84
көмейіне тас тығылып қала қоймас енді бұл бес-он күнде...
Сол сарайым сау
болса, жаңағы үн бергеніңді тегіс мұрныңнан тізіп тұрып, бір күн түстік, бір
күн қонақасы жеймін... Ал, қазір болса, күн ызғырық тартты. Кешкірді білем.
Менің кәрі сіңірімді соза бермей, осы ең жақын қақпаның біріне бұрамысың,
әкелер?.. - деді. Бастан бергі сөзінің барлығын күле тыңдап тұрған жұрт еріксіз
тоқырады... Ең жақын үй осы қақпасының алдында жиын тұрған үй еді.
Қора иесі қалбалақтап, ішке қарай жүгіріп кетті.
Жиын тарқай алмай,
Шөжені қимай тұр.
Қонақасы жайынан тоқтам тапқан ел, енді Шөженің бірер ауыз сөзін
естімей кете алатын емес.
Шөженің қасында тұрған бір қартаң кісі ақынға қозғау салғысы келді білем:
- Уа, Шөжіке, дуанға жаңа келдің ғой, мұндағы дақбыртты естіп
жатырмысың? - деп еді, Шөже:
- Е, е, айт! Не дейді? Не деп жатыр дуаның? - деді.
Жаңағы қартаң кісі қала жаңалығынан хабардар екен. «Құнанбай салған
мешіт бітті.
Алшынбай, Құнанбай соны той етпек және аға сұлтан Құнанбай
ағайынымен бітісетін бопты. Ұлықпен Алшынбайлар табыстыратын бопты! -
деді.
Абай мына сөзге аса қайран болды. Өз әкесінің атын дәл мына жерден
естимін деген жоқ еді. «Мешіт бір сәрі, тіпті оның араз-құразы да иен жұртқа
мәлім екен-ау!» - деп таңданды.
- Е-е, араздасам деп, ұлықтығынан айрылып қалмасын дейді ғой.
- Құнанбайдың қамқоры Алшынбай бопты ғой.
- Әрине, бәр-бәрін жалғастырып, септестіріп жүрген сол Алшынбайлар...
- Тобықтыға абырой әперіп, ұлық қып, үске шығарып қойған да сол өздері.
- Енді міне Тобықтының жемпаздары қасаптың да семізін, лапкенің де
кызарғанын құртып барады. Осы маңдағы қос атаулының да қысыр тайы мен ту
биелерін түгел жемей кететін емес... - деседі.
Шөже осы жайларды күле
тыңдап тұрып, бір кезде оп-оңай өлеңдете қоя
берді. Ашық даусы саңқылдап:
Болыпты бір ақсақ таз және соқыр
Кұранды мысық сопы молдаң оқыр.
Болғанда ақсақ дария, соқыр қарға
Ортасын дарияның қарға шоқыр, -
деді. Жұрт тегіс ду етіп күліп жіберді... Шапшаңдығына, айтқыштығына
қайран боп, таңдай қаққандар да бар.
- Ақсақ тазы - Алшынбай...
- Соқыры - Құнанбай.
- Не қыл дейсің? Ал, қайтпас кәрің жалғыз ауыз өлеңмен жайратты да
салды! - деп жұрт жапырлап сөйлеп жатыр... Абай бұл сөздерден қатты ұялып
қысылды да, шеттей берді.
Осы кезде үй иесі шығып Шөжені ерте беріп еді.. Жиын тарамастан бұрын
Абай жалғыз бөлініп, өз үйлеріне қарай асыға жөнелді.