Мейіз қосылған орама (орыс. рулет с изюмом, ағылшын. roll with raisins) – иленген қамыр қалыңдығы 4-5мм, жалпақтығы 40 см етіп жайылады. Бетіне жұмыртқа жағылып, біркелкі етіп мейіз, қант себіледі. Орама оралған соң да, аздап басылады. 30-40 минуттан соң ораманың беті майланып, әр жері ағаш таяқшамен тесіледі. 200-250o C температурада 25-30 минутта дайын болады. Содан соң жеңілдеп май жағылып, қант ұлпасы себіледі.
Н
Нан (орыс.хлеб, ағылшын. bread) – ұнды илеп, қамыр болған соң тандырға, пешке пісірілген нан. Ересек ер кісі күніне 300-400 грамға жуық, ал ауыр дене жұмысын атқарған кезде 600-800 грамға дейін нан жейді. Нанда 40 пайыздан 50 пайызға дейін углевод, сондай-ақ белок пен аздаған май бар. Бұл – нан күніне 600-1000 килокалория энергияны қамтамасыз етеді деген сөз. Демек, адам тіршілік қызметіне қажетті бүкіл энергияның ¼ бөлігінен 1/3 бөлігіне дейінін наннан алады. Нанның әртүрлі сорттарында 5 пайыздан 8 пайызға дейін белок бар. Адам нанды көп жейтін болғандықтан, оның құрамындағы өсімдік белоктары адамның белок жөніндегі жалпы қажетінің кемінде 20-30 пайызын қамтамасыз етеді. Нан – ас атасы. Ол бидай ұнынан жасалады. Нанды жерге тастамайды, үстінен аттамайды, үстіне ешбір затты қоймайды. Нанды бір қолмен үзіп жемейді. Қазақтар нанды қасиетті санайды.