Ғұн дәуірі. Этносаяси тарихы. «Олардың кем дегенде мыңжылдық тарихы бар» деген екен «Шицзы жылнамасын» құрастырған қытай тарихшылары. Тарихшылардың жазуынша хундардың арғы атасы Хяхэу – шы үйінің ұрпағы Шуньвэй деп саналған. «Шань - жун, хянь - юнь және хуньюй тайпалары Тхан және Юй патшалары кезінде өмір сүрген. Бірінші әулет- Яо патша- империяның билік басына б.з.б. 2357 жылы, екіншісі – б.з.б. 2255 жылы келді».
Ұлы дала белдеуінің орта ғасырлық этникалық тарихының басы түрік және монғол болып бөлінбейді, бұл халықтар бір - бірлеріне өте жақын және туыстас болып келеді.
Н.Я.Бичурин ғұн /хунну/ тарихына қатысты түсіндірмесінде келесі толықтыруларды келтіреді: «Қытай тарихшылары Хя әулетінің соңғы патшасының ұлы Шунь Вэй б.з.б. 1764 жылы Монғолияға көшіп барып, хуннулардың бірінші монғол әулетінің негізін қалаушы деп саналады. Азиая тарихшыларының әңгімелер бойынша Могул - ханның әулеті монғолдардың батыс бөлігінде билік етті, оның ордасы Хангай түбінде ( Орхон маңы) орналасты. Иеліктері солтүстіктен Калганнан Байкалға дейін, батысында Тарбағатай тауларынан бастап созылды. Азиаттық тарихшылардың айтуы бойынша Дунху, яғни Татар - ханның әулеті Шығыс Монғолияда билік құрған...».
Хунну (ғұн) атауы қытай деректерінде б.з.б. ҮІІ - ҮІ ғасырларда пайда болды (протоғұндар). Көшпелі мал шаруашылығының дамуы Орталық Азияның тайпалық одақтарының консолидациясына, яғни бірігуіне әкелді. Көшпелілер Қытайдың бытыраңқы үлестеріне жиі шабуылдар жасап отырды. Осындай жорықтар б.з.б. ІҮ ғасырда азаяды, себебі Цинь князьдігінің гегемониясы орнады да, Чжоу әулеті кезіндегі әлсіз үлестерді біріктірді. Сол жылдары қытайлықтар да көшпелілерге жорықтар жасап, бірқатар территорияларды жаулап алады. Осы көшпелілермен шекарада Ұлы Қытай қорғанының құрылысы басталды.
Сонымен деректерге ден қойсақ, ғұн патшаларының генеалогиясы Шунь - Вэйдан басталады, ол Тумын шаньюйдан бір мың жыл бұрын өмір сүрген (б.з.б. ІІІ ғасыр), өкінішке орай бұл аңыз тарихы әлі зерттелген жоқ. Сенімді деректер Мөде шаньюй (б.з.б. ІІІ - ІІ ғасырлар) билігі кезінен басталады.
Мөденің билік тағына келуі (б.з.б. 209 жыл) көрші тайпаларды үрейлендірді. Дунху конфедерациясы ғұндарға бірқатар талаптар қойып елшілер жібереді. Қытай деректерінде бұл оқиға келесі сюжетпен суреттелген: «Дунху Үйі гүлденіп тұрған. Мөденің әкесін өлтіріп, патша болғанын естіген Дунху оған елші жіберіп, Тұманнан (бұрынғы әмір, Мөденің әкесі) қалған мың лилік сәйгүлікті (күніне мың ли, яғни 579 км. жерге шабатын ат) қаламақ ниетінің барын білдіреді. Мөде ақсүйек бектерін шақыртып алып, кеңес құрады. Ақсүйектер оған қарсы «мыңлилік тұлпар ғұндардың қазынасы ғой, беруге болмайды», - дейді. Оларға Мөде: көрші тұрған жұрттан бір жылқыны аяған болмас,- дейді де, мыңлилік сәйгүлікті беріп жібереді. Арада біраз уақыт өткен соң Дунху Мөдені өзінен қаймығады деп ойлап, тағы да елші жібереді. Бұл жолы одан ханымдардың біреуіне көңілі құлағанын білдіріп, Яньжиді атап сұрайды. Мөде өз төңірегіндегі жақын жүргендердің ақыл - кеңесіне тағы да жүгінеді. Төңірегіндегілер : Дун - ху ұятсыз адам екен, Яньжиді сұрауын қарашы, деп таңғалысып, оған соғыс жариялау керек, - деп кеңес береді. Мөде бұл уәжге, көрші тұрған кісілерден бір әйелді аяп қажеті не? – деп сүйікті Яньжиін Дун - хуға беріп жібереді. әкім Дун - худың айтқаны екі болмай, әбден кердең кетеді. Ғұндардың иелігінде Дун - худан батысқа қарай кең жатқан мың лидей бос жер бар еді. Онда тек шекара бойлай екі жақта тұратын қарауылкүзеті ғана болатын. Дун - ху екі жақты шекара күзетінің арасында бос жатқан ғұндарға тиесілі, бірақ оларға қолайсыз жерлерді алғысы келетінін Мөдеге айту үшін елші аттандырады. Мөде бектерінен ақыл сұраса, олар: бұл қолайсыздау жер ғой, беруге де, бермеуге де болады, - деп былқылдатады. Сонда Мөде терісіне сыймай: Жерді беру керек деп ақыл айтқандардың бәрінің басын алады». «Жер мемлекеттің негізі» деп ұран шақырып Мөде шаньюй жауларына аттанды. Әскерімен келген Мөде Дун - ху Үйін талқандап, жеңіске жетеді. Қайтар жолда ол батыста тұрған юэчжилерге жорық жасап, оларды жерлерінен қуады, оңтүстігінде Ордос билеушілерін бағындырып, Мын Тхян қолбасшы басып алған хундардың жерлерін қайтарып алады. Билігінінің алғашқы жылдарында Мөде шаньюй Қытай шекараларына қатты соққы беріп, Хань әулетінен Ордосстағы ғұн иеліктерін қайтарады. Б.з.б. 200 жылы қытайлықтар империя шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қамымен үлкен әскер құрып ғұндарға қарсы жорық ұйымдастырады. Бірінші қақтығыста ғұндар артқа шегінеді, Қытай әскерінің авангарды Гао Ди императормен бірге негізгі әскерден алға ұзап кетеді.
Көшпелілер артқа шегінуді тоқтатып, император бастаған қытай әскерін төрт жақтан қоршайды: «Батыстағы Хуннулардың барлығы ақ жылқының үстінде, шығысында сұр жылқы (белое пятно на морде) мінген, солтүстіктегілер қара түсті жылқы үстінде, оңтүстіктегі хуннулар жирен аттардың үстінде отыр». Осы жеңістен кейін шығысында ғұндар «Шығыс ху», яғни Монғолияны мекендеген ухуань, сяньби тайпаларын бағындырған. Б.з.б. 177 жылы ғұндар батыс өлкеде юэчжилерді жеңеді.
Ғұндар юэчжилерді толықтай он жылдан кейін талқандайды. Юэчжи көсемі соғыста қайтыс болып, Мөденің ұлы Лаошань - шаньюй оның бас қаңқасынан алтынмен қаптап тостаған жасап алады. Орта Азияға, яғни Сыр мен Әму арасына ығыстырылған юэчжилер Грек- Бактриялық мемлекетті жаулап алып, Кушан державасын құрайды. Осылайша ғұндардың этникалық құрылымына әр түрлі тайпалардың өкілдері көп болу себебіне көз жеткізуге болады.
Б.з.б. ІІІ - ІІ ғасырларда Шығыс ғұндардың күшеюі дала халықтарының жаңа империясының құрылуына әкелді. Осы факт орталықтағы белсенділіктің Еуразияның далалық белдеуінің шығысына қарай ауысқанының белгісі. Бұрын миграциялар мен пассионарлық жарылыстар эпицентрі Орталық және Батыс Қазақстанның далалық аймақтары болатын. Скиф-сақ дәуірінен кейін Еуразияның далалық тайпалары, шаруашылық және этносаяси тұрақтылыққа ие болды. Олар маусымдық жүйе мен жайылымды үйлестіру мен су қорларын жақсы меңгерген соң дамыған қоғам ретінде, тұрақты этноәлеуметтік ұжым ретінде қалыптасты. Сол кезде Ұлы Даланың шығысында, әсіресе таулы - орманды ландшафтқа бай Оңтүстік Сібірде, Алтайда, Монғолияда, номадизация зонасында аңшы тайпалар өмір сүрген. Олардың көшпелілікке өтуі күрделі территориялық үрдістермен бірге жүріп жатты; далалық аймақта халық тығыздығының өсуі жағдайды күрделендірді. Сонымен бірге көшпеліліктің белең алуы және қозғалыстардың басталуына отырықшылықтың күшті орталығы Қытайдың көршілес орналасуы да әсер еткен, себебі бұл ұлы өркениеттің дамуы дәл б.э.б. ІІ - І мыңжылдықтарға жатады. Халықтардың ұлы қоныс аударуы Еуразияның Шығыс таулы аймақтарынан басталды.
Мұндай ірі қозғалыс Орталық Қазақстан мен Батыс Сібірдің далалалық аймақтарына соқпай өте алмады. Сақталған археологиялық материалдар қозғалыстың Шығыстан басталғаны жайлы аз мәлімет береді. Ұлы далада қалған архитектуралық ескерткіштердің шығу тегі көбінесе автохтонды болып келеді. Сонымен бірге Сарыарқа аймағында шығыстан батысқа қарай б.з. І мыңжылдығына жататын қызықты культті ескерткіштер орналасқан: Домбауыл, Қозы - Көрпеш- Баян- сұлу, Теке және т.б. Олардың стилінде тұрғызылған (бұл дәстүр ХІХ ғасыр аяғы - ХХ ғасырдың басына дейін аяқталды. Ә.Х.Марғұланның үйтас ескерткіштерін ғұндар мен байланыстырады).
Батыс Қазақстанда сақ - массагет және т.б. конфедерациялары ыдырағаннан кейін өз орнында қалған тайпалар мекендеген. «Үстіртте қазылған қорғандар мен жерлеу құрылыстары типі бойынша Жетісу сақтары мен Түркменстан көшпелілерінің (массагеттер) жерлеуіне ұқсас», - дейді С.Әжіғали.
Бұл дәуірде, Жетісу мен Шығыс Түркістан территориясын үйсіндердің, юэчжилердің (тохарлар) және т.б. жартылай көшпелі конфедерациялары мекендеген. Батыс Жетісуды қоныстанған этникалық топтары отырықшы өмір салтын жүргізгеніне Шу, Талас сияқты құнарлы аймақтардың болуы және Орта Азияның отырықшы орталықтарының жақын орналасуы әсер етті. Батыс Қазақстанды мекендеген сармат-алан тайпалары мен өзге өлкелер арасында тығыз қармы-қатынас орнады.
Шығыста ғұндардың күшейгенінен соң солтүстігінде дунхулармен оңтүстігінде юэчжилерге қысым көрсетіп, нәтижесінде олар ғұндарға вассалитетін мойындайды. Бағынғысы келмеген тайпалар жерлерін тастап миграцияға кетеді. Ғұндардың қысымына шыдамаған Монғолия мен Алтайдың кейбір тайпалары Қытайға өтеді (дунху, сянби), ал юэчжилер – Орта Азияға (қаңлы тайпалары мекендеген Ташкент аудандарына ) өтті. Б.з.б. ІІ ғасырда Грек - Бактриялық мемлекеті дала көшпелілерінің жиі шабуылдарына шыдамай тәуелсіз иеліктерге бөлініп кетеді. Сол кезден бастап әртүрлі мәдениеттердің араласуы мен интеграциясы күшейеді, Орта Азия территорияларына жергілікті отырықшы – қалалық субстрат, грек - македондықтар әкелген ортаазиялық - эллинистік және дала мәдениеті бұл өңірлерде көшпелі тайпалардың жаңа толқынымен күшейді.
Осы этникалық фундаментте басында юечжилер тұрған Кушан империясы құрылады. Олар Орта Азияның бірқатар бөлігін бағындырған. Оңтүстікке жасаған қуатты қозғалыс нәтижесінде Кушан көшпелді әулеттеріне Солтүстік Үндістан, Шығыс Иран, Ауғанстан халқы бағынады. Осылайша Кушан мәдениетіне буддалық мәдениет қосылады. Орта ғасырлар басында Үндістан территориясына дейін жеткен көшпелілердің келесі тобы - эфталиттер (ақ ғұндар). Ғұндардың оңтүстікке жылжыған топтарын «ақ ғұн» /эфталит/ деп атайды. Олар ондаған жылдық соғыстан кейін Сасан империясын тізе бүктірді. Деректер бойынша 484 жылғы қантөгіс соғыстан кейін парсылар жүз жыл бойы ғұнға бағынышты болған. Осы жолы Пероз патша ғұн қолынан өлген екен. Ақ ғұндар империясы Орта Азияны бірнеше ғасыр бойы біріктіріп, мемлекет пен мәдениетінде зор із қалдырды.
Одан әрі эфталиттер Ауғанстан және Солтүстік Үндістан территориясының біршама бөлігін қоныстанды (Синд, Раджастан, Мальва) да, көне үнді – арийлік тұрғындармен араласу үрдісіне түсті. Зерттеушілердің айтуынша жаңа этносаяси қауым - раджпуттар кастасының пайда болуы осы араласу мен метисация нәтижесі. Солтүстік Үндістан территорияларын белсенді түрде көшпелі тайпалардың қоныстануы нәтижесінде Гуджарат атты этномәдени аудан пайда болды. Қазақ даласынан көшіп барған жауынгер тайпалар жергілікті елдермен араласу барысында жаңа этникалық қауымдар мен мемлекеттер құрды.
Шығыс ғұн империясының дағдарысы б.з.б. 71 жылдан басталып, ақыры б.з.б. 56 жылы ғұн қауымының екіге бөлінуімен аяқталды /оңтүстік - солтүстік/. Ғұн империясының дағдарысына кытайлардың тікелей қатысы болды. Олар көрші тайпалардың арасына ылаң салып, бір-біріне қарама - қарсы қойды.
Ұлы далада күш жинап Батысқа жылжыған ғұндар IV ғасырдың 70-ші жылдарында оңтүстік - шығыс Еуропаға аяқ тіреді. Жолай ғұндар угор /естек/ тілдес елдерді бағындырып, одан әрі алан, славяндарды қосып алып, Босфор патшалығын талқандап 376 ж. Римге найзасын тіреді. Баламер патша заманында Еуропаны ала бастаған ғұн шабылуы Ругел тұсында жалғасып, Аттила /Еділ-Едіге/ тұсында аяқталды. Бұл дәуірдің ең ұлы оқиғасы деп тарихшылар 451 ж. болған Каталаун /Франция жері/ шайқасын атайды. Рим мен Ғұн арасындағы соғыста 200 мыңға жақын адам қайтыс болған екен. Осыдан кейін Аттила Рим империясының орталық бөлігін талқандап патшаның қарындасын, Римнің қазынасын алды. Корытындылай келсек ғұндар бастаған «халықтардың ұлы қозғалысы» әлем тарихында орта ғасырлардың қақпасын ашып, феодалдық дәуірді бастап берді. Ғұн соғысынан кейін құл иеленуге негізделген Рим империясы ыдырап Еуропада ұлттық мемлекеттер пайда болды. Бұл Еуропа тарихы үшін үлкен прогресс еді.
Әлемді дүр сілкіндіруші Аттила патша жөнінде Каталаун соғысын толық сипаттаған жалғыз тарихшы Иордан былай деп жазған: «Аттила – Скифия даласын мекендейтін тайпалардың әлемдегі жалғыз басшысы, бүкіл ғұндар көсемі. Варварлар арасында таңғажайып даңқымен танымал. Тарихшы Приск әңгімелейді, төменгі мына жағдайларды: Керемет үлкен өзендерден - Тизия (Тисса), Тибизия (Темеш) және Дрикка - кешіп өтіп, король Аттила тұрған елді мекенге келдік. Бұл өзі үлкен қалаға ұқсайды: бір - біріне тығыз бекітілген жылтыр ағаштардан іргесі бар, арасынан күн сәулесі өтпейді. Біршама алысқа созылған құрылыстары бар, әшекейленген порталдары көрінеді. Король сарайын жағалай қоршау бар, көлемінің өзі патша сарайынан хабар береді. Бұл өз қоластында бүкіл варварлар әлемін қол астында ұстаған Аттила қонысы, осы қонысты ол жаулап алған қалаларынан артық көріп тұр.
Осы Аттила Мундзуктың баласы, Мундзукпен Октар, Роас ағайынды.... Ол халықтарды сілкіндіру үшін жаратылған ер еді. Бүкіл елдерге сұмдық болып тиді, бәрін де қалтыратып жіберді, ол туралы хабардың өзі қорқынышты еді. Оның жүрген жүрісі маңызды, көзқарасы мен қимыл- қозғалысы аса тектілікті көрсетеді. Соғысты жақсы көргенімен тонаушылығы аз болды, ой қабілеті өте жоғары еді, сұраушыға қайырымды, сенген адамына өте мейірімді. Сыртқы түрі- аласа бойлы, кең кеуделі, басы ірі, көздері кішкентай, мұрны пісте, терісі түсі бөлек (сары - қоңыр) өз шыққан тегінің барлық қасиетін бойында сақтаған... Каталаун соғысында – екі жақтан 165 мың адам, 15 мың гепид пен франкіні есептемегенде өлді».
Ортағасырлық Қазақстанның саяси тарихында, ғұн одақтарымен қатар елеулі із қалдырған үйсіндер мен қанлылар.
Қытай деректерінде үйсіндер Шығыс Түркістан, Жетісу мен Ферғананың ежелгі тұрғындары және ғұндардан кейін этносаяси тарихта елеулі орын алған ел. Олардың этникалық тарихы Орталық Азияны сол кезге дейін мекен еткен көшпелі сақ тайпаларымен тығыз байланысты. Қытай деректерінде бұл ел “сэ” деп жазылады. «Сэ» тайпаларын ығыстырып шығарған үйсіндер б.з.б. ІІ ғ. Ғұндар құрған ұлы державаның құрамына енді. Кейін Қытаймен одақтық шарт жасасып, бұл державаның күйреуіне себепкер болады.
Кангха (кангюй) атауы ерте заманнан белгілі болса да (б.з.б. 2 м.ж. ортасы), шындыққа ұласатын деректер б.з.б. ІІ ғасырдан кездеседі. Бұл кезде Қытай саяхатшысы Чжан Цянь кангюйлер юечжі мен ғұндарға тәуелді болғанын айтады. Ғұндар державасының екіге бөлінуіне байланысты кангюйлер Қытайдың одақтасы болған солтүстік - ғұн шаньюйі Хухуаньеге қарсы Чжи - Чжиді (Шөже) қолдайды. Б.з.б. І ғасырда Шығыс Түркістаннан Арал өңіріне дейінгі өңірде кангюйлер мықты мемлекет болып есептелді.
«Кангю билеушісі қыста Лоюен өлкесінде, Даобитянь қаласында, Чан - аньнен 12300 ли жерде мекендейді. Қытай уәкіліне бағынбайды. Б.з.б. І ғ. құрылған «ерте Хань әулетінің хроникасында» «Кангюй билеушісінің қол астына 120000 отбасы, 600000 жан, 120000 әскері бар. Әдет - ғұрыптары юечжилермен ұксас. Кангюйлер шығыста ғұндарға бағынышты. Кангюй бес кішігірім иеліктерді билейді.
Қытай ордасы Хуханьені таққа отырғызды, бірақ Чжи - чжи хан оған келіспей, қытай елшісін өлтіріп, Кангюге барып бекінді (батысқа).
Осыдан кейін протектор Янь шеу мен генерал Чень Тхан Батыс өлкесінің әскерімен барып, Чжи - чжи ханның көзін құртты. Бұл оқиға Юань - ди кезінде, Цзянь билігінің 3 - жылы болды. Чен ди патшаның уақытында кангю билеушісі сыйлықпен ұлын Қытай сарайына жіберді, бірақ соның өзінде өзгелермен қатар бағынышты болғысы келген жоқ, алыстығын пайдаланып тәкәппарлана берді.
Протектор Го – шунь олар туралы сарайға бірнеше хабар берді: Хундар кангью мен усуньді бағындырғандықтан құдыретті болған жоқ, сол сияқты ол екеуін жоғалтқаннан кейін де Қытай үстемдігін мойындаған жоқ. Қытай сарайына билеушілерінің балаларын аманатқа бергенімен жаңағы үш иелік бұрынғыша қарым - қатынаста; достық пен наразылығы қатар, аңдып жүріп, қолайлы шақта бірін - бірі шауып отырады. Басы қосылса да біріне - бірі сенбейді, бөлініп кетсе, бірін - бір бағындыра алмайды. Усун ордасымен туысқанымен, Қытай сарайы әлі одан пайда тапқан жоқ. Бірақ ол байланысты усундер ерте бастағандықтан және хундармен бірге бодандықты мойындағандықтан оларды сырттату әділдік емес. Ал кангью болса тәкәппар, шұғыл және усундардай емес, елшілерге бас игісі келмейді. Протектордан барған қызметкерлерді усун елшілерінен төмен отырғызады. Өзінің бектері мен жайсандарына тамақ бергеннен кейін протектор елшісіне ұсынады және онысын көрші иеліктердің алдында көрсетуге құмар. Осындай іс - қимылдан оның өз ұлын сарайға неге жібергенін түсінуге болады. Ол сауда жасау үшін ойлап тапқан жақсы сылтау.
Хундар шет елдерінің ішіндегі ең ұлы мемлекет еді, ал қазір Қытай империясына жағымпазданып қызмет етеді. Кангью басшысы тиісті тағзымын жасамайды деп естісе, сөз жоқ Шанью өзін қорсынып қалады. Өзіне құрметті дұрыс түсінбейтіндіктен Хань әулетінің абыройын сақтау үшін оның (кангю) ұлын кері қайтарып, елшілікті тыю қажет», - деп жазған И.А.Бичурин.
Үйсіндердің үлкен гуньмосы Чигу қаласында орналасқан халқы 120000 үй, 630000 жан, әскер 188600 адам» болғаны айтылады. Шығысқа қарай протектордың отырған жеріне дейін 1721 ли, батысқа кангюдің Фанней жеріне дейін 5000 ли. Жері жазық, шөбі мол. Жаңбыры көп, ауасы салқын жер. Тауларында қалың қарағай және мань ағашы бар. Үйсіндер ғұндарға тәуелді болды, соңынан күшейіп, оларға бағынышты болғысы келген жоқ. Шығысы – хундармен іргелес, солтүстік – батысы – Кангю, батысы – Даванмен, оңтүстігі әртүрлі иеліктермен.
Үлкен Юечжилер туралы қытай деректерінде: «олар Сэ (сақтар) халқын талқандап қуды, одан кейін ғұндардың ығыстыруымен Батысқа кетті» делінеді. Кейбір деректерде юечжилер 400000 халық құраған. «Сэ билеушісі аспалы көпірден өтіп және үлкен юечжилер батысқа барып Даханы басып алғанда, үйсін гуньмосы олардың жерінде қалған. Сол себептен үйсін ішінде сэ және юечжілердің рулары бар» (Цяньханьшу).
Достарыңызбен бөлісу: |