2.3.МұстафаШоқайұлының фашизмге көзқарасы ІІ-дүниежүзілік соғыс жылдарында және одан кейінгі Кеңестік кезеңде халқымыздың біртуар ұлы, Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге тіккен қайраткер Мұстафа Шоқайұлы жайында көптеген жалған ақпарат тарап,ұлы тұлғаға күйе жағылғаны белгілі.
Большевизмнің қас дұшпаны болғандықтан, билікпен ымыраға келмей шет ел асқан Мұстафа Шоқайұлына танылған айыптар бұл кезеңде негізінен Түркістан регионы төңірегінде өрбитін еді. Бұл жайында тіпті, «социалистік реализмнің» аясында көркем шығармалар жазып,қаралау науқанына түрлі бәйгелер беріліп жатты.
Еліміз егемендік алып, тарихтың ақтаңдық беттері біршама ашылып, Алаштың ардақты ұлдары ақталып жатқан тұста Мұстафа Шоқайұлына қатысты ойлар да басқаша өрбіп, жаңа деректермен толысқан тарих көздері ақиқат сырларын аша түсті. Дегенмен, Мұстафа Шоқайұлына және оның мұрасына сын көзбен қарайтындар әлі де баршылық. Өйткені, әсіресе, қолына қару алып қан кешкен ардагерлерімізбен аға буын өкілдерінің бір кездері сыңар жақ идеологияның біржақты және толассыз насихаты нәтижесінде қалыптасқан өзіндік түсініктері бірден сейіліп кете қоймайтыны түсінікті. Міне, сондықтан, Алаштың ардақты ұлы жайында ақиқатты білу үшін сезімге бой алдырмай, деректер көздеріне жүгінгеніміз абзал.Сонымен, М.Шоқайұлының фашистік билікпен байланысы бар ма еді? Бұдан біршама уақыт бұрын, дәлірек айтқанда 2001 жылы Анкара қаласында жарық көрген «М.Шоқай, өмірі, саяси қызметі, және дүниетанымы» атты монографияда эәне республикалық деңгейдегі басылымдарда жарық көрген мақалаларда жаңа дерек көздеріне жүгіне отырып, М.Шоқайұлының өмір жолына қайта оралып жатпай, мәселеге осылайша төтесінен килігуді жөн санадық.
Әуелі айта кетерлік жайт, Мұстафа Шоқайұлының эәне большевиктерден теперіш көріп шет ел асқан эмиграциядағы түрлі ұлт жетекшілерінің ұйытқы болуымен құрылған «Прометей» қозғалысы фашизмге әу бастан күмәнмен қарап, дүниежүзілік соғыс өртінің тұтанып кетуіне әрдайым алаңдаушылық білдіретін еді. Расында, 1939 жылы қыркүйек айында фашистік Алманияның Польшаға басып кіруімен бірге, осы «Прометей» қозғалысы ең маңызды қолдаушысынан айырылды. Кеңестік жүйеге қарсы күресіп жүрген ұлат өкілдері маршал Пильсудский кезеңінен бастап Польша үкіметіне арқа сүйейтін еді. Ал, 1940 жылы неміс әскерлерінің Парижге басып кіруімен бірге қозғалыс мүшелері мүлде қорғансыз жалып, ресми басылымдары да жабылып қалды. Польшаның басып алынуы және оның Алмания мен Кеңестер Одағы тарапынан бөліске түсуі, оның үстіне, Алман-Кеңес басқыншылық келісімі «Прометейшілердің» арманын көкке ұшырды.Осы кезеңінде: «Гитлер де, Сталин де-залым.Бірі-әсіреұлтшыл, ал екіншісі-интернациолист болып көрінгеніне қарамастан, екеуінің де саясаты мен залымдығы тең дәрежеде»,-деп жазған Мұстафа Шоқайұлы өзінің пікірлес достары украиндық А.Шульгин, кавказдық Мир Якуб Мехтиев және грузиндердің көсемі Ное Жорданиямен бірге шет елдердегі барлық отандастарын Алман-Кеңес коалициясына қарсы бірігіп, қарсы тұруға шақырды.Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайұлы белсенді автор болған «Прометей» журналының 1940 жылы сәуір айында шыққан соңғы саны финдердің кеңес әскерлеріне қарсы қаһарманша табандылық танытуынан қанаттанып, оқфрмандарын «оба мен тырысқақ» арасында таңдау жасамауға үндеді. Мұндағы адамзатқа апат әкелетін індет аурулардың екі империяға қаратылып айтылып тұрғаны белгілі болса керек. Осылайша, Мұстафа Шоқайұлы шындығын жоққа шығарғысы келетін большевиктік билікке қаншалықты қарсы болса,әлемде тек бір ғана үстемдігін қалайтын фашизмге де соншалықты қарсы екенін қаймықпай, ресми түрде мәлімдеді. Өйткені, жұбайының жазбаларына сенсек,нашар ұлттар емес, жаман дамдар болатынын айтатын ол, барлық ұлттардың терезесі тең дәрежеде өмір сүруін қалайтын еді. Сонымен қатар, ұлы тұлғаға лайықты жар бола білген Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафаның мейлінше мейірімді және соғыс атаулаға қарсы екені сипатталып жазылған. Тұтқындар лагерінде Мұстафа Шоқайұлының жәрдемі арқасында ғана аман қалған әйгілі тарихшы Баймырза Хайт Мария ханымның осы сөздерін айна қатесіз жайталап еді.
Ал, сонда соғыс атаулыға, қан төгуге және адамазтқа төніп келе жатқан алапат ауру-фашизмге қарсы болған Мұстафа Шоқайұлы, расында, легион құруға ат салысып, қару кезенген бе еді? Мұстафа Шоқайұлының легионының ресми құрушысы Уәли Қаюмға деген көзқарасы қандай еді? Фашистер жаулап алғанда Парижде болған Мұстафа Шоқайұлына сол кездері Берлинде тұратын және гестапоға жұмыс жасайтын Уәли Қаюм келіп,әңгімелеседі.
Алайда, шақырылмаған қонақты жақтырмай, әңгімеден мейлінше тартыншақтаған Мұстафа Шоқайұлы, Уәли Қаюмды, тіпті, шайға да шақырмастан шығарып салады. Бұл- Шоқай мен Қаюмның алғашқы кездесуі еді. Өйткені,бір хат жазғаны болмаса, Уәли Қаюм Берлинде тұрғанына қарамастан осы қалада шығатын «Яш Түркістан» журналымен, оның бас редакторы М.Шоқаймен және басқа да түркістандық шәкірттермен араласпайтын еді. Осы оқиғадан екі аптадан кейін, яғни 1940 жылы сәуір айында тағы келген Уәли Қаюм бұл жолы Шоқайды Берлинге шақырады. Бұл жолы да қонағына ыңғай бермеген М.Шоқай, тек ықтият үшін әйгілі түрколог,профессор Герхард фон Мендемен хат алысқаннан кейін ғана ықтиярсыз болғандықтан,Берлинге баруға бел байлайды.Берлинде Кеңестер Одағы, оның әскері қуаты сияқты сұрақтар сұраған қызметкерлерге өзінің тек Түркістан аймағының жай-күйімен ғана таныс екенін, өзге жайттардан хабары жоқ екенін айтып, жауап береді.Осылайша, ол бір аптаның ішінде Парижге қайтып кетеді. Қағаз бетіне түскен бұл деректерден М.Шоқайұлының фашистік билікке бүйрегі бұрмайтынын,онымен байланысқысы келмейтінін және арада жүрген Уәли Қаюмды жақтырмайтынын айқын аңғаруға болады.
ІІ-жүниежүзілік соғыс басталған күні Мұстафа Шоқайұлының қатты дегбірі қашып, мазасызданады.Оны сол күні фашистер Ножандағы үйінен тұтқындап әкетеді.Тұтқындар лагерінде үш апта болған соң,үйіне екі күн рұқсат берген немістер оны Берлинге қайта алып кетеді. Өмір ағымының ыңғайында кете барған Мұстафа Шоқай, Берлинде жүрген кезінде тіпті,есірік фашист офицері тарапынан кеш ортасында соққыға да жығылады.
Бұдан кейінгі өмірі аулалы-төкпелі жағдайда өткен М.Шоқайұлы тұтқындар лагеріне жіберіледі. Отандастардың қасіретті тағдырына қабырғасына қайысқан қайсар ер,оларды тұтқыннан босатуға, тым болмағанда өлімнен арашалап қалуға ұмтылады.Бұл кездегі оның көңіл-күйін жазған хаттар болады. Мәселен, жұбайына жазған бір хатында Мұстафа Шоқайұлы тұтқындардың қорқынышты әрі үрейлі жағдайларын айту үшін тиісті мекемелерге мәлімдеме жасағанын,мұнда: «Сіздер-фашистер, өздеріңіздің Еуропадағы ең мәдениетті адамдардың қатарына жатқызасыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз мен көріа жүргендей болса,онда мен сендерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екеніңізді айтуға тіпті де хақыларыңыз жоқ»,-деп жазғанын, бұл қорқынышты жағдайлардан кейін мұндай «мәдениетті» қоғамда тіпті өмір сүргісі келмейтінін,шынында да ұйқысы қашып, еш нәрсеге тәбетінің жоқ екенін хабарлаған. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: «Егер сіздер осыған байланысты маған ату не асу жазасын берсеңіздер қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени ұоғам да өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Ол жұбайына жолдаған бас хатында фашистердің хайуаннан да бетер екенін айта отырып, өзінің бұл жағдайда бұдан әрі төзе алмайтынын, өлгісі келетінін жазған.
Осы орайда айта кетерлік жайт, сонау бір жылдары Мұстафа Шоқайұлының Гитлермен кездескені жайында неше түрлі аңыз-әпсаналары айтылып, фашистік формамен суретке түскен бір бейтаныс бейнені Шоқайға телу белең алған болатын. Мұстафа Шоқайұлы туралы айтылған мұндай ақпараттың сталиндік саясаттан туған жала екенін бірден ашып айту керек. Екіншіден, солай-ақ болып, фашистермен келісімге барған күннің өзінде Мұстафа Шоқайұлының ел тәуелсіздігі үшін қандай да болмасын амал қарастырып, Түркістанның тәуелсіздігі үшін тәуекелге баратын саясаткер екенін ұмытпаған жөн. Өйткені, саналы ғұмырын елінің бостандығы мен азаматтығы жолына арнаған Мұстафа Шоқайұлы үшін ең басты мәселе-Түркістанның тәуелсіздігі болатын!
Дегенмен, фашистердің түпкі пиғылын сезіп, білген Мұстафа Шоқайұлы олармен бірлесіп жұмыс істеуге құлықсыз болды. Тұтқындар лагерін аралаған кезде де оның бар арман мұраты баудай түсіп, қырылып жатқан тұтқындағы Түркістандық бауырларын ажал аузынан аман алып қалу болды. Мыңдап қырылған туғандарына қорған болу үшін тиісті мекемелерден шырылдап араша сұраған, бірақ лайықты жауап ала алмаған Мұстафа Шоқайұлы алға қойған мақсатын белгілі бір дәрежеде атқарып, Парижге қайтуды ойлады. Фашистік билікпен ымыраға келе алмаған, олардың айтқанына көніп, дегеніне жүре қоймаған Мұстафа Шоқайұлы соңғы хатында былай деп жазды: Мұндағы байланыстарым бітті. Мен Парижге қайтамын деп шештім. Тезірек карантинаға жауып тастамай тұрғанда, құтылып шығуым керек.
Есіл ердің жүрегі бір сұмдықты сезгендей екен.Тағдыр оған Парижге жетуді жазбапты. Каратинада бірнеше күн болып, тексеруден өткеннен кейін Берлинге қайтар жолда Түркістанның ұлы қайраткері мәңгілікке сапар шекті. Құпия жағдайда көз жұмған оның жұмбақ өлімінен соң әртүрлі сөздер тарай бастады. Әрине, бұл сөздер негізсіз емес-тұғын. Өйткені, фашистік билікке «демократ,фашизмге қарсы» Шоқайұлынан дереу бас тарту жөнінде ұсыныс хат жазып, арыз ұйымдастырған Алимжан Идриси сынды Түркістандықтардың Мұстафа өлімінің құрметіне қуаныштары қойнына сыймай, тост айтып, бокал көтергені де тарихи шындық. Осылайша, келе жатқан жаңа жылды ерекше қуанышпен қарсы алғандардың бірі кейіннен фашистер тарапынан хан, ата, президент атағы берілген Уәли Қаюм болатын. Сондықтан, адамзат, келешек үшін фашизмге қарсы болған Шоқай өлімінде фашистік биліктің суық қолы болғаны күмән тудырмаса керек.