106. Сиқырлы таяқ Бұл ойында ойнаушылар санына шек қойылмайды. Олар қол ұстасып, дөңгелене шеңбердің бойына тұрады. Ойын жүргізуші қолына таяқ ұстап, шеңбердің ортасынан шығады да, ойынның шартын түсіндіреді.
Ойнаушылардың шетінен бастап әрқайсысына өзінің қатардағы санын айтады. Ортада тұрып ойын жүргізуші таяқты тігінен жерге тіреп ұстап тұрып, кез келген қатардағы санды айтады да, таяқты қоя береді. Айталық, төртінші деп дауыстаса, сол санға ие ойыншы дауысты ести салысымен жүгіріп барып таяқты жерге құлатпай ұстап үлгеруі керек. Егер аңғармай, я болмаса жай қимылдап, жылдам таяққа жете алмай таяқты құлатып алса, онда ортада тұрып көптің ұйғаруымен өнер көрсетеді, көптің айтқан талабын орындайды. Қайтадан орнына барып тұрады. Егер таяққа жетіп, жерге құлатпай ұстап алса, онда ойын жүргізушімен орын ауыстырады.