292. Қошқар сүзістіру Қой бағу кезінде отар ішінде жүрген қошқарлардың бір-бірімен сүзісіп жатқандарын байқауға болады. Қазақ балалары ермек ретінде уақыт өткізбекке бір-бірімен бәске келіп, мал ішіндегі қошқарларды, кей жағдайда басқа отардағы қошқарды арнайы айдап әкеліп бір-бірімен сүзістіріп ермек етеді. Қошқарларды сүзістіру үшін бір-біріне қарсы қойып, бастарын түйістіріп итерген кезде қошқарлар бір-бірімен сүзісіп кету жағдайлары жиі болады.
293. Қай қолымда? Ойын екі адам арасында ойналады. Қол уысы қуысына сиятындай жасыруға қолайлы бір зат таңдалып алынып, екі қолдың біріне жасырып, қолдарын артқа ұстаған бойда «Қай қолымда?» – деп жасырған адам сұрайды. Затты табушы адам «оң қолыңда немесе сол қолыңда» деп өзінің қалаған қолын көрсетеді. Затты жасырушы адам екі қолын алдыға созып затты іздеушінің айтқан қолының алақанын жазып көрсетеді. Егерде жасырған зат табылса, ойыншылар орын ауыстырады, ал таба алмаса жасырушы қайтадан жасырады, ойын жасырған зат табылғанша жалғаса береді. Бұл ойынды кезек алу үшін немесе талас болған жағдайдың шешімі үшін де қолдануға болады.