Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет42/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
85 
Төмен қарап келе жатқан Абайдың құлағынан жаңағы бір ауыз өлең әлі 
айыққан жоқ. Бар сөзі есінде... Ішінен қайта-қайта айтады. Жаттап апты. 
Мынау жалғыз ауыз өлең бағана, күні бойы күмбездей боп үлкен көрініп 
отырған екі рудың екі шоқысын бір-ақ соғып жермен-жексен етті. Тайпитып 
кеткен сияқты көрінді. 
«Алшеке, Алшеке» дегендері - «ақсақ таз» аталды. Алшынбай сылти 
басады, ақсақ екені рас. Ал, «аға сұлтан», «мырза» атанған өз әкесі - «қарға!» 
Қандай қарға? Қарқаралының ен байлық, ел дариясының жалғыз еркесі. Жақсы-
жәйлісін жапа-жалғыз қызықтап, шоқып жеп отырған қарға!.. 
Әлемде сөзден күшті не бар екен? «Сөз өңменіңнен өтеді ғой» деген 
Қаратайдың тағы бір тапқыр сөзі есіне түсті. 
Осындай өз ойымен өзі боп, ішінен аса қатты теңселткен бір күшті сезген 
Абай көшені де, көшедегі жүргіншіні де аңғармай, көрмей келе жатыр. 
Бір пұшпаққа жақындап қалған екен. Дәл бұрыштан бұрылып, бұған қарсы 
шыққан үш аттыға көзі түсті. 
Аңырып тұра қалды да, тез таныды. Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы 
екен. Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты – Бөжей. Ақсұр жүзі жабыңқы. 
Қоңырқай мұрты менен сақалына кешті аяз қылау салыпты. 
Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар 
кісідей көлденеңдеп кеп, тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрді 
ме немесе таныды ма, аттарын баяу бастыра бастап еді, жақындап, тұстас келді. 
Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін 
басып, қатты дауыстап: 
- Ассалаумағалайкүм!.. - деп сәлем берді. Медреседе жүргенде: «Көшеде 
қазіретті көрсең, осылайша тағзым ету керек» деп халфелер үйретуші еді. 
Абай көптен бері-ешкімге бүйтіп сәлем беріп көрген жоқ. Қарқаралыға 
келгелі Бөжейдің көрінгені осы. Шешесінің жүрердегі сөзі есіне түсті ме, 
болмаса қазіргі көңіл күйіне сай келді ме?.. Қалайша бүйтіп әдеп шығарғанын 
Абайдың өзі де байқамай қалған-ды. 
Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң 
назарын салды білем... атының басын тежей беріп: 
- Уағалайкүммәссәләм, балам!.. - деп тоқырай қалды. 
Байсал Абайды жаңа таныған еді. Жақтырмай, мұрнын тыржитып: 
- Өй, мынау екен ғой, жә жүрші! - деп, атын қозғай беріп еді, Бөжей: 
- Тоқташы! - деді. 
- Ей, сол антұрғанның баласының сәлемін алушы ма ем?.. - деп, Байсал 
Абайға қабағын түйе қарады. 
Абайдың екі беті ду етті. Оқыс жалын беті емес, ішін де шарпып өткендей. 
Кәнәлап, ренжіген жазықсыз баланың отты көздері жарқ етіп, Байсалға қадала 
қарады. 
Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып: 
- Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ 
өздігіңмен істедің бе? - деді. 
- Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!.. 
Абай болса, күндізгі өзін көңілдендірген күйін ұмытпаған болатын. 
Қарқаралының кейбір көше қазағы естіген татулық жайын Бөжей, Байсалдар әлі 


 
86 
естіген жоқ-ты. Жаңа, кешке жақын ғана Алшынбай бұл үшеуіне кісі жіберіп, 
өз пәтеріне асқа шақырған екен. Не сөз барын білмесе де соған аттанып бара 
жатқан беті осы еді. 
Абай жауабын естіген соң Бөжей ықыласпен қаран түсіп, жақындады да: 
- Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар 
көрдім ғой, шырағым!... - деді. 
Байсал бұл сөзді де жақтырмай сырт қарай беріп еді, Бөжей оның 
қозғалысын танып: 
- Ей, Байсал, сен бата бермегенмен, мынау болайын деп тұрған бала ғой, - 
деді де, Абайға бұрылып: 
- Ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын!.. Жалғыз-ақ өзгені 
берсе де әкеңнің қаттылығын бермесін! - деп, бетін сипады. Абай да Бөжейге 
қадала қарап тұрған қалпында бата қылып, бетін сипап еді. 
Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге 
қарап: 
- Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің... - деді. 
Абай тұрып-тұрып барып қана қозғалды. 
Шын ба? Шын айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі 
балаға ауыр тимесін деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай 
жақсы бата берді! Ойда жоқтан, оп-оңайдан, осындай таудай үлкен сый бола 
ма?.. Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз білсе де, тез танығаны ма? Үлкендер 
көрген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ танып айтқаны ма?.. Олай болса, 
Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой!.. 
Бұл жайды ойлаған сайын балалық өзімшілігі қатты ырза болды. Абайдың 
іші ала қызыл, біртүрлі қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей. 
Әлдекандай өріс іздегендей. 
Енді асыға жүріп келеді. Күн қазір ымырт бопты, оны да жаңа байқады. 
Екі көше адасып, пәтерінен асып кетіпті. Мұны да жаңа білді. Қайта жүрді. 
Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында ететін кеш, қазір тағы да бір 
өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді... 
Өзі салмаса да, Абай қаршыға салған үлкендердің қасына еткен жазда көп 
еріп еді. Сонда ымырт жабыла бергенде, апақ-сапақта, кеш қараңғылығы 
қоюланған сайын, көк қаршыға, өрттей қаршыға, секунд санап жалындай 
шалқып, жайнай беруші еді... Абай өз ойын, өз көңілінің күйін мына кеште дәл 
сол шабыттағы беті қайтпас қаршығадай сезді. Бүгін біртүрлі сергектік, 
сезімділік бар. 
Өзге күндерден дәл бүгінгі күннің уақиғалары әлде-қайда бөлек. Күндізгі 
әкелер, әлгі Шөже, жаңағы Бөжейлер... Бір Қарқаралы қаласының алақандай 
аясының ішінде болғанмен, осы адамдар арасы соншалық кереқар. Тіпті 
дүниенің төрт бұрышындай алшақ жатыр. Бір жерде күш, бір жерде өнер, бір 
жерде мінез... Аралары және бітімсіз боп, әр салада жатқаны несі!.. Бәрі бір 
орынға жиылып, ынтымақпен бір арадан табылса не етер еді?.. 
Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой еді де... және тіпті өз ойы сияқты көрінді. 
Анығында: «ақыл, қайрат...», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, 
таласы деген «парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл 
әңгімесі бар-ды. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет