Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М



бет65/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ
Жалпылама қолданылатын сөздер мен терминдер, СӨЖ. ҚФ-201. 2-ТОП (3)-1, 74-1-145-1-10-20150911, Zhalmakhanov, b212, 830321
Жарық қамыс ысқырып,
Ыңыранып қобыз тартады.
Күңіреніп, сыңсып, ышқынып,
Тартса қобыз тантады.
Жапырағы судырап,
Тал таранды сұлуша,
Сұлу құрақ сылдырап,
Салды саусақ бұрымшаI.

Мұндағы қобыз тартқан қамыс та, таранған сұлу да түсінікті. Ақын жаңа дәуірді қабылдаған әр тап адамдарының көңіл-күйлерін осылай жеткізеді. Бірақ, Ілияс өлеңнің аяғына дейін осы үлгі, тәсілін сақтамай, су алып келе жатқан келіншектің басындағы ауыр қасірет-қайғыны бейнелеп, оның өзін сөйлетеді. Келіншектің монологынан кейін ақын өз атынан:




Желмен келіншек жылайды,
Келер ме деп большевик?
Даттап аруақ, құдайды,
Желде келіншек теңселедіII,
деп бітіреді.
Міне, ақынның өз атынан айтылған соңғы баяндаудың өлеңдік сапасы алғашқы шумақтан әлде қайда төмен. Шумақта құрғақ, жалаң үгіт қана бар. Шумақтың алғашқы жолдарын жазып отырған I.Жансүгіров емес, бөтен бір ақынның қоспасы сияқты сезіледі.
Ал, «Жанар тау» атты өлеңінде ақын жаңа орнаған совет үкіметінің образын жанар тау бейнесінде алады. Жанар тау «ұшқыннан от булығып» тас, қоқырларды өртейді. Осы тың ой, соны суретке лайық өлеңнің тілі де жақсы. Өлеңнің соңында ақын:

Жас балдырған жаңалап,


Жайқала шықты өртеңіIII, –
деп өртеңге жас шалғынның тебіндеп жақсы өсетіні арқылы совет үкіметінің өскелең де өміршең табиғатын бейнелейді. Осымен ой да, өлең де бітеді. Бірақ ақын онымен қанағаттанып қоймайды, бейнелеуім оқушыға жетпей жатыр-ау деген күдікпен әлгі тамаша бейнесін:

Жардың жанған жалыны


Жердің жүзін жарқ етер.
Жарылқар жалшы-жарлыны,
Жаңа жұрт жасар, қарқ етерI, –
деп одан әрі созады. Бұл шумақта алғашқы әсерлі ой, нақышты бояудың бірі қалмай, соны бейнелер де жоққа шығып, алғашқы айтылған ойдың жабайы түрдегі қайталауы ғана қалған.
20-жылдардағы азаматтық поэзияның мотиві жаңа ене бастаған кезде, жалаң үгіт, ұран өлеңдер жазылып жүрді, ондай өлеңді ара-кідік I.Жансүгіров те жазды. Міне, кейде ақынның негізінен жап-жақсы шыққан өлеңдерінің ішкі көркемдігі шамалы, жадағай шумақтар кіріп кететін кезі аз болмайды. Әрбір жаңа құбылыстың кемшіліксіз болмайтыны сияқты, мұны сюжеттік лириканың қазақ совет поэзиясына сіңуі жолындағы (әсіресе, азаматтық лирикада) қиындығы, өсу жолындағы кемшілігі деп қараймыз.


* * *
Поэзияның биік тұрғысынан қарағанда Ілияс Жансүгіровтің творчествосында өресі биік, мәдениетті поэзияға, сыр мен сезім қабысқан сапалы лирика дәрежесіне жеткен шығармалары мол. Сонымен бірге I.Жансүгіров халық поэзиясының, халық лирикасының үлгі-өрнектерін де кең пайдаланып, көптеген шығармаларын кейде халықтық жыр, толғау, кейде терме түрінде жазған. Осы түр Ілияс творчествосының алғашқы іздену жылдарында ғана емес, оның өмірінің соңғы жылдарына дейін кездесіп отырады. Ақын жазба әдебиеттегі лириканың дәрежесін меңгере отырып, ауыз әдебиеті үлгісіндегі формаларын қабат ұстаған. Сондықтан да ол бірде жазба әдебиет өкілі, нағыз лирик, бірде қолына домбыра алып, табан аузында суырып салып айтатын ақын. I.Жансүгіров бойында осы екі ерекшеліктің екеуі де табылады.
Оның себебін біз, ең алдымен, қазақ әдебиетінде жазба әдебиетпен ауыз әдебиетінің қатар өмір сүріп, үзеңгілес дамып келген шындығынан іздейміз. Халықтың ауыз әдебиетін жақсы біліп, оны бойына мол сіңірген I.Жансүгіров негізінен жазба әдебиет үлгісін таңдап алып отырса да ауыз әдебиетіндегі жыр, толғау, терме түрлерінен де қашқан жоқ. Социалистік реализм әдісі әрбір халықтар әдебиетіндегі дәстүрлі жанр, түр үлгілер арқылы, жаңа мазмұнды жырлауды мансұқ етпейді, керісінше, ондай үлгілер социалистік реализм әдісін басшылыққа алған совет әдебиетінің жанрлық сипаттарының мол, әртүрлі болуына мүмкіндік жасайды. Олай болса, I.Жансүгіров қазақтың дәстүрлі жыр, толғау үлгісін жаңғырта пайдалану арқасында совет әдебиетіндегі лирикалық жанрларының шеңберін кеңейте түсуге ат салысты.
Ауылдағы тап тартысының шиеленісіп келіп, ақырында ірі байларды конфискелеген оқиғаға арнап жазған «Толғау» атты өлеңінде I.Жансүгіров Махамбетше толғап, асқақ үні, екпінді сөздермен жеткізеді.
Ақынның айтайын деген ойы кейде өз атынан берілсе, кейде нақтылы геройының аузынан айтылады. «Қазақ қызы» деген өлеңінде Ілияс теңдік алған, мәдениеті өсіп, оң-солын біле бастаған қазақ қызын шешен тілмен тақпақтай сөйлетеді.
Сонымен бірге, ақынның өлеңдерінде жыр, термелерде жиі ұшырайтын ұйқас қайталаулар мен шұбыртпалы өлең жолдарын бірінен соң бірін үдете келтіретіні анық байқалып отырады.
Халықтық поэзиядағы лирикалық жырлардың бір үлгісі – беташар. Беташар жырын тудырған әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлар совет дәуірінде негізін жойғанмен жаңа түскен келіншектің бетін ашып, ауыл жақсыларын, туған туыс, үлкендерін таныстырып, жас келін жаңа жұртқа, жаңа ауылға келгеннен кейін өзін қалай ұстауы керектігін айтады. Бұған қарағанда қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып бірден жойылып кетпей, оның өңделген, мәдениеттендірілген түрі қазір де кездесетіні көрінеді.
Ал 20-30-жылдары бет ашар әдеті ел ішінде әлі де сақталып келген болатын.
I.Жансүгіров заманға лайықтап жаңа түскен келіншекке беташар айтады. Бұл бет ашарлардың формасы бұрынғы халық ішінде кең тараған, үйреншікті, сіңісті үлгіде болғанымен, мазмұны жаңа еді. Жаңа заман ақыны босаға аттаған жас келіншекке бұрынғыдай отбасы, ошақ қасы мәселелерін оның өз дәуіріне лайықтап, этика сақтауын ғана айтып қоймайды:

...Білімнен шүйке шүйкелеп,


Өнерден өрмек тоқырсың...
...Ендігі үміт оқуда,
Отауыңа кітап жи,
Оны ауылың оқысын...
...Жолың әне, оқу ол,
Өз талабың, жігерің,
Қағаз оқы, хат таны,
Сауатыңды аш, келін!
Оқығаның өкіл бол,
Әлеуметке бас келінI, —
деп жас келінді әлеуметтік іске араласуға шақырады.
Жаңа заман ақыны бұл мәселеге өз ортасының тұрғысынан қарайтыны, талап-тілекті де сол ортаның деңгейінен қоятыны заңды құбылыс еді. Өйткені бостандыққа қолы жеткен қазақ әйелдерінің бірлі-жарымы ғана әлеуметтік іске араласып, басым көпшілігі ескі сананың шырмауынан шыға алмай, ескі әдет етегін басып, еңсесін көтертпей жүрген кез болатын-ды. Сондықтан да әйелдердің санасын ояту үшін үйреншікті «Беташарға» үгіттік мән беру өте қажет болды. Бет ашар жаңа мазмұн, жаңа форманы қажет етті десек те, сол жаңа форма, жаңа мазмұн бірден туа бермейтіні белгілі. Олай болса «жаңа форма» дегендердің барлығы бірдей тыңдаушының жүрегінен өз орнын ала бермеуі де мүмкін. Сондықтан да мазмұнға қабысқан жаңа формалар туып, ол қалыптасқанға дейін жаңа мазмұн ескі формалар арқылы жүзеге асып отырады. Мұның өзі әдебиет дамуының заңды құбылысы.
Өлеңді ауызша шығаратын импровизатор ақындар, сондай-ақ жазып шығаратын профессионал ақындар, әсіресе 20-жылдары бір тәсілді, яғни белгілі бір ойды сұрау-жауап арқылы айту әдісін көп қолданды. Бұл көбіне замана туралы ой түйген азаматтық лирикада кездесті. Б.Майлин, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, I.Жансүгіров, Ш.Иманбаева т.б. жазба ақындарда бұл тәсіл белгілі дәрежеде қалыптаса бастады. Мысалы I.Жансүгіровтің «Ұлы күн» атты өлеңінде:

Тұман болып жан-жағы


Қамауда қатып қалған кім?
Қолтықтан сүйеп сондағы
Жарыққа тартып алған кім? –
деп сұрақ қояды да, ізінше оған өзі жауап қайырады.

Ол бір күнгі Октябрь –


Жарқырап нұрын шашқан күн,
Патша, төре, саудагер
Қояндай бұғып қашқан күн...I.
Осы сұрау-жауап үлгісі кейде сахнада кезек-кезек тақпақтай айтуға да ыңғайлы келеді. Оқушының көз алдына екі дүние, екі өмірдегі құбылыс көрінеді. Былай қарағанда мұнда да эпикалық серпін, леп бар. Бірақ, тұтас оқиға, үлкен тартыс, белгілі кейіпкерлері болмағандықтан да эпос қатарынан орын ала алмайды, дәуір туралы публицистикалық, азаматтық лириканың санатына енеді. Лирикада өмірге, құбылысқа көзқарас сезім арқылы көрінеді десек те, сезімнің өзінде де тартыс бар, сол әр түрлі сезімдердің өзі түрліше мінездердің барлығын білдіреді. Олай болса, қоғамда бар ұнамды, ұнамсыз мінездердің қарсыласуы лирикада көрінбей тұра алмайды. Лирикадағы бұл тартыс мінездердің қақтығысынан туады.
Таптық қайшылықты, ескі мен жаңа арасындағы бітіспес күресті бейнелейтін публицистикалық, азаматтық лирикада тартыс одан да күшті болуы мүмкін. Лирикадағы тартысты сөз еткенде біз реалистік драмадағы характерлердің қиян-кескі тартысындай болуы керек дегеннен аулақпыз. Бірақ әдебиеттің әр жанры өз табиғатына тән өмір қайшылығын, тартысын көрсетуге мүмкіндігі болады. Әр жанр мәселені өз жаратылысына сай көтеріп отырады. Біз лирикада сол өз шамасында өмірдің тартысын көрсететін әдіс тәсілдерді қолдаймыз да, халық тіршілігін сөз етіп отырса да, оның диалектикалық тартысын ашуға мүмкіндік бермейтін тәсілін мақұлдамаймыз. Біздіңше сұрау-жауап арқылы берілетін өлеңдерде адам сезімі, ойы даму арқылы көріне алмайды. Ол көбіне статистика, схемаға негізделіп келеді.
Осы контрасты, яғни екі заманды, ескі мен жаңаны салыстыра көрсету тәсілінің мәнін ескі мен жаңаның арасындағы тартыстың болатындығынан деп түсінушілер де бар. Мысалы Ә.Қоңыратбаев «Шолпанның ақындығы» деген кітапшасында «Тарихи салыстыру Жамбылдан басқа ақындарымызда сирек ұшырайды. Кейбіреулер Октябрь дәуірі ұзақта қалды, қанаушы таптар енді жоқ, өткенді айтып, салыстыру жасаудың не қажеті бар деп ойлады. Екіншілері, салыстыру жасау – оқымаған, қарапайым ақындардың ғана тәсілі деп біледі. Мұның бәрі әрине жолсыз», – деп жазады. Ал, осы жолсыздықтың себебін автор былай дәлелдейді: «Олай болатыны екі лагерь, екі системаның тартысы әлі біткен жоқ. Оның үстіне біздің адамдарымыз арасында еңбекке, социалистік меншікке жұлғыштарша қарайтын, ескілік салтынан айықпаған, карьерист, төрешілер, саудагерлер, форма, машық қуып, тек сыртымен ғана көрінгісі келетіндер, қолынан келмейтін іске ұмтылып, ешнәрсені ұқсатпайтындар, начетчиктер, арыз жазғыштар, пәле-жалаға жақын қонатын қаны ащы адамдар жоқ емес... Мұндай элементтер бізде бар. Олай болса, лирикада тарихи салыстыру қолдануға да, ұнамды, ұнамсыз мінездерді қарсыластырып, өлеңді өзекті тартысқа құруға да жағдай бар»I.
Бұл келтірілген пікірден Ә.Қоңыратбаевтың «ұнамсыз мінездерді қарсыластырып, өлеңді өзекті тартысқа құруға» болады дегенін біз де қолдаймыз. Мәселе құр болады да емес, соны болдырудың тәсілінде, амалында ғой. Ә.Қоңыратбаевтың пікірінше осы контрасты салыстыра бейнелеу мінез қарсылығы тартысты күшейтіп беруге мүмкіндік беретін сияқты. Қара мен ақты немесе сүреңсіз бен өңдіні қатар қойып көрсетуде қозғалыс, даму, өсу айқын көрінбейтіні даусыз. Ескі күңгріт сол қалпында, оның құрып, күңгірттің қараңғыға айналып бара жатқаны айқын сезілмесе, жаңа, жарқын да сол қалпында, оның өсіп, іріленіп, жарықтың арайы күннен-күнге молайып, өрісі кеңейіп келе жатқаны да сезілмейді. Соның салдарынан ескінің оңайлықпен берілмейтіні, жаңаның жеңісі де арзанға түспейтіні, екеуінің арасындағы қиян-кескі тартыстың бары да сезілмей, көрінбей қалады. Бізге кешегі мен бүгінгінің құрғақ, стандарттық тарихи салыстыруы керек емес, сол өмір, екі дүниенің күресін, ескіні жаңаның жеңгенін сезінуіміз керек. Өткен мен болғанның дайын схемасын көрсетуден көрі, олардың арасындағы қиын процесті көрсету, сезіндірудің оқушыға эмоциялық әсері күшті, тәрбиелік мәні де артық болады. Оның үстіне өмір шындығы, қиындығы бүркеусіз, реалды күйінде көрінеді. Сондықтан да біз ескі мен жаңаның, кешегі мен бүгінгінің арасындағы қайшылықты, кеше анадай едік, бүгін мынадай болдық деген құрғақ тарихи салыстыруды поэзиямыздың кезеңді дәуіріндегі, жастығын аңғартатын, іздену жолындағы бір тәсілі, бірақ өміршең тәсілі емес деп қараймыз.
Бұл тәсілге ақындарымыз 20-жылдары, ақындық тәжірибесінің аз кезінде көбірек барса, қаламы ұшталған сайын одан бірте-бірте арыла бастады. Шынында бұл тәсілге ақындарды мәжбүр еткен жай біздіңше мынау: оқушы жұртшылықтың жалпы мәдениетінің, сонымен бірге, ақын мәдениетінің көпейлігі.
Салыстыру тәсілі экономикалық, мәдени даму жағынан мешеу қалған халықтар әдебиетінде мол ұшырасады да, поэзиясы, мәдениеті жоғары тұрған орыс әдебиетінде өте сирек кездеседі. Мұның өзі де ұлттық әдебиетіміздің жастығының үстіне, мәдениетінің онша биікке көтеріле қоймағандығының куәсі. Ал профессионалды ақындардың мәдениеті жетілген кезде ол тәсілдің өзінен өзі ескерусіз қалғанын көреміз. Демек, бұл поэзияның өсу кезеңіндегі, іздену жолындағы бір ғана тәсілі болып қалды.
I.Жансүгіровтің ауыз әдебиеті үлгісінде жазған толғау, терме жырларында кейде түйінді ойға қатысы жоқ, басы артық жәйлардың жүретіні болады. Мысалы, «Толғау» өлеңінің бас жағында ақын өзіне-өзі шабыт беретін кіріспе сөз айтып, жыр еткелі отырған мәселесінің маңызын күні бұрын сездіріп алып, негізгі тақырыпқа содан кейін көшеді. Немесе «Беташар» өлеңінде эпикалық сарынмен арғы-бергі тарихты қозғап, үлкен серпініс жасайды да, жаңа заман, жаңа мораль адамдарының басында бар, болуға тиісті қасиеттерді санап, бөтен босағаны аттаған жас келінге көптеген ақыл-кеңес беріп, заман талап еткен міндеттерді шет қалдырады.
Қазақтың дәстүрлі толғаулары шешендікке құрылып, көбіне дидактикаға бой ұра беретіні бар. Осындай дидактикаға I.Жансүгіров те соқпай кете алмапты. Бұған оның «Жоқ» деген өлеңі жатады.
Жалпы ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі толғаумен салыстырғанда I.Жансүгіровтің толғауы дәстүрлі ойлар мен жаттанды ұйқастарды жеңіл-желпі пайдаланатын суырып салма ақындардан көрі, мәдениетті, сапалы, лириканың сыр-сипатын меңгерген жазба ақынның қолтаңбасы айқын сезіледі. Сондықтан да I.Жансүгіров толғауы дәстүрлі жыр-толғауларға қарағанда композициялық жағынан жинақы, бояу-нақышы бай, көбіне нақты келеді де, дидактикадан гөрі бейнелілік басым жатады. Дәстүрлі толғаулардағы екпінді серпін, кейбір заңды қайталаулар I.Жансүгіровте де бар. Алайда, I.Жансүгіров толғауындағы ырғақ, екпіндер одан әлдеқайда күшті және драматизмі басым. Рас, бұл толғауларды жазба әдебиеттегі сапалы лирикалармен салыстыруға келмес, әйткенімен дәстүрлі толғаудың сапасын I.Жансүгіров жаңа бір белеске көтеріп тастағандай болды. Әбділда Тәжібаевтың жасаған дұрыс тұжырымымен айтқанда Ілияс Жансүгіров кейде «осы дидактикадан аспайтын шешендікке эпикалық құлаш, лирикалық жан берген де, соның арқасында Ілиясқа тән, тек Ілиясқа ғана тән, азаматтық пафосы биік, дыбыс, бояуы әрлі де мәнді лирикалық өлеңдер туған»I.
I.Жансүгіровтің басқа да көптеген лирикаларына осы жыр толғауларын қоссақ, ондағы эпостық сарын мен леп шеберлікпен қабыса келетінін көреміз.
Сөз жоқ, бұл лириканың жаңа бір өрісін, соны тынысын сездіретін құбылыс. Басқа қаламдас, тұстас ақындарға қарағанда I.Жансүгіровтің лирикасында эпостық сарынның мол жүретін себебін біз, ең алдымен, оның ауыз әдебиеті үлгілерін мол пайдалануы мен үйренуінен деп білеміз. Халықтың ауыз әдебиетінде көптеген қысқа лирикалық өлеңдер бар. Сонымен бірге ауыз әдебиетіндегі толғау, термелер де лирикалық жанрға іш тартады. Ал, осы толғаулар мен терме, жырлардың өзінде кейде лирикалық нәзіктік, жылылықпен қатар үлкен дастанның бір үзіндісіндей эпостық сарын, екпін жатады. Халық ауыз әдебиетіндегі толғау, термелердің бойына сіңген эпостық серпінді I.Жансүгіров жазба әдебиетке алып келді де» лирикалық поэзияның бойына жаңа қасиет дарытты. Бұл жаңа қасиетті Ілияс жетер жеріне жеткізіп, тұрақтандырып кете алмауы мүмкін, бірақ ол осы жолда алғаш батыл адым жасаушы ақын болды деп айта аламыз. Ендеше, мұның өзі ақынның үзбей ізденгенінің, оның өзі іштей даму процесінде болғанының куәсі.
Бұл дамуды біз ақынның ұсақ тақырыпты іріге қарай ойыстыруынан, әлеуметтік мәселелерге батыл баруынан, өлеңінің жалпы сапасының өсіп, поэзияның жанрлық ерекшеліктерін толық меңгеруінен және оған өзіндік үлес қосуынан анық байқаймыз.

ҮШІНШІ ТАРАУ




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет