1.2 Жаңа заман
ХҮ-ХҮІІ ғасырлардың этносаяси тарихы. Қазақ хандығының пайда болуы XIV- XV ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы әлеуметтік - экономикалық және этносаяси үрдістердің заңды нәтижесі XV ғасырдың ортасында Қазақстан территориясында қалыптасқан жағдайда тұрғындардың шаруашылық, қоғамдық мүддесін қамтамасыз ететін біріккен, нығайған мемлекет құру қажеттілігі туды. Алтын Орданың ыдырауына байланысты ұлы далада дағдарыс күшті болды.
Әр түрлі тарихи зерттеулер Қазақ хандығының пайда болуын XV ғасырдың 60 жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қазақтардың өзбек ұлысынан бөлініп, Моғолстанға көшуімен және сол себепті көшпелі өзбектер мемлекетінің ыдырауымен байланыстырады.
Біздің көзқарасымызша бөліну, алдыңғы кезеңдегі оқиғалармен байланысты. 1428 жылы Әбілхайыр хан 17 жасында хан болып сайланды, ал оның сайлауы Батыс Сібірде Чимгу-Тура қаласында өтті. Кейінен жас ханға Дешті - Қыпшақтың астанасы болған Орда - Базарды басып алуға мүмкіндік туды. Бұл уақытта көшпелі өзбектер мемлекетінің құрамында бүкіл қыпшақ - ноғайлы тайпалары түгел – 92 баулы қыпшақ болған еді. Еділ бойында Әбілхайыр хан “Сайын ханның тағы” үшін қысқа күрестен кейін сыртқы саясатын тез өзгертті. Енді Дешті - Қыпшақ көшпелілерінің назары Темірдің немересі – Ұлықбек басқарған Мәуереннахрға бағытталды. Мәуереннахр бұл кезде саяси жағынан ауыр жылдарды бастан кешірді. 1446 жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзенінің бойын жаулап алды. Сығанақ “Көшпелі өзбектер” мемлекетінің жаңа астанасы болды. Осы тұста Моғолстан мен Мәуереннахрдың көптеген тайпалары Әбілхайырға бағынғанымен, сепаратистік бағытты ұстана берді.
Шәкәрім Құдайбердиевтің “Шежіресі” бойынша, мемлекеттің өзбек және қазақ болып екіге бөлінуінің себебі – тайпалар арасындағы келіспеушілік.
Шәкәрім бөлінудің себебін келесі түрде көрсетеді: “...арғындардың алыс ұрпағы - әйгілі Дайырқожа Әбілхайырдың билігінің тұсында би болған. Әділеттілігі үшін оған Ақжол би деген ат берген. Бұл уақытта Әбілхайырдың жақын досы, қыпшақтардың қолбасшысы – Қобыланды батыр да ханға сүйікті болды. Олардың арасында келіспеушілік болған және бірде Ақжол биді далада жалғыз өзін кездестіріп, Қобыланды өлтіреді. Бұны естіген Жәнібек хан, арғындардың мүддесін қорғай отырып, Әбілхайырдан Қобыланды батырды сұрайды. Әбілхайыр хан қыпшақтардың қолдауынан айырылып қалам ба деп қауіптеніп, беруден бас тартады. Бұл, бұған наразы болған Жәнібек хан бастаған қазақтардың көшіп кетуіне әкеледі”.
Әбілхайыр ұлысындағы дағдарысты пайдаланған, Ақ Орданың қуатты билеушісі Орыс ханның шөбересі, Ақ Орданың белгілі ханы Барақтың баласы Жәнібек және оның туысы Керей 50 - жылдардың екінші жартысында өздеріне бағынышты рулық - тайпалық топтарды, қазақ даласының жартылай көшпелі және көшпелі тұрғындарын Моғолстан жеріне бөліп әкетті.
М.Ж.Көпеев қазақ халқының және мемлекетінің пайда болуын аты аңызға айналған қазақтардың алғашқы билеушісі – Алаша ханмен байланыстырады. Шежірешінің пікірінше, бұл тайпа басшылары патриархтар – Қоғам, Майқы, Қотан, Қондыгер өмір сүрген кезең. Алаша хан үш жүз жігіт пен он үш дана ақсақалды бастап Ұлытау бойында Қазақ мемлекетін құрды. Жүздердің қол басшылары ақсақалдардың ұлдары Үйсін, Арғын және Алшын батырлар болды. Аңыз бойынша жігіттерді бастап, Алаша ханды ақ киізге салып, Ұлытау шыңына көтеріпті. Сондықтан, Алаш атауы қазақтар үшін жалпы ұлттық идея мен ұран ретінде қолданылады. Оның тәртібі бойынша жауға “Алаш” деген ұранмен аттану керек, ал егер ол үндеуге ешкім жауап бермесе, туған әкесі болса да, аямау керек. Осыдан мынадай мәтел бар: “Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда».
Алаша хан туралы біздің зерттеулеріміз оның аты аңызға айналған ежелгі тарихи тұлға екенін көрсетеді. “Алаш” атауы Қазақ даласындағы ежелгі жылқышылықпен, көшпелі өмірімен, тұрмысымен байланысты.
XV ғасырдың ортасында Алтын Орда құлаған кезде дала тайпалары болашақты ойлап, жеке тұрақты мемлекет құру керек деп шешті. Мемлекет негізіне “алаш мыңы”, яғни Орыс хан тұсындағы Ақ Орданың халқының негізі болған тайпалар кірді. Қазақ хандығының орнығуы Қасым ханның атымен байланысты, ол Қазақ хандығының астанасын Сарайшықтан Ұлытауға көшіріп, онда қазақтардың арғы бабасы және бірінші ханы Алаша ханға кесене тұрғызды.
“Қазақ” термині зерттеушілер арасында қызу талас тудырады. Ортағасырлық деректер бұл терминнің тарихын зерттеуге зор мүмкіндік береді: “1356 жылы “қазақтар” Мәуереннахрды басып алды...”, 1397-1410 жылдарда Қырым қыпшақтарының бір бөлігі Литваға қоныс аударып, өздерін “қазақпыз” деп атап (орыс казактары әлі пайда болған жоқ), корольдер билігінде қызмет атқарған. 1474 жылы Қырым ханы Меңлі-Керей ІІІ Иванға жазған хатында “Маған сенің жеріңді алу мүмкін емес, менің ұландарыма да, мырзаларыма да, қазақтарыма да”, 1523 ж. Стамбулдағы орыс елшісі Морозов сұлтанға былай айтқан: «Сенің Азовтағы қазақтарың далада біздің адамдары тұтқынға алып, Азовқа сатады», 1471 жылы Новгородтағы жорыққа Касимов ханзадасы Данияр өз “қазақтарымен” қатысты, 1481 жылы Ахмет ханға “1000 казакпен” Ибақ хан және “15000 казакпен” Ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбыршы шабуыл жасады, 1508 жылы Қазан ханы Абдуллатиф князь Василийге “өзінің қол астындағы қазақтарды соғысқа жібермеуге” сөз береді.
Бұл қысқаша жинақтан “қазақ” терминінің алғашқыда таза әлеуметтік мағынада болып, әскери іспен айналысқан көшпелілерді немесе орталық билікті мойындамай мемлекеттен бөлініп кеткендерді білдіретінің анықтаймыз.
Міне сондықтан, Жәнібек пен Керей бастаған Моғолстанға көшіп кеткен алаш көшпелілер тобы “қазақ” атауын алды. “Қазақ” этнонимі еркін адам, ерікті қоғам мағынасын берді. Олар құрған хандық “Қазақ хандығы” деген атауға ие болды. Осы кезден бастап “қазақ” сөзінің мағынасы өзгере бастады. Әлеуметтік терминнен ол саяси терминге айналды, ол енді Қазақ хандығына қараған елді білдірді.
Қазақ хандарының әулетінің негізін салушы Орыс хан қазақтар әлі қазақ деп аталмаған кезде билік құрған. Ол “алаш” тайпаларын биледі, әдебиетте өзбектер одағы ретінде белгілі болды. Керей мен Жәнібектің бөлінуінен кейін ғана “қазақ” сөзі этноним болып қалыптасты. Бұл ретте қазақ термині бүкіл Дешті - Қыпшақ пен Жетісудың ұлан - байтақ аумағына тарады. Мұхаммед Шайбани хан бастаған өзбектердің бір бөлігінің Мәуереннахрға кетуі бұл ұғымның одан әрі кеңейгенін анықтады, қалған өзбек тайпалары да қазақтар деп атала бастады. XV ғасырда “ноғайлы”, “өзбек”, “қазақ” терминдерінің нақты этникалық шеңбері болған жоқ, олар қатар қолданылды. Фазаллах Рузбихан: “өзбектер үш тайпа құрайды… Олардың біреуі – шайбанилықтар және бірнеше ұрпақтар бойы болған хан билеушілер. Екінші тайпа – қазақтар, олар бүкіл әлемге күш қуатымен, жауынгерлігімен белгілі. Ал үшінші тайпа – маңғыттар, ал олардан – Астрахань патшалары (ХVІ ғ. басы)”. Рузбиханның бұл сөздері сол уақытта “қазақ” және “өзбек” этнонимі этникалық бірлестіктен гөрі саяси бірлестік болғандығын байқатады. Рузбихан бойынша, екіге бөлінудің себебі Орда-Ежен мен Шайбан ұрпақтарының арасындағы тартыс деп көрсетіледі.
Орта Азиялық деректер бойынша, маңғыт тайпасы немесе Ноғай ұлысы ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында бірде Шайбан жағында, бірде Орда Ежен жағында болды. Масуд бен Осман Кухистани және Бинаи қысқаша рулар тізімін көрсетеді: “Өзбектерге қараған үш тайпа келесі руларды біріктірді: қият, маңғыт, баили, қоңырат, таңғұт, андижан, күшчі, барақ, ұйғыр, отаршы, найман, үкреш-найман, түбай, жаб, қытай, қарлұқ, кенегес, үйсін, керулет, шымбай, шадбақлы, шұңқарлы және бүркіт”.
Дешті Қыпшақтың аталған тайпаларының бір бөлігі Әбілхайырдың немересі Мұхамед Шайбаниді қолдап, Мәуереннахрға қоныс аударды және өзбек мемлекетінің этникалық негізін қалады. Бірақ көп бөлігі ұлы далада қалып, қазақтар атанды. “Алаш” тайпалары Қазақ хандығының шеңберінде біріккеннен кейін ғана “қазақ” термині саяси мағынадан ауысып, бүкіл қыпшақ-ноғай ру-тайпалық ортақ атауына айналады. Бірақ зерттеушілер ХХ ғасырға дейін «қазақ» этносына қатысты “алты алаш”, “алаш” терминін қолданды. Қазіргі уақытқа дейін “алаш” термині этникалық бірліктің негізі ретінде әйгілі. “Қазақ” термині бүкіл этносты және Қазақ хандығының тұрғындарын білдіреді. “Қазақ” терминінің толық орнығуы XVIII ғасырда болды.
Қазақ хандығының тарихы ХV ғасырдағы көшпелі өзбектердің ыдырауымен байланысты. Қазақ хандығының бірігуі және қазақтардың алғашқы хандары туралы деректерді Мұхаммед Хайдар Дулати береді: “Сол уақытта (1456 ж. шамасында) Әбілхайыр хан Дешті – Қыпшақта билік етті, жошылық сұлтандар оның қол астында жәбір көрді, солардың ішінде Жәнібек пен Керей Моғолстанға қашады. Исан Бұға қашқындарды жақсы қарсы алып, оларды Батыс Моғолстанды құрайтын Шу және Қозыбасы өңіріне қоныстандырады. Әбілхайырдың өлімінен кейін Өзбек ұлысы құлдырайды. Сол кезде көптеген халық Керей мен Жәнібек хандарға көшіп келді, олардың маңында жиналған адамдардың саны екі жүз мыңға жетті. Оларды өзбек-қазақ деп атап кетті... Керейден кейін Бұрындық хан болды. Қасым хан барлық жағынан да әкесі Жәнібектің үлгісімен Бұрындыққа бағынды... Содан кейін Қасым ханның күшейгені соншалық, Бұрындықтың хан деген аты ғана қалды, соңында Бұрындық хан қуылып, Самарқандқа барып, жат жерде дүниеден өтті. Қасым хан бүкіл Дешті – Қыпшақтың толық билеушісі болды. Ол Жошы ханнан кейінгі ең мықты билеуші болды, оның әскерінің саны мың-мыңнан астам (миллион) адамға жетті. 924 жылдың соңында ол мәңгілікке кетеді.”
Батыс Қазақстан териториясында Бұрындық ханның билік еткен кезінде Қазақ хандығының саяси орталығы Сарайшық қаласында болды. Мырза Хайдардың жазуынша “Бұрындық хан Сарайшықта болды. Ал Қасым хан одан алыс болу үшін, Моғолстан шекарасына кетті”. Бұл жылнамалар мазмұнында ішкі саясатты басқарған қазақ ақсүйектері арасындағы күрделі қатынас жасырылған. Деректер көрсеткендей қазақ қоғамының әкімшілік-территориялдық ұйымының негізінде ұлыстық жүйе жатты. Бұрындық ханның, Қасым ханның, олардың ағалары Жаныш пен Таныштың және басқа да ірі сұлтандардың ұлыстары белгілі. 1509 жылы жорықта Мұхаммед Шайбанимен бірге болған Рузбихан былай деп жазған: “Қазақ әскерінің қатары араласып, алланың қолдауымен қашты және талқандалған олар Бұрындық ханның аймағына аттанды”. Бұл жерде өзбектердің қыста қазақ сұлтандары Жаныш пен Танышқа жасалған жорықтары айтылған. 1509 жылғы бұл оқиға жалғыз болған жоқ, 1506-1510 жылдары Шайбани оларға бірнеше жорықтар жасады. Шайбан тұқымы сұлтандарының Дешті - Қыпшақ даласына жасаған шабуылдары жеңіліспен аяқталды. Бірақ олар Мәуреннахр жерінде Өзбек мемлекетінің негізін салып берді.
1510 жылғы соңғы жорықта Шайбани басты әскерімен Көк кесене ауданына тоқтайды. Қазақ әмірлерінің бірі өз әскерлерін жинап, бірақ өзбектердің көп әскерлеріне қарсы тұра алмай, Қасым ханның өзі келді-мыс деп әдейі сыбыс жібереді. Барлаушылардан бұл сыбысты естіген өзбектер, барлық жаулап алған олжаларын тастап, Шайбан ханға қашты.
Қазақ деректері оны басқаша Шахибек хан деп атаған. Шахибек хабардың шындығына көзі жетпесе де шегініп, сол күйінде қыстың соңғы кезінде Самарқандқа жетеді.
Қазақ шежіресінде Қасым ханға жарқын мінездеме берілген. Мысалы, М.Ж. Көпеев: “Қасым ханның өзі мемлекет астанасын Сарайшықтан Ұлытауға көшірген”, - деп жазған. Оның билік еткен кезінде қазақтар бүкіл әлемге танымал мықты мемлекет болды, оған Қасым ханның қазақ хандығының құқықтық негізін реформалау үлесі ерекше. (“Қасым ханның қасқа жолы”). “Қасым ханның қасқа жолы” атанған ережелер көпке белгілі. Қазақтың ханға арналған бір шумақ өлеңінде оның мемлекетті құрудағы және нығайтудағы үлесі жарқын көрсетілген:
Баласы Жәнібектің сардар Қасым,
Қазақтың біріктіріп, құрап басын.
Осы жер ата-қоныс, мекенің деп,
Найзамен сызып берген шекарасын.
Түркістан оазисінде Қазақ мемлекетінің позициясын бекітуде Қасым хан Мұхаммед Шайбани ұрпақтары мен Темір арасындағы соғысты өз пайдасына пайдаланды, соның арқасында Сайрам мен Ташкент аудандары хандыққа қосылды. Сол уақытта ол Моғолстан хандығын қолдап, Жетісу, Қашғар және Ферғана территориясындағы халықаралық саяси қатынасқа әсер етті. Қасым хан Шағатай әулетінен шыққан Моғолстан хандарын қолдады, бұл сұлтан Сайд ханға қатынасынан ерекше көрінеді. Мұхаммед Хайдар Жетісулық жоғары билеушіні Қасым ханның қабылдауын әдемі бейнелейді: «Қасым хан оған өте ықыласты болды, хан өмірінің соңына дейін Қасымның мейірлі жүзін ұмытпай, мақтап жүрді». «Қасым екі жүйрік атты әкеліп ханға айтады: Далалықтарға атсыз өмір жоқ, мына екі ат мен үшін ең мықты қымбат қазына, мен оларға бар үмітімді артамын. Бірақ сізге құрметті қонақ екеуін бірдей бере алмаймын, сондықтан біреуін таңдап ал» деген. Қазақ тарихшыларының деректеріне қарағанда Қасым ханның кесенесі Алтын Орданың кіші астанасы Сарайшық қаласында болған. Осыдан барып мынадай қорытынды шығарамыз, Қасым хан кезінде Қазақ хандығының шекарасы Жайыққа дейін жеткен. Белгілі дәрежеде Қазақ хандығы Алтын Орданың жалғасы, мұрагері. Қазақ хандарының Бұрындық – Қасым заманында Сарай – Сарайшық маңында болуы соның көрінісі. Қасым ханның өлімінен кейін Қазақ хандығында ұзаққа созылған дағдарыс басталады.
XV- XVII ғасырларда этникалық тарихтың негізгі мазмұны қазақ этносының қалыптасуының аяқталу кезеңімен, ел территориясының шекараларының анықталуымен, қазақ жүздерінің этникалық құрамының нығаюымен байланысты. Қазақтардың этникалық құрамында бүкіл түрік тайпалары және моңғол тектес тайпалар болды. XV- XVII ғасырлардағы күрделі халықаралық жағдайға қарамастан қазақтарға этностың нақты құрамын бекітіп, мемлекет құруға мүмкіндік туды. Этникалық - саяси сипатының негізі бір-бірімен генеалогиялық туыстыққа негізделген үштік ұйым - жүздер. Қазақ елінің саны 1 млн. артып, территориалық ауқымы көбейіп, олардың арасындағы қандас туыстық, генеалогиялық және ішкі саяси байланыс күшейді.
Тарихи деректер бізге Қазақ хандығының үш жүздік жүйесі толығымен аты аңызға айналған Хақ Назар тұсында бекітілді деп айтуға толық негіз береді. Біріншіден ол қуатты мемлекет құруға қажетті қадамдар жасады. Алдымен деректерде “алаш” атанған дала тайпаларының одағын бекіте отырып /кейіннен Орта жүз/, содан соң Жетісудың көшпелі тайпаларын біріктіріп, Шағатай сұлтандары басқарған Моғолстанның саяси дағдарысынан аман қалған моғолдардың қазақтар құрамына кіруіне мүмкіндік жасады /кейіннен Ұлы жүз/. Осыдан кейін Ноғай ордасының құлауы, ағалы - інілі Жүсіп пен Смайыл арасындағы билік үшін күрес ноғайлардың қазақ құрамына кіруін жылдамдатты Кіші жүз.
Хандардан кейін билікке келген Шығайдың тұсында Қазақ хандығы әлсіреп Шайбан тұқымы Абдоллах ІІ ханның ықпалында болды. Ал Шығай ханның ұлы Тәуекел хан өз билігін өзбек билеушілерімен ұзақ күресте бекітті. 1586 жылы ол Ташкент аймағының билеушісі Баба сұлтан бастаған өз қарсыластарын талқандап шықты. Осы кезеңде Қазақ хандығының халықаралық жағдайы қиын еді. Өз билігінің басты мақсаты ретінде Тәуекел хан Сыр бойындағы қалаларды хандық құрамына қосуды, сол арқылы мемлекетті нығайтуды көздеді.
Тәуекел хан алдында тұрған саяси мәселелердің ең ауыры, Ташкент және оның айналасын толық бағындыру және Бұхар хандығының билеушісі Абдаллах ІІ /екіншімен күрес, содан кейін Сібір ханы Көшімімен соғыс т.б. болды. Осындай мақсатпен Тәуекел хан өзіне одақтастар іздей бастайды. Сібірдегі Тайбұға әулетін қолдап, Сейтектің жанына інісі Оразмұхамбетті қосады. Ал олар болса біраз уақыттан кейін орыс қолына тұтқынға түсіп қалады. Осыны себеп қылып Тәуекел ханның елшісі орыс патшасы Борис Годуновпен кездесіп, Бұхарға қарсы одақтасуды сөз етеді. Бұл елшілік жұмысына Мәскеу мемлекеті құрамындағы Қасым хандығының билеушісі, Тәуекел ханның ағайын туысы Оразмұхаммед сұлтан қатысты.
1598 жылы Бұхар хандығының ішіндегі қайшылықтарды пайдаланып, Тәуекел хан Орта Азияға жорық жасайды. Соның нәтижесінде өзбек әскерін талқандап Самарқанды және т.б. қалаларын алды. Сонымен осы жылы Сырдария қалалары үшін болған ұзақ соғыс аяқталды деп есептеуге болады. Бұхар қаласына жорық жасағанда Тәуекел хан жараланып, кешікпей Тәшкентте қайтыс болады.
Қазақ хандығының құрамына Орта Азия қалаларын біржола қосу Тәуекел ханның ұмытылмас ерлігі. Түркістан аймағы ХІХ ғасырдың басына дейін Қазақ хандығының құрамында болды. Есім хан билігі кезінде қазақ сұлтандары оңтүстік қалалар үшін Аштарханидтер әулетімен соғысты. ХVІІ ғасырдың 20 жылдарында Тұрсын хан билігі тұсында Ташкент Қазақ хандығының құрамында ірі қалалардың біріне айналды. Тұрсын хан мен Есім ханның арасындағы қайшылықтар жайлы көптеген деректер бар. Түркістанда Есім ханның жоқтығын пайдаланып ол астананы басып алады. 1628 жылы ойрат жорығынан оралған Есім хан Тұрсынды талқандайды, антты бұзғаны үшін өлтіреді. Оған дәлел ретінде Марғасқа жыраудың : «Ей Қатағанның хан Тұрсын, кім арамды ант ұрсын, Есім хан келіп тұр қасыңа, шашқалы тұр қаныңды, алғалы тұр басыңды», - дейтін сөзі бар.
ХVІІ ғасырдың 30 жылдарынан бастап Орталық Азияның халықаралық жағдайы күрт өзгерді. Шығыс шекарадан күшті қарсылас пайда болды, олар қалмақтар еді. Олар төрт рудың біріккен одағы: чоростар, хошоуыттар, дербеттер және торғауыттар. Қазақ аңыз -эпостарында олар «қалмақ» деген атпен белгілі. Себебі қазақ халқының түсінігінде олар батысқа көшпелі және ислам дінін қабылдамай бұрыннын дәстүрінде қалып қойған ежелгі түрік тайпаларының қалдығы. Ғылыми әдебиетте олардың құрған мемлекетін Жоңғар деп атайды. ХVІІ ғасырда басталған қазақ- қалмақ арасындағы қақтығыстар ұзақ соғысқа ұласты. Жетісу мен Шығыс Түркістанды басып алып, қалмақтар өз күштерін Сырдария қалаларына бағыттады.
Сонымен, қалмақтардың күшеюімен қазақтардың этникалық дамуына қауіп төнеді. Осыған қарамастан Есім хан тұсында Қазақ хандығын мықты мемлекет деп тануға болады. Кейбір деректерде Тәуекел мен Есім хандарды қазақ- қалмақ билеушілері деп атайды. Шығыс деректерінде Есім тұсында қазақтар Шығыс Түркістан үшін саяси күреске араласқан, ал орыс деректерінде Оңтүстік Сібір үшін қазақтар мен қалмақтардыњ ірі қақтығыстар өткізгені белгілі. Көшпелі халықтардың күресіне Ресей мен Қытай империялары араласа бастады.
Қазақ тарих ғылымында ХVІІ ғасырда халық арасында Әз Тәуке, яғни дана, әділ деген атпен белгілі Тәуке хан билігі тұсына жататын деректер өте аз. Тәукенің әкесі Салқам Жәңгір туралы алғашқы деректер 1635 жылға жатады. Орыс мәліметтері бойынша 1635 жылы “... қара қалмақ тайшылары: Талай тайша, Қонтайша (Батур Ж.А.), Тургоча тайшы бүкіл қара қалмақтарымен қыстың күні Қазақ Ордасын шапты, ал Қазақ Ордасы қара қалмақтарға қарсы шықты... қара қалмақтар Қазақ Ордасындағы адамдарды өлтіріп, Есімнің ұлы Жәңгірді тұтқынға алды...” Басқа деректер бойынша Жәңгір 1635 жылы дербет - қалмақ билеушісі Талай тайшымен торғауыттарға қарсы соғысты. Осы кезде торғауыттар басқа қалмақ тайпаларынан батысќа ќарай орналасты және олардың кейбір топтары Жайықтың ар жағында болды. 1642 жылы Жәңгір хан Батур - қонтәжінің ірі әскери экспедициясын тоқтатты. Бұл қақтығыс Орбұлақ деген жерде болған, және бұл жерде Жәңгір алшын Жалаңтөс батырмен бірге қалмақ топтарын қырғынға ұшыратты. 1644 жылы Жәңгір ханның қалмақтарға тағы қарсы тұруына тура келеді, бірақ бұл жолы халық көп қырғынға ұшырап, Жәңгір ханның ағасы отбасымен және көптеген адамдармен тұтқынға түседі. Ақыр соңында, 1652 жылы Жәңгір хан қалмақтармен кезекті шайқаста қаза табады.
Бұл дағдарыс кезінде хан тағына келген Жәңгір ханның баласы Әз Тәукеге мемлекеттің саяси жүйесіне көп көңіл бөлуге тура келді. Ол да өз кезегінде Хақназар хан сияқты қазақтардың генеалогиялық құрылымына сүйеніп саяси реформа жасады. Тәуке хан билікті билер, ру басшылары, тайпа және жүз басшылары көмегімен нығайтуға талпынды. Бұл уақытта ірі тайпалық одақтар мен жүздердің билерінің билігі күшейді. Ќоғамдыќ-саяси өмірде бұл тәртіп “Жеті жарғы” атты билік кеңестерінде көрініс тапты. Қазақ жүздерінің өкілдері : Төле, Әйтеке, Қазыбек билерден басқа, бұл кеңеске қырғыз, қарақалпақ, Ташкент тұрғындары, Түркістанда қазаққа бағынышты және басқа қалалардың өкілдері кірді.
Тәуке ханның аты тәуелсіз билеуші ретінде ХVІІ ғасырдың 80 жылдарында аталады. 1687- 1688 жылдар шамасында Түркістанда Әз Тәуке Хошеке аталық бастаған Бұхар хандығының елшілерін қабылдады. Бұл келіссөзде екі мемлекетке қатысты Ташкент аймағының экономикалық және саяси мәселелері талқыланды. Ташкент саяси жағынан Қазақ хандығына тәуелді болса да, экономикалық жағынан өзінің дербестігін ұстанды. ХVІІ ғасырдың 90 жылдары Тәуке хан қазақ әскерімен Ташкенттен оңтүстікке қарай қоныстанған қытай-қыпшақ тайпаларына жорық жасады.
Тәуке хан Ресей және Жоңғария мемлекеттерімен тығыз дипломатиялық және сауда қатынастарын орнатты. 1680 жылдары Тәуке хан Тобльскі мен Астраханьға 5 елшілік жіберді. Осыншама елшілік Қазақ хандығына келді. Қазақ-орыс қатынастары түзеле бастады, олардың арасында егіншілік, мал шаруашылығы және өндіріс өнімдерін айырбастау көбейді. Көптеген аймақтарда, Ертіс бойында жәрмеңкелер, айырбас орталықтары ұйымдастырылды. Онда орыс, жоңғар, қазақ және Орта Азия көпестері еркін сауда жүргізді. Ресей қазақ далалары арқылы Шығыс сауда жолдарының ашылуына қызығушылық танытты. Бірақ, экономикалық қатынастар үнемі әскери қақтығыстарға әкеліп отырды.
Әз Тәуке билігінің басынан бастап жоңғарлардың белсенді әрекеттері күшейді. 1683 - 1684 жылдары Қазақ хандығының онтүстік территориясы жоңғар шабуылына ілікті. Жорық барысында Түркістан оазистері қаңырап, Сайрам қаласы талқандалды. Түркістандағы Яссыдан басқа қалалардың барлығын қалмақтар басып алды. Тек Қытай - қалмақ соғысы басталған кезде ғана қазақ елі аз уақыт тыныштық алып қалалар қайтарылды.
Тәуке ханның үлесіне XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың басында Жоңғарияны басқарған Галдан Бошохту (1676 - 1697) және Цеван Рабданмен (1699 - 1727) күрестің ауыр жүгі тиеді. Өз заманының ауырлығына қарамастан Тәуке хан мемлекеттің бүтіндігі мен тәуелсіздігін сақтап қалды. Сондықтан қазақ шежіресінде Әз Тәуке билік еткен кезеңді сәтті кезең деп суреттейді. Сонымен оның даналығы, көрегендігі мен тапқырлығы айқындалады. Ресей зерттеушісі А.И. Левшин атап көрсеткендей “әйгілі Тәуке хан билік құрған жылдар - Қазақтардың алтын ғасыры, бұл қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман”. Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды.
Достарыңызбен бөлісу: |