Мейіз салынған бүктеме (орыс. пирожки с изюмом, ағылшын. cakes with raisins) – ұнға су, шикі жұмыртқа құйылады да, ашытқы, қант және тұз салынып, қамыр иленеді. Сөйтіп ашытылады. Ол үшін орамалмен оралып, 3-4 сағат жылы жерге қойылады. Қамыр көтерілген соң қайырыла иленеді, ұн себілген үстел үстіне салынып, 5-10 минут беті жабылып қойылады. Содан кейін әрбір күлше оқтаумен сәл-пәл жазылады да, ортасына тазалап, жылы сумен бірнеше рет жуылған, дегдітіліп, қант араластырылған мейіз салынады. Қамырдың жиектері бүктеліп, шеттері жапсырылады. Сөйтіп бүгілген жағы астына қаратылып, қыздырылған майға салынады да, қызарғанша қуырылады. Дастарқанға ыстықтай да, суытылып та әкеліне береді.
Мейіз салынған крокет-пешеней (орыс. крокет-печенье с изюмом, ағылшын. croquet-raisin cookies) – жұмыртқа мен қант езіліп, оған қаймақ, май, тұз қосылады. Бидай ұны, картоп ұны және сода араластырылып, алдыңғы қоспамен біріктіріледі. Әбден иленген қамыр 10-15 минут салқынға шығарылып, батон формасына ширатылады да, түйежаңғақ көлеміндей бөліктерге кесіледі. Содан соң дөңгелектеп, мейізге аунатылып алынады. Дөңгелектер майланған темір табаға салынып, 220-240° С температурада пісіріледі. Дайын пешенейге қант ұлпасы себіледі.
Мейізбен өрнектелген пешеней (орыс. печенье с изюмом, ағылшын. raisin cookies) – еленген ұн салқын маймен ұсақ түйіршік болғанша кескіленеді. Жұмыртқаға қант және ваниль қанты қосылып езіліп, кескіленген ұнға қосылады. Иленген қамыр 30-40 минуттай салқындатылып, ұзынша шұжық пішінінде ширатылады да, ет тартқыштан өткізіледі. Ет тартқыштан шыққан қамыр бір-біріне жабыстырылмай, бірдей бөліктерге бөлінеді. Олар ұн себілген табаға салынады. Әрқайсысының үстіне бірнеше мейізден салынып, қамырға батырып енгізіледі. Пешеней 240-260° С температурада 10-15 минутта дайын болады. Салқындаған соң ғана тәрелкеге салып алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |