31
Желқұйын талдырып жетіп еріксіз алған-ды. Осыдан басқа қоян тез көрінбеген.
Соны іздеп табамыз деп, екеуі Қызылшоқының Шыңғыс жаққа қараған шеткі
тұмсығына шейін барып қалыпты.
Осы араға келгенде Шыңғыстың Қарашоқы тұсынан шығып келе жатқан
бір салт атты кездескен. Ол Майбасардың тағы бір атшабары Жұмағүл болатын.
Сол Жиреншеге қарап:
- Сендер одан да ана Қарашоқыға барыңдар. Бүгін сонда Қодарға бір сын
болады. Жұрт жиналып жатыр! - деген.
Жиренше қатты ентелеп:
- Е, немене, Қодар мен келіні қайда? - дегенде:
- Жаңа,
Қамыспай бар, бес жігіт боп ұстап әкелгелі кетті. Жиын Жексен
аулында, - деді. Жұмағүл атын қамшылап, асыға шауып кетті. Жиренше осыны
естіген соң Абайға:
- Барайық, көрейік! Жүр! Ал жүр! - деп, ойландырмастан еліктіріп, алып
кеткен...
Көргені әлгі. Енді қайта беттеп, тоғайлы өзенді құлдилап желе шауып
келеді.
Абайдың іші мұздап, жүрек қаны, жан тамыры дір-дір қағып қалтырап
үріккендей. Кімнен, неден үркеді? Әсіресе, әке... әке істеген мінез, әке
қолындағы қаннан үркеді. Өз әкесі... қатал, кәрлі әкесі!..
Абай Жиренше сөздеріне жауап та айтпайды. Өзенді бойлап бөктер таудың
ішінен жуықта шыға алмады. Жол болса, жалғыз аяк. Екеуі қатар жүре алмайды.
Абай алға түсіп, желе шоқытып келеді. Әлі қалмай жүрген Желқұйын екеуінің
алдында. Жолдың ыңғайсыздығы әңгімені тыятын жөні бар еді. Бірақ Жиренше
Абайдың артынан өкшелеп қалмай отырып, сөйлей берді.
Ол жаңағы Жексен аулында бір-екі кісімен тіл қатып, оны-мұны естіп
алған екен. Соны айтады.
Ауырған адамдай қалтырап, жүрегі қатты қобалжып
келе жатқан Абай Жиреншенің бар сөзін ұқпаса да, бір-екі жерін анық аңғарды.
Тегі жиын ішінде бүгін екі сөз ауыздан ауызға көшкен тәрізді. Екеуі де
Қодар сөзі деп айтылған. Біреуі бұрып алған сөз де, береуі дәл өз сөзі. Соның
алғашқысы Қодарды кінәлаушы сөз. Бүгінгі қатал жазаның дәлелі, тірегі.
Ол: «Құдай маған қылса, мен құдайға қылам!» - депті деп, өлтірушілердің
қайта-қайта айтатын сөзі.
Екіншісі аз айтылған. Бірак, о да жиынға тегіс жеткен.
Тегіс іште, есте
калған сөз. «Мен көк ит болсам, сендер көп ит... Таларсың да жерсің!» деген
сөзі.
Абайды қатты толқытқан осы сөз болды. Ол жаңағы қатындардың
жасырын зарын да еске түсірді. Жиреншенің алдында келе жатып еңіреп коя
берді.
Артта келе жатса да Жиренше Абайдың жылағанын байқап қап:
- Өй, өй, Текебай тентек! Сен неғып келесің! - деп қатарласқысы келді.
Абай жасқа толы көзімен Жиреншенің торы
қасқа атының басы мұның
үзенгілік тұсына келіп қалғанын көрді де, тебініп қап шаба жөнелді.
Бұл уақытта екеуі де бөктер таудан құтылып шығып, жазыққа түсіп еді.
Абай Құлабестінің басын Көлқайнар жаққа бұра бере, қамшы басты.