Нұрғали Қадырбаев көркем әдебиет көкжиегі



бет3/12
Дата25.12.2016
өлшемі2,85 Mb.
#5150
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Романда суреттелетін Қарашелектің бейнесі де есте қаларлықтай. Қарашелек деп ел-жұртқа Жақыптың атанып кетуі әкесі Қарадиюдың оны бір жаққа кеткенде қасынан тастамай жүруі әсер етеді. Мінген арбасының артқы тұсында үнемі солидол майын салып қоятын қара шелегі ілулі тұратын. Жақыпты да жанынан бір елі тастамайтұғын. Ертіп жүретін-ді. Содан Жақып Қарашелек атанып кетеді. Әкесі Қарадию оған еш уақытта тірліктің мәнін түсіндіріп жатпайтын. Қателессе түзетпейтін. Өзің біл, өзің жөнде, өзің ретін тап деген жөн-жосықтың адамы-тұғын. «Сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды», «Шайнап берген ас емес» деген ең жақсы көретін нақылдары сөзімізге дәлел бола алады. Осындай ұстаным халқымыздың тіршілігіндегі «Жетектеген ит аңға жарымас», «Шайнап берген ас болмас» деген асыл сөздерімен үндес келеді.

Жазушы Ақсудың табиғатын суреттегенде көз алдыңызға жанды сурет бедері елестейді. Үзінді келтірелік: «Мылқау түннен Қарашелек қана емес, бір сәтте демін ішіне тартып, тым-тырыс бола қалған бүкіл өңір қорқатын сияқты: жер сауырын сұп-суық тер көміп, шалғынды мұп-мұздай шық басады, көк күмбезінен сығалаған жұлдыздар да үзіліп түсейін деп тұрған суық тамшыдай жон арқанды тітіркентуші еді.» Табиғаттың осынау көрінісі оқырманды сол бір табиғи құбылыстың қақ ортасында тұрғандай сезімге бөлейтінін айтсаңызшы!

Және де: «Ащы болмағанмен апрельдің маңдайдан шақшиған ақ шағырмақ күні жердің жетпіс тамырын балқытып, қопсыған мүк пен борсыған шөптің буы тайганы тершең аттың сауырындай түтіндетіп тұр. Өзен бойының талы мен қотыр қайыңдары күшіктеп, жасыл рең күнгейдегі қарағай басын да шала бастаған екен.» Керемет те ғажайып сөз өрнектері көз алдымызға жанды суреттей орнығады.

Орманшы болып жүріп, атты баптаудың жай-жапсарын жақсы білетін Асекең, яғни Асхат адамдарды да өзінің тұрмыс-тіршілігіне орай танып ұғынады. Кермеге байланған құла бестінің зілді оқыранысынан оның үйір тілеп тұрғанын аңғарады. Ал жанындағы Бекетке жылқы баптамаған қаланың май тақымы деп бейнелі түрде баға береді.

Романда адам психологиясының тым күрделі, шиеленіскен жағдайдағы хал-ахуалы да көркем сөз өнерінің қарымды қаламгері Қалихан Ысқақовтың шебер суреттеуі арқылы терең бейнеленген. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар», «Өзімдікі ғана болсын» деген жеке мүдде психологиясын көркем сөзбен жеткізе білудің амал-тәсілі мен шеберлігінде шек жоқ-ау дейсіз осы ретте. Оқып көрелік: «Асекең Ситан сыболышының әуресімен Ақсуға бір түнеп қайтып оралса, құла бестінің арқасы ақ таңдақ, қасат қар жеген артқы аяғының паясы домбығып қалыпты. Жаны шығып кете жаздады. Жаңғырықта қадаулы тұрған қара балтаны жалақтатып көршісіне жетіп барған, жарып тастайтын еді, әйтеуір лесничный үйінде жоқ болып, жанжал шығынсыз аяқталды да, ертеңгі езу шайнасқа дейін Асекеңнің ашуы бір шкала төмендеп кетті. Өзімдікі тұра тұрсын, біреудікі жүре тұрсын деп, өзінің күбідегісін шірітіп алып отырып, біреудің мысқалынан көздің дәрісін қымқыратын қайран қазақтың ептілігіне дауа бар ма, иесіз қалған құла жорғаға ер салып, Тынымқұл аудан басына шайқақтап барып, ат бауырына түспесе де, буырыл төбел болып қайтатын. Өзі жақтырмаған адамды жәбірлемеген Асекең ат дегенде жаны бөлек екендігін осынау үзіндіден нақты байқаймыз. Малдан басқа түк көрмегендіктен «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөздің өзін-өзі ақтаудың бір түрі-ау деген романдағы авторлық баяндаудың дәлелі де көңілге дөп келеді.

Асекеңнің бет-бейнесіндегі басты ерекшелік – мұрнының қисықтығы. Әкесі соғыста қайтыс болған соң, анасына еріп нағашыларына барады. Нағашысы қара шал соғыстың сұрапыл кезінде-ақ қара айғырды күтіп-баптап, көкпарға қосып отырған нағыз атқұмар болатын. Сол қара айғырды көкпарға тоқ жаратып, күндердің күнінде ащы терін алу үшін жиенін атқа мінгізеді. Сегіз жасар жиені күздікке жыртып тастаған сүдігерді омбылатып жүріп, түзге қарай жұлдыздай аққан қара айғырдың ащы тері алынады. Бірақ қара айғыр ендігіде сүдігерге салғанда аяғының паясын шаптырып алған-ды. Аяғын ауырсынып көтеріп тұрған қара айғырды сол жағдайға жеткізгені үшін нағашысы жиеніне қарай қара пышақты лақтырады. Бұл мал ашуы – жан ашуының нақты көрінісі болатұғын.

Содан соң Асекең анасын тастап, өзінің әкесінің еліне біржолата кетеді. «Жетім бала – кекшіл» дегеннен емес, бала көңілі шынтуайтқа келгенде, қара шалды аяған-ды. Қара шалға деген алаңсыз көңілін алдаусыратқысы келмеді; күн сайын көзіне түсіп, балалықпен жасалған ағат әрекетін есіне түсіре бермегенді жөн деп біледі.

Халқымыздың бауырмалдығы, мейір-шапағаты романда көркем әрі публицистикалық тілмен шебер суреттелген, өткір баяндалған. Соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі ауыл баласының балалық шағы, балалық көңілі оқырманды толқытады. Кектенбеген және өзінің ішкі дүниесіне жасырынып қалмаған баланың алғаусыз да адал көңілі, шыны керек, өр Алтай кейіпкерлерінің балалық жастан ұлғайған шаққа дейінгі өршіл табиғатпен етене қалыптасқан өр мінезін танытады. Қыжырта сөйлесе де зілі жоқ кейіпкерлер, бетке айтса да, ішке бұғып қалмайтын ашық-жарқын мінездер, тіршілік түйткілдерін шешу сәттеріндегі болар-болмас текетірес іс-әрекеттерді тірі пендеге жайып салмау, өсек-аяңға айналдырмау, мінеки, осынау бейнелер оқырманды өздеріне еріксіз тартады. Тіксіндірмейді. Сергітеді. Адам бойына жылы ағыстар құяды. Өр Алтайдың таныс та бейтаныс кейіпкерлерінің өмірі, таныс-тіршілігі, іс-әрекеттері мен сөйлеу мәнері, сөз орамдары бойға жылылық ұялатады.

Нағашы атасынан өзінің әкесі мекен еткен Шолақтамдағы тоқал тамға ендігіде біржолата келген Асекең, яғни Асхат бала түбі жезде болып келетін Иранбақ пен артық дүниесі жоқ сол үйдегі апасына барып паналайды. Асхат алғашқы түннің өзінде тамның төбесінде жатып шығады. Үй тар, жамылатын көрпе де тапшы уақытта апасы ел-жұрттың өсегіне қалатын болдым деп жылап-сықтайды. Жездесі өзінің үстіндегі жалғыз түйе жүн көрпесін ұсынады. Бұның бәрін Асхат бала кейін біледі. Бірақ апасы мен жездесіне көңілі қалмайды.

Соңынан іздеп келген анасы да Асхаттың үйден кетіп қалғанына кейімейді. Нағашы жұртына қайтадан алып кетпейді. Жалғыз ұлының қара шаңырақты иесіз, қаңыратып бос қалдырмайық деген сөзін естияр бола бастағаны деп түсінеді. Сол сәттен бастап, бала Асхат есті жан секілді ер азамат әрі жездесі Иранбақтың қасынан бір елі қалмай жүреді де, ана құшағын мүлдем ұмытады.

Иранбақ есімді жездесінің мінезі, іс-әрекеті де ерекше. Өзгеше. Таныс әрі бейтаныс кейіпкер сипатында оқырмандар көңілінен берік орын алады. Үзінді ұсыналық: «Асеке!» – деп ертеңгісін сирағынан тартып оятады, бұл оның жұмсағысы келгені: «біздің бұ жаман» деп бастаса, жорта болса да мақтағысы келгені; ренжісе – тас керең, татулық үшін өзі келіп және сүйкенбейді, ашуланса көзінің қиығын бір тастап өткені жетіп жатыр.»

Романда өр Алтай табиғатының күн санап тозып, азып бара жатқаны да шебер баяндалады. Роман кейіпкерлерінің іс-әрекеттері, мінез-құлық иірімдері сонылығымен, тың тұрғыдағы бейнелерімен ерекшеленеді. Өр Алтай өңіріне бас орманшы болып келген Бекеттің ойынша, орманға деген көзқарас өзгермейінше, осынау нулы жер араға біраз жылдар салып тып-типыл болатындығы да жіті ескертіледі. «Жұтқыншақтың кең заманында бөрене де құлқыннан құйрық майдай жылмай өтеді. Ал құрылыс материалдарына сусап отырған мекеме, шаруашылықтардың көмейіне не тықсаң да күйедей жалайды» деген сөйлемдердегі астарлы меңзеулер сөзімізге дәлел десек, артық айтқандық емес.

Тек қана ақша қуған жырындылардың құлқындары тоймас оғаш әрекеттерінің бітпес, түгесілмес тірліктері нәтижесінде табиғат – ана ғана жұтап, азады. Тозады. Бұл – белгілі ақиқат. Өйткені қай нәрсе болмасын, ең бастысы, қор қажет. Қордың болғаны дұрыс. Ал орманның қоры түгесілсе, автордың поэтикалық-көркемдік баяндауына сүйенсек, бас орманшы Бекеттің ойлағанындай, ат тұяғы жетпейтін, ит арқасы қиянға адамның да, техниканың да көмегі жеткілікті болмайды. Орманды арашалап алудың өзі екіталай болады. Ағаш еге алмайсыз. Содан соң бір кездегі жайқалып өскен қалың орман алқабы таз төбенің біріне айналады.

Асхат бала кезінде-ақ өмірдің талқысын, тартысы мен ілік-шатысын көріп өседі. Әкесі Жақсылықтың жалғызы болса да, нағашысы қара шалдың көкпарға әзірлеген қара айғырының ащы терін аламын деп, түзге қарай әбден шауып, сүдігерге салып тоқтатқанда, аттың аяғының паясы шабылғаны үшін жиеніне пышақ лақтырса өз анасы да алғаш рет өз баласына шапалақ жегізеді. Жетім көңілге сол сәттерде өмір бойы ұмытылмас дақ салынады. Бұл, әрине, «Жетім бала – кекшіл» деген ұғымнан тумаған-ды. Жастай ерінен жесір қалған анасының да өзінің басы бос әрі жас, әрі текті жердің қызы еді деп, сұрастырып келген ақбас шал мен қауын бет ақ сары жігіттің қалауын қанағаттандырмағаны осынау жалғыз бала себеп болған-ды. Оны анасы осынау көңіл ауанын бір-ақ ауыз сөзбен жеткізеді. «Сен болмағанда!..» Осынау зекіме сөзде, леп белгісі бар көп нүктелі үнде, анасының жасқа тұнған жанары арқылы айтылған лебізде терең мән бар. Жастық алау да, жастық көңіл де, жасқа тән табиғи сезім де, бәрі-бәрі де. Солай деп ұғындық біз. Бірақ бала Асхаттың көңіліне осы сөз тікендей қадалды. Өзін анасына керексіз, артық жаратылғандай сезінеді. Анасы мен өзінің ара қашықтығы біржолата қашықтап кеткендей түйілді. Нағашысы қара шалдың мінезі де қызық-тұғын. Жиенін ұрысқанда небәрі «мисыз» дейтін. Әйтсе де, пышақ лақтырған ашуы Асхаттың көңілін дік еткізгені де анық-ты. Осынау оқиғалар оны тым ерте-ақ есейтіп, ширатқан болатын. Жиырма бестегі жесір ананың мұңын онға толар-толмас жастағы Асхат сол кезде қайдан ұқсын, әрине. Сол уақыттарда адам таңдап жүрген Асхат, қазіргі Асекең орманшының жанында ендігіде саналуан мінезді, әрқилы іс-әрекеттерге ие жандар жүрген-ді. Романдағы оқиғалар тізбегі осыны аңғартады.

Роман кейіпкерлерінің бет-бейнесі, мінезі, іс-әрекеттері әртүрлі. Әрбірі өр. Әрбірі әдебиет теориясындағы белгілібір қалыпқа, бұрынғы ұғым мен түсінікке сия бермейді. Көндікпейді. Көнбістігінен гөрі аттай тулаған көңілдеріне қайран қаласыз. Бір-ақ мысал келтірелік. Халқымызда көпшілікке ұғынықты, қалыптасқан сөз орамдары жеткілікті. Соның бірі –«Адам баласы үш күнде тозаққа да үйренеді» деген пәтуалы сөз. Автор бұны «Адам әрі-беріден соң көрге де үйренеді» деген қара шалдың сөзі ретінде береді. Бірақ Асхат бұл сөздің растығына сене алмайды. Жаураса да, үрейленсе де, арбаға артылған шуаш сасыған жүн астына кірмей, қайтадан сол жерден атып шығады. Осылайша туынды кейіпкері серіппелі, серпінді мінезімен оқырман санасын одан әрі ширықтыра, қызықтыра түскендей әсерде қалдырады.

Авторлық көркемдік баяндауда да адам баласының түсінік-танымы ерекше өрнектеледі. Асхаттың өз басындағы ой-пікірлері, дүниетанымы және көзқарасымен келісуге әбден болады. Үзінді келтірелік: «Жүн артқан арбаның үсті мамықтай болғанмен, тоқал тамның төбесіндей емес екен. Төбеде жатып жаһан дүниені жалпағынан басып, айдың бетін қарыстап өлшеп, жұлдыз бен жұлдызды жіпке байлауға болатын. Далада ырдуанның арғы жағы тұңғиық, айы суық, жұлдызы бөтен, түу деген түкірігің жерге жетпейтін сияқты, жүрегіңнің дүрсілі келі түйген келсаптың күрсіліндей.» Әр жердің, әр уақыттың өз сыры мен құпиясы, жұмбағы мен қасиеті бар екендігін ұғындырғандай болады осынау сөйлем жолдары.

Асекеңнің, орманшы Асхаттың өмір сүру философиясы да өзіндік оймен айшықталады. Ол өмірге, өз тірлігі мен айналасына баға бергенде, қандай керемет болса да өзінің құба төбел тірлігі деңгейінде баға береді. «Адам баласы жасаған не бір кереметті күні бүгінге дейін құла төбел тірліктің күнделікті есебіне жатқызып, көзбен сүйсінгені болмаса, көңілмен тамсанбай-ақ, таңданбай-ақ келеді, өтірікпен емес, өмірдің өзімен-ақ өзін-өзі алдап көрген емес, бәріне де құла төбел баға беріп, бәрін де құла төбел құнымен сатып алып жүр...»

Асхаттың әкесі жайлы есте қалғаны да онша көп емес. Екі рет хат келген. Бірін жолда кетіп бара жатқанда, екіншісін Сталинград майданында жазыпты. Үшіншісі ерлікпен қаза болды деген қара қағаз. Авторлық баяндау Асхаттың ойымен былайша суреттеліп, кемел оймен көмкеріліпті. «Ең соңғы қоштасар сәт болмаса, әке жүзі де бұлдырап көз алдынан өшіп барады екен-ау... Қоштасар сәттегі ақырғы сөзі құлағында қалыпты. Оны да анасына айтқан: «Оралғанша күн жақсы» деген. «Оралмасам, басың жас, бағыңды байлама!» деген. Онан басқа ештеме демеген. Жақсылық деген аты да бүгінде алыстан естілген жаңғырық сияқты. Әкенің ігі де Асекеңе аспанда жүрген бір елес, жақсылығы да, жақындығы да шамалы, жамандығы және жоқ. Әйтеуір, аспанға қараса есіне түсетіні рас...»

Жазушы соғыс жылдарының балалары хақында шындықты шынайы жазған. Қалыңдата жаққан бояу жоқ. Мұң мен өкінішті де тым тереңдете бермеген. Өмірдегі, қарапайым тірліктегі болған сәтті қаз-қалпында бейнелеп, көркем бейненің күрделі психологиялық қыр-сырын табиғи танытқан. Болған іске, оның қандай түрі болса да, болаттай берік мінез танытып келе жатқан орманшы Асхаттың құла төбел тірлігі оқырманды бейжай қалдырмайды. Бейтарап халге ұшыратпайды.

Әйтсе де, Асекең Асекең болғалы жесір анасына ақ басты шал мен қауын бет сары жігіттің бірге келіп, ендігіде күйеуге шығуын қалап келгенде, бостан-босқа бағыңды байлама деген сөзге түсіне алмайды. «Жалғыз-жалғыз баланы жетекке алып, сол жалғыздың уайымы мен азабы көрінгенге жалтақ қылып қойған жесірлердің қай жеріне бақ қоныпты? Тегі байға тию бақ та емес, сор да емес, солай болу керек сияқты?» Бірақ Асхат анасының «Сен болмағанда!..» деп айтқан сөзімен біргелікте бетіне сарт етіп тиген шапалағынан, шешесінің бағын байлаған өзі екенін кейін ұғынады. Бұл, әрине, осынау айтылған сөзге тиесілі берілген үкім емес. Бірақ сол сөздің астары осындай ойға жетелейді.

Романда есте қалар кейіпкерлердің бірі – орман шаруашылығының директоры Сиғат. Екі қабатты үйі бар. Тазалықты жаны сүйеді. Мал ұстамайды. Тіршілігі жұпыны емес. Сарқылмайтын дәулетке де ие. Ол ешнәрсеге таңдай қағып тамсанбайды. Таңданбайды да. Көрсеқызар, қызғаншақ та емес. Дүниені байлық үшін емес, тіршілік қамына орай жинайды. Бүгінгінің ағашы мен темірі аралас бұйымдарды жинауда үйлесімділік танытады. Соның бәрі оның тірлігіне, шаруасына жарасымдылық береді. Ал бастапқыда тер сіңген тай терісі мен сызға және суға сеп болатын сулық матадан өзге дүниені артық санаған орманшы Бекет директор Сиғат ұсынған халатты кигенмен, өзінен-өзі сол киімге сыймай қымсынып отырады. Бұл да, әрине, оқырманды әр кез замана талабына сай болуға баулиды. Дүние, жиһаз, киім-кешек атаулысы адам баласына, оның игілігіне қызмет етуі керек дегенді аңғартады. Демек, дүние-мүлік адамға жат емес. Тіршілігінің сәні. Көркі. Көңіл кемелділігінің көрінісі.

Ал дүние-мүлікке қызықпаған, қызықтырмаған күні кешегі кеңестік мүддені де біз бастап кешкендіктен, қаламгердің ой-пікірлері мен дүниетанымдық әлеміне сүйсінбеске лаж жоқ. Сұлулық, әдемілік, кемелділік, үйлесімдіктің ішкі рухани және сыртқы материалдық болмыс-бітіммен астасып, қауышып жатуына тікелей байланысты екендігін есте тұтқан жөн. Материалдық байлық пен рухани байлыққа кенелу біле білсек, кемел өмір сүрудің бірден-бір негізгі шарттарының бірегейі.

Сиғаттың бой жеткен қызы Меруерттің бейнесі де мінез-құлқы, іс-әрекеттері арқылы шебер берілген. Имандылығы, әдептілігі анық аңғарылады. Тамақты ішіп болған Сиғат «Қонақ тойса, біз де тойдық» дегенде, Меруерт: «Қонақ тоймаса қайтадан көтереміз, оған дейін аздап дем ала тұрыңыздар», – деп орнықты да орынды сөзбен жауап қатады. Меруерт сергек те, сезімтал қыз. Оның бойында жасандылық жоқ. Табиғи болмысы үй тәрбиесінің үйлесімділігімен әдіптелген. «Меруерт дастарханға байланбай, бірден екінші қабатқа көтерілді. Залдан тура шығатын баспалдақтың әр сатысын нығыздап, санап басқан тақымы тоқ, ақ балтыры мүсінді екен, жоталы бөксесі қылдырықтай беліне таңып қойған бөлек қоң сияқты, бірақ олпы-солпы арам ет емес, кәдімгі құлын сауыр. Оқтаудай жұп-жұмыр ұзын мойнын қазмойын аттай кергітіп, тым кербез ұстайтын көрінді. Ту сыртынан қадалған Бекеттің аш көзін сезсе де қысылған жоқ, қызықтасын деп бар-жоғын әдейі тоспады да.» Мінеки, Меруерт бейнесі. Жазушы суреттегендей болмашыға сызылып, сырбазданатын қыз бейнесі емес. Ибалы. Көргенді қыз кейпіндегі табиғи әрі таныс бейнелердің бірі.

Жазушының тілі, стилі, прозалық үлгідегі баяндауы, табиғатты суреттеуі кейіпкерлер мінезі арқылы аңғарылып байыпталатын іс-әрекеттері, бәрі-бәрі де автордың туған тілді шебер меңгергендігін, суреткерлігі мен сыршылдығын, ойшылдығы мен көркемдік талғам өресінің тым-тым биік әрі заңғар екендігін байқатады. Өр Алтай орманының мына бір суретіне үңілейікші. «Желемік. Ауаның сызынан ба, теңселген ағаш басының сыбдыры жоқ. Шырша мен балқарағай аралас бүйрек-бүйрек белдер көкжиектен Алтайдың биігіне тармаса шұбырған кірпілердің жон арқасындай болып көрінді. Түн ылғал, денеге сүйкімсіз, демге ауыр екен.

Жер де жеркенішті, ұлтаннан өткен ызғар миыңды тебеді.» Осынау үзіндіде төл тіліміздегі атаулы сөйлемнен басталатын орман жыныстарының өзіне тән өрнегі, ауасы мен гүлінің адам болмысына тигізер әсері жанды да сергек ойлармен, сезімді селт еткізер ұтқыр сөздермен өрнектелгендігі әп-сәтте-ақ оқырман жадында жатталады.

Орман басшысы Сиғаттың адам баласын, сондай-ақ өмірді түсінуі, оған деген көзқарасы да автордың суреттеуінде есте сақтарлықтай бейнеленген. «Тосапты да үрлеп ішіп, шамасына шақтап, өзіне жарасымды әз ғұмыр кешкен осы кісілердің де өкініші бар ма екен?.. Дүниеден шалқып өткен соң көмусіз қалсаң да бәрібір емес пе?! Қарақшыдай басыңда ербейіп тұратын көк тастың кейінгіге көз алдыныш мезеті болмаса, сенің рухыңа, аруағыңа жебеу болып, қанша қарық қылар дейсің?!.»

Сондай-ақ: «Ұйқының қашқаны – қауқарыңның қайтқаны да... Кәрі- құртаң қора-қопсыдан ұзамаса малсақтығы емес, әрекетінің таусылғаны екен...» деуі – өмірді көргендігі, көңіл төріне түйе білгендігінің дәлелі дер едік біз. Сиғаттың дүниетанымы, көзқарасы ұсақ-түйек емес. Тұлғалық бейне дәрежесіндегі кейіпкерлер санатынан анық байқалады.

Романдағы кейіпкерлердің есімдері кей-кейде олардың іс-әрекеті, кей қылық-әдеттері арқылы берілуімен ерекшеленеді. Мәселен, қонақ үйдің администратор келіншегінің екі сөзінің бірі – «Ой, жаным-ай!» Күлсе де, тұрса да, отырса да осы сөзді айтудан, қайталаудан жалықпайды. Авторлық баяндауда бұл кейіпкердің аты Ойжанымай деп оқырман қауымға ескертіледі де. «Люкске кіріп, шамды жағып еді, соңынан іле кірген Ойжанымай өшіріп тастады.» Мінеки, автор кейіпкерлер қатарын сомдауда дәл осындай суреттеулер мен бейнелеуді таныта білген.

Автор көбінесе атаулы сөйлемді айтар ойдың, авторлық баяндаудың басында қолданады. Содан соң логикалық ой көркем суретпен жарасты үйлесім тауып өрнектеле береді. «Мұнтаздай. Аяқ астындағы кілемге дейін қағып-сілкіп қайта төсеген. Көрпе, жастықтың тысын да жаңартып қойған екен. Ойжанымайдың кірпияз қолын таныды.» Тұтасып, бөліп-жаруға келмейтін сөйлемдердің ішкі құрылымы романның бүкіл арқауына алғаусыз қызмет жасап тұрғандай ұғынылады осынау шебер де, көркем тізілген сөйлем тізбектерінен.

Романда адамзат баласының өзін-өзі жерлеп, қорлап, өз намысын аяқ асты еткеніне бір мысқал да намыстанбайтын, оны өмір сүру салтының бір көрінісіне айналдырған кәдуілгі бейнелермен де жолығасыз. Күні кешегі кеңестік дәуірде мұндай-мұндай бейнелер қалыпты бейнелердің қатарынан жиі-жиі көруге болатындығы жасырын емес-ті. Осынау сәт мына бір эпизодтан анық байқалады. Өзін қонақ үйдің администраторы Әсемнің күйеуімін деп таныстырған қыршаңқы да, бет-аузы көк жалақ еркектің сөзі мынадай: «Ал тегімді сұрасаң – алқаш деген ауылданмын. Кәсібімді сұрасаң – бір кезде ән жазғанмын, қазір бас жазып жүрмін... Енді бірдемең болса әкел!..» Сөзге тоқтамы жоқ, мінезі мен іс-әрекеті арқылы ар мен намысты азаматтыққа сын деп түйсінбейтін, маскүнемдікке бой алдырған кейіпкердің жанды бейнесі бойды тіксінтеді. Бірақ өмір шындығы екендігіне еш күмәніңіз қалмайды.

Ұлттық болмыстан алыстап, ата-ана мен перзент арасындағы қарым- қатынасқа сызат түскен күні кешегі кеңестік өмір сүру салтының кері кеткен көріністері романда анық әрі шынайы суреттеледі. Әрине, кеңестік жүйе өз қоғамында өмір сүргендерге спирттік ішімдікті судай сіміріңдер деген емес. Алайда қоғамда маскүнем болу, қараптан-қарап сондай кейіпкер қатарына ену – күнделікті өмір салтына жаппай ене бастағаны да жасырын емес-ті.

Бекет пен анасының арасындағы диалог та осынау жәйттерді пайымдатады. «Мама, екеуміз ептеп коньяк ішсек қайтеді?», «Коньяк ішелікші...», «Коньяк құйып берген шешесі тұңғыш рет ұлының қызығын таңсықтағандай телміріп отыр еді», «Құлыным-ау, отызға келдің ғой, енді қашан үйленесің?», «Сұлудың келіскенін, судың періштесін күтіп жүрмісің» деген жолдар ана мен бала арасындағы көкейкесті мәселені тым ширықтырып жіберген. Ширықтырып отырған нәрсеге ана мен бала кінәлі емес те шығар. Бірақ ананы мезгілсіз қартайтатындай, еріксіз ойландыратындай жағдаяттар. Кім өз баласын дер кезінде үйленгенін, отбасылы болғанын қаламайды дерсіз.

Ал сол ұлы, яғни роман кейіпкері Бекеттің де өз ойы, логикасы бар. Оны ұлттық болмыстың адамы деуге де, демеске де болады. Ол былай деп уәж айтады: «Римнің Лукреций Кир деген философы болған. Сол отызға келмей үйленбе, қырыққа келмей ел билігіне араласпа депті.» «Бәрің пилосопсың!.. Әкең екеуміз қосылғанда мен он алтыда, ол жиырма бесте еді, сонда әкең ақымақ па?» дейді анасы ренжи тіл қатып. Бірақ баласы Бекет әкесінің атына артық сөз айтпайды. Тіпті, «Ол асыл туған адам ғой» деп кекетеді. Мінеки, ана мен бала арасындағы түсінісе алмаудың бір қыры осы.

Бекеттің өмірі, тағдыры романда өзіне-өзі көңілі толмаудың сипатындай аңғарылады. Расында да, өзі он үште, ал бозбалалық халде Әсемге деген аппақ сезімі оянған сұлуы он бесте болған үйлесімсіз балаң сүйіспеншілігі әлі де есінде сақталған. Содан соң диплом алып, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін қызмет орнында өткізген күндері де өзіне жұбаныш сыйламапты. «Табиғат құрыды, орман тозды, дүния тозды» дейтін әріптестерінің қысыр әңгімелері де оны жалықтырып жібереді. Сөйте тұра, ол Алатауда туып-өссе де, өр Алтайға деген сағынышын ешқашанда жоғалтпайды. Демек, Бекет жай бір қатардағы кейіпкер емес. Өзі құлап бара жатса да, жағаға жармаса жығылатын мінез онда да бар. Күрделі бейне. Өмірдің өзіндей күрделі. Әрі сан қырлы. Тағдыр секілді терең иірімді кейіпкер. Орман шаруашылығында жұмыс жасап жүрген Әбдіжапар Сиғаттың іс-әрекетіне түсіне алмай, қорқыта әрі жалына сұраған, бірақ жоспарды орындауы қажеттігін жеріне жеткізе айтқан мінезіне қасарысып, өшіге де, өтіне қарауы – жазушы суреткерлігінің биік қолтаңбасы дейміз. Сиғат адамның ішкі психологиясын шебер меңгерген тым әккі, тым азулы кейіпкер. «Өстіп күні бұрын домалатып-домалатып алса, әрберден соң футболдың добындай қай қақпаға тепсең де Әбжапардың топылдап түсе беретінін білген Сиғат оны әңгіменің төркініне бірден тіремей әріден қақпайлауға тырысты» дейді жазушы аталмыш романда.

Жазушының «Ақсу – жер жаннаты» романында соны фразеологиялық тіркестер жиі кездеседі. Мәселен, «Жаман қатын ас берсе, қазанының қаспағына дейін көрсетеді», «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», «Көн құрысса, қалыбына барады», «Ұйқышының тамағы тоқ», «Ішетін ауыз үлкен, ал қасығың кішкентай», «Қасқыр мен қазаққа сеніп ет сақтама», «Әйел дауысты еркекте қуат болмайды», сондай-ақ ұлы Абайдың сөзіндей «Кедейдің кер келетіні несі екен, тоқалдың өр келетіні несі екен!» және өзге де салиқалы, салмақты көшелі сөздер оқырманды әрқашанда сергек те ойлы қалыпта ұстайды. Тұрақты тіркестер секілді сөз тізбектерінің астары меңзеуге толы. Пайымды ойлары мол. Салмақты әрі парасатты.

Алдай білмейтін және өтірікке жоқ ақкөңіл Асыл келіншек, сөзі қитұрқы автордың сөз саптауындай кепкен шал, орман шаруашылығының директоры Сиғаттың сөздері, іс-әрекеттері дара-дара. Өзіндік ерекшеліктерге тола. Бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер. Сөздері бейнелі, өрнекті. Мәселен, машинаны қаттырақ айдап келе жатқан жүргізушісіне: «Асықпа! – деді Сиғат. – Адамның онсыз да қысқа ғұмырын қуалап қайтесің.» Бұл сөйлем қысқа әрі нұсқа айтылған. Мұнда меңзеу де, ой түйіні де бар.

Ну орман, өмірі тұйық тайга соңғы уақыттарда селдіреген халге түскен. Кесіле-кесіле таз қалыпқа енген орман алқаптарына көшет отырғызу мұңға айналған. Оған басты себеп, қаржы, қаражаттың қол байлау болғандығы, егу техникасының жетіспеушілігі. Орман шаруашылығында жұмыс жасайтын жандар да бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болса да, тонның ішкі бауындай емес. Таныс әрі бейтаныс адамдардай тоңтеріс мінез танытады. Олар көбінесе бір-бірінің қас-қабағын бағумен болады. Бір-біріне бақылай, үміт арта қарайды. Сиғаттың сарқыла сыр шертетін үзеңгілесі жоқ бұл орманда. Кең ауқымға сілтер құлашы бар болса да, салт басты болып, өтіп бара жатқан ғұмырына өзі де разы емес секілді. Ол арзан да күйбең тірлікті жақтырмайды. Содан соң төңірегіндегі күйкі жандарды шайнап тастағысы келеді. Қазымырланып сөйлеуі де сондықтан.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет