ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығы. Этносаяси тарихы. Әз Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін мемлекетте дағдарыс басталды. Бір орталыққа бағынған билік жүйесінің болмауы сыртқы жаулардың алдында дәрменсіздікке әкелді. 1717 - 1718 ж.ж. Аягөз өзені бойында Қазақ хандығына қалмақ әскерінің басып кіруі ішкі қайшылықтар үдетіп жіберді. 1718 ж. жоңғарлар Жетісудан өтіп Арыс, Бөген, Шаян өзендеріне дейін жорыққа шығып, басты мақсаты хандықтың орталығы - Түркістанды жаулап алу болды.
1722 ж. аяғында Қытайдың маньчжурлік билеушілерімен бейбіт келісімге келген жоңғарлар 1723 ж. көктемде Қазақстанға күшті шабуыл жасауды жоспарлады, бұл жорық қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды» деген атпен қалды. 1723 ж. Жоңғар шабуылының нәтижесінде көптеген қазақ тайпалары өздерінің ғасырлар бойы мекендеген жерлерінен кетуге мәжбүр болды. Көптеген адамдар аштықтан қырылды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген сөз қалған, яғни адамдар жаяу жүргеннен табандары қажалғып, көлдің жағасында әл-күштері жоқ, шаршап құлапған деген мағынада. Осы кезде қазақтың ескі «Елім- ай» жоқтау өлеңі шықты. XVIII ғ. басында хандықтың ішкі саяси жағдайы ауыр болды. Әз Тәуке ханның реформалары билікті елдің өз қолына берді, бір орталықтан ұлыстық басқаруды әлсіретті. Бұл тәртіп өте абыройлы хандардың тұсында мемлекетке нұсқан келтірмегенімен, әлсіз хандар тұсында дағдарысқа бастама болды, жол ашты.
Тәуке хан өлгеннен кейін жоғарғы билікті басқаратын дайындалған, беделді және лайықты адам болған жоқ. Әз Тәуке хан өлгеннен кейін хан тағына отырған Қайып хан мен Әбілхайыр ханның жоңғарларға қарсы күресі нәтижесіз аяқталды. Өйткені, екі билеушінің арасында қайшылықтар мен келіспеушіліктер көп болды.
Қайып ханның Тобыл губернаторы Матвей Гагаринге жазған соңғы хатында былай деп айтылады: «Сізден көмек сұраймын. Біздегі жоқшылықтан, жаугершіліктен аш адамдар сізге жақындап қалды, біздің рұқсатымызсыз сізбен соғыс ашса оларды ұстап алып, аямаңыз, бізде реніш болмайды». Бұл хат Ќазаќ хандығында ішкі дағдарыстын күшейгендігін айғаќтайды. Ел ішінде Ќайып билігі өте төмендеген. Сонымен, хандардың орталықтанған мемлекет құруды, ұлыстарды және жүздерді біріктіру жөніндегі ойлары жүзеге аспады.
Басқа жағынан, сыртқы саяси жағдайда қазақ еліне жоңғарлардың тарапынан ғана қысым көрсетілген жоқ, сонымен бірге қазақтарға батыс жақтан Еділ қалмақтары, солтүстіктен - сібір казак-орыстары, олардың арасында башқұрттар, оңтүстіктен Орта Азиялық мемлекеттер ылғи жорықтар жасап отырған. 1723 ж. Түркістан маңындағы қалмақтардың қатты соққысынан дейін Кіші жүз тайпалары Еділ қалмақтары мен башқұрттардың иеліктеріне жаќындауға мәжбүр болды. Осы кезде Әбілқайыр ханның басшылығымен 20 мың әскер жинақталып, Жайық өзені жағасында қалмақ ұлыстарын талқандады, жауап ретінде қазақтарға қарсы орыс әскері бірнеше шаралар жүргізді.
XVIIІ ғ. 20 - шы жылдары қазақ этносынын өмірінде өте ауыр кезең басталды. Бұл ауыр жағдай қазақтардың шаруашылығына нұқсан келтірген соғыс пен жұтқа байланысты болды. 1723 ж. болған шайқаста жоңғар әскерлерін ханзада Шуно-Дабо бас қарды. Жоңғарлардың тез арада жеңіске жетуі ең алдымен әскери дайындықтың арқасында болды. Сөзсіз, жоңғарлар шабуыл уақытын сәтті пайдаланды. Себебі, қазақтар қыстауларынан енді ғана қозғалған еді. Жоңғар әскерлері жақсы қаруланған болатын. Оларда жай мылтықтан басқа зеңбіректер болды. Осы жолы Густав Ренат деген тұтқынға алынған швед шебері оларға көмек көрсеткен. Ол қалмақтардың қолына 1716 ж. И.Бухгольцтің отрядында қызмет атқарған кезінде түскен болатын. Жоңғарияда ол зеңбіректер жасаумен айналысты.
Қазақтар жоңғарлардың қысымынан батысқа қарай жылжыды. Ұлы жүздің көп бөлігі Ходжент (Қожа кент) арқылы Жиделі-Байсынға жылжып, қалғандары жоңғар протекторатын қабылдады. Орта жүз Самарқандқа және Бұқараға қарай бет алды. Кіші жүз бір жағы Хиуа /Басқала/ және екінші бөлігі Еділ бойына жылжыды. Түркістан мен Ташкенттен бастап, барлығы 32 қала жоңғарлар қолында қалды.
Бұл ауыр жағдайдан шығудың басты жолы ұйымдасқан түрде жауға қарсы төтеп беру, яғни, жоңғарлардың батысқа қарай жылжуын тоқтату еді.
XVIII ғ. басы орыс мемлекетінің нығаюының жєне империялыќ кезеңге өтудіњ басы болып саналады. Ол ХҮІІ ғасырдың 80-жылдарында бастау алған қазақ хандығымен белсенді саяси мәмлегерлік және сауда қарым-қатынасы бұдан әрі тығыз байланыстардың дамуымен сипатталады. Бірақ екі елдің арасында сенімсіздік жаугершілік күшті болды. Жоңғарлардың шабуылынан кейін (1717- 1718 ж.ж. және 1723 - 1725 ж.ж.) қазақтың көптеген тайпалары ғасырлар бойы мекендеген жерлерінен кетуге мәжбүр болды. Көптеген тайпалар Әбілхайыр ханмен бірге Жайық өзенінің оң жақ жағалауына көшуге әрекет жасады. Осы жерде олар Ресей бодандығындағы қалмақ, башқұрт елдерімен қоныстас болды. 1726 ж. Кіші жүз өзінің шекаралық келіспеушіліктерін реттеу үшін Ресейге елшілік жібереді. Екі ел арасындағы сауда - дипломатиялық қатынастардың дамуы Ресейге де аса пайдалы екендігі I Петрдің заманында-ақ белгілі болды.
Әбілхайырдың есімі алғаш рет Әз Тәуке хан тұсында елшілік қызметті басқарған Ќұлтабай аталықтың баласы Тайқоңырдың жазбаларында кездеседі: «Қазақ жерлерін билеуші Тәуке хан өлер алдында билікті Датќаның баласы Қайып ханға береді, осы Қайып ханның қол астында Әбілқайыр батыр қызметін өтейді. Әбілқайыр қол астында ханның 20 мың әскері бар» дейді ол 1715 жылғы хабарында.
XVIII ғ. басындағы құжаттарда Әбілхайыр Қайып ханның жақын нөкері ретінде көрсетіледі. 1718 жылы мамырда Тобыл елшілеріне Әбілхайыр былай деп айтқан: «Қайып ханға – үйде, ал ұлы патшаға –сыртта әрқашанда қызмет етуге дайынбыз». Ол уақытта Әбілхайырға тәуелді қазақ ауылдары Ырғыз өзенінің жағасында орналасты. Осы кезде қазаққа ауыр жылдар «Ақтабан шұбырынды - Алқакөл сұлама» уақыты орнады. XVIII ғ. 20 - ж. қазақ - қалмақ қатынастарына ќатысты тарихи мәтіндерде ќазаќ арасында күшті саяси фигураның болмағандығы және өздерінің қарсы күштерге төтеп бере алмағандығы туралы жазылған. Бізге белгілі, Түркістан жерінен шегінген Әбілхайыр хан өз ұлыстарымен 1723 жылдан бастап батыс қалмақтармен белсенді күрес жүргізеді.
1724 жылы Әбілхайыр хан батыл түрде өзінің халқымен Жайық өзеніне қарай жылжиды. «Қарақалпақтар және қырғыз-қазақтар Доржы Назаров көшіп-қонып жүрген жерге, яғни Жайық өзеніне көшіп-қонуға келген еді», - деп орыс құжаттарында айтылады. Осы жылы қазақтар Жайық қалашығына (Теке) шабуыл жасайды. Бұл шайқаста казачество әскерінен 72 адам қаза табады, көпшілігі жараланады.
Қалмақтардың мәліметі бойынша, «олардың ұлысын құртуға Абал Гари - салтан (Әбілхайыр хан - Ж.А.) 30 мың адамымен келген». Әбілқайыр ханның көптеген қазақтармен Жайық маңындағы территорияларға келуі бүкіл Еділ бойындағы жағдайды өзгертті. Қалмақтар Жайықтың оң жақ жағалауына көшіп, шығыстағы көршісіне қауіптене қарайтын болды, ал башқұрлар болса Жем өзенінің бойындағы ќазаќтыњ жайылымдық жерлерін босатып солтүстікке жылжыды.
1724 жылы Әбілхайыр хан Түркістанға қайта баруға қадам жасайды, бірақ Қалдан Цереннің туысы, Шуно Лаузанды (Сына батыр) жеңе алмайды. Енді ол қайтадан Еділ мен Жайық арасындағы жерлерге қарай қазақ ќонысын кеңейту мәселесін көздеді. 1726 жылы шайқастарға Сәмеке хан мен Барақ-сұлтанның әскерлері қатысады. Осы бірлесіп жасалған іс-шаралардың негізінде 1727 жылы Жоңғарияға қарсы халықтық майдан құрылады. Оның басты мақсаты өте маңызды аймақтарды - Ұлытау, Торғай және т.б. қорғау болады. Шұбартеңіз, Қарасүйір, Бұлантыдағы 1726-1728 ж.ж. шайқастар Ұлы даланың қазақтар үшін маңызды аймақтарына қара қалмақтардың жылжуын тоқтатты.
1730 жылдан бастап Әбілхайыр ханның саясатында бетбұрыс байқалады. Ол Ресей бодандығына енудің ұйымдастырушысы ретінде белгілі болды. Оның Анна Иоановнаға жазған хатында былай деп айтылады: «Біз, Әбілхайыр хан, менің билігімдегі көптеген Орта және Кіші жүз қазақтары, бәріміз Сізге бас иеміз, Сіздің құлыңыз боламыз және бүкіл халық болып Сізден көмек сұраймыз, Сіздің бодандығыңыздағы Оралдың ар жағындағы башқұрттармен бейбіт түрде өмір сүруде көмегіңізді күтеміз». Ресейге келген Әбілхайырдың елшілері Әбілқайырды «басты хан» деп атады, ал шын мәнінде сол кезде Ташкентте Жолбарыс хан, Түркістанда Сәмеке хан және Сайрамда Күшік хан тәуелсіз хандар еді.
1730 ж. маусымда Әбілхайыр хан өзіне бағынышты қазақтарды Ресейдің қол астына алуын сұранып патша Анна Иоановнаға тағы да өтініш хат жолдайды. Сейітқұл Қайдағұлов пен Құтлымбет Қоштаев бастаған хат жеткізуші елшілікті 1730 жылы қыркүйекте Петербургке жібереді. Осы уақытта Ресейдің құрамына Еділ қалмақтары, Қабардин княжествосы, Грузия енген болатын. Ресей Әбілхайырдың елшілерін құрмет көрсетіп және сыйлықтар сыйлап қарсы алады. 1731 жылы 19 ақпанда Анна Иоанновна Әбілхайыр ханға және оның ќарамағындағы қазақ ұлысына Ресейге ерікті түрде қабылданғаны туралы қағазға қол қойды.
Қазақстанға Әбілхайыр ханнан ант алуға Шет елдер коллегиясының аудармашысы А.Тевкелев басшылығымен елшілік келеді. 1731 жылы А.Тевкелев 5 қазанда Ырғыз өзеніндегі Майтөбе деген жердегі Әбілқайырдың ордасына жетеді. Осы жерде қазақ билеушілерінің арасында бодандыққа көшу туралы бірліктің жоқтығы байқалды. Билердің және сұлтандардың көпшілігі «орыс бодандығы» туралы естігілері де келмеді. Бірақ Тевкелев табын руынан шыққан Бөкенбай батырға және оның күйеу баласы Есет батырға арқа сүйеді. Нәтижесінде 1731 жылдың 10 қазанында Әбілқайыр хан, Бөкенбай және Есет батырлар бодандықты қабылдап ант береді. Осылайша, Ресейге Кіші жүздің қосылуы басталды. 1732 жылы 24 қарашада А.Тевкелев елшілігі кері қайтады. Қазақстанның Ресейге қосылуы қиын жағдайлармен басталды және бейбіт түрде жүріп, XIX ғ. 50 - 60 ж. әскери - соғыс шаралары арқылы аяқталды. Сонымен бұл процесс бір жарым ғасырға созылды деп айта аламыз.
Ресей қазақ – орыс келісімдері басталып, қазақтың бодандыққа кіруінің алғашқы күнінен бастап - ақ, бүкіл Қазақстан территориясын бағындыруды ойластырды. 1734 ж. қосылған жерді бекіту үшін сенаттың обер-хатшысы Н.К. Кириллов бастаған Орынбор экспедициясы ұйымдастырылды. 1735 жылы Орынбордың негізі қаланып, 1744 жылы ол Орынбор губерниясының орталығына айналды. Ал 1748 жылдан бастап Орынбор казактарының әскери шебіне айналды. Өзінің ұйымдастырылуы бойынша, бұл әскери шеп жоғарғы Еділ шебінің қызметін атқарды (Яицк қалашығынан (Теке) Жоғарғы Яицк бекінісіне дейін). Еділ казактарының жері Жайыққа дейін созылып, оң жағалауда өз күшімен 1745 жылы 7 бекініс және 11 форпост салса, 1769 жылы Еділ бекіністерінде 15 мың казак отбасы тұрды.
Қазақтар бұл жерлерде отырықшылықпен, мал шаруашылығымен және балық аулау шаруашылығымен айналысты. 1748 жылғы бұйрық бойынша казактар жаздан бастап қысқа шөп жинайды. Бекіністердің маңында хуторлар салына бастады. Осыдан бастап, Еділ мен Жайық бойындағы қалалардың арасында көптеген хуторлар пайда болды. Әрине бұл тағы да қазақтардың жерін шектеді. Оларға казактардың шаруашылықтары салынған аудандарда көшіп-қонуға тыйым салынды. Егер Жайық бойында Еділ мен Орынбор казактары мен қалмақтардың иеліктері орналасса, қазақтар үшін Каспий теңізінің жағалауларын пайдалануға дәл солай мүмкіндік болмады. Мұнда помещиктер Безбородко және Юсуповтардың бақшалары орналасты. Еділ атырабынан Жайық атырабына дейін 305 шақырым Каспий жағасына бойымен жер иеленушілердің иеліктері орналасты. Бақшаларда мүлдем ештеңе де өсірілмеді. Жер саудагерлерге жалға берілді, ал олар мұнда балық шаруашылығын ұйымдастырды. Қазақтарды бұл жерлерге үлкен ақы үшін ғана кіргізді.
Тек қана 1740 - 1743 жылдары ішінде Кіші жүз территориясында және Оңтүстік Оралда мынадай бекіністер салынды: Воздвиженная, Рассыльная, Ильинская, Таналыкская, Уразымская, Кизильская, Магнитная және т.б. Әрине олар қазақтардың келісімдерінсіз салынып, олардың көшіп қону аумағын азайта берді. XVII ғасырдың 50 жылдары Горький, Ертіс, Колыван, Есіл, Орск және басқа әскери шептер пайда болды. Мұндай саясаттың нәтижесінде жан-жақтан үзіліссіз бекіністер мен форпостардың шептері тізбектеліп, Еділ атырабынан Өскемен бекінісіне дейін 3,5 мың верстқа созылып, мұнда негізінен казактар қоныстанды. Отарлау саясатын алғаш рет ашық жүргізген Орынбор губерниясының генерал-губернаторы Неплюев еді.
1752 жылы 10 бекіністен және 53 редуттан тұратын Уйскі мен Ертісті байланыстыратын жаңа әскери шептер салынды. Бұл шептер Омбы бекінісін Звериноголовская шебімен (Бағлан) байланыстырып, оған Жаңа Есіл (Ново Ишым) деген атау берілді. Нәтижесінде орыс шекарасы 50-200 верстке Орта жүз территориясына жылжыды. Бұл көшіп қону жүйесін бұзып, қазақтардың Ертіс жайылымын пайдалануына тыйым салды.
Мұндай әскери шептердің салынуы XVIII ғасырда 50 жылдарында патша үкіметіне Орта жүз қазақтарының жерлерін азайту туралы алғашқы заң актілерін қабылдауға мүмкіндік берді. 1755 жылы наурызда шетел істер Коллегиясы Ертістен өтуге тыйым салды. 1764 жылы қазақтарға Ертіске 10 версттен жақын және бекіністер мен форпостардың ауданына 30 верстен жақын жерде көшуге тыйым салынды. Қазақ руларының жылқыларын Құлынды, Алтай жағына өткізуді тоқтату шекаралық қақтығысқа, ұзақ жылдық соғысқа әкелді. Осы кезеңнен бастап көшпелі шаруашылықтың дағдарысы күшейіп кетті. Осылайша қазақтар өздерінің жақсы жайылымдарынан айырылып, ел ішінде казактардың әскери отарлауларына қарсы наразылығы өрши түсті.
Әбілхайырдың орыс билеушілерінен көмек сұрағандығын М.Тынышпаев былай түсіндіреді: «... Әбілхайырдың Ресеймен қарым-қатынас жасауының себебі біреу, Әбілқайыр Ресейден көмек етеді. Ол орыстың өзін орданың ханы етіп мойындауын талап етеді. Аңырақай шайқасынан кейін Болат хан өледі, ал оның орнына үлкен хан сайлау керек болады. ...Әбілхайыр барлық қазақ күштерін басқарғанымен, билеуші әулеттің төменгі аталарынан шыққандықтан, ешкім үш орданың ханы етіп сайланбаған Кіші жүздің аз бөлігіне ғана ќожалыќ етуші еді... Әбілхайыр хан осыған қатты күйінеді...».
Әбілхайыр өзінің бодандыќ туралы ұсынысымен Ресейге мұсылмандық Шығысты ашты, бірақ XVIII ғ. ортасында бұл байланыстардан қазақтар тек сауда жасаудан ғана пайда көрді. Өмірінің соңына қарай Әбілхайыр хан екі оттың арасында қалып қояды. Оның Ресей көмегіне сүйеніп бүкіл ќазаќќа әмір жүргіземін деген үміті ақталмады. Әбілхайыр хан орыс отарлық үкіметінің басшыларынан өшін алғысы келеді, бірақ ол жүзеге аспады. Оның жасаған қимылдарынан еш нәтиже шықпады. Ресей бұл дала ханының айтқанына көнген жоқ.
Осы дағдарыстың кезінде 1748 жылы қарақалпақтардан тартып алынған олжа үшін, Кіші жүз ханы Барақ сұлтанмен ұрысып қалып, ол Әбілхайырды өлтіреді. Кейбір нақты емес деректер бойынша хан 55 жаста болған.
XVIII ғ. 30 ж. ортасында Жоңғария қайтадан қазақтарға, әсіресе Орта жүзге қысым көрсете бастады. Соған қарамастан Орта жүз ешкімге тәуелді болмай, өз еркімен өмір сүрді. Сәмеке хан өлгеннен соң да (1822 Сібір қазақтарының жарғысына дейін) Орта жүз тәуелсіз болып қала берді. Бұл тақырыпта Абылай ханнын еңбегін атап өту керек. Абылай хан қазақтың мемлекеттілігін сақтап, берік ұстау үшін данышпандық саясат жүргізді. Ол 1740 ж. Орынборда Ресеймен жақсы көршілес болу жөнінде, Әбілмәмбет ханмен бірге ант беріп, сонымен бірге Қытаймен бейбіт қатынаста болу жөнінде келісімдерге қол қойды. 1733 - 1734 ж. Ұлы жүздің бірнеше сыйлы адамдары Ресей бодандығына көшуге ниет білдіреді. 1734 ж. 10 маусымдағы императрицаның грамотасында Ұлы жүздің ірі ру басыларының орыс бодандығын қабылдағандығы жарияланды. Бірақ Ұлы жүз жерінің Ресейден алыс орналасуы, халықаралық және ішкі жағдайлардың қиындығына байланысты Ұлы жүз шын мәнінде Ресейге кейінірек қосылды.
XVIII ғасырдың ортасында /1745 жылы/ Қалдан-Цереннің өлімі ойрат державасының құлдырауына елеулі себепші болды. Қалдан-Цереннің кезінде Жоңғария күшті империяға айналғанына, осы кезде Қытаймен бірнеше рет соғыс жүргізгені дәлел. Қалданның билігі бүкіл Орталық Азия территориясында тарады. Сібір, Орта Азия және Шығыс Түркістан халқы осы империяның құрамына енді. Қазақтардыњ бір бµлігі, қырғыздар, Оңтүстік-Сібір түріктері жоңғарлардың билігін мойындады. 1734 жылы Ұлы жүз, ал 1742 жылы Орта жүз билеушілері аманатқа өздерінің балаларын беруге мәжбүр болды. Ұлы жүздің жоңғар протекторатын қабылдауы «Ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі жағдайлармен байланысты болды, ал Орта жүзде жағдай басқаша еді. Бәрімізге мәлім, 30 ж. ортасынан бастап, Орта жүздің саяси өмірінде, одан соң барлық қазақ одағында Абылай сұлтан үлкен рөл атқарды. 30 ж.ж. лотасында Абылай сұлтан бір шайқаста атақты Шарыш деген жоңғар батырын өлтіреді. Ал Шарыш Қалдан - Цереннің жақын туысы еді. Шарышты өлтіргені үшін жонғарлар қазақтарға қарсы үлкен шайқасқа дайындалады. 1741 ж. Орта жүздің қазақ көшпелілері үш жағынан қалмақ әскерлерінің қоршауында қалады. Оңтүстіктен оларға қарсы Сары Мәнжінің қалмақ отряды, солтүстіктен Ертіс өзені бойымен Септен отряды, шығыстан Қалданның үлкен ұлы Лама Доржы отряды шығады. Қазақ шежіресінде осы оқиға, және Абылай сұлтанның тұтқындалуы «Сүзекінің қолы» (сүзекі- балық аулау құралы) деген атаумен кездеседі.
Осы айтылған қалмақ отрядтарынан басқа да біраз адамнан құралған Жалбы батырдың басқаруымен жасақталған арнайы қосын болды, олардың мақсаты Абылайды ұстап алу еді. Жалбы Абылайды Ұлытау мањында аңдаусызда қолға түсіреді.
Абылайдың артынан қазақтар жоңғар ордасына Қаз дауысты Қазыбек би мен Малайсары батырдың басшылығымен 90 би-батырларды жібереді. Келіссөздер нәтижесінде қазақтар мен қалмақтар бірнеше келісімдерге келеді. Қазақ фольклорында Қалдан мен Абылайдың арасында жасалған келіссөздер жайында көптеген мәліметтер кездеседі. Абылайды Галданның алдына әкелгенде, Калдан былай деген екен: «Мен сені Шарыштың орнына өлтіремін. Айтшы, сен нені қалайсың?. Сонда Абылай: «Тақсыр, менің 3 арманым бар. Бірінші, мен Шарышты шайқас үстінде өлтірдім. Ал сендер мені ұйықтап жатқан жерімде ұстап алдыңдар. Мен қазақтар мен қалмақтардың шайқасында өлуді армандаймын. Екінші, қазақтар көшпелі халық, олар отырықшылыққа үйренбеген. Мен оларды отырықшылыққа үйретуді, оларға өздерінің қалаларын алып беруді қалаймын, сонда өлсем өкінбес едім. Үшінші, менің тұқымымда бір еркектен ғана туған. Егер мен өліп қалсам, еш ұрпақсыз, сонда менің тұқымым да жоғалып кетеді», - деген екен.
Осы сөздерден кейін Қалдан басын төмен түсіріп ұзақ ойланып отырады да, қасындағы уәзіріне бұрылып, өз тілінде: «оның айтып отырғанының бәрі шындық, әсіресе соңғысы. Мен де бір атадан жалғызбын, егер менің ұлым бірдеңеге ұшыраса, менің де ұрпағым жоғалады», - дейді. Сол уақытта «Алдияр» деп Абылай орнынан ұшып тұрады. «Неге сен маған алдияр дедің, мен саған бостандық сыйлаған жоқпын ғой?», - дейді Қалдан Абылайға. Сонда Абылай «Тақсыр мен сіздің тіліңізді түсінемін, сіз жаңа мені өз балаңызбен теңестірдіңіз, ол бостандық емес пе?» – дейді.
Абылайды босатуда және Жоңғариямен бейбіт келісімдер жасауда қазақтың үлкен ханы Әбілмәмбет те маңызды рөл атқарды. 1740 ж. Ор бекінісінде Әбілмәмбет хан Ресейге адал болатынын айтып ант береді. Әбілмәмбет пен Абылай В. Урусовпен келісімге қол қойғанда Қалдан Церенге қарсы шайқаста орыстар көмек көрсетеді деген үмітте болды. ХVІІІ ғ. 40 ж. басында Орта жүзге жоңғарлар тағы да шабуыл жасайды, бірақ орыстар тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді. 1742 ж. ол өзінің ұлы Әбілпейізді Қалдан Церенге аманатқа береді. Осының арқасында Абылай сұлтан босатылады. Сонымен бірге осы келісім бойынша Әбілмәмбет Түркістандағы қалалардың билігін өз қолына алады. Оның өмірі қазақ хандығының астанасында өтті, ал жазда Сарыарқаға көшіп отырды. 1745 ж. Қалданның өлімі Жоңғар хандығының күйреуіне әкелді. Қалданның 3 ұлы болды. Үлкені Лама Доржы 19 жаста, ортаншысы Цеван Доржы (Әжіхан) 14 жаста, кішісі 8 жаста болды. Қалдан өлгеннен соң, билікке жақын болған адамдар әскери істе тәжірибелі үлкен ұлы Лама Доржыдан қорқып, билікті екінші ұлына береді. Кейіннен билікке Дебачи мен Амурсана екеуі таласады. Тақ үшін таластың нәтижесінде Жоңғар мемлекеті толық қирады. Қытайлықтар жоңғар билеушілерінің өзара келіспеушілігін пайдаланып, әскерін жіберіп, қалмақ жерін қырып-жойып, жаулап алады.
Осы кезеңде Абылай өзінің жерін ашулы көршілерінен қорғап қалу саясатын жүргізді. Оның XVIII ғ. ортасындағы белсенді сыртқы саясаты Ресейді ойландыра бастады. Абылайдың сыртқы саяси қызметін анду мақсатында отаршылдық әкімшілік жергілікті губернаторларға бірнеше тапсырмалар береді. Орынбор губернаторы А. Давыдовқа берілген шет істер Коллегиясы тапсырмасында: «... Ұлы Императордың жарлығын орындауда басты және маңызды істер мыналар: 1. Абылай сұлтанның Орта қырғыз – қайсақ ордасындағы еш бір қазамын қағыс жібермеу, бақылау...» (1759) туралы айтылған.
Абылай ханның көреген және ержүрек саясатының арқасында XVIII ғ. көшпелі этностардың ішінде қазақтар алдынғы орынға шықты. Осы кезењді Ш.Уәлиханов былай бағалайды: «Қазақтардың аңыздарында Абылай керемет жоғары орын алады, Абылайдың ғасыры қазақтың ерлік ғасыры болып табылады».
Қазақ хандарының ішінде Абылайға дейін де және одан кейін де ешбір хан мұндай шексіз билікке ие бола алмады. Абылай Қазақстанда және одан тысқары жерде көреген әрі ақылды саясаткер ретінде танылды. Қорықпайтын жау жүректігі, данышпан көрегендігі, әскери ақыл-айласы, бойындағы күш-қуат, өткір ойы, дарынды дипломат болғаны оның бүкіл қазақ қоғамын билеуге лайықты қасиеттері еді. Оның дипломатиялық қабілеттілігі, жеке басының ерлігі мен батылдығы күрделі заманда айқын көрінеді. Абылай мұсылмандық білім алған, сауатты ел билеушісі болды.
1755 ж. Қытай Жоңғарияны жаулап алып, құртып жібереді, содан соң Қазақстанның шекарасына жақындайды. Оған себеп қазақтың көсемдері Абылайдың бастауымен жеңілген жоңғарларды қолдап тұрады. Олар қалмақтардың соңғы ханы Әмірсананы Ќытайға бермей, қайта Қытай әскерлеріне қарсы соғысқа қатысады (1756 ж.). Қазақ билеушілері жоңғар мемлекетін сақтап қалуды көздеді, өйткені ол Қазақстан мен Қытай арасында қалқа ретінде еді. ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында Абылайдың ішкі саясаты орталық билікті нығайтуға бағытталды. XVIII ғ. 30 ж. дағдарыстан кейін сұлтандардың рөлін көтеру оңай емес еді. Абылай жүздерді ұлыс жүйесімен басқаруды енгізуге тырысты.
Орталық билікті күшейтуде Абылай ханның жасаған екінші бір шарасы – өз дәуіріндегі беделді, өнерлі жеке тұлғаларға сүйену болды. Абылай ханның жанында XVIII ғ. ұлы жыраулар Бұхар жырау, Үмбетей, Тәтіқара, батырлардан Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, атақты билер Ұлы жүздегі Төле би және Орта жүздегі Қазыбек биді көруге болады.
Осы және басқа да шаралар мықты орталықтанған мемлекет құруға негіз болды.
Абылай ханның белсенді ішкі және сыртқы саясатына байланысты Қазақ хандығы мықты және біртұтас мемлекетке айналды.
XVIII ғ. ортасында қазақтардың этникалық құрамы қалмақтардың, башқұрттардың, қырғыздардың, қарақалпақтардың және Орта Азиялық халықтардың есебінен толықты. Осы кезде қазақтардың саны 3 млн. адамға жетті. Мұндай санға Орталық Азияның көшпелі халықтарының ешқайсысы ешќашан жеткен жоқ.
1781 ж. Түркістанда Абылай хан қайтыс болады және ол Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне жерленеді.
Кіші жүзде Әбілхайыр өлгеннен кейін таққа Ресей үкіметінің қолдауымен Нұралы отырды. Жас кезінен Нұралы саяси және шаруашылық істерге араласып, ірі ұлысты басқарды. 1731 жылы әкесінің тапсырмасымен К.Тевкелевті қарсы алған. 1740 жылы Арал қазақтарының ханы атанды, 1741 жылы Надір-шах қойған Хиуа ханы Тахирды өлтіреді. Бірақ Надірдың баласы өлген ханның орнына Елбарыс ханның баласы – Мұхаммед Әбілғазыны тағайындайды, сондықтан Нұралы Хиуа тағынан айырылып, отанына оралады.
1748 жылы Нұралы әкесінің орнына хан болып тағайындалды. Келесі жылы Ресей оны мойындады. Нұралы хан Ресейдің ашық жақтаушысы ретінде 1755 жылы Батыршы бастаған башқұрт көтерілісін жазалауға қатысады. 1771 жылы Кіші жүздің әскерін бастап Еділден Жоңғарияға қашқан торғауыт қалмақтарды қуды. Қазақтардың башқұрт ісіне араласуы және оларды басып – жаншып қуғындау екі ел арасында кейін қатыгез барымталарға жалғасты.
Е.Пугачев көтерілісі кезінде Нұралы екі жақты саясат жүргізді. Кіші жүз рулары бірнеше рет ханға наразылық білдіріп, патшаға реніштерін хатта баяндайды. Нұралының өзі де патшаға репрессиялық шараларды қолдануды ұсынып, қазақтардағы қуатты ру басшыларының, соның ішінде Қазыбек, Қабанбай батыр билігін әлсірету керек екендігін айтады. 1786 жылы Сырым батырдың қозғалысы күшейе түскенде, оның билігі әлсіреп, хан Ресей бекіністерінде тығылып, содан Уфаға көшіріледі.
1786 - 1790 жылдары Кіші жүзде хан билігі болмайды. Нұралы ханның билікке оралуын Ресей үкіметін Орта жүздің ірі қайраткерлердің бірі Құдайменді сұлтан, одан кейін Уәли хан сұрайды. 1787 жылы Кіші жүздегі ірі жиналыста ел басылардыњ біразы Әбілхайырдың аруағын ќұрметтеп Нұралының билікке оралуын талап етеді. Бірақ Нұралы 1790 жылы Уфада қайтыс болып, сонда жерленеді.
Орта жүзде бұд кезеңде Абылайдың 30 ұлының үлкені Уәли хан (сұлтан Уәли Бахадур, Вали) билік етті. Уәли ерте жастан Орта Азияның саяси өміріне араласты. Ресей елшілері оның саясатта әкесіне ұқсастығын баяндайды. Ол Жоңғарияға, Орта Азияға қарсы жасалған жорықтарға қатысты, әкесі жорықтарда жүргенде ұлыстың ішкі істерімен айналысты. 1769 жылы Бұхар жыраудың ұлы Жарылғаппен бірге Қытайға аттанған 15 адамнан тұратын елшілікті басқарады.
1781 жылы әкесінің орнына халық Уәлиді хан етіп тағайындады. Кейін ол Ресей мен Қытайға бұл шешімді жария етіп, олардан өзін мойындауын талап етеді. Ресей ханды тағайындауды өз бақылауына алғысы келіп, мынадай мәселеде қалай жауап беру керектігін қатты ойлады. «Уәли сұлтаннан келген елшілердің, билердің айтуынша жалпы Орта жүздің сұлтандары, ру басшыларының және бүкіл халықтың келісімі хандық билік үшін Ресейден келген грамотадан көрі маңызды деп есептейтіні рас...»
Мұрагерлік туралы мәселе Абылай ханның кезінде талқыланған еді. Халықтың айтуынша, Абылай хан өзінің орнына ру басшыларына үлкен ұлы Уәлиді және төртінші әйелі Топыш сұлудан туған Қасым төрені ұсыныпты – мыс. Халық ішкі саясатта мінезі жұмсақ Уәли сұлтанды таңдайды. Бірақ Ресей барлық амал-айланы қолданып оның билігін әлсіретуді ойластырды. 1794 - 1795 жылдары Сібір шекаралық басшысына сеніп, Уәлиге 2 сұлтан, 19 ру басшысы, 120 мыңнан артық қазақтар қарсы шығады. Олар ІІ Екатеринаға Уәли ханның «қанауынан» босатуын сұрап және «Ертістің оң жағалауына көшуге» рұқсат сұрайды. Хаттың екінші бөлімі орыс үкіметін үрейлендіреді. Себебі олар жаңа ғана көшпелілерден Құлынды даласы мен Алтай тауының маңын босатқан еді. Ресей үкіметі сондықтан ханмен жақсы қатынас орнатуға және қарсы руларды басуға тырысады. Дегенмен ханға қарсы істер жалғаса берді. генерал поручик Штрадман Санкт-Петербургтегі баяндамасында былай дейді: «мен Уәли ханды құлату үшін Тобыл және Есіл линиясының бригадирі Штрейдерге бар мүмкіншіліктерді қолдануға рұқсат бердім».
Уәли хан Қазақстанның шекарасындағы орыстардың қатыгездігі мен заңсыз істеріне қарсы шығуды тоқтатпайды. Ол патшадан: «Қырғыз (қазақ) Ордасында мекендейтін рулардың жеріне үстемдікті тоқтатыңыз, бұрынғы кезде патша мен генералитет Орда билігіне таласпайтын және біздің жерімізге иелік жасамайтын, басынуға рұқсат етпеңіз...», - деп сұрайды.
1817 жылы Ресей Уәлидің билігін әлсірету үшін Орталық Қазақстанның қазақтарының арасында беделі жоғары болған Барақ ханның ұлы Бөкейді хан етіп сайланды. Осылайша 1816 жылы Орта жүзде екі хан билік етеді. Қытай жерін мекендеген Орта жүздің бір бөлігі бұл екі ханды да мойындамайды.
XVIII ғасырдың 80 жылдарында Кіші жүз ауыр жағдайға тап болды. Ресей үкіметінің отаршылдық саясаты күшейді, Орал казактары елдің ішкі территориясын жаулап, Жайықтан бергі жерді алды, ал империялық саясатқа басыбайлы қазақ ақсүйектерінің кесірінен қазақ - башқұр, қазақ -қалмақ келіспеушіліктері өрши түсті. Кіші жүздегі Нұралы хан мен оны жақтаушы билеушелер елдегі үрейді тоқтата алмады. Ұзаққа созылған дағдарыс себебімен халық арасынан ел бастаушы көсемдер шыға бастады. Ресейге қызмет істеп жатқан Әбілхайыр хан тұқымына қарсы оппозициялық топты Сырым Датұлы бастайды.
С. Датұлы жақсы қолбасшы және білікті саясаткер бола білген. Сол арқылы ол халықпен де, Ресей чиновниктерімен де, хан - сұлтандармен де тіл табыса білді. Мұны А.И.Левшиннің жазбаларынан көруге болады: «Сырымның жасаған істерінен оның намыскер, шыдамсыз, кекшіл болғанымен айтқан сөзінен қайтпайтын және алға жылжуға ұмтылатынын байқауға болады. Ол өзіне болашақта тиімді және пайдалы істі көрсе, міндетті түрде қолдан шығармайды. Оның ханға қарсы болу себебі өзінің ішінің тарлығы. Себебі ол хан бола алмайды қарасүйек. Сондықтан әрқашан хан билігінің ешқандай пайдасының жоқтығын дәлелдегісі келіп, тұқымында жоқ ақсүйектікті өзінің батырлығымен айырбастағысы келді». Қалай дегенмен Сырым нағыз ірі көсем еді.
Кіші жүздегі XVIII ғасырдың аяғындағы көтерілістің негізгі себептері жер мәселесі, патша үкіметінің көшпелілерге Орал өзенінің “ішкі жағына” мал жаюға тиым салуы, сонымен қоса ру басшыларының билігін қысқартуы, халықты хан да, сұлтан да, Орал казактары мен патша әкімшілігінің де тонауы.
XVIII ғасырдың 80 жылдары көтеріліс күшейе берді. Егер қазақ ауылдары енді жиі тоналса, қазақ батырларының бекіністерге аттануы да жиіленді. Бұл әсіресе 1783 жылдың көктем мен жазында Сырымның Орал казактарының қолына тұтқын болуынан кейін өрши түсті. Нәтижесінде 1783 жылы жазда Нұралы хан Сырымды босатып алу үшін ақы төлеп елге қайтарды. Бұл жерде оның туыстығынан бұрын /Сырымның әйелі Нұралы ханның туған апасы/, негізінен Сырымның дала халқы арасындағы үлкен беделі себеп болды.
Осы кезде қазақтардың ашық түрде патшаға қарсылығы үлкен аумақта жүрді. Олардың бағыты Жайықтың төменгі ағысындағы бекіністерге және Ор бекінісінің ауданына бағытталды. С. Датұлы өзіне 2700 адамнан тұратын әскер жинаса, негізінен көтерілісшілер барлығы 6 мың болған, кейбір деректерде 7 мың. 1785 жылдың шілдесінде Кіші жүз ақсақалдары ІІ Екатеринаға жазған хатында «Біз қырғыз-қазақ жұртының қарапайым Кіші жүз халқымыз, барлық қара халық пен оның басшылары Нұралы ханға қарсы... Егер де хан билігінен Әбілқайырдың тұқымын алып тастамасаңыз, арамызда тыныштық болмайды. Бұл оның бүкіл тұқымына қарсылығымыздықтан емес, ханның қатігез саясатынан туындайды. Сондықтан оны тақтан тайдырмағанша ешқандай келісім сөз де, бейбітшілік те болмайды». Сырымның ханнан тыс жүргізген саясатының нәтижесінде олардың арасы тез суыды.
С. Датұлы бастаған Кіші жүздегі қазақтардың бас көтеруі Ресей патшалығының орталық саясатына және патша өкіметінің қолжаулықтарына айналған Әбілқайыр тұқымына қарсы болған алғашқы ашық көтеріліс
Кіші жүзде шаруашылықтың құлдырауы, жердің таршылығы 1801 жылы Бөкей немесе Ішкі Орданың құрылуына әкелді, ол Жайық және Еділ өзендерінің төменгі ағысында пайда болды. Бұл аймаќ Ресей құжаттарында ХVІІІ ғасырдың аяғына дейін Астрахань даласы деп аталды. Мұнда көшпелілердің тұрақтары аз болды, онда көбінесе Астрахань татарлары, қалмақ және казактар тұрды. Жеке казак қоныстары және шаруа дворлары Жайық өзені мен теңіз жағалауын бойлай орналасты. XVIII ғасырдың соңында жердіњ тарылуына қазақтардың екі өзен аралығындағы ежелгі қоныстарына қызығуы күшейді. Ертеде қысқы мерзімде тек сұлтандардың жылқы үйірлерін өткізсе, енді Сырым Датұлының көтерілісін басып тастағаннан кейін көшу процесін бақылау қиын болды. Үкімет қазақ көшпелі ауылдарының талаптарына құлақ алып, ішкі территорияға көшуге рұқсат берді, өйткені бұл жерлер 1771 ж Еділ қалмақтары Жонғарияға қашқаннан кейін бос қалған еді. Ресей осы арқылы Кіші Жүздегі әлеуметтік күрестің шиеленісін басуды ойлады. Қазақтардың екі өзен аралығына тұрақты қоныстану ниеті патшалықтың отарлау саясатына сєйкес келді, ол Кіші жүз күшін әлсіретті, қазақтың жарты бөлігін Ресейге толық бағындырды және қазақтардан салық алып, сауда қатынастарын дамытуға мүмкіндік берді.
“Бөкей сұлтанныњ ішкі жаққа көшуі, оған ықпал еткен мєселе көптеген патша шенеуніктерініњ достық кеңестері еді” деп жазды сол кездегі бір куәгер, және осы туралы ағасы Шығайдың жазбаларына қарағанда “1801 жылы Астраханның уақытша губернаторы Кнорринг Астрахан шекара бастығы Попов арқылы менің ағам Бөкей Нұралыұлына Жайықтың ішкі жағына біржолата Ресей бодандығына өтуге ұсыныс жасады. Осы кездесуден кейін Бөкей хан мені және басқа да сұлтан тұқымынан ағайындарын ертіп өзімізге бағынышты он мың үйлі қазақты ертіп, бүкіл мал мен дүние - мүлкімізді алып ішкі жаққа көштік”.
Саяси тұрғыдан бұл орда ерекше иелік ретінде 1812 жылы бекітілді. Осы жылы Кіші жүзде де хан болып Шерғазы сұлтан сайланса, ал Ішкі Ордада – Бөкей сұлтан болды. 1815 жылы Бөкей хан өлгеннен кейін, Жәңгір кәмелеттік жасқа келмегендіктен, орданы Шығай сұлтан биледі. Жәңгір Астраханьда тәрбиеленді, губернатор үйінде орналасты. 1824 жылы 24 шілдеде Орал қаласында Орынбор шекаралық басқармасының қатысуымен Жәңгір хан болып жарияланды.
Жәңгір ханның билік кезеңі ұзақ және күрделі болды. Қоғам өмірі көп өзгерістерден өтті, сонымен қатар түрлі оқиғаларға толы болды. Қазақ хандығының тарихында алғаш рет жерді жеке меншікке беру осы кезеңде іске асты, ол көшпелілердің отырықшылыққа көшуіне әсер етті, тархандық институты өркендейді. Осы өзгерістер көшпелі қазақ қоғамының әлеуметтік ыдырауына әкелді. Билігі беки келе Жәңгір ескі салық жүйесін реформалады, алдымен елден “зекет”, “соғым” алынса, кейін “жасауыл ақысы”, яғни ханның қызметкерлер ұстағаны үшін алым – салыќ жинады.
Хан өзіндік басқару аппаратын құрды: канцелярия, депутаттық топ, 12 би кеңесі, есауыл институты, базарлық сұлтандар тобы, 14 адамның тұратын шабармандар, Бөкей Ордасында “ахун” – хандықтың басты діни қызметкері қызметі бекітілді.
ХІХ ғ. 30 жылдары хандық территориясында беделді сауда орталықтары болды, оның ең ірісі Хан ордасында ашылған жәрмењке еді. 1832 жылы ашылған жәрмеңке миллион рубль сауда айналымымен басталды. Ресейге жүздеген мал басы айдалды, жәрмеңкеге әр елдерден мыңдаған көпестер келді. ХІХ ғасырдың 40 жылдары хан ордасының сауда айналымы ерекше маңызды күшейіп экономикалыќ орталыќ көрініске айналды, 89 үйдің 46 - сы дүңгіршіктер, ал 19- ы қоймалар болды.
Бөкей ордасында мұсылмандық мектептер көп болды. Әрбір рудыњ өзінің молдасы болды. Мектеп оқушыларының көпшілігі оқуды Ресейге, немесе Ташкент және Бұхара медреселерінде жалғастыруға жіберілді. Ханның білім беру концепциясы 1841 жылы тек Бөкей ордасында емес, түгел Қазақстан көлемінде алғаш рет азаматтық білім беретін мектептің ашылуымен ұласты. Мектепке бөлінген 30 - 40 вакансияға алғашында 12 оқушы жиналды. Осы орындарды толықтыру үшін 2 жыл қажет болды. А.Евреинов: «Бұл мектептегі оқытушылар татар, араб және орыс тілін, арифметиканы және грамматиканың алғашқы ережесін, қысқаша түрде – география және тарих және тағы басқа пәндерді оқытқан. Ең жақсы түлектер осыдан Орынбордың Неплюев корпусына түсті», - деп жазған. С.Бабажанов (1861 ж.) өзінің қызықты “Заметки киргиза о киргизах” мақаласында Бөкей Ордасындағы халық білімі және Неплюев корпусының стипендианттары туралы: “... Жәңгір хан Ішкі орда қазақтарының білімін жоғарылату үшін Неплюев кадет корпусына Ордадан 10 ұл баланы алу үшін арнайы Орынборда келісім жүргізіп, оларды 2- ші эскадрон бөлімінде немесе азаматтық топта оқытуға жол ашты”,- деп жазды.
Бөкей хандығы мәдени өмірінің жарқын көрінісі “қару бөлмесі” немесе ќару – жараќ мұражайы. Зерттеушілердің айтуынша, онда сирек кездесетін қарулар болған, одан қазақ қолөнершілерінің жоғарғы шеберлігін көруге болатын. Қазақтың алғашқы мұражайында шығыс текті заттар көп болды: “Азиялық сауыт, дулыға (шлем) және тағы басқа әскери қару - жарақтар. Соның ішінде Ресей императорларының қазақ билеушілеріне сыйға берген қылыштары да болды. Осы мұражай тағдыры туралы бірнеше жорамал бар.
Жәңгір хан өз уақытында Қазан университетінің ғылыми-тарихи қоғамдастығында сыйлы мүше болды. Ол эпикалық поэмалар мен қазақ шежірелері үлгілерін жазып алып, зерттеушілерге, ғылыми орталықтарға тапсырып отырған. Жәңгір хан 1845 жылы қайтыс болды. Ханның мұрагері саналатын ханзада Ресейден ордаға келе жатқан жолда жұмбаќ жағдайда ќайтыс болды. Содан кейін хандық билік жалғасын таппады, орданы Уақытша Кеңес басқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |