80
- Жеткізетін сенсін ғой! Айыпкерді сен ұстаған соң, бел аспай қайтеді?!
- Құнанбай мырза, сен мені айыптама үйтіп! Бұл екі жүзді семсер сияқты
жұмыс.
- Білемін. Қоймаңның сырын білемін сенің!
- Аға сұлтан! Орныңызды ұмытпаңыз!.. Біз екеумізді де көрпіс сайлаған, -
деп Майыр трубкасын тұтатып алып түрегеліп, үй ішінде әрлі-берлі жүріп кетті.
Ашумен қатты қызарып алған еді.
Құнанбайдың ендігі жауабын Алшынбай айтқызғысы келмеді. Дуанның екі
бастығы бұдан әрі сөйлессе, ұрысқа кететін түрі бар. Ол орынсыз. Алшынбай өз
көз алдында бұған ырық беруіне болмайды. Құнанбай үшін де
және тіпті өзі
үшін де залалды. Ол бағанадан үстелге шынтақтап, қыбыр етпей отырған
қалпынан тез шалқайып:
- Ей, мырза! Ей, Майыр! Сабыр етіңдерші! - деп қатты айтты.
Алшынбайды жалғыз Құнанбай емес, Майыр да сыйлайтын. Талай қиын
істе әлденеше рет істес болған. Әлі күнге түс шайысқан жерлері жоқ. Және
Алшынбай өзі ұлық болып көрмесе де, түптеп келгенде, талай старшынды, тіпті
кейде аға сұлтанды да сайлаушының ең мықтысы болатын. Оны да Майыр
жақсы біледі. Есептеспеу қиын. Алшынбай үн қатқанда түрегеп
тұрған Майыр
Құнанбайға көз қиығын бір тастап байқап өтті. Құнанбай да Алшынбайды
тыңдайтын тәрізді.
Майыр танаурап, қатты демігіп орындығына қайта кеп отырды.
Алқымында әлі айықпаған ашу бар еді. Демі дірілдей шығады.
- Сендер бұлай шалқиыспаңдар, ұлықтар!.. Мақұл емес! - деп Алшынбай
сөйлей бастағаннан-ақ, қасқа тілмәш Майырға қарай қисая түсіп айтып жатыр.
- Біріңе бірің серіксің, ынтымақты болсаң ел билейсің. Ынтымақсыз болсаң
неңді билейсің? Өз бәлең өзіңе жетіп,
жұрт та қалар, жұмыс та қалар. Ұғысып
істеңдер. Ал, өздігіңмен ұғыспасаңдар мына біздей, арадағы кісінің сөзін
тыңдаңдар. Ол жайы сол!.. - деп, екі ұлыққа кезек қарап, екеуінің де қайтқан
түрін аңғарып ап, Алшынбай:
- Ал жаңағы
ақырғы жұмыстарыңа келсек, мына мен осы үйге, Құнанбай
мырза, саған, - деп, Құнанбай жаққа ырғала түсіп, - сол жұмыспен келіп
отырмын. Бүгін кешке шейін осы жұмыс туралы рұхсат беріңдерші! Майыр,
қазір сен қайта тұр. Тұрақты бір жауабын бүгін кешке мен жеткізейін. Сендер
екеуің боп, осы жайды сөйлегенді әзірше қоя тұруға бармысың? Соны
айтыңдаршы! Осыны мен сендерден сұрап отырмын! - деді.
Алшынбай әңгімесінің тұсында Қарабас ауыз үйден қамыс тегенеге
толтырып кымыз әкеп еді. Шүңет келген сырлы сары тегене. Қазірде Майбасар,
Абайлар дыбыссыз ғана қозғалып, үстел үстіне
асжаулық жайып, үлкендердің
алдарына жылтыр сары тостағандарды толтырып қымыз қойған.
Бетінде азғантай ғана құрым белгісі бар сап-сары қымыз, арқар мүйізінен
істелген үйрек ожаумен Майбасар сапырғанда, көпіршімей, шып-шып етіп
шымырлап қана толқиды.
Дастарқан үстіне үш табаққа сап ашыған бауырсақ қойысты... Жаңағы
Алшынбай сөзі аяқтала берген кезде Қарабас ауыз үйден үлкен табақ ыстық ас
әкелді. Бұл дағдылы ет, қуырдақ емес, Құнанбайдың қымызбен қоса жейтін
жаубүйрек деген тамағы еді.