Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет40/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
81 
Алшынбай сөзін аяқтасымен Құнанбай Майырға да, Алшынбайға да асты 
нұсқап: 
- Жеп, іше отырыңдар... кәні! - деп, бата қып бетін сипады. 
Мешіт салам деп, имам хазіреттермен көп айқасқалы, Құнанбай өзі арапша 
оқымаған адам болса да, діндар, тақуалау кәрілердің жаңағы бата қылғыш, бет 
сипағыш, «пісмілдашыл» машықтарын көп істейтін болған-ды. 
Алшынбайдың әлгі сөзінің аяғына ас кеп қалғаны бір сылтау болса, 
екіншіден, бұдан әрі сөйлеген сөздің орны да жоқ. Алшынбай кірісіп, «аяқтап 
көрем» деген соң, Майырдың да өктей қоятын жөні жоқ. Жайсыз шешсе кейін 
көреді. Ал, дұрыс боп шешілсе, мұндай істі Алшынбайға бергеннен абзалы жоқ. 
Алшынбайға: 
- Айтқаның дұрыс, мен тоқтаймын. Жауабын өзіңнен күтемін... - деді де, 
келген жұмысын тез доғарды. Содан кейін өзінің қымыз құмарлығына салып 
бес тостағанды үсті-үстіне жұтып-жұтып жіберіп, жаубүйректен азғана асады 
да, қоштасып жүріп кетті. 
Тілмәш тамақ аяқтағанша кетпей кейіндеп қалып еді, сол шыққанша 
Құнанбай жаңағы сөз туралы «ләм» деген жоқ. 
Аздан соң тілмәш кетті. Содан кейін барып қана Құнанбай: 
- Параға жемсауы толған ғой әлгі піскен бастың. Бет алысын көрмеймісің?.. 
Баймұрын арқылы Бөжей, Байсал тығындаған ғой... - деп, бағанадан желісі 
үзілмеген ойының бір түйінін айтты. 
Алшынбайдың ойы да осы туралы еді. Ол бірақ Құнанбайдан гөрі арырақ 
ойлап, ойына әртүрлі жайсыз күдіктер түсіп, күңгірт тартып отырған. 
Құнанбай сөзіне шапшаң жауап қайырған жоқ. Сараңдап барып: 
- Пара деген бір сәрі ғой. Пара жемейтін ұлық бар ма тәйір? Оң-солынан 
қабат алып, қабат қылғып та қыбын тауып жүрмей ме? Мына жердің тетігі ол 
ғана болмай тұр, - деп, бүгін әдейі Құнанбайға өздігімен айтпаққа келген сөзіне 
ауысты. Кейде маңдай терісін жиырыңқырап, екі көзін жұмып сөйлей 
бастайтын әдеті бар еді, соған салып: 
- Мен осы қыбырдың бәрінен көз алмай, көлденеңнен бағып отырған 
кісімін ғой... «Тоғыз құмалақты ойнаушыдан да көлденең көргіш келеді деуші 
еді біздің би»... - деп өз атасы Тіленші биді есіне алып, - сол айтқандай, 
Тобықты ішіндегі ойындардың енді басқа бір белге шығатын кезі жетті. 
Аяқтамаса насырға шабатын түрі бар! - дей түсіп бір тоқтады. 
Құнанбайға құдасының бұл бет алысы оқыс жаңалық еді. 
- Алшеке! Бөжей мен Байсал Тобықтыда аяғымнан алам десе, дуанға келіп 
жағамнан алмақшы. Аянар жерім қалмады ма осы? - дей беріп еді, Алшынбай 
сол қолын үстелден аз көтере беріп: 
- Алысар болсаң, аянбассың. Алысқан соң о да аянбас. Бірақ жаңағы 
Майырды аңғарсаңшы! Ол ғана емес, ар жағында анталап жүрген кешегі хан 
тұқымы төрелерді аңғарсаңшы!.. Сөзқұмар, бәлеқұмар Баймұрындар аз ба?.. 
Соның бәрі: аға сұлтандық қолымыздан мүлдем кетті деп жүрген жоқ. Ылғи әр 
кезеңнен баспа қып, «түрт сайтанмен» жүр. Тегінде өз басыңмен байланысқан 
сөздің өршігені құрсын... - деп, шетін нәзік жайға тұспал жасады. Құнанбай 
енді түсіне бастады. Бағанағы Майыр да, енді тіпті Алшынбай да, Құнанбай, 
Бөжей тартысының түбі - бас араздық екенін тұспалдайды. Бара-бара: «аға 


 
82 
сұлтан басымен Бөжейдің аулын шапты, өз қолымен қыруар елді қырқа 
матады... дүреледі» деген сөздер бәле боп, ұлғаймай тұра ма?.. Бөжейдің 
«арызы» деген - «аяспау» деген сияқты, әр жерден шаң беріп жатқан жайдың 
бәрі сол дүмпудің белгісі... 
Құнанбай Алшынбайдың жүзіне ойлана қарап: «Ендеше барыңды айтшы!» 
дегендей, үндемей тосып қалды. Алшынбай енді Құнанбайға қадала қарап 
отырып, жіті сөйлеп:
- Бүгін мына мешіт бітіп, абыройың асып отыр. Атағың көпке кетіп жатыр. 
Соны күндейтін де кісі көп. Алдымен анау көрпіс, мына жаңағы Майыр 
күндейді. Кішіреймейсің, кешірім етесін. Ақ көңілің мүлде ағарсын. Мұның да 
бір Кұнанбайлығың болсын. «Игі жұмыс үстінде кірбеңнен арылам» дегенің 
болсын. Ана Бөжей ағайыныңды жау қып жатқа жіберме!.. Бауыр қып қасыңа 
тарт, татуласшы осы! - деді. 
Құнанбай көпке шейін үндеген жоқ. Татулықты Алшынбай сұрағанда, қай 
жауабын болса да ойланбай айту қиын. Анығында, бар Қарқаралы дуанының 
шын дүмшебайы осы Алшынбай. Көп рудың нелер үлкен дауы да осының 
алдынан тарайды. Одан бері де ана бір кезде Құсбектей төре Алшынбайды 
өкпелетіп алған соң, аға сұлтандығынан айрылған. 
Алшынбай достығы арқылы ғана аз ғана Тобықтының Құнанбайы аға 
сұлтандықты алған... Және Бөжейді жау қып қуа берсе, астында жатып та аяғын 
шайнайтын түрі бар. Аңғар солай боп барады. Онан соң істесе Бөжейге бұл 
істеді, Бөжей әлі бұған не істеді?.. Алшынбай сұраса бергеннен абзалы жоқ 
екен деген байлауға кеп еді. Өздігінен «тез келермін» деген байлауы емес екені 
рас. Алшынбай емес, өзге кісі айтса да бүйтіп тез қайтпас еді. 
Енді мына тұс оның бәрінен бөлек... Сол себепті Құнанбай бекінді де: 
- Алшеке, айналаны көріп, болжап айтып отырсын ғой. Достықпен айтып 
отырсың. Аңғармасам айыпты болар ем. «Қайтпас-ақпын» деп едім. Бірақ 
жалғыз қатыбас мен болайын ба? Ақыры құдай білсін, өзің біл, өзің аяқта! - 
деді. 
Сөз сонымен бітті де, Алшынбай біраз отырып үйіне қайтты. Абай Бөжей 
үшін риза еді. Тіпті Алшынбайға да іштей көңілі жылы тартқандай болды... 
Түсі суық, рақымсыз жаулықтың енді беті жылынып, татулыққа айналғанын 
Абай «уһ» деп, күрсіне сүйсініп қабылдады.

Осы сөз болған күннің кешінде Абай Қарқаралы қаласын жапа-жалғыз 
аралап кетті. Кейде бір іші пысып, жүдеу тартса, немесе бір нәрсеге риза боп, 
көңілі өрбісе, осылайша жалғыз кетіп қалушы еді... Күн кешкіргенмен әлі 
батқан жоқ екен. Қала желкесіндегі әсем таудың карағайлы жотасында қызыл 
арай сәуле бар. Тау басында жел тұрды білем. Тоғайсыз ашық жондар да сырғақ 
көрінеді. Жаяу борасындап, ұйтқи түсіп қызғылт құйын ұшқындайды. 
Қала ішінде желсіз шыңылтыр аяз білінеді. Жайсыз суық емес. Бойды 
ширықтырып, жинақы ұстататын жеңіл мезгіл. Таудың қалаға қараған бетін 
кеш көлеңкесі басқан. Жақын жердегі жақпар тастардың өзі де қазір көкшіл 
көлеңке ішінде көгілдірленіп, алыстай түсіп, түнге бейімдеп барады... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет