Жел жүйрік Сарыарқаны домбыра қып,
Төрт тұлпар тұяғымен жерді шертсін74, –
дегендегі тамаша суреттеудің бір жағы сері Ақанның өнерімен де ұштасып жатқандай. Ал:
Жарысты өңшең тұяқ жолды сойып,
Төрт кетпен келе жатыр дабылды
ойып75, – дейді.
Ілияс шауып келе жатқан аттың тұяғын дабылды ойған кетпенге, оның аяқ алысын домбыра шерткен саусаққа теңеп суреттеуі оның халық өміріндегі бар тіршілікке байланысты алған суреткерлік құдіретін көрсетеді. Бәйгеге қосылған аттардың шабысын динамикалы түрде береді. Жапа-тармағай шауып келе жатқан аттар, лаулаған өрттің түтініндей ат тұяғынан аспанға шыққан будақ-будақ шаңдар, аттардың аяқ алыстары бәрі де реалистік түрде әсем суреттеледі.
Осы арада айта кететін бір жай, I.Жансүгіров «Құлагер» поэмасында киноискусствоның элементтерін де пайдалануға тырысқандығы байқалады. Сюжеттік, композициялық құрылысын былай қойғанның өзінде, адамдардың пішінін, іс-әрекетін, аттың шабысын бірде үлкен (крупный) планда нақтылай көрсетсе, енді бірде сырттай, алыстан жалпы көрініс (наплыв) арқылы бейнелейді. Мұның өзі авторлық кейбір баяндаулары болмаса, жалпы киносценарийге қойылатын талаптың да біраз шарттарына жауап бере алатынын байқатады.
I.Жансүгіров «Құлагер» поэмасын жазарда елдің мәдениетін, тұрмысын, жылқының қадір-қасиетін Жақсы білетін адамдардың көбімен әңгімелесіп, кеңесіп отырған. Сондай кісілердің бірі Әлкей Марғұлан: «Ілияспен көп әңгімелестім. Ат, бәйге ат, тұлпар туралы сөз еттік. Өзі де оны жақсы білетін кісі еді. Әр жерде жүреді деді ме, менен де біраз жайларды сұрады. Құлагер аттың, Ақанның жәйін зерттеп жүр екен. Жер аттарын, оқиғаның жәйін, Құлагерді кім, қалай өлтіргенін, бәрін айттым. Ақанның далада өліп жатқан Құлагер аттың қасында, тұлпардың тұмсығын иіскеп жылап отырғанын орыстың саяхатшысы Львович деген кісінің суретке түсіргенін айтқанымда, Ілияс «шіркін-ай» деп сүйсініп отырды.
Құлагер тарихынан басқа 1865 жылғы Мұсаның асындағы Саурықтың Құлабестісі алпыс аттың алдында дара келген. Оны да сипаттап айтып бердім. Қазақта бәйге-тұлпар аттың көп шығатын жері қайсы дегенде, - Сарысу, Ақтау, Қуандық, Қарқаралы, Баянауыл, – дедім. Олардың аттары сом етті, мойыны ұзын, кеудесі алаңқы келетінін айттым. Ал Маңқыстау аттары көбіне әскери аттар, тұқымы басқарақ.
Тұлпар атының қайдан келгенін «Дала уалаяты» газетінен оқып көр деп айттым»76, – дейді.
Міне, осындай мол зерттеуінің арқасында Абайдан кейін Ілияс ат сынын поэзияда тамаша суреттеген ақын болды.
Ілияс поэмасында ауыз әдебиетіндегі жыр үлгілерін де пайдаланған. Бұл әсіресе хабар таратушы жаршылардың орындаған жырына байланысты. Жаршылар өлеңді топ ортасында, табан аузында суырып салып айтады. Сондықтан олардың айтқан жырларында кейбір жолдарының мағынасыздығы, буындарының ұйқасы келмеушілігі, өлең ұйқасының белгілі заңынсыз кейде бірыңғай, кейде аралас, кейде анда-санда ұйқасып, қайталанып отыратын жәйлары бола береді. Бірақ жаршы қалайда жиылған жұртқа белгілі бір хабарды баян етеді. Жаршылар бір хабарды елге естіртіп, оны тарату үшін хабарлауды талап еткен адамнан ақы алады. Хабар төленетін пұлға байланысты тарайды. Себебі, хабар таратқызғысы келген адам пұлды көбірек берсе, жаршыға қуанышты шабыт пайда болып, тәуір ұйқастар, әдемі суреттер жасап, төгіп-төгіп жіберіп айтады. Бұл негізінде тілін тиынға сатқан, ақынсымақтар мен ел ақтаған сұраушылар болды.
«Құлагер» поэмасындағы жаршылар – сұраушылар емес, алайда, тілін безеп, сол жаршылығымен күн көріп жүрген ақынсымақтар. Сөйтіп жаршылардың айтқан жарында I.Жансүгіров ауыз әдебиетіндегі бар үлгіні сақтайды.
Жаршылардың жырын аузынан шыққан үлгісінде сақтау, поэманың көркемдік қадірін көтеруге қызмет етеді. Әрине, ақын жаршыларды көрсетпей, жарын айтқызбай, өз сөзімен сырттай баяндап кетуіне де болатын еді. Дәл бұдан ақынның негізгі айтайын деп отырған ойына еш нұқсан да келмеген болар еді. Алайда, I.Жансүгіров сол заманның тұрмысын, этнографиялық жәйларын толық көрсету үшін жаршының жарын әдейі алады.
Қазақтың өткен дәуірінде, техникасының жоқ кезінде елге хабар таратушы жаршылардың өзінше біраз рөлі де болды. Қазақ тұрмысы жаршыларды тудырған. Сондықтан да бұл поэмадағы жаршылардың да, олардың жиын алдында салған жарларының да этнографиялық маңызы бар. Ал, олар салған жар ауыз әдебиетінің бір түрі болып саналмақ.
Шығарманың басты геройы Құлагер. Оқиға да осы Құлагердің өліміне байланысты. Сондықтан да Ілияс поэмасын «Құлагер» деп атаған. Ал, түптеп келгенде Құлагердің оқиғасы, Ақанның трагедиясы арқылы сол таптық қоғамдағы үстем тап өкілдерінің қиянатшыл, зорлықшыл сипаттарын әшкерелейтін, замана туралы поэма. I.Жансүгіров сөз етіп отырған заманындағы белгілі бір әлеуметтік ортада өмір сүрген адамдардың бейнесін тіптік тартыс арқылы реалистік штрихтармен бере білді және заманның тынысын, дәуірдің тұтас бір көрінісін жинақтап (обобщениемен) типтендіріп көрсете алды.
Сонымен, «Құлагер» – I. Жансүгіровтің қазақ әдебиетіндегі эпикалық жанрдың бар сипаттарын жақсы меңгергендігін ғана емес, оны өзіндік ізденістермен дамытып, биік бір белеске көтергендігінің де айғағы боларлық шығарма. I.Жансүгіровтің эпик ақын екендігінің үлкен белгісі осы «Құлагер» поэмасы.
«Құлагер» өзінің идеялық-көркемдік ерекшелігімен қатар, жанрлық сипаттарындағы сәтті ізденушіліктерімен де қазақ совет поэзиясының 30-жылдардағы дамуын белгілейтін кезеңді шығарма болды.
* * *
I.Жансүгіров эпикалық поэзияға тән шарттар мен қажетті тәсілдерді молынан пайдаланып қоймай, қазақ әдебиетінде поэма жанрының қалыптасып, ілгері дамуына өзіндік жаңалықтары мен игі әсерін тигізген жаңашыл ақын болды.
Поэмадағы жалпы көріністер, кейіпкерлердің сырт мүсіні, жан дүниесі, ұрысы мен керісі, қуанышы мен қайғысы – бар-баршасы өзіндік бояуымен, сезімталдық, көрегендікпен беріледі. Әрбір құбылыс, әрбір кішкентай детальдарға ақын өте жауаптылықпен қарап, әрбір сөздің күшін, салмағын есептеп, әрбір сөз тіркестерін бейнелі сөздерін, айтайын деген ойын дәл, көркем беруге назарды барынша аударады.
Кейіпкердің типтік бейнесін жасауда портрет белгілі дәрежеде рөл атқарады. Портрет дегенде, әрине, біз кейіпкердің тек түс-таңбасын ғана ұғынбауымыз керек. Кейіпкердің бар болмысын жазушы кейде осы түс-таңбасы арқылы да ашатынын ескеруіміз қажет. Қай ақын болса да кейіпкерінің сыртқы мүсінін айтайын деп отырған негізгі түйіннен бөліп алып қарамайды. Кейіпкердің түс-таңбасының өзі оның характеріне, жалпы бейнесіне байланысты суреттеледі. Кейіпкердің портреті оның характерін, образын ашуға қызмет етеді. Міне, I.Жансүгіров өзінің поэмаларында осы портреттік мінездемелерді өте ұтымды, шебер бере біледі.
I.Жансүгіров – адам портретін өзіне тән нақтылы бейнелермен дәл суреттеуге машықтанған ақын. Тіпті ертеректе жазған «Тұңғыш тоғысу» атты (Әсет туралы) шағын ғана баллада тәріздес өлеңінде осындай бейнелерді жасай білген. Кәрілік жеңген, бұл дүниенің ісіне араласуға дәрмені жоқ, бойынан қуаты, билігі кеткен бай бәйбішесінің мүсінін өлікке ұқсатып, ақын:
Байсалды бәйбіше отыр бөстегінде,
Екі айна айналыпты төстегі інге.
Секілді күйген тері беті бопты,
Кәртайса анау Аққыз өстеді ме?
Итиген иек, ауыз түскен көрдей,
Түсіпті опырайып ішкеріге.
Моладай жауын шайған мұрын қапты,
Пішінді кәрі кәрлік пішкені ме?77. –
дейді.
Ілияс кейде кейіпкерлерінің сатиралық портретін беріп отырады. Бұл әсіресе қоғамға, халыққа еш пайдасын тигізбей, өзінің қара басының қамын ойлаған адамдар, басында ой жоқ, бос кеуде, арам пиғылды, сұйық жандарға арналады.
Ақ орда шыпылдаған шыбығынан,
Төр толы томар шалдар томырайған,
Еңседей, еңгезер бар омырайған,
Ебелек, ергежейлі – бәрі сонда
Қошқардай қожырлар бар
қожырайған78, –
деп жинақтап, бір түйіп өтсе:
Жүн сақал, күміс сақал, көсе, шоқша,
Көздер көп сығырайған, бажырайған.
. . . . . . . . . . . . . . . . .
Түкіріп алды-артына былыш-былыш,
Сатала сақал біткен насыбайдан79, –
деп мысқылмен суреттейді.
Осындағы томардай томырайған, қошқардай қожырайған шалдардың да, ебелек қаққан ергежейлілердің де қай-қайсысының болсын бұл суреттеуден жалпы адамгершілік қасиеті мен бар болымысы айқын сезілгендей. Алды-артына былш-былш түкіріп, сақалдарын саталаған шалдардың настық, надандығының үстіне, артындағы ұрпағына тәрбиелі үлгі-өнеге қалдыру орнына аңдығандары тамақ пен дау, сөз сауып күнін өткізген кейпін айтып тұр.
I.Жансүгіров асқа жиылғандардың барлығын атап, түстеп, оларға көп сөзбен баға беріп жатпайды. Жүн сақал, көсе сақал, шоқша сақалдардың бәрін бір-ақ топтап кете береді. Мұның өзі бұрыннан қазақ арасында образға айналып кеткен. Күміс сақал - инабатты, жүн сақал - қара ниетті адамға айтылса, көсе - қулығы, айла, амалы көп адамдарға айтылады.
Ілияс – кейіпкерлерінің сатиралық пішінін бейнелеуде тапқыр да ұшқыр ақын. Ол өзінің осы тәсілінен «Күйші», «Құлагер» поэмаларында да жаңылмайды, қайта үшкірлей түседі.
Шалдарға былш-былш қақырынған,
Сар қымыз салқын үйде сапырылған80, –
деген жолдарда мысқыл, кекесін арқылы жағымсыз мінездерді жалпылау түрде бір береді де, одан нақтылы бейнелерге ойысады.
Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты
Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім, –
деп ақын мысқылының уытын тағы да айқындай түседі.
Жан-жақтан ел ағылып, той-думанға айналған ас иесі Сағынайға ақын мынадай портреттік мінездеме береді:
Іріңдеп, сығырайған екі көзі,
Болыпты Керейдің бір «бұлдысы» өзі.
Алдынан - дау, аузынан - сөз кетпепті,
Айтқандай керейлерше «Дәудің өзі».
Оларша – жердің белі, таудың құзы,
Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.
Біздерше – хат білмейтін бір қатты шал,
Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы81.
I.Жансүгіров кейіпкерлерінің портретін бірде өз атынан суреттеп берсе, енді бірде екінші бір кейіпкерінің көзқарасы арқылы береді. Мысалы, жағымды кейіпкері Ақан арқылы Батыраштың портретін ақын былай береді:
Достарыңызбен бөлісу: |