Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет14/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
28 
толқытып тұрып, бір кезде тастап жіберді. Бұл тас - бауыр жағы ойылғандай 
шұқшиған тас еді. 
Азап пен қорлық шеккен, онсыз да өлі дене, жолшыбай бір тасқа соқпастан 
тұпа-тура ағып кеп, ауыр салмақпен күрс етіп бір-ақ түсті. Қазір де шоқтай 
жиылып қалған топтың қақ қасына кеп құлады. Шетірек тұрған кісілерге 
естілгендей боп, ақырын ғана күтір етіп сүйек-сүйегі сына түскендей болды. 
Дәл осы кезде Жексен аулына төменгі тоғай ішіне шығып, қатты жүріп кеп, 
екі салт атты түсіп еді. Денелері ықшам, біреуі бала бейнелі. Олар аттарын 
шеткі үйге байлай сала, жылдам басып келе жатқан Абай мен Жиренше 
болатын. 
Аттан түсе бере, бұлар тас басына тегіс аңырып, қарап тұрған жиынды 
көріп, өздері де солай қадалды. Бір кезде шекпенінің етегі қанаттай боп шалқи 
шашылып, құлап келе жатқан дене көрінді. Жиренше атты байлай сала топқа 
қарай жүгіргенде, Абай көзін басып отыра кетті... Бітті, өлді... 
Мезгілімен жетсе, әкесіне өмірінде бірінші рет жалынып, аяғын құшса да 
өлтіртпей алып қалмақ еді. Кешігіп қалды. Енді топтың ішін көрмек емес. 
Атына қайта жүре берейін деп еді. Бірақ дәл осы кезде, үнсіз тұрған жиын 
жақтан жапыр-жұпыр дауыстар естіліп қалды. 
- Сен ал! 
- Е, сен ше? 
- Ал өзің? - десіп қау-қауласып тұрған жұрт, қолды-қолына бір-бір кесек 
тас көтеріп алыпты. «Төбелес» пе деп еді. Солай басты. Бұл төбелес емес-ті. 
Қодар құласымен Құнанбай: 
- Әлі жаны шыққан жоқ. Енді анау кәпірден өз жанымызды ақтап, аулақ 
әкету үшін, қырық рудың қырық кісісі кесек атсын. Ал, осы жиындағы әр 
атаның баласынан бір-бір кісі кесек алыңдар қолдарыңа! - деген. 
Өзі алдымен алды да, Бөжей мен Байсалға қарап жердегі тасты нұсқап: 
«алыңдар!» - деді. Бұйыра айтты. Аналар бағынды да тас алды. 
- Міне шариғат бұйрығы. Атыңдар кесектеріңмен! - деп, алдымен өзі 
лақтырып, Қодардың жонынан ұрды. Бөжейлер алған кезде тасты біреу алып, 
біреу алмай тартыныңқы еді. Жаңағы дабырлаған дауыс сол тас алдырып, 
ұрғызудың бұйрықтары екен. 
Абай жеткенше жұрт бірі артынан бірі тас жіберіп ұрып жатыр. Топтың 
шетіне Абай келе бергенде Жиренше қолынан ұстай алып, бетіне бетін тақап: 
- Ананы қара! Мынау ұрғалы жатқан шалды қара! Осы Қодардың жақыны. 
Өзі шал. Өзі Борсақ. Жексен!.. Бұған не жоқ екен, көк төбетке!? - деді. 
Абайға нағыз өлтіруші осы сияқтанды. Ентелей ұмтылып, Жексеннің 
желке жағынан тақай бергенде, Жексен Қодардың өлігіне қарап: 
- Кет, бәлекет, жүзі қара! Кет! - деп, үлкен кесек тасты жіберіп қалды, 
Қодардың денесін Абай жаңа көріп еді. Бас сүйегі мылжа-мылжа болыпты. 
Жүрегіне қан төгілгендей қайнап кеп: 
- Өй, кәрі малғұн! - деп, Жексенді желкеден қойып жіберді. 
Жексен Қодарды ұрған біреудің топшысы тиді ме деп сырт айналып 
қарағанда: 
- Не деген имансыз едің, кәрі төбет?! - деп тұрған Құнанбайдың баласын 
көрді. Абай сырт айналып кете беріп еді, Жексен бұған зекіп: 


 
29 
-Өй, бала!.. Ой, сен өзің? - деп тұрып, дауыстап: - Мен бе екен?.. Ер болсаң, 
әне... әкең! - дей берді. 
Жұрт: «О не, о не?» десіп жатты. Абай жылдам басып атына жетті. 
Белдеуден атын шешіп жатып, осы үй ішінде жылап отырған көп жанның 
үндерін есітті. Әйелдер көрінеді. Бірі солқылдап, бірі ыңырсып, бірі сыбырлай 
сөйлеп жылайды. Дауыстарын шығара алмай, қыстығып жылаған қатындар. 
Еркектер бұл ауылдың бар әйелдері мен баласын осы үйге ерте бастан 
қаматып койған. Солар екен. Қатты қорқытып қойған болу керек, дауыстарын 
шығара алмай жаншылып, егіліп жылайды. Бұ да Абайға оқтай тиді. Тыңдауға 
дәті шыдамай атына міне берді. 
Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айғайлап: 
- Ей, кұдай ұрған, тұра тұр! Көрермін бәлем! - деді. «Ұстаңдар, алып 
келіңдер» деп айта алмай калды. Абай атына міне сала, ауылға қарай шаба 
жөнелді. 
Артынан мұны қуып жеткен Жиренше: 
- Әй, Текебай тентек... Текебай тентек! - деп ат қойып апты. Бұлар ойға 
қарай жосытып кете барды. 
Жиын болып, кісі өлтіріп, ел ортасында құлақ естіп, көз көрмеген 
сұмдықты өз қолдарымен істеп шыққан топ, атқа міне сала, жан-жаққа 
шашырай тарады. Үнсіз, жым-жырт айрылысты. 
Жалғыз-ақ, Бөжей ғана Сүйіндік, Қаратаймен бірге үшеуден-үшеу боп 
оқшау кетіп бара жатып, күрсініп: 
- Ер өлтіргенге құн сұраушы ең. Енді құн сұрамақ түгіл, өкпе-кінә қылар да 
мұршаң жоқ. Өлтірген өзіңсің. Қырық рудың адамы кесек атып өзің өлтіріп 
отырсың, не бетіңмен үн шығарасың? - деді. 
Қаратай танып келеді, Бөжейдің түп есебінің көбін Құнанбай бұзып кетті. 
Бөжейге, әсіресе, Құнанбайдың осы айласы батқан тәрізді. Қаратай соны 
ескеріп: 
- Шариғаттың шын бәлесін түпке сақтапты ғой. Бұл шариғат та айлаға 
құрық бере беретін болды ғой. О да Құнанбайдың қойны-қоншында десейші, - 
деді.
Сүйіндік басылып, шошып қалғандай екен: 
- Құрсын! Тек бәле осымен бітсін, тынсын десеңші! - деді. 
Бөжей, көп арбасқандықтан Құнанбай тәсілін түкпірлей танушы еді: 
- Біту, тыну ма? - деп күрсінді де: - Бөкенші, Борсақ, қашан айттың деме
шылбырды Қодар мойнына салған жоқсың. Бұйырса, осыменен өз мойныңа да 
салған боларсың, жазған! - деді. 
Әрқайсысы да осы ойдың соңында еді. Үндемей салбырап кете барысты. 

Абай мен Жиреншенің бүгін бұл бәленің үстінен шығамыз деген ойы жоқ 
болатын. Үлкендер тегі көпшілік құлақтанбасын деп, бүркеп ұстаған болу керек. 
Ешбір ауылда бұндай сыбыс айтып, сыр берген жан білінген емес. 
Жиренше таңертең Құнанбай аулына бір әдемі тарғыл тазы ертіп келді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет