«Талант» ұғымына анықтама беруде оның туа біткен сипаты ескеріледі. Талант қандайда бір нәрсеге дарындылық, ал дарындылық туа берілген қабілеттілік деп түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, талант – іс-әрекетке жоғары жетістікті қамтамасыз ететін, туа біткен қабілеттілік.
Талант – қоғамдық маңызды, нақты және жоғары дамығандығымен ерекшеленетін, іс-әрекет нәтижесін алуға мүмкіндік беретін, дарындылықтың жоғары деңгейі.
Шетелдік сөздіктерде «талант» («talanton») туа біткен қасиетті көрсететін, ерекше табиғи қабілет деп көрсетіледі. Дарындылық таланттың бір күйі, ол таланттың көріну деңгейі ретінде қарастырылады. Дарындылық түсінігі тәуелсіз, өзіндік ұғым ретінде энциклопедиялық сөздіктер мен шетел сөздерінің түсіндірме сөздіктерінде қабілеттің көріну деңгейімен сипатталады. Қабілет туралы ой қозғағанда, адамның қандайда бір нәрсені істеуге мүмкіншілігі көрсетіледі, ал талант, дарындылық туралы айтқанда, адамның аталмыш қасиеттің (қабілет) туа біткен сапасының сипаты көрсетіледі. Осыған қоса қабілет те, дарын да іс-әрекеттің нәтижелілігінде көрінеді.