266. Күн мен түн Бұл ойынды өткізу үшін ұзындығы 40-60 м, ені 20-30 м алаң таңдап алынады. Алаңның дәл ортасынан көлденең сызық сызылады да, оған параллель етіп екі жағынан бір метр қашықтықтан тағы екі сызық сызылады. Ойыншылар саны жағынан бірдей, жас деңгейлері де шамалас екі топқа бөлінеді. Топтың біріне «күн», екіншісіне «түн» деп ат қойылады.
Ойын жүргізу үшін төреші тағайындалады. Төреші ортаңғы сызықтың екі жағына сызылған сызық бойына топтарды тұрғызады. Ойын шарты бойынша төреші атын атаған топ, екінші топтағы ойыншыларды мәреге жеткізбей қуалап ұстаулары керек. Төреші топтың бірінің атын атайды, мәселен: «күн» деп дауыстаса, «күн» тобындағылар «түн» тобындағы ойыншыларды мәре сызығына дейін қуып ұстайды. Ойынның мақсаты, қарсыластар тобынан көп адам ұстау.
Төреші ойыншыларды жаңылыстыру үшін, кейде «күн» деп, кейде «түн» деп қатарынан бірнеше рет айтуына да болады. Ал жалпы екі топ қууға да, қашуға да дайын болулары керек. Қай топ ойыншылары қарсылас тобынан көп адамды көмбеге дейін жеткізбей ұстап алса, сол топ жеңіске жеткен болып есептеледі.