
- Түс-түс! 
- Өлтір иттерді, өлтір! - деген қалың шумен, өңшең бір көк аттылар тиіп 
кеп кетті. Ұзын саны отыз-қырықтан кем емес. Қолдарында шоқпар мен сойыл. 
Құнанбай жігіттері қарсы айғайлап: 
- Келсең кел!.. 
- Омай!.. 
- Түссең түс! - деп, сапырлысып, араласып кетті. Бұларда да сойыл, шоқпар 
сай еді. 
Ұзын-ұзын ақ сойылдар кезек-кезек қағысып, сарт-сарт тиіседі... 
Қараңғыда тосқауылда тұрып шабуыл жасаған Қараша болатын. Оған 
Байдалы күндіз бұйрық беріп: 
- Бір қимылды істеуін істедің. Бірақ енді сақ бол! - деген. 
Қараша содан кешкі ымыртқа дейін тау басында, ат үстінде жүрген. Кешкі 
алакөлеңкеде Үркімбай аулына қарай суыт кетіп бара жатқан қалың шоғырды 
ол мезгілмен-ақ көріп еді. Тегін емес екенін де білген. Содан шапқылап отырып, 
таудан түсіп өз аулының бес-алты жігітін атқа мінгізіп ап, жолдағы Қаумен 
жігіттерін де атқа мінгізіп алғанша со болды. 


 
60 
Не де болса Үркімбай аулында жауды баса алмайтынын білген сон, осы 
қайтар жолдан кеп тосқан. 
Қараша қара сойылға мықты болатын. Өз аулының жас жігіттері де 
шетінен ат үсті төбелеске мойымайтын, «іздегенге сұраған» дейтін Қожақан 
сияқтылар еді. 
Қоян-қолтық жерден жақсы килікті. Құнанбай қолын бұл ұрыста бастаған 
Құлыншақтың батыр ұлы Манас. Ол алдарынан тосқауыл болатынын білген 
кісідей екен. Аналар қаптап қоя бергенде, түк сасқан жоқ. 
Тақымындағы қара шоқпарын суырып ала, бар жігіттеріне бұйрық беріп: 
- Ал, саспаңдар, көп те болса қорықпай ұрыс! Таймай соқ! - деп араласқан. 
Осымен, қалың топ жапыр-жұпыр бірнеше рет айқасты. Манас қолынан екі 
жігітек құлап түсті. 
Төлепберді бағанадан бір ақыл ойлап алып еді. Тіпті үлкен қысылшаң 
болса, ол Үркімбайды аударып тастап кетпек болатын. Осы ойын өзі 
орындағанша, Қараша кеп жетіп, еріксіз істетті. Қолы байлаулы жүрген 
Үркімбай, бір айқасып өткен уақытында, Қарашаның атын танып қалған. Сол 
арада айғайлап: 
- Қараша, мен мұндамын, мені айырып ал! - деген. Қайта айналып 
оралғанда, Қарашаның қуғаны, осы екі кісі мінгескен, жеір қылаң ат болды. 
Жақыптың жүйрік шабдар аты жеткізбей, көп әлек қылды. 
Бірақ Қараша қалатын емес. Топтан жырып алып, қуып кетті. Төлепберді 
артына алақтап, алдына қарай алмай келе жатты. Үркімбай осы қысталаңмен 
пайдаланып, атынан өзі сусып, құлай түсіп кетті. 
Осымен Жігітек Үркімбайды айырып алып қалды. Құнанбай жағынан бұл 
түнде қолға түскен кісі болмады. Жігітек тауды басына көшіріп, ұран сала берді. 
Сонымен тобы көбейе бастады. Жан-жақтан: 
- Қайда? Қайда?.. - деп андыздап шапқан аттылардың сарыны молапып 
кетті. Осыны байқап алған Манас өз жігіттеріне: 
- Енді жөнел!.. Қаша ұрысу керек!.. Сал, қаша ұрысты!.. Ал, тарт! - деп, өзі 
бастап тартып берді... 
Үркімбай босанғаннан кейін, олар жосытып шапқылап, тау асып кетті. 
Құнанбай жігіттері қолға түспесе де, Жігітек қолынан қорқып, қашып кетті. 
Үркімбайды әкете алмады, тастап кетті. 
Бұл түнде бар Жігітекке Үркімбайды айырып алу да, күндіз Құнанбайдың 
екі атшабарын сабаған сияқты, күш асырып, бел бітірген іс болды. 

Осының ертеңінде күн райы өзгеше бұзылып, қыс ызғары біліне бастады. 
Шыңғыстан аса соғатын қатты жел бар. Көктемде бұл жел игілік желі. Қарды 
қағып, бөктер мен шиді қарайтып кететін жел. Қыстыгүні де Шыңғыс желі 
шаруаның досы. Тау ішімен бөктерде бір жұмадай, он күндей үзілмей соққанда, 
қыс қысталаңын сейілтіп, мал жайылысын кеңейтіп, шаруаның арқасын жазып 
кететін. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет