118. Сақина жасыру Ойынға жиналғандар дөңгелене отырады. Ойыншылар араларынан қырындап бір кісі өтетіндей қашықтықта отырады. Ойыншылар екі алақандарын бір-біріне қапсыра ұстап отырады. Ойын жүргізуші ортаға шығып алақандарын қапсыра созып отырған ойыншылардың екі алақанының арасына сақинаны тастауды бастайды. Жүргізуші кімге сақинаны тастайды оның өз еркі, сақинаны кімге тастағанын басқалар сезбеуі керек. Сақина алған ойыншы да алғанын білдірмеуі қажет. Жүргізуші бәріне «сақинаны тастап» болған соң ортаға тұрып, «сақинамды бер» деп дауыстайды. Осы сәтте сақинаны алған ойыншы «менде» деп орнынан жылдам тұруы керек. Ал әрбір ойыншы өзінің оң жағындағы отырған көршісі үшін жауап береді. Сондықтан сақина кімде болса соны жылдам ұстап, орнынан тұрғызбауға тырысады. Егер сақинаны алған ойыншы ұстатпай тұрып кетсе, өзін ұстай алмаған ойыншыға қалағанын орындауға мүмкіндік алады, ал ұсталып қалса, керісінше болады. Тапсырма орындалып болғаннан кейін жүргізуші ойынды қайта бастайды.
119. Тымақ ұру Ойынға балалар «шыбық аттарын мініп» шығады. Алдын ала көмбеден 20-30 қадамдай жерге биіктігі 1-2 болатындай қазық қағылып, басына кезегі келген ойыншының бас киімі ілінеді. Ойыншы «атына мініп» қолына қамшысын алады. Ойын жүргізуші оның көзін орамалмен байлап, бас киім кигізілген қазыққа бағыттап қоя береді. Көзі байланған ойыншы шауып барып қазықтағы өз бас киімін қамшымен ұрып түсіріп алуы керек. Қамшысын дәл ұрып тигізсе бас киімін алады, ал тигізе алмаса ойыншылардың талаптарын орындайды.