Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М



бет73/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ
Жалпылама қолданылатын сөздер мен терминдер, СӨЖ. ҚФ-201. 2-ТОП (3)-1, 74-1-145-1-10-20150911, Zhalmakhanov, b212, 830321
Ауылым қонған сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақсұңқар баласына,
Лашынға лайық қарағым-ай
Бөктергіге қор болып барасын ба?61
деп шер-шемен болған Ақанның аузынан шыққан осы өлең («Сырымбет») соның айғағы. Тек бұл емес, басқа да көп қасіреттері бар Ақанның жүрегі қырық жамау. «Жақсыдан» да көңлі қалып жүрген оның ендігі бар қызығы, бар алданышы бір-ақ нәрсе:


Жары да, жолдасы да, тек біреу-ақ
Онысы астындағы жалғыз аты62.
Ол – Құлагер.
Құлагер – жылқы ішіндегі өрен жүйрік ат. Оны Ақан тайында нағашысынан алады. Құлагер Атығай мен Қарауыл руларына бәйгеден үнемі олжа әперіп отырады.
«Ат – ердің қанаты» дейді халық мақалында, олай болса, серілік құрған Ақан үшін Құлагердей жүйрік ат жан жолдасындай жақыны. Сол Құлагер жау қолынан өледі. Дарынды әнші дауысынан айрылса, балуан белін күйретсе, жүйрік ат аяғынан қалса не сор? Өнерінің шабыты болған Құлагер өлімі Ақан үшін ауыр қаза – трагедия!
«Құлагер» поэмасының тууына себеп болған да сол Ақан серінің Құлагерді жоқтауы сияқты.
Жалпы халық аузында ертеден бар эпостық дастандардың шығу тегін сөз еткенде, оның арғы төркіні тұрмыс-салт жырларынан ізделінеді.
Демек, батыр жорыққа аттанғанда айтылатын – «Қоштасу жыры», қалыңдық әкелгенде айтылатын – «Үйлену салт жыры», өлгенде жан күйерлері жылап-сықтап айтатын – «Жоқтау» жырлары эпостық жырдың негізін құрауы әбден мүмкін. Мәселен, бір кезде Сайын деген батырдың жайына байланысты туған қоштасу, естірту, жоқтау жырлары кейін бір ақынның өзекті желіге түсіруі арқасында дастанның тұңғыш нұсқасын жасауы ықтимал. Басқа ақындар оған тағы да өзінше қоса түскен...
Сөйтіп эпостық дастан осылай тумақ керек деген жорамал басқа батырлық жырларда да тұрмыс-салт жырларының болуына байланысты айқындала түседі. Айталық, «Қобыланды батыр» жырындағы Қобыландының жауға аттанар алдындағы үй ішімен қоштасуы, Алшағыр шауып әкеткеннен кейін бұғауға түскен ата-анасының батырды жоқтауы; «Ер Тарғын» жырындағы Тарғынның ел-жұртымен қоштасуы осындай. Ал, «Қыз Жібек» дастанында «Қоштасу» да, «Жоқтау» да, «Естірту» де бар.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастанын алсақ, онда тек «Жоқтау», «Қоштасу», «Естірту», «Көңіл айту», «Жар-жар», «Сыңсу» ғана емес, эпоста аса сирек ұшырасатын «Сүйінші» жыры да, яғни тұрмыс-салт жырларының түр-түрінің бәрі бар.
«Халық творчествосының кіші формаларының ірі формаға ауысуын, ұлан-ғайыр эпос қалай туатындығын қазақтың ең көне, ең ескі осы дастанынан анық көреміз»63, - деп М.Әуезов өте дұрыс айтқан болатын. Қазақ эпостарын мол жинай жүріп, терең зерттеп, сырын түсінген Ілияс оның тәсіл-амалдарын да творчестволық жолмен пайдалана білген. Ақан серінің Құлагерді жоқтаған өлеңін поэмасының фабулалық негізі етіп алуы да сондықтан.
Ақынның жоқтауы неге туды? Әрине, совет ақыны оның әлеуметтік сырын ашуға тиісті. Ілияс сол сырды зерттей келіп, Құлагер атты тұлпардың өлімі арқылы әлеуметтік теңсіздікті көреді, сөйтіп сол жоқтау туғанға дейінгі жайды ақын бүгінгі күннің позициясынан қарап, шығармасының сюжеттік желісін құрады. Бұл ретте Ақанның өмірі туралы ел аузында тарап, аңызға айналған, бірақ шын болған жайларға да ақын, әрине, соқпай кете алмайды.
Сөйтіп, «Құлагер» поэмасы әлеуметтік теңсіздіктің құрбаны болған Ақанның трагедиясын сөз етеді. Бұл – шөліркеген халқын сусындатып жүрген Ақан өнеріне жасалған шырмалғы, Ақандай өнер иесінің ізін аңдып, соңынан ит қосып, қуғынға салған сұм заманның жоқты іздемейтін, барды өсірмейтін іш мерездігін бейнелейтін халық трагедиясы.
Халық еркесі болған талантты өнер иелерінің сол заманда қанат жайып, еркін қарыштағаны бар ма еді? Қай-қайсысының болса да тағдыры аянышпен бітіп жатпады ма? Ақанның замандасы, мұңдасы болған Арқаның ардагері сал Біржанның да талай домбырасы сынған жайы белгілі. I.Жансүгіров сері ақын туралы өз пікірін осылайша топшылай келіп, поэмасын Құлагердің өліміне – серінің трагедиясына арнайды және қайғы-қасіретті туғызып отырған орта, заман сөз болады.
Поэманың қысқаша мазмұнына тоқтала кетейік: аузынан сөз, алдынан дау кетпеген, «малы мол, малайы көп, қатыны көп» керей руының «арыстандай керауызды нән байы» Сағынайдың асына жер-жерден онымен үзеңгілес, терезелері тең жуандары да, өнерпаздары да келіп жатады. Әдетте жұрт мол жиналған мұндай аста өнерпаздардың өнері сайысқа түседі. Айтыс, күрес, бәйге, көкпары болады. Өнері барлар өз өнерімен, болмаса атының өнерімен жүлде алмақ. Атағы жер жарған бұл асқа ту Қарауылдан Құлагерін мініп сері Ақан да келеді. Бұл кезде Ақанның сері, Құлагердің дүлділ атағы шығып жүрген. Ал, осы елдің Батыраш деген бір байының Көктұйғын деген жүйрік аты да бәйгені шаппай алып жүрген. Бәйгеге өңкей ығай мен сығай қосылады. Үш жүз аттан үш-төрт ат қана суырылып озады. Қарақшыға жақындап, сусыз, бұталы жыланды өзегіне Батыраштың Көктұйғыны мен Ақанның Құлагері қатар келеді. Бірақ Көктұйғын қарасуға түсіп, Құлагер әлі тың, үстіндегі бала әдейі тежеп келеді. Басы тежеліп келе жатқан Құлагердің озатынын білген жау, жар астында тығылып тұрып Құлагердің шекесіне айбалтасын сілтейді. Құлагер мерт болады да, Батыраштың аты көмбеден бірінші болып өтеді. Осылайша Ақан ең соңғы алданышы, соңғы қызығы, жолдасы - Құлагерден айырылады. Ел еркесі, ән мен өлеңнің думаны, жігіттің гүлі, ойын-тойдың сәні болған Ақанның жүрегіне тағы да суық қанжарды жауыздар осылай салады. Жаны тағы да жараланады. Бұл жекебастың көре алмаушылық, қызғаныш намысы емес, сол заманның әділетсіздік, зорлықшыл, қиянатшыл істері.
Ақын олардың іс-қимылдарын мынадай отты сөзбен шенеп отырады:

Құлагер құлаған жоқ, жау қас қылмай,


Ұрған жау тұрған шығар албастыдай.
Қанды қол жасырынып жүрген шығар,
Қорадан қойды жарған кәр қасқырдай...

Болмайтын Батыраш бір көк айыл шал,


Оның да жігітіне жер қайысар.
Тентек, өр тұқымынан теріс азу
Алтайда адам пішінді аю шығар64.

І.Жансүгіров Ақан өмір сүрген заманның реалистік картинасын жасап, сол заманға тән құбылыстарды айқын көрсете білді. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген мақал керзаманның әділетсіздігінің айғағы екенін көрсетеді. Мейлің дұрыс бол, мейлің дүзік бол, бірақ жалғыз болсаң руы айбынды жуандарға есең кетеді, кегің кетеді. Міне, бұл рулық-феодалдық дәуірге тән жағдай. Мұның растығын тіпті ел еркесі болған Ақанның қал-жайы анық байқатқандай. Ақан оны поэмасының алдыңғы бөлімдерінде: «Елі шет, руы жат, жалғыз елден», - деп шет жағалатып білдіріп те қояды. Батыраштың Ақанмен керіскендегі айтары да, сол рушылдық пен «мықтылықтан» туып жатады. «Атаң аз, Алтайымнан қалай көпсің!» - деп күш көрсетеді.


Ата даңқына семіріп, ру жуандығын байқату – әділетсіздік пен қиянатқа жол беру. Ақын Батыраш сияқты жуан ата баласының психологиясын, оның Ақанмен таластырар өнері жоғын, табиғат оларды өнер ғана емес, адамгершіліктен де жұрдай еткенін:

Батыраш бала жастан атқа құмар,


Айқайшыл, ат әперген баққа құмар.
Арам ой, ата намыс, ұр шоқпары,
Кір көңіл сарайының батпағы бар65, –
деуі арқылы да жақсы танытады.
Автор болар оқиғаның желісін Батыраш пен Ақанның ат салыстыру кекесінінен өрбіте береді. Ал, бөгде жағдайларға көп тоқтала бермейді. Сағынайдың асын суреттейтін жерлерінде аз ғана сөзбен асқа жиналған әр ел, әр ру адамдарының іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын өте ықшам, соншалықты дәл суреттейді. Ол картиналар бірде ақынның өз атынан баяндалса, енді бірде суреттей көрсету арқылы беріледі:

Бір үйде тұздықталған тәтті тамақ,


Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.
Бір жерде табақ теуіп, етке өкпелеп,
Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап66.
Осы бір шумақпен ақын ас беріліп жатқан ауылдың жалпы көрінісін шебер көрсете білген.
Көк майсаға қатар-қатар тігілген үйлерге әр рудың мықтылары келіп түсіп жатады; оның ішінде деміне нан піскен қаупілдектері де, зілдей пұлданған шонжарлары да, тырнақ астынан кір, жар астынан жау іздеп, атасының аруағын, руының айбындылығын салық қып жүретін паңдары да, түрт шайтан деп дау іздеп, ұрысқа иығын тығып жүретін желөкпелері де, біріне-бірін айдап салып, екі ортада пайда түсіргісі келетін пасықтары да, қысқасы, неше түрлі мінезді адамдар болады. Ең ақыры мүшеге өкпелеп, табақ теуіп, «намысы» үшін білегін сыбанып ұрыс пен керіске берілетіндері де бар. Бұрыннан жүз жыртысып, бірін-бірі атарға оғы болмай жүрген әр елдің жуандары абайсызда бірінің түскен үйіне бірі түсе қалса да дау шығарысады.
Міне, қазақ даласының өз әдет-ғұрыпы, салт-санасына қарай осындай толып жатқан бітіспес керіс, таусылмас даулары бар. I.Жансүгіров соның бәрін шебер түйіп былай сипаттайды:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет