Нұрғали Қадырбаев көркем әдебиет көкжиегі



бет12/12
Дата25.12.2016
өлшемі2,85 Mb.
#5150
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ҰЛЫ ШОҚАН ШЫРАҒЫ


Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тарихындағы ұлы есімдердің бірегейі. Әлем халықтары, әсіресе, Еуропа өркениетке әлдеқашан бет бұрған уақытта Шоқан қазақ даласын осынау игі істерге орай білім мен ғылымға, шаһар тіршілігіне қарай іс-әрекет жасауға ұмтылыс танытты. 
Әрине, Шоқан өмір сүрген уақыт (1835 жылы қараша – 1865 жылы сәуір) хандық жүйенің жойылған кезі еді.

  Ұлы Дала өтпелі кезеңнің ауқымында ғұмыр кешті. Әрине, бір жүйеден екінші жүйеге өтудің өзіндік ерекшеліктері де болады. Әсіресе, орыс әдебиеті мен мәдениетінің әсері бертінде күшейе түсті. Бұның ықпалы мен әсерін ұлы Шоқан тұлғасынан да байқауға болады. Ұлы Шоқан орыс әдебиетімен және мәдениетімен танысып қана қойған жоқ. Ол орыс ғалымдарымен, жазушыларымен және техника саласындағы зиялы өкілдерімен тікелей байланыста болғаны белгілі. Мәселен, Шоқанның айтулы жазушы Ф.М.Достоевскиймен, шығыс тілдері мен мәдениетін зерттеуші ориенталист ғалымдар, достары Г.Н.Потанинмен, публицист Н.М.Ядринцевпен, Ф.Н.Усовпен, И.Н.Березинмен байланыста болған. Хат жазысқан. Өзара ортақ және жекелей түрғыдағы өз ой-пікірлерін ашық білдіріп тұрған.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен жөн-жосықтарының тарихы тым тереңде екендігіне дос-ғалымдарының көздерін жеткізген. Өз халқы этнографиясының бай әрі тағлымды түрлерінің мол әрі ғибратты екендігін мақтан тұтқан. Оларға арнап бәйге, көкпар ұйымдастыруы, төл халқының әралуан халықтық ойындары мен отырыс-сауықтарын көрсетуі, бүркіт салып, аң, құс аулау секілді аңшылық өнерін тамашалатуы сөзіміздің айғағы. Егерде өз халқының осынау әртүрлі өнерін қомсынса, қорланса, ұлы Шоқан дос-ғалымдарына бұларды көрсетпес еді. Немқұрайлылық танытуы да әбден мүмкін болатын. Шоқан өз халқының этнографиялық салт-дәстүрлерін мақтаныш еткендіктен, бұларды айтудан да, ақ қағазға жазып қалдырудан да еш уақытта бас тартпаған. Керісінше, төл халқының болмыс-бітімін, өлең, жырларды, аңыз, ертегілерді жазып қалдырған. Атақты әншілер мен жыршыларды арнайы шақыртып, халық мұраларын үнемі жазып алып отырған. Өз халқын емірене сүйген ұлы тұлға өз елі мен жерін, оның табиғи қабілет-қарымы мен тұла бойындағы өнерін ықылас таныта насихаттаған.

Өз елінің тарихы мен рухани-мәдени өмірін ұлық тұтқан, ата-баба дәстүріне адал ұл болған ұлы Шоқанның білім мен ғылымға деген ұмтылысы әлі күнге дейін оның өміріне деген үлкен қызығушылықты оятуда. Шоқан жаққан шырақтың сәулесі, нұры бүгінгі ұрпақты да сергек ойлы, жігерлі де қайратты, жүректі болуға үндеуде.

Ұлы Шоқан өмір сүрген уақыт оның білім мен ғылымды ғұмырлық серік етуімен біргелікте өз елінің болмысы мен табиғатын өзге елдерге таныстыру, насихаттауымен айшықталды. Қазақ даласы меңіреу, ұлан- байтақ, ескерусіз, елеусіз мекен еместігін өзге елдер де, соның ішінде Ресейдің озық ойлы зиялылары да жақсы білді.

Қазақ халқы көшпелі тіршілік жасаса да, оның бай тілін, құнарлы салт-дәстүрін, көргенді де өнегелі іс-әрекеттерін, болмыс-бітімін талдап, таразылай бастады. Тереңірек зерттеу міндеттерін алға қойды. Осы орайда Шоқан Уәлихановтың өз елі мен халқына сіңірген еңбегі аса зор.

Көшпенді елдің озық дәстүрлері мен салт-дәстүрлерін дана перзент жас кезінен-ақ өз бойына сіңіріп, оны адал жанға тән қасиетпен өзге елге именбей, еңсесін төмендетпей асқақ халде ұсына білген. Демек, біздің өткенімізде, тарихымызда, рухани-мәдени өмірімізде корланатындай, намыстанатындай ештеңе де жоқ. Біздің ата-бабаларымыздың өткен жолы – рухы биік, ары таза, ісі өнегелі, тірлігі текті халықтың жолы. Ұлы Шоқанның өмірі соның дәлелі. Осынау дәлелдеуді қажет етпейтін ой- тұжырым қорытындысы күні кешегі кеңестік жүйе кезінде сыңаржақ қалыпта түсіндірілді. Бүкіл ұлтқа мәңгүрттік сана ұялатты. Тәуелсіздік жылдары ғана мұндай қасаң ой-пікірлерден арылуға мүмкіндік туды.

Шоқан Уәлихановтың "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", "Еркөкше" секілді жыр жауһарларын бала кезден жазып алуы оның туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігінен хабардар етеді. Өз мәдениетінен жерінген жан бұндай қадамға бармайды. Өз халқын, оның мәдени-рухани, әдеби, дүниесін шетқақпай етіп өгейсітпейді. Ал Шоқанның жасындай жарқ еткен, жарқыраған шырақ болып жанып, төңірегіне нұр шашқан ғұмыры туған елі мен халқын шынайы, табиғи түрде сүйе білудің нағыз өлшемі. Оның орыс еліндегі зиялы достары да қазақ еліне деген адалдық сезімдерінен айныған емес. Олардың сөздері, хаттары, іс-әрекеттері мен көңіл-күйлері осыны аңғартады.

Он екі жастағы Шоқан туған топырағынан алғаш рет ұзаққа сапар шегіп, Омбы қаласына оқуға келген сәттен бастап, оның білім мен ғылымға деген ынта-ықыласы ғұмыр бойы түгесілген емес. Өз елін өзге елдермен салыстыру арқылы, туған халқының болашағына деген толғаныстары оны ендігіде ешқашанда бейжай қалдырмайды. Өз елін өрге сүйреу қажеттігі ұлы Шоқан бойында байыз табады.

Өз халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, ертегілері мен аңыздарын, өлең-жырларын Шоқан Уәлиханов Қазақ Даласына саяхат жасауы арқылы жинады. Бұл үлкен ғалымның ерекше еңбегі болатын. Туған жерді сөз жүзінде сүйіп қана қоймай, оның елі мен жерін, халқын көзбе-көз көріп, тіршілігімен етене танысу – оның ой сергектігін, біліктілігі мен білімдарлығын көрсетеді.

Жетісу мен Солтүстік Қазақстан, Ыстықкөл атырабын аралауы, сөйтіп, ондағы қала мәдениеті, суландыру жүйелерінің қалдықтары, сәулет өнері ескерткіштерін зерттеуі Шоқан Уәлихановтың дүниетанымы мен ғылыми көзқарастарының кемелдене түсуіне ықпал етеді.

1856 жылы тамыз айының бас кезінде Шоқан Уәлиханов арнайы іс-сапармен Құлжа қаласына бет алады. Ол Құлжада үш ай болады. Осынау сапар Ресейдің Қытайда елшілік ашуына себеп болады. Құлжа сапарының алдында кілт доғарылған Ыстықкөл сапары ендігіде қайтадан өз жалғасын табады. Осы сапарда ол қырғыз халқы жайлы өте бай тарихи мағлұматтар, этнографиялық очерктер, үйсіндер мен Алатау қырғыздарының ауыз әдебиеті жөнінде бірнеше жазбалар жазады. "Манас" жырын қағазға түсіреді. "Манасты" бүкіл қырғыз халқының ертегілері, аңыз әңгімелерінің энциклопедиялық жинағы деп баға береді. Сахара "Илиадасы" дейді. "Семетей" атты эпосты да "Манастың" жалғасы деп есептейді. "Семетейді" қырғыздардың "Одиссеясы" дейді.

Шоқан Уәлиханов Қазақ елінің Жетісу, Алатау өңірін өте жетік білген, оның географиясы мен тарихын, этнографиясын терең меңгерген, осынау аймақ халқы жайлы мол мағлұматқа ие тұлға болғандығын анық бағамдаймыз. Бұл оның ғалымға тән ерен еңбегін, жан-жақты ізденімпаздығын сипаттайды.

Атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тяншанскийдің қолдауымен, қамқорлық танытуымен жас та болса, білікті ғалым ретінде танылған Шоқан Уәлиханов 22 жасында Петербургтегі орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланады. Бұл Шоқан еңбектерін петербургтік ғалымдардың толық мойындауы еді.

Өз көршілерін тереңірек білу мақсатында және олардың салт-дәстүрлерін зерттей түсу үшін Ресей үкіметі Таяу Шығысты тануға деген ынта-ықыласы аса зор еді. Бұл міндетті жүзеге асыруға Шоқан Уәлиханов секілді білімді әрі жас та болса, тәжірибелі адамды жіберу қажеттігін орыс ғалымдары жете түсінді. Оны сауда керуеніне қазақтарша ұлттық киімде кигізіп жіберуге олар құлық танытады. Бұл міндетті де ұлы тұлға ойдағыдай орындап шығады. Алты айға созылған Қашқар сапары (1858 жылы 1 қазан – 1859 жылы наурыздың ортасы) өте жемісті болады.

Өзінің саудагер емес, орыс офицері ретінде есімі белгілі болып қалатындықтан, ендігіде Шоқан Қашқар жерін тастап кетуге мәжбүр болады. Жолда ол көптеген қиындықтарды көреді. Елге осы сапардан он ай он төрт күн өткенде келеді. Осынау сапар оның денсаулығына үлкен зиянын тигізеді. Ресей үкіметі Шоқан Уәлихановтың еңбегін лайықты бағалайды. Әскери шені өседі. Ақшалай сыйлық табысталады. Орденмен марапатталады. Оны келесі кезектегі Қоқан еліне саяхатқа шығуға әзірлей бастайды.

Шоқан Уәлихановтың азаматтық көзқарасы мен асқан білімдарлығы, дүниетанымының ауқымдылығы орыстың көрнекті өкілдерімен танысуда басты өлшемдердің бірі болғандығы рас. Он тоғыз жаста болса да, оның Ф.М.Достоевскиймен алты жыл бойы (1856-1862 ж.ж.) дос болуы, Шоқанның тұлғалық деңгейінің биіктігін көрсетеді.

Орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевскийдің өз хатында жазғанындай, европаша толық білім алған тұңғыш қазақ. Сондай-ақ ол таза жанды, адал жүректі, абзал адам болып жаратылған. Көрнекті жазушы, мінеки, Шоқан Уәлихановқа осылайша мінездеме береді. Әрі өз елінің мәдениеті мен барша қасиетін жасырмай, түгелдей өзге халықтарға, Ресейге түсіндіруі қажеттігін аңғартады.

Екі жылдай Петербургте қызмет жасаған Шоқан (1859-1861) жемісті еңбек етеді. Сөзге шешен, ойға парасатты ол өз замандастарының алдыңғы қатарында болды. Алайда денсаулығының күрт нашарлауы, оның өз еліне қайтуына мәжбүр етеді.

Елге келген соң да ұлы тұлға біраз уақыттан соң Омбыға кетеді. Содан соң 1864 жылы ол генерал Черняевтың әскери экспедициясына шақырылады. Қазақстанның оңтүстік аудандары мен Орта Азияны Ресейге қосу мәселесімен айналысады. Бұл істі ол бейбіт жолмен жүзеге асыруды ұсынады. Бірақ генерал Черняевтың іс-әрекеті өзгеше болғандықтан, Шоқан Уәлиханов Верный қаласына қайтып кетеді. Албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына барып, оның Айсары есімді қарындасымен бас қосады. Әйтсе де, дендеген кесел ұлы тұлғаны бақилыққа аттандырады. 1865 жылы сәуір айында қазақ даласының айтулы перзенті көз жұмады.

Шоқан Уәлихановтың саналы өмірінің тоқетері – төңірегіне жарық нұр шашып тұрған шамшырақ сияқты. Ол жаққан шырақтың жарығы қазірде де көптеген жас ұрпаққа таусылмас, түсілмес нұр сәуле шашып тұрғандай әсерге бөлейді. Сол шырақтың жарығы алдағы уақыттарда да ғасырлардан ғасырларға жете беретіндігіне еш күмән жоқ. Қажыр мен қайраты аса мол, жігерлі де мәңгі жас, сергек те, асыл сөз бен кемел ойға тапқыр, шешен де қайраткер тұлға шын мәнінде халқымыздың текті оғланы. Ұлы тұлға бейнесі қазірде де тәуелсіздік мұраттарына қызмет ете бермек. Өйткені туған халқына адал қызмет етуден өзге ешқандай да міндеттің болуы мүмкін еместігі айдан анық қой.

***
ҚАЙЫПНАЗАР ӘЙТПЕНОВ – ЕЛДІК ПЕН БІРЛІКТІҢ ЖЫРШЫСЫ
Хандық дәуір әдебиетінің ХV-ХVIII ғасырлардағы мықты өкілдері саналған Сыпыра жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Үмбетей, Тәтіқара, Бұхар жыраулар кезінде Абылай ханға кеңесші, демеуші әрі жауға аттандап шапқан білекті батырлар болса, Қайыпназар Әйтпенов қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жыраулық дәстүрін лайықты жалғастырған сөз өнерінің қасиетті шырақшысы, сондай-ақ, халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі –Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың назарына ілініп, бүкіл болмысымен, өткір тілімен, құралайды көзге атқан мергендігімен ұнаған жұлдызы жарық тұлға ретінде ел есінде сақталып қалды.

Әдебиеттің де, тарихтың да негізгі мақсаты – жақсыдан-жақсыны іздеу, өткеннен сабақ алу емес пе? Осы ақиқатты ақын, жыршы, термеші және сөзден көркем дүние соққан Қайыпназар Әйтпеновтің поэзиясынан мейлінше мол кездестіруге болады.

Бір кезде көшпенді халықта көркем әдебиет, оның жазба нұсқалары болмаған деген идеология салтанат құрған шақта, кириллица әрпімен көзін ашқан ұрпақ, яғни бүгінде ғасырдан астам ақын ғұмырын тойлап жатқан оның ұрпақтары ата-бабасының уәжді сөздері мен көрікті ойларын, көркем орамдарға тола өлең шумақтарын жадтарына жаттап өсумен ғана шектелді. Қолжазба түрінде оқыды. Кеңестік қатаң тәртіп жіби бастағаннан кейін ғана ақын өлеңдері жеке кітап болып, баспадан шықты. Төл халқымыз ақынның тума талантына, қазақи болмысқа тола шумақтарын шөліркей оқыды. Тоғыз ішекті қара домбыраға қосып, өлеңдерін терме етіп төгілтті. Ақын өлеңдерінде халқымыздың құнары жатқандығын оқырмандар сезіне білді. ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында тәуелсіздіктің алғашқы таңы рауандап ата бастаған сәттен бастап, ақынның төл туындыларына деген қадір-құрмет еселеп артты. Төл тілі кенжелеп қалған, өз тілінде сөйлеуден жерінген ұрпақ есесі кеткен елдің ертеңін ойлап, ел-жұрттың қамын жеген ұлағатты ұл-қыздары айтулы ақын Қайыпназар Әйтпеновтің ел арасында кеңінен тараған төл туындыларын бір ізге түсіріп, жинауды қолға алды.

Бүгінде еңсесі тіктелген Қайыпназар бабамыздың есімі, оның жыр, дастандары киелі де қымбатты дүниеге айналды. Олар бірден-бір зерттеу объектісі болып отыр. Құлдық сана қасіретінен томағасы сыпырылған ізбасарлары тәуелсіз ел болудың қасиетті шарапатын қазірде анық сезіне бастады.

Біз халқымыздың мақтан тұтар ақыны Қайыпназар Әйтпеновтің бүкіл поэзиясынан ұлттық рухты сезінуіміз үшін оны талдап, саралап, сараптап оқуымыз қажет. Сонда ғана өз ұлтының сөз өнерін бойына сіңіріп әрі түсініп өскен ұрпақ ел тәуелсіздігінің ғұмырлы болашағына кепіл болмақ. Біз тәуелсіз ел қадірін әлі бағалап болған жоқпыз. Жас кезімізден бүгінгі аға ұрпақтың басым бөлігі орыстың ұлы тұлғалары – Пушкин, Толстой, Достоевский, Лермонтов және тағы басқаларын жете оқыдық. Жадымызда жаттадық. Бұл дұрыс та. Алайда ұлттық болмысымыздың кемел болуы үшін өз ұлтымыздың кемеңгерлерін танып, білу қажет екендігі екінші кезекке шегерілгені де шындық еді. Бұл – ұлт қасіретіне айналды. Өз ұлтын сүймеген, оның көсегесін көгертпеген өзгенің қадір-қасиетіне жетер дермісің. Бөгденің есігіне ену былай тұрсын, өзгелер оны өзегінен теуіп, табалдырығынан аттатпасы бесенеден белгілі емес пе.

Осы орайда жыраулық өнер дәстүрінің соңғы алтын тұяқтарының бірі – Қайыпназар Әйтпеновтің шығармаларын ендігіде жоғары оқу орындарында өтілетін әдебиет мамандығы бағдарламаларына енгізуді басты назарда тұту – бүгінгі және ертеңгі күндердің негізгі міндеті болуға тиіс секілді. Жас ұрпаққа ақын жайлы қолда бар мағлұматтарды ұсыну үлкен тағылым болар еді. Ақын жөнінде ғылыми-танымдық, деректі кинофильм әзірлеу де өте маңызды іс деп санаймыз. Бұнсыз біз ақын хақында толық білеміз деп айта алмаймыз.

Қайыпназар Әйтпенов – өз заманының перзенті. Оның өлең, жырлары, дастандары – замана үні. Халқымыздың мүддесі, арманы мен мақсаты. Тіршілігінде ақын ел тізгінін қолына ұстаған айтулы ерлерінің бірегейі болды. Қоғамда қарымды қызмет атқарды. Құқық қорғау саласын ойдағыдай басқарды. Рас, соры бес елі төл тарихымыздың келер күндердегі бақыты аттың басындай болатындығын Қайыпназар ақын пайымдай алған жоқ. Бірақ өзіне тән елдік рухы еш уақытта бірде-бір рет төмен тартпағандығын атап айтуға тиіспіз.

Ақынның өлеңдерін оқығанда қазақи болмысымызбен, ұлттық өремізбен қайта қауышқандай күйді бастан кешіреміз. Халқымыздың табиғи келбетін жаңадан көргендей үдерісті сезінеміз. Даланың иісі, талайлы тарихы, төгілген тері, аққан қаны, бәрі-бәрі де өлең жолдарынан менмұндалап тұрады.

Ендігіде әдебиет әлемінде Қайыпназартану курсын енгізген жөн. Бұл – ақынның өмірі мен шығармашылық әлемін жан-жақты жете тануда ерекше роль атқаратынына сенімімізді күшейтеді. Айтулы ақынның өмірі жайлы көркем туындылардың дүниеге келуі де ертеңгі күндер еншісінде деп білеміз. Сонымен, қазақ поэзиясындағы жыраулар дәстүрінің сарқыты болған ақиық ақынның рухани әлемін жаңғырту – елдігіміздің жанғанының белгісі. Бірлігіміздің – қайнар көзі.

Рас, Қайыпназар Әйтпеновтің әдеби-шығармашылық әлемі бүгінде Мырзашөл өңіріне етене таныс. Өкініштісі, ақын өлеңдері, оның өлеңдеріндегі жыраулық, термешілік дәстүрін насихаттау ісі кең-байтақ республикамыздың қиыр оңтүстігі шеңберінен ары аса қоймады. Тек бірен-саран термелері республикалық телерадио бағдарламаларында орындалып жүр. Олқылықтың орнын толтырар ертеңіміз бар ғой әлі де деген сәулелі үмітке сенгіміз келеді. Үкілеген үміттің де шегі бар. Төзім таусылғанда қара домбыраның ширыққан ішегі секілді үміттің де үзілетіндегін ұмытпалық. Үзілген ішекті текті ұрпақ ешқашан да жалғаған емес. Ақынның шығармашылығы да осылай. Оның бүгінгі әдеби-шығармашылық ғұмырының насихатталуы жанданса деген тілек біздікі. Бұны ақын бабамыздың ел арыстарының қатарынан көрінсе екен деген ынта-ықыласымыз, ақ адал игі ұмтылысымыз деп білгейсіздер. Ниетіміз, иншалла, жүзеге асқай.

Үш жүз мыңдай іргелі елі бар қасиетті Мақтаарал ауданында, оның жүрегі – Жетісай қаласында соңғы уақыттарда елдің, халықтың рухын көтеруге, мәдениеті мен өнерін өрістетуге деген шынайы іс-әрекеттер байқалуда. Оған жергілікті ресми биліктің бірінші басшысының тікелей араласуы, дәл осындай игілікті іс-шаралардың қақ ортасында жүруі – жүректе жылылық оятады. Бұндай құбылыс іргелі аудан ауқымында бұрын байқалмаған-ды. Кең-байтақ еліміздің көлемінде ұсақ-түйек, майда-шүйде аймақтары немесе өңірлері болмайтындығын ескерсек, бұндай үдеріс ұлттығымыздың ұйыса бастағанының бірден-бір дәлелі іспеттес. Артық айттым дей алмаймын.

Қайыпназар Әйтпенов қасиетті Мырза Дала топырағында өзінің ақындық өнерін дамытты. Жыр, дастандарын жазды. Жыраулық дәстүрдің жазба үлгісін қалыптастырды, дамытты. Ол бұл өңірде айдалаға тастап кеткен қоңыр үнді иесіз домбырадай еді дегіміз келмейді. Оның ізбасарлары, құйма құлақ шәкірттері, қара ормандай ел-жұрты бар. Арамызда ақындық, жыраулық дәстүрді жалғастырып, сабақтастырып жүрген жандар қаншама. Бұл – басқа тақырыптың арнасы.

Алдағы күндер еншісіндегі және бір мәселе – ақын өлеңдерін насихаттаған, зерттеген қайыпназартану саласына елеулі үлес қосқандарға арнайы жүлделер тағайындау. Қайыпназар Әйтпенов атындағы төсбелгі белгілеу – осы бағыттағы іс-шаралар ауқымын еселей түсер еді демекпіз. Сондай-ақ, ақынның шығармашылық-әдеби әлемін республика көлемінде насихаттауға негізделген «Қайыпназар» әдеби-қоғамдық, танымдық журнал шығару, ақын атында қор құру бұл да игі шараларды жүзеге асыруда оң әсерін тигізері даусыз. Әрине, бұның бәрін заңдық, құқықтық ережелерді сақтап атқарған абзал. Бұған елімізде қазірде ешбір кедергі жоқ. Ынталы топ болса, оны қостар қажыр-қайрат иелері табылып жатса, жеткілікті-ақ.

Ақын Қайыпназар Әйтпенов өз халқын шынайы сүйген адал перзент. Оның толғаулары сөзіміздің айғағы. Өмір, уақыт, заман, жақсылық, жамандық, адалдық, ерлік, ездік тағы басқа да адам баласына тән мәңгілік тақырыптар бойынша ақын өз ойын ашық айтты. Жасырмады. Меңзеді. Астарлап жеткізді. Жарқыратып айтты да. Қалай десек те, бүгінгідей шындығынан гөрі өтірігі көптеу замандағыдай жаргон сөздерден, мәселен, лақтыру, сындыру секілді қылмыс әлемінің сөздік қорын көркем әдебиетке, өзінің әсем де ойлы поэзиясына бір елі жақындатқан жоқ. Олардан бойын аулақ ұстады. Жерінді. Жиіркенді. Өзінің ақындық арын, қариялық қымбат қазынасын қорламады. Дегенінен қайтпайтын, айтар сөзіне, көркемдік сөз өнеріне тіке қарап, тура сөйледі. Өз заманының озық ойлы, ұлтжанды, қайсар да қайратты, сергек те сезімі тұнық азамат екендігін танытты. Ақын поэзиясының тағылымы, мінеки, осында. Не десек те, кешегі хандық дәуірдегі жыраулардай ғасырға жуық ғұмыр кешіп, жасарын жасап, айтарын айтып, қазақ қоғамына қажетті тұлға екендігін бүкіл болмысымен танытып кетті.

Адамдар болады, ақындар кездеседі, қанша жасаса да есімі еленбей өтеді. Бақилыққа аттанған күннен кейін олар лезде ұмытылады. Қайыпназар Әйтпеновтің есімі ондай қалыпқа сыймайды. Ақын тірі кезінде-ақ қасиетті сөз өнерін тіршілігіне серік етті. Енді, мінеки, біртуар ақынның 110 жылдығына арнап, тәуелсіз елдің жыр сүйер қауымы жыр мүшәйрасын өткізуде. Бұл – сөз өнері ғаламында өзіндік орны бар ақынға деген ізет пен құрмет. Тағзым мен тағылым. Оның поэзиясына деген жаңа буын өкілдерінің шынайы көзқарасы, көзайым қуанышы. Бұл, сондай-ақ, жыр додасының әлі де күйремегендігінің белгісі. Өлең, жырдың баянды, өміршең ғұмырының бірден-бір дәлелі. Дәл солай. Басқаша емес.

Ақын Қайыпназар Әйтпенов – аға ұрпақ пен жас ұрпақтың арасын жалғастырушы. Өйткені оның толғауларында адамдардың бір-бірімен сыйласуы, өмірді қадірлей білуі, ағаға құрмет, ініге ізет секілді ата-бабаларымыздан қалған ізгі салт-дәстүр философиясы тың қырынан, соны ізденістермен бейнеленеді. Жастардың ұлағатты, еңбекке ынталы, оқу, білімге бейім болып өсуін қалайды парасат-пайымы мол ақын. Ол сонымен бірге рухы таза, еңсесі биік ұрпақтың туған тіліне, тарихына, салт-санасына адал болса ғана ұлағаты арты түсетіндігіне бек сенімді де.

Оның өлеңдерінің құндылығы да сонда, қашанда ақын өзінің кісілік, адамилық қалпынан, көзқарасынан ауытқымайды. Рухани бай, иманы кәміл, жаны таза адам ғана пендеуи тірліктен анағұрлым жоғары тұрады деп толғанады.

Ақын өлеңдері жас ұрпақ үшін тағылым мектебі. Құрғақ ақыл емес, өмірдің сан алуан өткелдерінен өткен, көргені мен түйгені мол, көкірек көзі сайраған данагөй тұлғаның көркем сөзден өрген оюлы ой өрнектері, сарабдал сөз орамдары жан тербейді. Бәрі де жүрек төрінен берік орын алады. Жатырқамайды. Жатсынбайды. Кеңестік дәуірде өзінің жазған-сызғандарын қағаз бетіне түсіргенімен, жеке жианқ етіп шығарудан тайсалған, қорыққан, қызыл цензурадан сақтанған ақын поэзиясы бүгінде өз оқырмандарымен қауышуда. Тәуелсіздік әрбір оқырманға таңдау құқығын берді. Ақын Қайыпназар Әйтпеновтің толғанысты толғаулары мен жауһар жырларын оқи отырып, әрбір жан өз талғамы мен талап-тілегіне сай ой түйеді. Өмір тәжірибесіне сай тұщымды ойлар жасауына мүмкіндік алады.

Ақын Қайыпназар Әйтпенов айтты деген маржан сөздер мәйегі, яғни ақыл мен нақылға тұнып тұрған өлең жолдары оқырманды яки тыңдарманды сөзсіз тәнті етеді. Ел ішіндегі жақсылық пен жамандықты көбірек аңғарған, көппен араласқан ақынның маңдайдағы қос шырағы ешнәрсені қалыс қалдырмаған, баршасын дерлік анық байқаған. Дүние – көштің басы да, соңы да бір ғана күнмен, бір ғана сәтпен бітпесін аңғарған данагөй ақын өлеңдеріндегі «Тойсаң, тоба қыл», «Алтын алма, ақыл ал», «Дәулет бітсе, мастанба», «Жалғыздық көріп қор болар, қадірін көптің білмеген», «Абайлап сөйле сеөзіңді, Дұшпанның бірі – тіл деген», «Жерге қонбай кетпейсің, ұшсаң да биік аспанға» және де көптеген өлеңдері мен жыр тармақтарында қорғасындай салмақ бар, терең мазмұн мен мағыналы мән жатыр. Әрине, осылардың бәрі де сөз қадірін білгенге, сөз өнерін ұққанға тән дер едік. Дүниенің таза да мөлдір, тұнық та терең, мұңлы да сағынышқа тола екендігіне ақын өлеңдерін көңілге тоқи отырып, иланамыз. Кемел рухына бас иеміз. Желіккен көңілге тізгін салатын, езілген еңсеге еселей екпін дарытатын өлең мен жыр сөздерінің әлеуетті қуатына қуанасыз. Қайран да қайран ақынның інжу-маржан сөздері-ай деп,қуаттанасыз.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп ұлы Абай айтпақшы, қазіргі таңда адами құндылықтарымыз ауытқып, қатігезденіп бара жатқандай. Адам баласы Алланың жер бетіндегі үлгісі екендігін ескерсек, пенде ретіндегі кешірімшіл болу қасиетін де ұмытпағанымыз абзал. Ұлы Абай да, «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой. Бес асыл іс білсеңіз» деген асыл сөздерді жай ғана санамалап көрсетпеген. Осынау адамгершілік тұжырымдарының дәстүрлі жалғастығы ақын Қайыпназар Әйтпеновтің шығармашылығында да бар. Ақыл-ой, парасат, пайым деңгейі биік болуы үшін бұлар аса қажет ұғымдар. Осыларды бойға сіңірсек, қанеки. «Бес саусақ бірдей емес» десек те, ұлт болып ұйысуымыз үшін, ендігіде қарын тойына бастаған шақта, көйлегіміз көк болған мезгілде тіліміз бен дінімізді, қазаққа тән болмыс-бітімімізді, келбет- кескінімізді, салт-дәстүрімізді, жөн-жоралғы, қабілет-қарымымызды сақтап қаламыз десек, қазірден бастап, рухани тұрғыда қапы қалмаудың жолдарын мықтап іздестіре бастағанымыз жөн.

Баюға болады. Қара бастың қамын жеуге де қазірде мүмкіндіктер шаш етектен. Бірақ өз бағасын білу, ата-анасын қараусыз қалдырмау, тіпті, ұзақты қойып, туған-туысты алдамау, алаламау, досты сатпау, жолдасты жолға тастамау, болмашыға бола өкпе арту, өштесу, жоққа бола кектесу секілді психологиялық сезімдерден қазірде ауылымыз аулақ қонды деп айта алмаймыз. Бұндағы айтпағымыз, «Бақыттың есігі – ел, ырыстың есігі – жер» дегендей, ел мен жердің ұстыны болған Қайыпназар Әйтпенов секілді жыраулық дәстүр биігінен көрінген ақылгөй және данагөй перзенттерімізді әрдайым есте сақталық. Оның адами құндылықтарды жырлаған, өмірді бағалай білуге үндеген шығармалары – әманда рухани дүниеміздің өзегі, алтын арқауы екендігін сезіне білуімізде демекпіз. Расы сол.

Мырзашөл өңірінің текті ұрпағы – Қайыпназар Әйтпеновтің мәңгілік ғұмыры басталды. Текті ұлды ұлықтау – бүгінгі ұрпаққа қарыз бен парыз. Ата салтын ұстанған буын аға ұрпақтың қадірін әрқашан қастерлеген. Тәуелсіз елдің тізгінін ұстар ұрпақтары ендігіде Қайыпназар Әйтпеновтің шығармаларымен мәңгілікке достасады. Қайыпназар ақынды қазірде көзбен оқудан гөрі көңілмен оқи білейік. Өйткені көзбен оқыған ұрпақ ұлағатты ақынды жыршы, термеші ақын ғана деп таниды. Ал көңілімен, жүрегімен оқыған оқырман мырзашөлдік сөз шеберін халқымыздың бойындағы ұлттық намысын қайраған, өз болмысын жоғалтпауды ұран еткен, қазақ қашанда қазақ болып қалу керектігін сөзбен қастерлеген тұлға ретінде тани бермек. Ендеше, ақын Қайыпназар Әйтпеновтің әдеби-шығармашылық туындылары елдігімізге, ынтымақ пен бірлігімізге, ұйысқан ұлттымызға қызмет ете береді. Осы орайда өрбіген сөзіміз 2004 жылы Шымкент қаласында жарық көрген «Ақын Қайыпназар Әйтпеновтің өмірі мен шығармашылық әлемі» атты кітабыма қосымша ой-пікір деп санаймын немесе сол еңбектің заңды жалғасы іспеттес деуімізге де әбден болады. Тәуелсіз ел ұрпақтарына шығармалары қызмет ететін ақын рухы қашанда шат болатындығына шек келтірмейміз.


***
АҚЫН МЕН САЗГЕР БІР ӨЗІ
Мұхтар Құраловтың есімі көпшілікке таныс әрі бейтаныс. Олай дейтініміз, бүгінгі нарық заманында өнерді насихаттау, бір жағынан, қаржыға келіп тіреледі. Екіншіден, әсіресе, ән өнерінде әсем ән халықтың көңілінен шықса, көп жағдайда, оның атын, мәтінін, әуенін жақсы біледі де, әннің авторы кім деген сауал көпшілікті қызықтыра бермейді. Сөйтіп, әсем ән қолды болады немесе халықтың әні болып кете береді.

Сол секілді Мұхтар Құраловтың әндерімен Мырзашөлдің өңірі етене таныс болғанымен, көптеген әндері бүгінгі таңда республика аумағында жиі орындалатын, ел аузында көп айтылатын әуес әндерге, яғни хитке айналып үлгерді. Мәселен, «Бұлқынды жүрек», «Сағыныш», «Толғанай», «Алтынай», «Ақ тілек», «Бойжеткен» және тағы-тағы да көптеген әндері сөзімізге дәлел бола алады.

Күні кешегі сары бала бүгінде 60-тың қырқасынан асып, саф алтындай ән ағаға айналған жағдайы бар. Жыр кешінде әншілер қауымы, оның ішінде өзіміздің айтулы әншілеріміз бар, сондай-ақ, Отырардан келген айтулы ән орындаушылары бар, Мұхаңның әнін көпшілікке орайын келтіре, нақышын жеткізе айтты.

– Әндерімнің көпшілігі елдің өз ортасынан ойып алынған. Жеке басыма, отбасыма байланысты емес. Мәселен, «Ақ тілек» әнім әзіз ананың, абзал әкенің ұзатқан қызына деген жүрекжарды лебізі, көңілі. Осы әнімді көпшілігі өз қызына арнап шығарған дейді. Тіпті, олай емес. Осы әнім дүниеге келгенде қыздарым мектеп жасындағы балғын оқушылар еді, –дейді сазгер-ақын өз өлеңдерінің тарихы жайлы.

Ақын-сазгердің «Арал туралы толғауы» да экологиялық әнұран іспеттес. Ақынның күңірене, мұң шаға толғануы бауыр еті баласын көкірегінен жұлып алғандай болған Арал теңізінің трагедиялық хал-ахуалына арналған. Бұл толғау-жыр да 1990 жылы Павлодар қаласында өткен ақындар айтысында өмірге келген әсем де жүректі өрекпітер көркем жыр дестесі. Қарсылас ақынның Арал жайлы сөз қозға деген ақындық талабынан туындап, көпшілікті тәнті еткен, суырып салма үлгісіндегі сырға толы төл шығармасы еді бұл. Бірақ ақын деген өз уақытының жүгін көтеріп жүруші емес пе? Мұхаң да сол бір-ақ сәтте Арал тағдырының бүкіл хал-ахуалын осынау толғауға сыйдырып, көпшілікті тәнті етті. Сөйтіп, көкейкесті зәру мәселенің өрнегін көркем сөзбен келісті өрнектеп әрі шебер өріп бере алған-ды.

Мұхтар Құралов бастапқыда айтыс ақыны ретінде өнерсүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленді. Оның тауып айтар, мәселені дөп басар, нұсқа да қарапайым сөз орамдары қарсыластарының мысын басып, жіпсіз байлап қоятын. Талай-талай сөз додасындағы бәйгелерде топ жарып, жүлдегер атанған сәттер де күні кешегідей көз алдымызда. Мұхаң сазгерлік, ақындық үдерістің бастауын сонау балалық, оқушылық кезеңнен-ақ бастағанын еске алады.

– Ең алғашқы өлеңім «Мектебім» деп аталатын. Ол – аудандық газетте жарияланды. Сонда өзімді жеті қабат көкте жүргендей сезіндім. Көңілге түйгендерді, көңіл-күйді, толғаныс-толқуларды дәптер бетіне түсіріп жүрдім. Бірақ бүгінде сол өлеңдерге қарап отырып, осылай да өлең жазады екен-ау деп өзіме-өзім күлемін, – дейді сыршыл ақын өз сырымен көппен бөлісіп.

Мұхтар Құралов бүгінде дер шағында. Жер-жерлерде, мектептерде, кітапханаларда орта арнаулы және жоғары оқу орындарында сазгер-ақынмен түрлі деңгейдегі басқосулар өткізілуде. Оған қатысушылар әрдайым жылышырайлы жүздесулердің куәсі болып, бейжай күйді бастан кешкен емес.

Мақтаарал ауданының Құметті азаматы Мұхтар Құралов өзінің қарапайым қалыбымен-ақ бүгінде сыйлы азаматтардың санатында. Тағылымды өлеңдерімен, сазды да сырға тола әндерімен тыңдармандар, көрермендер және оқырмандар қауымының сүйіспеншілігіне бөленген. Еңбектің жемісін тату деген осы да.

Оның өлеңдерінің өзі – өмірдің нақ өзі. Айырмашылығы – өмірдің өзіне тән ақындық көбен, сыршыл оймен, сезімтал түйсікпен көре білуінде дер едік. Халқымызға тән жайдары да жайсаң пейілді ақын көркемдік тілмен өз оқырмандарына шебер жеткізе білген. Шынында да «Қазақтың пейілі» атты өлеңінде халқымыздың қонақжайлылығы, бір-біріне деген алқаусыз сенімі өзіне ғана тән менталитеті секілді. Ақынның айтуынша, осы өлеңде халқымыздың пейілі шынайы ашылған. Қалтасында артық ақшасы жоқ. Бірақ қонағына бола дастарханына барын салады. Дастарханда бәрі тұрады. Өз баласына да жегізбейді. Қонақтар кеткен соң жейсіңдер, қонақтардан қалады, олар шетін де бұзбайды, жемейді дейді. Қырық күн қонақ күтсе де дастархан үсті тола болады. Қарызға алады. Қарызға да береді. Мінеки, қазақтың пейілі осы дейді. Осынау ақындық сурет әрі шынайы, әрі табиғи. Келіспеске лаж жоқ. Ақын осыған сендіреді.

Ақын-сазгердің пайымдауынша, әлемдегі ең қымбатты, ең сұлу, ең әсем, ең ардақты, ең құдіретті – ол ана. Шыны да сол. Бірақ ақын-сазгердің «Ана» атты әні ананы Мұхтарша ұлықтау деп түсінеміз. Әннің сөзі де, өзі де мейірге, жылы шуақ пен аппақ сәулелі нұрға тола.

Ақын туған топырағы Мақтааралға, ел астанасы – Астанаға да арнап өлең жазыпты. Ол ән болып шарықтапты. Бірінші ән әуені дүниеге келді ме, әлде өлең мәтіні ауызға оралды ма, оған бәс тікпей-ақ қоялық. Әйтсе де, сол бір ретте туған мекенге, төл топыраққа деген ақындық-сазгерлік қабілет-қарымының арқасында жақсы әуен мен мән-мағынасы үйлескен сөздердің басы қауышқан тағы да бір тамаша өнер туындысының өнер әлеміне жол тартқанын аңғардық.

Жалпы саны алпысқа жуық әндері бар, төрт әндер жинағы жарық көрген Мұхтар ақын-сазгер жайлы бірер жылы сөзімізді осымен тәмамдағанды жөн көрдік.
***
АБАЙ ЖӘУАНМӘРТЛІК СИПАТТАРЫ ХАҚЫНДА
Жәуанмәрт сөзі ұлы Абайдың 38-қара сөзінде кездеседі. Бұл сөз жайында 1968 жылы Алматы қаласындағы Қазақ КСР-ның «Ғылым» баспасынан шыққан «Абай тілі сөздігінде» және 1995 жылы Алматыдағы «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай энциклопедиясында» да арнайы тоқталмаған. Жоғарыда аталған сөздің түсініктемесі ретінде оның парсыша сөз екендігі және «ескі, жақсылық» деген мағына беретіндігі көрсетіледі. Бұған 1961 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген Абай Құнанбаевтың бір томдық толық жинағына зер салып қарағанда көз жеткізуге болады.

Әйтсе де, бертін келе жәуанмәрт сөзін жан-жақты әрі ілім ретінде терең талдау ісіне белгілі айбайтанушылар, әсіресе, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ден қойып, арнайы еңбектер жазып, жүргендігі белгілі. Оған бір дәлел – 2010 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Абайтану» атты кітабы дер едік.

Сонымен, ұлы ақын әрі философ Абай былай дейді: «Белгілі жәуанмәртлік (парсыша – ізгі, жақсылық) бірлән (бірге) болар деген сиддық (арабша – шын, шындық), кәрәм (арабша – ізгілік), ғақыл (арабша – даналық, ақылдылық) – бұл үшіндән (үшін де – Н.Қ.) сиддық, ғадаләт (әділет – Н.Қ) болар. Кәрәм (арабша – езгулік) шафағат (шапағат) болар, ғалық мағалум дүр. Ғылымның бір аты екендігі, бұлар әр адамның бойында Алла табарака уатағала тәкмин (Ала тағала шамалап) бар қылып жаратқан. Бірақ, оған рәуаж (арабша –реттеу, пайдаға асыру, жетілдіру) беріп гүлдендірмек, бәлки адам өз халінше кәмалатқа (толыққанды) жеткізбек жеһатында (бағытында) болмақ. Бұлар аз ижтиһадің (арабша –талап, ынта) бірлән ниет халис (арабша – түзу ниет) бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хасләттің (арабша –сипат) иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң –хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл (іс-әрекет) құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ұхрауи пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки хисапқа алмадилар (Бәлкім есепке алмаған болар). Хакимдер дүние тиетін пайдасын сөйледі, ғибрат көзімен қарағанда, екеуі де бірінен бірі жырақ кетпейді... Бұл ақыл, ғылым – екеуі де өзін зорға есептемекті, зұлымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді.»

Және ұлы ойшыл Абай өзінің осынау 38-қара сөзінде Алланың ешбір нәрсені себепсіз жаратпағанын, Құдайтағаланы пендесі ақылы жетіп қана, оған ғашықпын дегені жөн екендігін айтады. Аллатағала пендесін махаббатпен жаратқанын білген пенде, Алла махаббатына махаббатпен елжірей ғашық болуды атап айтады. Әрбір істің себебін іздеушілерге хакім деген ат қойылған. Олар шындықпен, ақиқатпен әртүрлі себептерді білмекке ұмтылып, бір ғана шындықты (хақ) табумен ләззаттанған. Адам пайдасы үшін ойын-күлкі, бүкіл ләззат атаулысы олар үшін екінші кезекке қойылған.

Абай айтады, «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп. Ұлы данышпан сондай-ақ, «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес қызықтардың бәрін шетке ысырып, адам баласына пайдалы іс жасауға, атап айтқанда, электрді тауып, мың адамның қолынан келмес тірлікті жүзеге асырғаны үшін біз оларға міндеткерміз дейді. Абай осы орайда хакимдер дін ұстазымыз болмаса да, Алланың елшісі – Пайғамбарымыздың хадис шарифтерінде «Адамның жақсысы адамға пайда келтіретін адам» дегенін еске салады.

Сол себепті де, Абайдың ислам дініне берік байламда болғанына анық көзіміз жетеді. Рас, кейде Абай моллаларды сынайды. Бірақ бұл шынайы ислам дінін сынауы деген бір мысқыл да ой тумауы қажет. Абай өркениетті, заманауи жаңалықтарды, ислам дінін шығармашылық тұрғыда танып білуді жақтады. Құрани Кәрім де өз пенделерінің оқып, білуге, тануға деген ұмтылыстарын қолдап, қуаттайтынын атап өтуге тиіспіз. «Менің үмбеттерім Жұлдызға барса да оқып, білім алады» деген Пайғамбар хадистерінің бірі ислам дінінің ғылым мен білімнің тарапында болғандығынан ізгі хабар береді. Сондықтан да, Абай исламдық фанатизмді, қол қусырып, таптаурын ізден шықпай, бас шұлғып отыруды жаны қаламады. Діни сауатсыздыққа көңілі көншімеді. Оны ашық айтуға мәжбүр болды.

Абай былай дейді осы ретте: «Бұл заманның моллалары хаким атына дұспан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық фиғыл (арабша-пиғыл, ниет), әл-инсан ғәдду ләма жаһилге хисап (арабша – адамның көңілі жаманшылыққа ауып тұруға бейім). Абай сонымен бірге пайдалы іс, әрекет болмаған жерде, ғылымды бостан-босқа ұзақ талас-тартыстармен өткізген тұста адам аулауға, адам алдауға салынатындығын айтады. Сондай насихаттың да әсері болмастығын берік оймен түйіндейді.

Жәуанмәрттілік хақында «Қабуснаме» атты кітапта да жазылған. Бұл туынды ХI ғасырда жазылған еңбек. Оның авторы Кей-Кавус Табаристандағы (Каспий теңізінің оңтүстік жағалауы) ұсақ жер иелігі бар билік өкілдерінің бірі. Иранмен екі аралықты тау жоталары бөліп тұрған бұл өңірді 759-760 жылдары араб әскерлері жаулап алса да, жергілікті парсылар бірнеше рет көтеріліске шыққан. 931-936 жылдары «Кабуснаме» авторының арғы атасы Мердавиж Иранның солтүстігіндегі бірнеше қалаларды өз иелігінде ұстаған. Ол өз қарамағындағы түркі гвардиясы тарапынан өлтірілген соң, өзі құрған мемлекет бірлестігі тарқап кетеді. Оның немересі Кабус кішігірім Журжанды ғана басқарады. Арада 17 жыл өткен соң ол бүкіл Табаристанды жаулап алады. Кабус «Кабуснаменің» авторы Кей-Кавустың атасы еді.

Осы кітаптағы ескертпелер бөлімінде жәуанмәрт сөзіне түсініктеме де берілген. Онда тікелей мағынасы ізгілік, бекзаттық, жан қиюшылық дегенді білдіреді делінген. Сондай-ақ, «Кабуснамедегі» 44-тарауда жәуанмәрт жайлы арнайы тоқталған. Мұнда жәуанмәрт дегеніміз не және ол қайдан шыққан, жәуанмәрт секілді қандай іс-әрекеттер жасау қажеттігі жайлы тәптіштеп айтылған.

Сонымен, автордың түсінігінше, адам баласының бойында үш қасиет бар. Біріншісі – ақыл, екіншісі – шыншылдық, әділдік, үшіншісі –адамгершілік. Осынау үш қасиеті бар адамдар Алла Тағаланың, яғни жаратушының таңдаулылары делінеді дейді. Бірақ бойкүйездік, надандық және күйгелектік көптеген адамдардың жолына кедергі болатындығын да атап айтады. Жаратушы Тәңірі адамдарды макроғарыш немесе микроғарыш түрінде дейсіз бе, бәрібір, бірақ тұтас түрде жаратқандығы да алға тартылады. Өйткені адам бойында табиғат күштерінің түрлі бөліктері, заңғар көк те, жұлдыздар да, материалар да саналуан элементтер де, жан да, ақыл да бар делінеді. Бұлардың бәрі жеке әлем бөлшектері, ал адамдар осынау әлемдердің тұтастығын құрайды дейді.

Жаратушы олардың бәрін де өзара байланыста орнықтырғандығы да назарда тұтылады. Олар әртекті болғанымен, бір-бірімен тығыз әрекетте болатындығы да автордың біліктілігін аңғартады.

Автор бес тән сезімдері: есіту, көру, иіс сезу, дәм сезу, түйсіну секілділердің материядан пайда болғандығын, ал рухани сезімдер: ес, шешім қабылдау, ойлау, елестету, сөйлеу секілділер жаннан екендігін ескертеді. Ендігіде осылардан өзге адамгершілік, данагөйлік, кемелділік, ізгілік секілді қасиеттер адам тәнінде орналаспайды, ол, жоғарыдан, тәңірдің жарылқауымен болатын дүниелер деген ойды білдіреді.

Бұдан шығатын қорытынды дейді автор, тән өмір сүруімен тірі, ал өмір – жанмен, жан – ақылмен тіршілік етеді. Автор сондай-ақ, бейнелі сөздер арқылы осынау үрдістерді түсіндіреді де. Мәселен, қозғалған денені көрсең, онда өмірдің бар болғаны; ал сөйлеген адамды байқасаң, онда жанға орын бар; ал ізденістегі жан болса, онда ақыл, ойдың берік орныққаны деуге болады.

Дәл осылайша түсіндіре келіп, автор бұндай байланыс үдерісі әр адамда болатынын, алайда, тән мен өмір арасында кесел пайда болса, тепе-теңдік бұзылады дейді. Сөйтіп, өмірден тәнге күш-қуат түспегендіктен, қозғалыстың шектелгендігіне назар аударады.

Ал, егерде өмір мен жан арасында тепе-теңдік бұзылса, онда жаннан өмірге енетін бес сезім сипаттары: ес, шешім қабылдау, ойлау, елестету және сөйлеу қабілеті тізгінделмек дейді.

Сондай-ақ, жан мен ақыл арасында надандық пен түсінбеушілік пайда болса, ақылдан жанға ойлау, шешім қабылдау және шыншылдық сипаттары баяулайтындығы атап айтылады.

Сол үшін жаратқанның жарылқайтын сипаттарын бойға дарыту үшін жан сарайын ашық ұстауға автор кеңес береді. Сондықтан да үйренуді, мәселеге түбегейлі қарау керектігін көрсетеді.

Бұлардың барлығы жәуанмәрт түсінігіне жетелеп әкеледі. Автордың айтуынша, адамгершілік және ақыл тұлғасы – бұл жәуанмәрт; оның өмірі – шыншылдық, әділдік, оның жастық шағы – даналығы; рухани мәні – сипаттары.

Тән мен өмір өз иелігіне тигендер – бұлар сопылар, яғни сыртқы білім иелері және жұпыны кедейлер. Оларды танып білгендер және бой ұсынғандар дейді. Ал тән мен өмір және сезім сипаттарына ие болғандарды данагөйлер, данышпандар дейді. Тән мен өмір және жоғары сипатқа ие болғандарды періштелер деп, ал адамдар арасында болса, оларды Алланың елшілері дейді.

Сонымен жәуанмәрттіліктің негізінде үш сипат бар: біріншісі – не айтсаң, соны істе, екіншісі – шындыққа қарсы болма, үшіншісі – сабырлы бол. Жәуанмәрттілікте автор осынау үш сипаттың болатындығына арнайы тоқталады.

Әрине, жәуанмәрттілік жайлы Абайдың 38-қара сөзі мен «Кабуснамеде» ортақ ұғым бар. Абай да, «Кабуснаме» де жәуанмәрттік сипаттарын адам бойына дарыту үшін жан сарайының ашық және таза болуы, қандай да бір зат, яки құбылыс, іс-әрекет немесе сөз болсын түбегейлі түсіністікті, зерттеуді, талдауды талап ететіндігі басты назарда болуы қажеттігі естен шығарылмайды.

Жәуанмәрттілік сипаттары кемел адамды қалыптастастыруда, Абайдың толық адам болмысын көз алдымызға келтіру мәселесінде өзінің оң әсерін тигізері хақ. Оған еш шүбә келтіре алмаймыз.

Данышпан Абай адам баласының ізгілік, шындық пен әділдік, даналық секілді сипаттарға ие болуы үшін ой толғап, олардың әрбірі хақында өрелі ой жүгіртуі, түйіндеуі оның терең ойшылдығын, ғұлама ғалымдығын аңғартады. Жоғарыда аталған жәуанмәрттілік сипаттары жай әншейін сөздер ғана емес, ел болу, іргелі мемлекет болу жолындағы аса маңызды ой тұжырымдары дер едік.

Ұлы Абай жәуанмәрттілік жайлы ХI ғасырда Шығыс еліне елеулі ой салған «Кабуснаме» секілді философиялық тұжырымдарға тола жәуанмәрттілік ілімін тек идея түрінде ғана емес, оған материалдық сипат беріп, нақты іс-әрекетке, Қазақ Даласына, оның перзенттері бойына дарытуды басты ниет еткені біздің рухымызды биіктетеді.

Шығыс әдебиеті мен өркениеті, оның рухани дүниесі Абайды үнемі толғандырды. Шығыс әдебиеті мен мәдениетінің елеулі мұрасы болып табылатын «Кабуснамені» оқи отырып, ұлы ойшыл Абайдың кемел ізденуші болғанын, әрбір ұғым мен тұжырымға батыл түсініктеме бере отырып, бүгінгі ұрпақ жадында кемеңгер ұстаз, ұлы философ сипатында биік деңгейде көрінгеніне және бір рет көзімізді жеткіздік.

Абайдың 38-қара сөзі мен ХI ғасырда жазылған «Кабуснамені» қатар қойып, талдаған сәттерде біз адамзат тарихының тұтастығына, үзілместей үдерісті сақтай отырып, адамзат баласын ғасырлардан ғасырларға жетелей беретіндігіне сеніміміз артты. Демек, адамзат болмысына ортақ ой-пікірлер мен түсініктер, тұжырымдар ешқашанда ескірмек емес. Жәуанмәрттілік ілімі де соны аңғартады.


***
«КАБУСНАМЕ» – ӨМІР СҮРУ ҚАҒИДАСЫ
ХІ ғасырда жазылған «Кабуснаме» шын мәнінде өмір сүру жайлы пайдалы сөздерге, деректерге, ғұмыр тәжірибелеріне молынан суарылған туынды. Бұл шығарманың құндылығы әлі де өзінің мәні мен мағынасын жоғалтпауында деп білеміз.Туындының негізгі құндылығы онда айтылар әкенің ұлына деген сыры, ішкі дүниесі – өмірдің өзімен етене байланысты болуында. Мынау кімдерден қалмаған ескі дүниеге бүгінгі күннің биік талғамымен қарсақ та, сол баяғы күйіндей, сол қаз-қалпында сияқты.

Атап айтқанда, отбасы, махаббат, адалдық, әділдік, ішіп-жеу, жүріп-тұру, адамдармен қарым-қатынас, әзілдесу, сөйлесу, түсінісу, ата-ананы сыйлау, Алланы тану, білімге ұмтылу, шешендікке қол жеткізу, жастық және қарттық шақтағы (қазірде бұл ұғымды көбінесе ұлғайған шақтағы деп айтуға бейімбіз) мінез-құлық, тамақтану, салт-дәстүр, қонаққа бару, қоғамдық жерде, үйде өзіңді-өзің ұстай білу, ұйықтау, байлыққа ұмтылу, үй сатып алу, балаларды тәрбиелеу, достарды таңдау, дұшпаннан сақтану, жазалау және ынталандыру, заңды ұлықтау, ғылым туралы, диханшылық және өзге де кәсіпкерліктер жайлы,тағы басқа да мәселелер бүгінде де өз көкейкестілігін жоғалтпаған Мәңгілік ел тақырыптары.

«Кабуснаме» – жоғарыда айтылған өмірлік жағдаяттар бойынша қырық төрт тарау бойынша тұшымды әңгімелерге тұнған байыпты ғибратнама. Сабақ әрі тағылым. Дәріс әрі өнеге. Құрғақ ақыл емес, құнарлы ғақлия. Бұл туынды өткенді аңсау емес. Өткенді білуге, тарихи танымды тереңдете түсуге бағытталған дүние. Өмірді таразылай білуге, сараптап саралауға үйретеді. Кей-Кабус – өз заманының зиялы перзенті болған. Өзі туып-өскен Джурджан елді мекенін Батыс Иранның әдеби орталығына айналдыра білген ірі тұлға. Әмір Кабустың немересі Кей-Кабус бұл кітапты ұлына аманат, өсиет етіп жазғандай мәнерде кейінгі ұрпаққа қалдырғандай сезіледі. Және де осынау кітап әлемінің көптеген тілдеріне тәржімаланған. Түрік, неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылуы кітаптың маңыздылығын аңғартады.

«Кабуснаменің» алғы сөзінде автор өз ұлына жасының ұлғайғанын, қауқарының азайғанын айтып, әкелік махаббаттан туған сөздеріне құлақ салып, екі дүниеде де жақсы атаққа, ал бұл дүниеде мол табысқа жетуіне тілек қосады. «Кабуснаме» бір қарағанда, әкенің өз перзенттеріне қалдырған тағылымы іспеттес.

Автор өз ұлына өз әулеттерінің текті жерден шыққандығын атап өтеді. Әке жағынан да, шеше жағынан да талай ұрпақ текті болып келгенін еске салады. Бұл дүниеде «не ексең – соны орасың», дегеннің еш күмәні жоқтығына сенім білдіреді. Алланы танудың жолы оңай еместігін де ескертеді. Бұл жол бейнебір от сияқты дейді. Отты төмен қарап жақсаң да ол жоғары өрлейді. Бұл Алланы танудың қаншалықты өршіл болатындығын айтады. Себебі суды қаншама жоғары көтермек болсаң да, ол әрдайым төменге қарай асығады деп салыстыра, теңестіре өмір құбылыстарымен ұғындырады. Бұндай ой-пікірлер кітаптың бірінші таруының өзегі болып табылады. «Кабуснаме» кітабының екіншісі тарауында немесе әкенің өз ұлына арнаған екінші сөзінде Пайғамбарларды мақтау және ұлықтау жайлы әңгіме болады. Алла әлемді жаратқанда өз қалауы бойынша жаратқанын айтады. Оны бекерге емес, оны әділ және данагөйлікпен жасағанын пайымдайды. Жоқтан бардың, бүлінгеннен гөрі реттіліктің, кемшіліктен гөрі бай-қуаттылықтың, ұсқынсыздықтан гөрі сұлулықтың жақсы екендігін жаратушы біліп жасағанын алға тартады. Демек, дүние әділеттілік негізінде жаратылған даналықты даралай түседі.

Бесінші тарауда әке мен анаңды құрметтеу мәселесі жан-жақты айтылған. Алла дүниені жаратқанда оның толық құрылып, жабдықталғанын қаласа, ақылға сай перзент те өзінің шығу тегін қадірлеп, құрметтеуге тиіс екендігі осы тарауда паш етілген. «Әке мен ана о баста махаббат құштарлығын мақсат тұтса да, оның нәтижесі, жемісі – перзент» екендігін ұмытпауды назарға салады. Сол үшін олар соңыра қандай да болмасын құрбандыққа баратындығын айтады. Мұнда да автор: «Ата-анаңа тіфу деп айтпа, оларды кеудеден итерме, оларға құрмет сөзіңді айт» дейді.

Ата-анаңа діни сенім тұрғысынан қарамасаң, ақыл-ой, адамшылық биігінен қарауға үндейді. Ата-анаңа мейірім сенің өзіңнің өсіп-өнуіңнің себебі дейді. Егерде, сен оларға қатысты қолайсыздықтар туғызсаң, өзің де сондай жайсыздықтарға жол ашуың бек мүмкін екендігін мысалмен дәлелдейді. Ата-анаңа жақсылық жаса. Өйткені, сенің де балаларың соңыра кімнен туылғаныңа қарай қызмет көрсетеді деп өз ойын одан әрі сабақтайды.

Автор бұл орайда өз ойын мысалмен өрнектейді. Адам – жеміс, ал әке мен ана – жеміс ағашы: ағашты қаншама баптасаң, яғни әке мен анаңды қаншалықты аяласаң, олардың қайтарымы мен дұғасы соғұрлым ізгілікке, жеміске тола болады, сен құдайдың мейірі мен шапағатына бөленесің деп ғибрат айтады.

Автордың әке мен ана, ұл арасындағы қарым-қатынасы жайлы ой-пікірлері өте құнды-ақ. Кітапта бұл жәйт және бір мысалмен әдіптеледі. Айталық, автор өз ұлына ата-анаңа мұраға бола, яғни дүниеге ие болып қалу мақсатында оларға өлім тілеме деуі де өте мәнді. Онсыз да өзіңе тиесілі үлес тиетінін, ал оған қалайда ұмтылғанмен, дүние-мүліктің көбеймейтіндігін, күшеніп, тыраштанып өмір сүрме, күш-қажыр жұмсап өмір сүр деуі жасампаздыққа шақырғандай түйіледі.

Автор байлықты мансұқтамайды. Бірақ мүлкің азайса, ақыл-ойыңды байыт, өйткені байлық ақыл-оймен жақсы деуі, автордың өмірлік тәжірибесі өміршең екендігін көрсетеді. Және де ол ақыл-оймен байлықты табуға болады, ал байлықпен ақыл-ойды байыта да алмайсың деп, қадап айтады. Ақымақ лезде кедейленеді, ал ақыл-ойды ұры-қары иеленіп әкете алмайды, су да, от та ойран етпейді дейді. Сонымен, ақылың болса, бір нәрсеге үйренуді ұсынады автор.

Бір нәрсеге үйреніп, оны бойға дарытпаған ақыл көйлексіз тән секілді немесе түр-түсі жоқ адам сияқты, сондықтан білім алу және сол саланы үйрену – ақылдың болмысы, келбеті деп батыл ой білдіреді.

«Кабуснаменің» алтыншы тарауын білім игеру және оны өз бойыңда молайту мәселесі сөзге арқау болған. Қолынан іс келмеген адам, бейнебір саясы мен панасы жоқ тікенек өсімдік секілді дейді автор. Ізгілікті және атақты адамдар, егерде олардың қолынан еш нәрсе келмесе де, тегі мен әулетінің арқасында өзгелердің белгілібір құрметінен айырылмайтынын, ал тек те жоқ болып, қолдан еш нәрсе келмесе, ең жаманы сол дейді осы тарауда.

Тегің мен әулетің мықты болса да, жеке атағыңды қалыптастыруға ұмтылу керектігін, өйткені жеке атақ мұрагерліктен артық екенін білген жөн деп, құлаққа құя сөйлейді. Құрмет ақыл мен білімділікке көрсетіледі, шыққан тегіңе емес деп, өркениетті ой білдіреді. Мұндайда «Ана даңқымен қыз, мата даңқымен бөз өтеді» деген сөздің жаны бар болса да, адам баласына білімнің, бір нәрсеге үйренудің қаншалықты зор екендігіне айырықша екпін қойылады.

Жаратушы сөйлеу қасиетін беріп, адамды ерекше жаратқаны да атақты Кей-Кабустың білімдарлығын айқындайды. Адам бойында оның жануарлардан он түрлі артықшылығы бар екендігін де бүгінгі педагогикалық, психологиялық ғылымдар мойындап отыр. Кей-Кабус адам денесінде ішкі бес және жасырын бес сезімдер бар дейді, олар: ойлау, жад, елестету, айыра білу және сөйлеу. Ішкі бес сезім, олар: есіту, көріну, иіс сезу, талғам және түйсіну.

Осы сезімдердің қай-қайсысы болса да, адамның болмыс-бітімін биіктететіндігі байқалады. Сондай-ақ, сөйлей білуді үлкен өнерге балайды. Тілге ие болған адамның кемелдігі аңғарылады дейді Кей-Кабус.

Сөзді орынды айт дейді автор, орынды айтылмаған сөз қаншама жақсы айтылса да, барша ажары мен мәнінен айырылатындығына осы тарауда нақты айтылған. Жалған сөзді айтпаған лазым дейді ұлы тұлға.

Сөз өнерінің әралуан қырлары осы тарауда кеңінен талданған. Автор, тіпті, сұрамаса, сөйлеме дейді. Бәлкім, бұл да, бүгінде ескеретін бір жәйт болар. Өйткені, сұраса да, сұрамаса да сөйлеу, осынау бір қасиетке бүйрегіңді бейімдеп тұру, рас, кей-кейде кездесіп тұратын жағдаяттардың бірі екендігі де жасырын емес. Біреуге сұрамаса да, кеңес берме деу де есте тұтар насихат. Тағылымды дәріс. Айтқан кеңеске құлақ салмайтынға айтқан не, айтпаған не? Данышпан Абай да айтпаушы ма еді: «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым. Одан да шықты жаңғырық. Есітіп үнін, білсем деп жөнін, Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас сол жартас, Қаңқ етер түкті байқамас», – деп. Бұдан артық не дерсің.

Әрине, «Кабуснамеде» талас пікірлер, келісуге болмайтын ой тұжырымдары кездеседі. Рас, бұны белгілібір жағдайға орай түсіндіруге болар. Тұрмыстық және жеке мүддеге сай пайдалануға, қолдануға да дұрыс шығар. Өйткені қалай дегенде де қоғамдық, мемлекеттік және жеке мүдде бар емес пе? Мәселен, осынау туындыда автор, егерде біреу жолдан адасса, оған жол көрсетуге ықылас танытпа дейді. Бәрібір еңбегің зая кететіндігін анық көрсетеді. Оған дәлел ретінде мысал да келтіреді. Мәселен, қисық өскен ағашты жонып немесе кесіп қана туралауға,түзеулеуге болады дейді. Бұндай пікірге қалай қарайсыз? Таласып, тартысуға болар. Бірақ өмірде мұндай жағдаяттар аз емес. Өзіңіз және де ұлы Абай: «Мен закон қуаты қолымда болса, адам баласын жөндеуге болмайды деген адамның тілін кесер едім», – деп.

«Кабуснамеде» адамдар арасындағы қарым-қатынастың саналуан қырлары мен терең иірімдері сөз болады. Бұның бәрі де адам баласының мінезі мен іс-әрекетінің, ниеті мен пейілінің тым астарлы, күрделі, құпиялы және жасырын келуімен түсіндіруге болады. Тағы бір Шығыстың ұлы данышпаны Науаи былай дейді осындайда: «Адамдар бар – адамдардың көркі-дүр, Адамдар бар – хайуан одан жақсы-дүр», – деп. Осынау данагөй өлең жолдарында адам баласы әлемінің тек екі тұсы ғана пайымдалған. Алайда, адамзат баласының күрделі табиғатын ашып көрсеткен адамгершілік құндылықтары тым-тым ұмытылыңқырап, назардан тыс қалып, ескеріле бермей, еленбей жатқан осынау уақытта «Кабуснаменің» қайткенде адам болып қалу жайлы сырлы да ғибратты сөздері бағасын жоғалтқан жоқ деп толық айта аламыз. Өйткені, адам баласы қай кезде болмасын өзінің түпкі тамырына үңілмей қоймайды. Ата-бабалар аманаты әрқашанғыдай адам бол деп аманаттайды.

Кітап авторы осынау ғибратқа толы кітапта Пайғамбарымыздың айтқан сөздерін үнемі алға тартып отырады. Демек, автордың ой-тұжырымдарының өзегі ХІ ғасырда ислам өркениеті мен мәдениетінің негізгі ой-пікір өлшеміне айналғандығының белгісі бұл. Сөзіміз жалаң болмас үшін дәлел келтірелік. Пайғамбарымыз былай дейді автор: «Кім жақсылыққа үйретсе, оны өзі істегенінің айғағы секілді. Жақсылық жаса, жақсылыққа үйрет, өйткені бұл өмір-бақи байланыстары үзілмес екі ағайын», – деп бейнелі сөздермен өрнектейді. Рас-ақ. Осындайда қолдан келгенше жақсылық жаса деп отыратын ғазиз қарияларымыз бен кейуаналарымыз көз алдымызға жиі-жиі оралатынын айтсаңызшы. Олар да көзден бал-бұл ұшып кеткелі қашан.

Біреуге жақсылық жасағаныңа өкінбе дейді автор осы тарауда өз ойын одан әрі жалғап. Жақсылық жасағаның үшін марапатты немесе қайтарымды, өтемақысын басқа жаққа кетпей-ақ, осы дүниеде аласың деген ой түйіндейді. Зымыран уақытқа тола заманда, ақ пен қара шарпысып, түрлі түске боялған кезеңде адамгершілік мәселелері жайлы ой кешу, әрине, қиын-ақ. Сапырылысқан тіршілік өз үлесіңді алып қал деп, бәсекелестік өлшемін әрдайым басты көрсеткіш етіп тұрғанда адам баласы ұмытуға тиіс емес адами өлшемдер де бар екендігін есте тұтқан абзал. Әйтпесе, бәсекелестік тұрмыс тым қымбатқа түсуі мүмкін де. Жақсылық жасауда сөз бен істің бірлігі қажет деп кітапта атап көрсетіледі. Жүрегің бір сөз айтып тұрса, тілің басқа сөз айтып тұрмасын деуі осының айғағы. Саудагер секілді бидайды көрсетіп, арпаны сатпа дегенді меңзейді. Халқымызда: «Саудада достық жоқ» демеуші ме еді? Әйтсе де, және де хакім Абай: «Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп, ойлап, мал ізде», – дейді адал еңбекке үндеп. Соны жаңғырталық жадымызда.

Жақсылықты жақсы адамнан да, дұшпаныңның да үйрен дейді автор. Даналықты үйренуге ұмтылуды автор аманат етеді. Ескендір Зұлқарнайын өзіме пайдалы нәрсені достарымнан ғана емес, тіпті, жауларымнан да алам деген сөзін мысал арқылы дәріптейді. Егерде менің ақымақтық іс-әрекетім бар бола қалса, достарым сыпайылықпен оны айтпайды, яки жасырады, ал жауларым дұшпандық ниетпен айттық деп, бұл тірліктің маған мәлім болуы үшін айтып қояды. Сонда мен осынау нақұрыстау іс-әрекетті дереу тиямын дейді ұлы қолбасшы. Демек, пайда достан ғана емес, дұшпан деп жүрген жаннан де болады. Автор сол себепті даналық әліппесін тек данышпаннан ғана емес, нақұрыстан да үйрен деуінің жаны бар.

Адам бойындағы елеулі қасиеттердің бірі – ұят екендігі әлімсақтан аян. Ұят деген категория бүгінде жоғалды деушілер де кездеседі. Бірақ, адам баласы өмір сүріп отырған қауымда, әрине, ұят түсінігі жайлы әр түрлі ой-пікірлер мен ұғымдардың бар болуы табиғи әрі заңды. Автор өмір сүріп отырған ХІ ғасыр ауқымында да бұл сөзге түрлі қырынан келіп, тұшымды түсініктер берілген.

Кей-Кабустың ұят жөніндегі пікірі де өміршеңдігімен есте қалады. Ұят, ұялу деген сөздер, әрине, жақсы. Бірақ, автордың айтуынша, Пайғамбар хадистерінде ұят ұғымы сенімге тиесілі хал-ахуалда өте дұрыс айтылады. Ғибратты да. Бірақ, көбінесе ұят, ұялу адамдарға зиян келтіреді дейді. Қандай мағынада? Ұят – сенімнің жемісі, кедейшілік те ұяттың жемісі дейді автор. Ізгілікке, игілікке қол жеткізуде ұяттың пайдалы және зиянды тұстарын білген абзал екендігін ұғындырады. Игіліктің алғышарты – ұят, зұлымдықтың да алғышарты – ұят депті дейді ойшыл әрі практик Кей-Кабус. Соншалықты ұятшыл болмауды да ескертеді. Бұл өз ісіңе елеулі зиянын тигізетіндігін ашық әрі дәл пайымдатады. Бірақ, арсыздыққа бармауды меңзейді. Тізгінсіз болудан, балағаттаудан, жалған сөйлеуден ұял, ал дұрыс істен ұялма. Өйткені, көптеген жандар ұят болады деп, өз мақсаттарына жетпеген деп еске салады.

Сондай-ақ, білімнің шексіз екендігі осы тарауда терең сарапталған. Еш уақытта болдым, толдым, білімнің заңғар шыңына шықтым, оны кемел игердім деп айтуға, менменсуге, ешкімді елемеуге болмайтындығы да осы тарауда мол мысалдармен айшықталған. Тіпті, ең мықтымын деген дәрігер өзі ауырғанда, басқа бір дәрігерді шақырып, онымен кеңесіп, өзін емдейді дегенді тағылым ретінде ұсынады.

«Кабуснаме» – классикалық шығарма. Көркем шығарма яки құрғақ ақылға негізделген дидактикалық туынды емес, бірақ өмір деп аталатын ұлы көш керуені жолында қажет боларлық бағдарлама, қағидаттар жинағы. Өзі қызық та күрделі, түйінді де түйткілді тіршіліктің түзу жолында да, бұлтарысы мен қалтарысында жиі-жиі кездесетін құпиясы мен жұмбағы талай-талай адам баласын таңырқатып, сергелдеңге салған, басын тасқа да, жастыққа да салған сәттерде пайдасы анық байқалатын асыл мұра. Құнды ескерткіш.

Кітаптың берері мол. Технологиялық ағыны аса айрықша заманда да адамдар арасындағы қарым-қатынасты зерделеу үшін, талғампаз өлшеммен талдау үшін басты өлшем сипатында қолдануға әбден боларлық ақылнама, кеңеснама. Елеп, екшеп, бүгінгі қол жеткен педагогикалық, психологиялық, философиялық және этикалық, тағы басқа да ғылым салалары мен жалпы адамзаттық қарым-қатынас институтын одан әрі өркениетті түрде дамытуға қосар үлесі ерен көне де жаңа, бай да баға жетпес мирас. Соған деген адалдығымыз ешқашан ортаймасын.

МАЗМҰНЫ


беті

Кемел ойдың алыбы............................................................................................3

«Ақсу – жер жаннаты» романындағы суреткер шеберлігі............................22

Оралхан әңгімелеріндегі өр рух.......................................................................66

Әдеби процестің тамыршысы..........................................................................79

Әдебиет мамандығы – мамандықтың патшасы..............................................84

«Ақбілек» – көркем тілмен айшықталған роман............................................88

Шабыты шалқар Шерағаң................................................................................99

Елдік, ұлттық рухты сергіту поэзиясы..........................................................104

Ақын өлеңдеріндегі көсемсөз........................................................................108

Көктеммен көктеген көңіл..............................................................................114

Өлең өлкесінің өрелі өрісі..............................................................................119

Жазушы повестеріндегі көркемдік шындық.................................................125

Өз әлемін жасау – ақын бақыты.....................................................................131

Баубек шығармаларындағы өршіл публицистика.......................................135

Поэзия өзегі – тәуелсіздік...............................................................................140


Ұлы Шоқан шырағы........................................................................................147


Қайыпназар Әйтпенов – елдік пен бірліктің жыршысы..............................150

Ақын мен сазгер бір өзі...................................................................................156

Абай жәуанмәртлік сипаттары хақында........................................................158

«Кабуснаме» – өмір сүру қағидасы...............................................................162



Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ
КӨРКЕМ

ӘДЕБИЕТ

КӨКЖИЕГІ
(ғылыми-әдеби зерттеулер)

Редакторы: Айгүл Каюпова

Корректоры: Адиса Нұрғали

ISBN 9968 – 15 – 165 – 7


Кітап дайын компьютерлік терім бойынша басылды.


Басуға 17 наурыз 2016 жылы қол қойылды.

Офсеттік басылым. Пішіні 60Х90

Шартты баспа табағы 10,5

Таралымы 1000 дана

Тапсырыс № 86

Кітап ЖШС «Баспаөнім» орталығында басылды.



050012. Алматы қаласы, Жандосов көшесі 14.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет