Сүтқышқылды бактерияларды микроскоппен қарау. Егер айранды бөлме температурасында сақтаса, оның беткі қабатында ақ немесе сұрғылт, барқытты, әжімделген қабық пайда болады. Дәл осындай қабық қияр, қырыққабат және тағы да басқа көкөністерді ашыту кезінде тұздығының (рассол) бетінде пайда болады. Бұл сүт зеңі — Geotrichum candidum (Oidium lactis), ашу үдерісінде сүтқышқылды бактериялармен үнемі бірге жүретін серігі болып табылады. Ол сүтқышқылды бактериялармен түзілетін сүт қышқылын СО2 және Н2О дейін тотықтырады, ортаның қышқылдығын төмендетеді. Нәтижесінде сүтте шіріту бактерияларының тіршілік ету салдарынан сүт қышқылды және ашытылған өнімдер бұзыла бастайды.
Сүт зеңі — аэробты микроағза, сондықтан тек беткі қабатта ғана тіршілік етеді. Көп жасушалы мицелийі бар, олар кейін бір жасушалы оидиилерге ыдырайды, пішіні және көбеюі бойынша ашытқыларға ұқсайды (1-сурет).
Сүтқышқылды бактерияларды микроскоптан қарау үшін ашыған сүттен препарат дайындайды. Бактериологиялық ілмекті май зеңі түзген қабатқа батырып, өз осінен айналдырып, айранның қоюынан іліп алады. Қоюын зат шынысының бетіне сусыз жұқалап жағады. Ауада кептіреді. Спирт және эфир қоспасын (шамамен 1:1) бірнеше рет тамызып, ағызып тастап, фиксациялайды. Мұндай фиксацияда бактериялар шыныға бекініп, өлтіріледі, эфирдің көмегімен май жойылады, сүтте майдың болуы препараттың жақсы боялуына және микроскоптан қарауға кедергі келтіреді. Фиксацияланған препаратты метилен көгімен бояйды, 2—3 минуттан кейін бояуды сумен шаяды, иммерсиялы майдың көмегімен микроскоптан қарайды. Метилен көгі — сүт қышқылды бактериялар үшін ең жақсы бояу болып табылады. Сүттегі казеин ақуызы әлсіз түске, микроағзалардың клеткалары қанық түске боялады. Препаратта ұсақ шар тәрізді клеткалар Lactococcus lactis, қысқа тізбекке жалғасады. Бұл сүттің табиғи ашуын турдыратын бактерия. Оның дамуы үшін оңтайлы температура — 30 °С. Ол сүттегі сүт қышқылының 1%-ға дейін жиналуына ықпал жасайды. Препараттан жұқа таяқша тәрізді Lactobacillus туысының өкілдерін де жиі кездестіруге болады. Олардың ішінде көп кездесетіні Lactobacillus bulgaricus (1-сурет) — сүт ашытудың табиғи қоздырғышы. Оның дамуы үшін оңтайлы температура — 40 °С, қышқылға төзімді, 3,5%-ға дейін сүт қышқылын жинайды. Қатты қоректік ортада бұл бактерия өте ұсақ мақта түйіндеріне ұқсас, түссіз, пигменті жоқ колониялар түзеді.
Егер ашыған сүттің бетінде қабат пайда болса, демек ол сүт зеңі болып табылады. Тік бұрышты немес сопақша клеткалары оның басқа сүтқышқылды бактериялардан оңай ажыратуға көмектеседі.
Сондай-ақ сүт қышқылды өнімдерден де (йогурт, кефир, ацидофилин, ряженка, бифидок және т.б.) фиксацияланған препарат даярлауға және доминантты түрлерінің суретін салуға болады.
Пішеннен немесе ашытылған қырыққабаттан препаратты былай дайындайды: алдымен зат шынысын пішен массасымен (немесе қырыққабатпен) сүртеді, кептіреді және спиртшам жалынында фиксациялайды. Суыған соң препаратты эритрозинмен бояйды. (оның фуксиннен айырмашылығы өсімдік элементтерін боямайды). Пішенде де, қырыққабатта да жақсы боялатын таяқша тәрізді L. рlantarum микроағзасы кездеседі.
1-сурет. Сүт зеңі- Geotrichum 2-сурет. Lactobacillus bulgaricus
candidum
Метилен көгі бояуын дайындау: 30 мл қаныққан спирт ерітіндісіндегі метилен көгін 100 мл 0,01% -дық КОН ерітіндісімен араластырады. Қаныққан спирт ерітіндісіндегі метилен көгін былай дайындайды: 1,6 г метилен көгін 100 мл 95% этил спиртінде ерітеді.
Достарыңызбен бөлісу: |