Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет38/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
77 
деді. Екі жерде араптың «шын» әрпіне ұқсаған Төре таңбасын да таныды. Абай 
тыста осы жайларға қарай түспек еді, бірақ үлкендер тоқтамады, бәрі де үйге 
кірді. Жақып алдымен жүріп кеп, Құнанбай отыратын бөлменің есігін ашты. 
Үшеу-төртеуі тұтас кіріп, сәлем берісті. Үлкен жарық бөлменің есігінен төріне 
шейін қымбат қызыл кілемдер жайылған. Қабырға атаулыда қала сәнімен 
жиналған ішіктер, кестелі жайнамаз, оюлап жазылған дұғалықтар. Төсек-орын, 
құс жастық, жібек шаршау, шілтерлер де көп. Үйде топсалы үлкен үстелдің 
жанында жуан-жуан ақ жастықтарға шынтақтап Алшынбай мен Құнанбай отыр 
екен. Мыналар даурыға сәлем бергенде, үйде отырған екеуінің еріндері 
болымсыз ғана жыбыр-жыбыр етісіп, сараң сәлем алысты. 
Келгендер Құнанбай мен Алшынбайдың екі жағынан жарыла отырды. 
Сөйлеп отырған Алшынбай екен. Сөзін үзіп мыналарға қарап, аз бөгеліп 
еді, Құнанбай: «Айта беріңіз!» деп ишарат етті. 
Толық дөңгелек денелі, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай, тірсекжең қара 
қамзолдың сыртынан пұшпақ ішігін желбегей жамылып отыр екен. Басында 
сұрғылт түсті сырма тақиясы бар. Қазақы тақия. Сол тақиясының екі самайдағы 
жиегінен ойдым-ойдым боп түскен ақ құйқа көрінеді. Жаңада қырылған ақ 
шашы қайта тебіндеп шығып келе жатқанмен, Алшынбайдың тазын жасыра 
алмай тұр. 
Биік қырлы мұрнын көтере сөйлеп, Алшынбай есікке қарап отырып: 
- Баймұрын өзі де тыржыңдап, өкпе сазын білдіргендей... - дегенде, 
Құнанбай басын тез көтеріп ап, Алшынбайға бұрылды. Алшынбай 
Құнанбайдың сұрланған жүзіне байыппен қарап: 
- «Бөжейді қонақ асыға шақырсам, Құнанбай жақтырмайды дейді. Енді 
менің қазанымды да Тобықтыға билеткені ме Алшынбайдың» деп, маған кінә 
тағады білем... - деді. 
- Анамен сөйлесіп пе өзі? Оның сойылын не деп соғады екен Баймұрын, 
сонысын айтты ма?.. - деп, Құнанбай жаңағы өзін теріс қып көрсететін сөзден 
аттап түсті. 
«Анау» дегені кім екенін Абай біледі. 
Алдыңғы күні осы Алшынбаймен бірталай сөйлесіп кеп, аяқ кезде 
Құнанбай Бөжейге арнап бір қатты суық сөз айтқан: «Бөжей арыз беріп 
аяғымнан алғанын қойсын! Болмаса, сұр шекпенді кигізіп, бойын кездеп, 
айдатқанша тоқтамаспын!» деп еді. Алшынбай мен осы Қарқаралы қазағының 
тағы бір жуаны Баймұрын арқылы Құнанбай мен Бөжей арасының шарпысқан 
сөздері жүріп жатқан-ды. 
Бүгін Алшынбай сондағы сөздің ендігі өрісі қалай ауғанын айтпаққа келген 
болу керек. 
Баймұрынның Бөжей жақты ұстағысы келетіні жалғыз жаңағы сөз емес, 
одан басқа жерлерде, Құнанбайдың әралуан ашу сөздерінен білінетін. Әлгі бір 
леп соның сарыны... Оны Құнанбайдың тыңдағысы келмейтін, ұстасқан кісісі 
дәл Баймұрын емес. 
Өкпелесе өкпелей берсін. Оның өкпесі батса, Алшынбайға батады. 
Құнанбайды оншалық қайыстырмайды. Екінші, Алшынбай Құнанбайға 
жаңағыдай білдіргені болмаса - «Сен үшін маған Баймұрын туысқаным 
өкпеледі», деп міндет қылатын кісі емес. 


 
78 
Соңғы жылдар бойында Алшынбай, Құнанбай достығы талай сыналған. 
Туыстан «құдалық», «достық» тәтті болып, екеуі бірі арқылы біріне келген 
жеңіл-желпі ауыртпалықты есептеспейтін. Сондықтан, алғашқы сөзін әлгімен 
тастап, Алшынбай Құнанбай күткен жауапқа көшті. 
- Әуелі жауап сөзінің өзін айтайын, кейінгі шарасын ақылдасамыз ғой. 
Бөжей анау сәлеміне шапшып жауап беріпті. «Көк шекпенді біздің мырза 
пішкен жоқ, құдай пішкен. Кім киерін көрерміз...» депті. Баймұрын ба, басқа ма, 
дем беруші тапқаны болар!.. - деді. 
Бұл жауапты естігенде, бағанадан үндемей мелшиіп отырған Майбасар
Жақыптар селт етіп, қабақ түкситіп, ажырая қарасты. 
Іштерінен: 
«Мынау қалай құтырады?» 
«Мынаны бір түлен түрткен екен!» 
«Мәрғау кетейін деген екенсің!.. Өз обалың өзіңе!» - деген сияқты 
ажарлары бар еді. 
Абай Бөжейдің не дегенін естуге ынтық болатын. Жаңағы Алшынбай 
жеткізген сөзге ол да қайран қалды. Ішінен: 
«Қандай ыза, қандай күйіктен туған сөз?.. Және неткен ер?» деп ойлады. 
Құнанбай қайсар жауапты есітті де, басын жоғары алып, қарсы терезеге 
жалғыз көзімен қадалып қарап үндемей отырып қалды. Сұрғылт жүзі түнеріп, 
катты ашумен қарайыл бара жатқан тәрізді. Бетінде түк атаулысы бозғылданып, 
біліне бастады. 
Осыдан басқа не бір дыбыс, не қозғалыс, не бір сөзбен сыр берген жоқ. 
Барды ішіне жиып, буылып, құрсауланып қалды. Мұның бетіне екі рет 
көлденеңнен қарап өткен Алшынбай таңдана түсіп, сүйсініп қалды. 
«Берік, берік! Бүйрегі без емес, тас болар!..» - деп ойлады. Құнанбайды өзі 
көріп жүрген атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі: осындай жердегі 
ерекше ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын. 
- Үй іші үнсіз еді. Бағана есік алдында, ауыз үйде қалған Қарабас есікті 
ақырын ашып, ептеп басып кеп: 
- Майыр кепті, мырза. Сізге келді, - деді. Құнанбай оған да қыбыр еткен 
жоқ. Аздан соң есік ашылып, еңгезердей қызыл сары Майыр кірді. Қасында 
қазақ тілмәш Қасқа бар. Сақалы шошайған, өзі қағылез келген арық сұр. Бұл 
тілмәш күндіз-түні осында келіп-кете беретін. 
Майыр Құнанбай, Алшынбаймен қол алысып амандасып болды да, жерге 
отырмай, Құнанбай қарсысындағы жалғыз орындыққа отырды. Үлкен көк 
көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың бұйра сары сақал басқан. Шүйдесі 
қып-қызыл екі қатпар боп тұратын. Мұны қазақ атаулы өз атымен атамай, өзге 
майырлар 
сияқты, 
сырт 
белгілерімен 
атайтын. 
Жалғыз-ақ, 
бұрынғы 
майырларды бір-ақ белгімен: «сұлу майыр», «семіз майыр» деп, немесе бетінің 
секпіліне қарап, «тарғақ майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай ат 
атауға өз-өзінен сұранып тұрушы еді. 
Сондықтан мұның атын неше саққа мінгізіп кеп, бірде «шапыраш» майыр, 
бірде «жүндес» майыр, бірде «піскен бас» майыр деп те атасатын. Құнанбай, 
Алшынбай айналасы оны ақылсыз деген болжалмен, көбінесе, сол «піскен бас» 
майыр деуші еді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет