Мойынның лимфа жүйесі
Мойын мен бастың лимфалық тамырлары беткейлік және тереңгі бөлімдерде жататын кең жайылған тор тәрізді болады, олардың жүрер жолдарында жекеленіп және топтасқан лимфа түйіндері болады. Мойында лимфа түйіндерінің негізгі бес топтарын ажыратады. Жақасты лимфа түйіндері (nodi lymphatici submandibulares) саны 4-6 түйіннен (кейде одан да көп) жақасты сілекей безінің ішінде және оның фасциялық жатағында кездеседі. Бұларға лимфа беттің, мұрынның, ауыз қуысының, тілдің, ауыз қуысы түбінің жұмсақ тіндерінен ағып келеді. Бұл түйіндер лимфа тамырлары арқылы мойынның тереңдегі лимфа түйіндері топтарымен байланысады. Иекасты лимфа түйіндері (nodi lymphatici submentales) саны 2-3 түйіннен болып топтасқан, кішігірім пішінді, тек патологиялық процесстер кезінде үлкейеді. Иекасты үшбұрышында жатады. Мойынның алдыңғы лимфа түйіндері – алдыңғы мойындырық венасының бойында орналасады және бұлар беткейлік лимфа түйіндері болып табылады. Тереңдік лимфа түйіндері мойынның ішкі ағзаларының алдында және бүйірлік беттерінде жатады. Аталған түйіндерден шығатын лимфа тамырлары одан тереңірек аймақтарға өтіп, ішкі мойындырық венасының бойымен жүреді немесе көкіректік лимфа ағымына барып құйылады. Мойынның латералды лимфа түйіндер тобы – сыртқы мойындырық венасының бойымен бірнеше түйіндік топтар түрінде орналасады. Бұл лимфа түйіндері лимфа тамырлары арқылы құлақ маңы және терең лимфа түйіндерімен жалғасқан. Лимфа түйіндерінің айтарлықтай топтары мойынның терең бөлімдерінде жатады – олар ішкі мойындырық венасы бойымен, қосымша (ХІ-жұп) нервтің және мойынның көлденең артериясымен қатарласа орналасады. Бұлар мойынның лимфа түйіндерінің бұғанаүсті тобы деп аталады. Бұл түйіндердің үлкен біреуі (Трауазье – Вирхов түйіні) асқазанның және өңештің төменгі бөлімінің обыры (рак) кезінде үлкейіп ісінеді. Оны сол жақ төс-бұғана-емізік бұлшықеті мен бұғана үсті аралығындағы бұрышта сипап сезуге болады. Мойынның тереңгі түйіндері лимфаны бас пен мойынның сол жақтағы барлық ағзаларынан қабылдайды. Тереңгі лимфа түйіндерінен, одан әрі лимфа мойындырық лимфа сабауына (trancus lymphaticus jugularis) құйылады, ал ол өз кезегінде кеуделік лимфа түтігіне барып құйылады. Бас және мойынның оң жақ жартысынан лимфа жинайтын лимфа түтіктері – көбінесе екі жекеленген түтіктер арқылы ірі веналарға бұғанаасты вена, немесе ішкі мойындырық венасы, немесе Пирогов веналық бұрышына құйылады.
Достарыңызбен бөлісу: |