14.2. Проблемді оқу-үйретімнің түрлері мен деңгейлері.
Проблемді оқу-үйретім әртүрлі жағдайлардан тиімді бола бермейтіні күмәнсіз. Тәжірибе көрсеткендей, проблемді оқу-үйретім үдерісі шәкірттердің санқилы ақыл-ес (интелектуал) және танымдық белсенділігі қиыншылықтары деңгейлерін туындатады: шәкірттердің танымдық дербестігі не өте жоғары, немесе тіпті де болмауы мүмкін.
Осыған орай проблемді оқу-үйретімнің түрлері мен деңгейлерін айқындап алу амалдары орынды болары даусыз. М.И.Махмутов проблемді оқу-үйретімнің үш түрін ажырата белгілейді:
- ғылыми шығармашылық-теориялық зерттеу, яғни үйренушілердің жаңа ереже, заңдар, дәлелдемелер іздестіріп, ашуы; проблемді оқу-үйретімнің бұл түрі негізінде теориялық оқу-үйретім міндеттерін тағайындау және оларды шешу жатыр;
- тәжірибелік, шығармашылық-тәжірибелік шешімдерді іздестіру, яғни белгілі білімді жаңа жағдайларда қолдану, құрастыру, ойлап табу әдістерін пайдалану; проблемді оқу-үйретімнің осы түрі астарында практикалық оқу-үйретім проблемаларын белгілеу және оның шешімін табу қарастырылған:
- көркем-өнер шығармашылығы - сурет салу, ойын және ән-күйді қамтыған шығармашылықпен қиялдай білу арқылы болмысты көркемдік өрнегіне келтіру.
Проблемдік оқу-үйретімнің барша түрі шәкірттердің қайта жасау (репродуктивті), жасампаз өнімділік (продуктивті) және шығармашыл іс-әрекеттерінің проблемдік ізденіс пен шешімдерін болуымен сипатталады. Алайда, проблемді оқу-үйретімнің бірінші түрі көбіне проблемалардың жеке-дара, топтасып не барша сынып мүшелері қатысуымен (фронталь) шешілуі ұйымдастырылатын теориялық дәрістерде пайдаланылады. Екіншісі - зертханалық, практикалық дәрістерде, пәндік үйірмелерде, факультативтерде, өндірісте орындалып жатады. Үшіншісі - сабақта не сабақтан тыс жұмыстарда іске асырылады.
Проблемді оқу үйретімнің әрбір түрі көптеген жағдаядаттарға тәуелді үйретім (үйренім) нәтижесін беретін күрделі құрылымға ие. Оқу-үйретім үдерісінің тиімді болуы келесі себептерден:
шәкірттердің білім, ептілік, дағдылар көлемінің артуы;
білімдердің тереңдей түсуі мен бекімі, үйренім сапасының жаңа деңгей;
оқу-үйренім нәтижесінде жаңа қажеттіктердің туындауы;
танымдық дербестік пен шығармашыл қабілеттердің қалыптасуындағы жаңа деңгейі.
Проблемді оқу-үйретімнің барша аталған түрлері шәкірттердің танымдық белсенділігінің әрқилы дәрежесіне орай атқарылуы мүмкін.
Жоғарыда келтірілген проблемді оқу-үйретімнің түрлері әрқилы деңгейлі болары күтіледі. Осыдан М.И.Махмутов проблемді оқу-үйретімнің ықтималды төрт түрін ажыратады:
Қалыпты белсенділік деңгейі
Жартылай дербестік деңгейі
Дербес белсенділік деңгейі
Шығармашыл белсенділік деңгейі
Проблемді оқу-үйретімнің әрқилы деңгейлері шәкірттердің жаңа білімдері мен ақыл-ес әрекеттерінің тәсілдерін игеру дәрежесін білдіріп қана қоймастан, олардың әрқандай ойлау шамасын танытады.
Достарыңызбен бөлісу: |