Мұстафа Шоқайдың соңғы хаты Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, Алаш арыстандарының бірі Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси күресі және еңбектері сонау Францияда, Стамбұлда, іргеміздегі Өзбекстанда зерттеліп, нешеме елде ол зерттеулер кітап болып жарыққа шығып жатыр. Осынау ауыр да, жауапты әрі сауапты жолда филология ғылымдарының кандидаты, француз тілінің маманы Бақыт Садықованың да тиянақты тер төгіп жүргенін білетінбіз. Жақында ғалым апамыз Оңтүстіктің қиыр оңтүтігінде Жетісай жеріне келіп, Мұстафа Шоқайдың Мадина әжемен тілдесті.
Мұстафа Шоқайдың немере інісі Нұртаза Шоқайдың қызы Мадина мен Нұртазаның ұлы Мадияр ұрпағы қаншама жылдардан бері Мақта арал ауданының шеткергі ауылы «Байқоныста» тұрып келеді. Кезінде қуғын-сүргіннен қашып осында тұрақтағандарын, інісі Мадиярды Мемелекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) өле-өлгенше тергеуге алып, маза бермегенін Мадина әже қинала еске алады.
-Әкеміз Нұртаза 1936-шы жылдың сәуірінде отбасын Қоқаннан көшіріп, Қызылорда облысы Сырдария ауданы «1-май» колхозына апарды. Біз ол кезде баламыз.Сыртта ойнап жүгіріп жүргенмен әкеміздің дембіл-дембіл қолына бір суретті алып, ұзақ қарап отыратынын байқаймыз. Әлгі суретте қысқа жең, шолақ етек көйлек киген орыс тәріздес үйелмелі-сүйелмелі екі қыз бейнеленген еді. Қазір ойласам, «орыстың қыздары» деп жүргеніміз Мұстафаның перзенттері екен. Олардың жасы шамамен 7-8-дерде болатын. Ол суретті және бар дүние-мүлкімізді НКВД тәркіледі.Нұртазаны 1937-ші жылдың 10-тамызында Сталиннің жендеттері тұтқындап кетті. Оған дейін ағайындар мен ауылдастар «Ей,Нұртаза,мұнда Мұстафамен таныс-біліс болғандарды тұтқындап жатыр.Уақытша болса да басқа жаққа көшіп, бас сауғаласаңшы» дегенді көп айтты. Бірақ, әкеміз «Кеңес өкіметінің тауық екеш тауығының да аяғын сындарғаным жоқ,әкететін болсаң бала-шағамның кез алдында кетсін, «Нұртазаны Өзбекстаннан ұстап алыпты» деген атаққа қалмайын, ұстаса өз Отанымнан ұстасын» деп отырып алды.
Ол тұтқындалған жылы Шымкентте атылды,-деді Мадина әже.Ғалым Бақыт апамыз Мұстафа Шоқай туралы қырық шақты мақала және «История Туркестанского легиона в документах», «Мұстафа Шоқай», француз тілінде «Мұстафа Шоқайдың «Прометей» қозғалысындағы қызметі», М.Шоқай «Я пишу вам из Ножана...»(Мария Шоқайдың естелігін қазақ және түрік тілдерінен орысшаға аударған, 2001 ж.)атты кітаптар жазған.
-Мұстафа Шоқайдың өміріне және де саяси қызметіне келсек, КГБ-ның мұрағатында ол кісіге үш айып тағылған. Бірінші айып-Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құрыпты-мыс. Екінші айып-Мұстафа Шоқай өзінің жазуларында Кеңес өкіметі жөнінде тек қана өтірікті жазған, Кеңес өкіметінің жала жапқан.Үшінші айыбы-Мұстафа Шоқай батыс елдерінің барлау қызметтерімен үлкен байланыста болған және соларға қызмет еткен дегендей. Сондықтан осыларды талдай келе мен әр айыпқа жауап ретінде бір-бір кітаптан арнадым. Олардың барлығы құжаттар негізінде жазылды. Тың деректің бірі Мұстафа Шоқайдың шет елге неге мұражырлыққа кеткені жөніндегі қағаз Францияның сыртқы істер министрлігінің мұрағатында жатыр. Ол қағазда Мұстафа Шоқайдың Еуропаға, атап айтқанда, Францияға Түркістанның ұлттық ұйымдарының нұсқауы бойынша келгені расталады.
Мен өзімнің кітабымда сол қағаздың фото көшірмесін жарияладым.Мұстафа Шоқайдың Францияға барғаннан кейін журналистер, қоғам қайраткерлері және басқа да кісілердің алдында сөйлеген сөздері бар.Деректер, Мұстафа мақалалары өте көп. Шоқайдың хат алысып, хат жазысқан жеке мұрағаты бар. Мұрағатында тек хаттар ғана емес, жарияланған түрлі мақалалар жөніндегі пікірлері, әр бөлек кезде қағазға түсірген ойлары сақтаулы.Жарияланбай қалған дерек көздер де бар.Соның бәрін көтеріп қарағанда арасынан Мұстафа Шоқайдың 1941 жылы тұтқынға түскен отандастарымен кездескенде сөйлеген соңғы сөзін, яғни хатын кездестірдім.Сол хатында ол кісі өзінің туыстары туралы да айтады.