97
тегіс қатар жүру былай тұрсын, тіпті үш салт аттының қатар жүретін жерлері де
оқта-текте кездеседі.
Сол себепті барлық жүргінші қайтқан тырнадай, ұзақ салқар көштей боп,
ылғи шұбалып, тізіле жүріп отырады.
Жолаушылардың маңдай алдында Құнанбайдың өзі. Астында семіз сары
жорға аты бар. Арт жағы тегенедей жұмыр келген, ақ жал, сары жорға ат көп
жорғадай күдіс емес. Қабырғалы, жазаң және зор болатын. Құнанбайдың қалың
жылқысының ішінде әрдайым ұзақ жолға, әсіресе, қысқы жолға мінетін аты осы
еді. Үстінде қара құлын жарғағы бар, күміс кісе буынған, қара мақпалмен
тыстатып, қызыл түлкі тымақ киген Құнанбай сырт жағынан қарағанда тіпті зор,
көрнекті еді. Қара жарғақ сары атқа жақсы жарасады. Тайпалған қатты жорға
өзге жүргіншінің бәрін сар желдіріп келеді. Абайдың Аймаңдайы кейде
Құнанбай жүрісі баяуласа, жол жорғасын салады да, сары жорға қатты
тайпалып кетсе, амалсыздан желе жөнеледі. Желісі бір түрлі қатты, мазасыз.
- Ойпыр-ай, желісінің қаттысы-ай!.. Дәл бір бөренеге мінгізіп қойып, солқ-
солқ ұрып отырған сияқты, - деп, Абай Қарабасқа Аймаңдай аттың жүрісін
шағып қояды. Шынымен алғашкы күнгі жүрісте Абайдың іші-бауыры
солқылдап, етегін де қымти алмай, икемі кетіп отырды.
- Іштеңе етпейді. Аздан соң етің қатып, үйреніп аласың... Етегіңді қымтап
отыр!.. - деп, Қарабас ақыл айтып қояды.
Абайдың еркіне салса, асықпай жол жорғамен жүрер еді. Бірақ елге жету
үшін бірнеше күнді санап ап, сол мелшерде жетем деп тартқан Құнанбай жүріс
шамасын өзгеге билететін емес... Жолды-жолсыз жердің барлығында суыққа
қарсы қасқарып ап, топты бастап келе жатқан себебі де сол. Әншейінде
аямайтын атшылар мен шабармандарды да алдына салмайды.
Осы жүріс бір бүгін емес, талай күндік жолдың бойында үнемі осылай боп
отырды. Бірақ күндізгі уақыттар Құнанбай асығып, суыт жүргенмен, жолдағы
белгілі-белгілі ауылдарға көп түскенде үнемі тез аттана алмай қалады. Жол
бойындағы Шұбартау, Абралы, Дегелең, сонан соң Шыңғыстың батыс жақ
сілеміндегі Тобықтының шеті болсын, баршалық қоналқаға түскен ауылдары
Құнанбайды хажыдан келе жатқандай қарсы алады.
Бәрінде де ақсақал, атқамінер молда, сопының аузында: «Мешіт, мешіт».
Кейбір жағымталсыған кәрілер: «Қарадан хан тудың!» деп, «Қырғында қылау
салмай шықтың!» деп, «Қоңыраулы бұйра нардай болдың?» деп, көпе-көрінеу
қошемет, жорғалық та істейді. Құнанбай аттанып кеткенге шейін мұндай
ауылдар «құрақ ұшып», қалбақ қағып күтеді.
Жол
бойындағы
осы
бірталай
ауылдардың
атқамінер
адамдары
Қарқаралыда дәл қыс ішінде Құнанбай алдында болып, дау-шарын бітіріп
қайтқан екен. Ақы төлеуін, айып-анжысын алып, есебін айырып, егескен
жерлерінен Құнанбай арқылы өш алғандары да бар екен.
Шұбартау, Абралы ішінде төрт-бес жерде осындай ауылдар Құнанбайды
аттандырар кезде, оңшарақ шығарып-ап, жүрістен бөгеп, жасырын сәйлеп те
қалады. Және сондай ауылдың барлығынан жетек аттар, ту биелер қосылып
қалады.
Осындай олжадан түскен екі қара жорға, бір қызыл ат, тағы үш торы ат,
казірде Қарабас сияқты атшылардың жетегіне ілесіп жүретін болды. Абай бұл
98
жетектерге таң қалса да, алғашқы күндер көңіл бөліп, мәні-жөнін ескерген жоқ.
Бірақ ілгері жүріп, Тобықтыға қарай басқан сайын осы жетек молая берді.
Әрберден соң қосарына жетек ат алмаған жүргінші бірен-саран-ақ боп қалды.
Тобықты шетіне ілінер кезде осы жылқылардың саны он беске жетіп, енді
жетек емес, топталып, жеке айдалып отыратын болды...
Мұның бәрі аға сұлтан сапарының: «олжа мен сыйдан қоюланып келе
жатқанына» айғақ еді. Құнанбай аулында дәл осы күнде құмалақ салған кісі
болса, жүргіншілердің: «Бүйірі тоқ, қанжығасы берік, қос-қосардан олжасы
бар!» дер еді. Жорыққа аттандырған барымташыға түсетін құмалақ бұларға да
түсер еді.
Қоналқа жерде бөгелгені болмаса түстікке аялдамай, күндіз баласында
үнемі суыт жүріп отырған топ Қарқаралыдан шыққанына жетінші күн дегенде
Шыңғыс тауының батыс жақ тұмсығына кеп ілінді.
Осы жетінші күні Құнанбайлар Төлепберді мен Қамысбай, Бурахан -
үшеуін қуып жетті. Абай олардың неге бұрын кеткенін білген жоқ-ты.
Алдағы бір сар жотадан қалың жылқы айдап бара жатқан топты көргенде,
Майбасар:
- Әне, анау сол біздін жігіттер болар! -деген.
Айтқандай сол жаңағы үш жігіт Құнанбайдың мал айдатқан адамдары екен.
Олардың алдында жүз қаралы жылкы бар.
Өңшең бір төңкерілген доға жал ту бие мен ылғи іріңдей, ірікті аттар екен.
Қарабас айдап келе жатқан он бес ат та осыған қөсылды.
Құнанбай жылкы ортасына кеп, айдаушылармен сараң амандасты да, азын-
аулақ бөгеліп, тұрып қалған еді.
Абай қатты бір күдік ойлап, Қарабастың қасына келіп сұрастыра бастады.
- Бұл не қылған жылқы? Кімнің жылқысы өзі?
- Е, олжа, әкеңнің олжасы емес пе?
- Олжа не? Кімнен алынған?
- Өй, тәйір, баламысың?.. Әкеңнің қол астына қараған халық аз ба?
Қарқаралыда күні-түні басып жатқан қара нөпір ел кәне... Сондағы еңбек үшін
ақы алмай ма? Текке істей ме? - деді.
Абай бұдан әрі сұраған жоқ. Бірақ барлық өзгеше жайды ұғынып, өз-өзінен
қысылды да қып-қызыл боп кетті. Дәл қасында жүргенмен, мынау әкенің,
мынау барлық үлкеннің қиын сырын сезбеген екен.
Шөже есіне түсті... «Ортасын дарияның қарға шоқыр...» деп еді. Шөже
Құнанбайдан алыс, шалғай жүргенмен, бар сырды біледі. Білгендіктен соны
айтқан екен ғой.
«Не деген ұят?» деп, Абай көңлі, әсіресе, Шежеден ұялғандай болды.
Жүргіншілер тағы да соқтырып жүріп кетті. Абай желіп келеді. Бүгін бұлар
Қарашокыдағы Күнкенің ауылына да жетпек. Туған-туысқан баршасын осы
кеште көреді. Бірақ көптен асықтырған сағыныштың өзі де Абайдың жаңағы
ауыр сезімін айықтыра алмады.
Ойлап, бойлай берген сайын тағы талай құнсыз істер тапты. Алшынбай
аулына жіберілген елу қара да осы шоғырдың бір бөлегі. Қалыңмал... Абайға
әперетін келіннің қалыңмалы да бұлдырдан...
|