Ал Бекет болса, үлкен адамдардың жанында көп жүрсе де, олардың бүкпесі мен ішкі қатпарларына мүлдем араласпаған. Сол себепті де олардың қай қырынан шықсам екен деп, тартыншақтап жүргені. Жол бойында да Бекет Сиғатқа, сөйтіп, лайықты серік бола алмайды. Бойын одан үнемі аулағырақ ұстаумен болады. «Әкең болса да, сырын алмағанның қасында сыпайы серік болғанша, ит те болса таласып жығылатын ұяласқа не жетсін! Бірақ Бекетте сол ұялас бар ма?» деген авторлық баяндауда Бекет мінезінің табиғи шындығы аңғарылады. Сиғат директордың сөздері де кесек, ірі әрі нық. «Қара басының қамына бола мал жиған, төрінде береке тұрмайтын, түзде жұртқа симайтын тексізге жаның ашымасын!» деуі, Сиғаттың өмірді көп көріп, көңілге көп түйгенінен деп ұғынамыз. Сондай-ақ көпшіл мінезін пайымдаймыз.
Өр Алтайдың табиғаты да жазушы суреттегендей ғажайып. «Тас түбінен атқылаған Әулиебұлақ кішігірім өзендей, иек артпаға дейін күңгірлеп барып, құзға құлаған соң, шатқалды дар айырып жыртып жатыр. Елі момын, желі тентек, желінен бұлағы тентек, тауынан жазығы биік ғажап өңір. Айнала төрт құбылаңда көзге ілінбейтін бір қалтарыс жоқ. Теңіздің толқынындай өркеш-өркеш болып көз ұшына қаша беретін сеңгір таулардың шығыс жақ төрінде Мұзтаудың шошақ шатыры жалтырайды..» Ия, бұл заңғар Алтайдың, әйгілі Мұзтаудың таңғажайып суреті. Атақты қаламгерлер Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкейдің туып-өскен Алтайы мен Мұзтауының еңсесі биік өрнекті сөздермен кестеленген кестелі портреті.
Ақсу – жер жаннаты. Роман атауы секілді бұл дүниедегі жаннат мекеннің тірлігі де, адамдары да өмір-бақи, тіпті, екі дүниеде де өздеріне жұмақ бұйырғандай еңселері биік әрі тік мінезді. Өр әрі өршіл. Керек десеңіз, ғибратты әңгімелері де өздерін ерекше сездіретіндей сыңайда. «–Таңда мақшарға екі адам барған екен, – деді Сиғат сөзін ауыл арасының анекдотынан бастап. – Бірі – жер жаннатында, екіншісі шөлде өмір кешкен екен. Әуелгісіне жұмаққа жолдама беріп, кейінгісін тамұққа қуыпты. Әлгі байғұс: япырай, ғұмырымның өзі тамұқта өтіп еді, өлгенде де маған жұмақтың бұйырмағаны қалай десе, жолдама үлестіріп отырған қу: оқасы жоқ үйренген тірлігің ғой, ол тозақтан бұл тозақтың айырмашылығы шамалы депті. Соған қарағанда, о дүниеде де адамды жеріне, мекен-тұрағына қарай сұрыптайтын көрінеді. Сұрыптағанда да тірлікте кешкен тозағы есепке алынбаса керек.» Әрине, бұл – аңыз әңгіме. Әйтпесе, халқымыз ғұмыр кешкен ұлтарақтай жеріміздің әрбір тұтам тұсы мен ұлан-байтақ өңірі – қасиетті, қастерлі. Ешкімге беруге де, айырбастауға да болмайды.
Роман кейіпкерлері жалғыз ғана орман кәсібінің иелері емес. Олар Алтай орманының мінезі де әрқилы екендігін жақсы түсінеді. «Манағы қоңыр жел ызғырықтатып, бағытын өзгертіп терістен суырды. Екпіні бұрынғыдан қатаймаса да сеңгір таулардың қатпарына ілесіп, жал-жал болып жатқан қалың орманның төбесін теңселте бастапты. Ағаш басы шулап, Алтайды күңіренте алыстан жеткен бір сарынның күрсінісі құлаққа үрейлі естіледі. Көз қарыған ашық күнде мұнысы несі дегендей Бекет аспанға қараған.»
Сиғаттың айтуынша, бұл мамыр айының екінші жартысы болатын құралайдың салқыны. Құралай төлдейтін кез. Орманшы болғың келсе, мұны білу қажеттілігін ол Бекетке ескертеді. Демек, табиғат пен адам әрқашанда егіз. Сыңарын іздегендей екеуі бір-бірінсіз ғұмыр кеше алмайды. Тіршілік етуге жарамсыз халге ұшырайды.
Романда орман тіршілігіне тән танымдық сипатқа ие эпизодтар жиі кездесетіндігін және мына бір үзіндіден шынайы байқалады. «Сен ағаш басына қарадың ба? – деп Сиғат тағы да таяғын шошайтты. – Анау бір топ қара шырша үйездеген малдай бір-біріне бұйығып өсіпті, бірақ түбі мал болмайды, өйткені тым тығыз, қорегі аз. Ал бір қарағайлардың батыс бөктері мәстек әрі жалды, ық жақтағысының бойы сұңғақ та өрімі сирек. Демек, құрылыс материалына жатпайды. Одан бергі қайың мен теректердің ұшар басы, теріске қараған бұтақтары қурап қалған.» Осынау көріністер орман әлемінің өз құпиясын, сырларын паш етіп тұрғандай түйіледі.
Орман шаруашылығының бас инженері Сан Санычтың бейнесін суреттеуде жазушы нағыз суреткердей оны жан-жақты әрі тұтас қалыпта оқырманның көз алдына анық елестете алған. Мәселен, оның бір сәттегі бейнесінің өзі оның толық бейнесін сипаттағандай әсерде қалдырады. «Шашы жирен, сақалы жез, түксиген қап-қара қалың қасы күзге салымғы сарғайған тоғай ішіндегі қара самырсындай бөтен, ала-құла жыныстың ортасындағы түпсіз көлшіктей қос жанарыңда сыртқа шыға бермейтін тұнып жатқан бір жылылық бар. Аласа ғана мығым денесіне қазандай басы үйлеспейді екен. Өз жұртының қыс шана, жаз арбаға жегіп, кіре тартсаң да, қиға салсаң да көне беретін көмпіс жуан керігіне ұқсаған.» Мұнан өзге қандай суреттеу қажет. Адамды өзі тіршілік жасаған табиғатпен, өзіне тән ерекшелігімен салыстыра суреттеудің шебер тәсілдерінің бірі ретінде қабылдауға бұны әбден болады.
Романда кеңестік кезеңде тек қана жоспар, есеп үшін атқарылған іс-әрекеттер өткір суреттелген. Шаруаны елдің, жердің ыңғайына қарай аудандастыруды білмейтін, дақпыртпен, айғай-шумен семірген жұрттың тірліктері де қаламгер назарынан тыс қалмаған. Оны директор Сиғаттың өзі де жақсы біледі. Бірақ жоғарыға қарап жалтақтау, олардың айтқанын екі етпеу оған да тән қасиет. Әйтпесе, ол өз кәсібінің шебері. Өз тірлігін білердей-ақ біледі.
Өз ісінің білікті маманы, білгірі саналған Сиғат былай дейді: «Әңгіме сол жерді қалай пайдалануда емес пе. Әлгі айтқан он шаруашылықта қой да, сиыр да, жылқы да, шошқа мен егін де бар. Бұған бір кезде бұғыны да араластырып былықтырды. Соның бәрі тек ырымға, есепке ғана. Әйтпесе, жыл сайын үштен бірі қырылатын, жүзден елу қозы беріп, жүні бұтаның басында қалатын қойдың кімге пайдасы бар? Не ет болып, не сүт болып жарытпаған сиырды баққанмен кімді ақмұрт қылады? Аздаған шабындық пен жайылымды бұзау байлайтын жер қалдырмай айдап тастадық. Ал оның өнімі, түсімі ше?.. Біздің бүкіл ауданның астығы тың өлкесінің бір совхозымен салыстырғанда ешкінің тебініндей-ақ. Сол үшін қыруар техника жинаудың қанша қажеті бар? Көктемде бірер күн, күзде бірер жұмыс істеп, жаз жаңбыр, қыс қардың астында босқа шіриді.»
Кеңестік жүйе жылдарында мұндай-мұндай орашолақ, келеңсіз жағдаяттар, аз болмаған. Науқандық іс-шаралардың жаппай белең алғандығы жалпы елдің өмір сүру қалыбы мен оның экономикасына, экологиясына кері әсерін аз тигізбеген-ді. Автор, мінеки, осы жәйттерді қаламгерлік, суреткерлік шеберлікпен оқырмандардың жадында жаңғыртқан. Шешен тіл, құнарлы сөз орамдары мен көркемдеуші тілдік элементтер романның көркемдік деңгейін биіктете түскен.
Адамның табиғатқа тигізген кесапаты туған табиғаттың көркем болмысының реңі мен тұтастығына кері ықпал жасаған. Романда осынау шындық та ешбір боямасыз көрсетілген. «Екі жүз шаршы шақырымның орманын отап тастап, енді шыбық шанши алмай отырмыз. Жердің рельефі, топырақтың нәрі өзгерді, өзен суалды, орманның орнын арам бұта басты да, ылғал кеткен соң, кешегі жайылым қу тақырға айналды.» Жерге, топыраққа бей-берекет қараудың нәтижесі осындай.
Романдағы кейіпкерлердің бірі – Әбдіжапар. Ол да орманшы. Бірақ Сиғат директордың айтуынша, ол бір есептеп тозған адам. Күні тозған. Сондықтан да қайырымынан гөрі қаскөйлігі алдында жүреді. Айтқанды бұлжытпай орындайды. Керекті нәрседен гөрі қажетсіз тірлікті орындауға құмбыл. Түйені түгімен жұтуға әзір. Кісілігі де жоғары. Адам баласының өз болмысы, ішкі әлемі, бүкіл болмысы шынында да таңғажайып. Роман кейіпкерлері тың көріністерімен, жаңа қырларымен есте қалады. Адамзат баласы жаратылғалы бері адам баласы өзгеше иірімдерімен, ерекшелігімен таң қалдырып келеді. Адамды жасау, адам болып қалу қалыбы әлі де жетілу үстінде екендігіне осынау туынды оқиғалары мен кейіпкерлер бейнелері айқын дәлел бола алады.
Алтайдың орманы да ерекше. «Мың ағаш кесілсе, оның бодауына он-ақ шырпы қадалады екен. Оның үстіне Алтайдың ағашы да кінәз, тұқымынан болмаса, көшеттен көбеймейді. Топырағы да кірпияз, қарағай мен кедірден басқа шырша, самырсындарды қабылдай бермейді. Биіктен жоғалтқан орманның гектарын ойдан толтырмақ боп леспромхоз аздаған шабындық пен жайылымды айдап тастап боз шырша егіп еді, құр жер тарылтқанмен қоймай, ол да төрт-бес жылдан соң қурап қалып жатыр». Замана ағысы, өркениеттің техникалық қуатының артуы, адамдардың табиғатпен есептеспей, оның заңын өрескел түрде бұзуы, әрине, табиғи тепе-теңдікті бұзды. Жер де, орман да тоза, бүліне бастады. Автор осынау романда соны меңзеп отыр. Айтпағы да сол.
Орманшы Бекет ну тайгада қызмет жасай жүріп, өмір-тіршіліктің сан алуан иірімдерін, талай-талай қалтарыстарынан өте бастайды. Өзі бастан кешпеген өмірдің әлі де алда талай-талай асулары тұрғандығына көзі жетеді. Өз мақсат-мұратына жетуі үшін, өзі ғұмыр кешкен тіршілік атаулысымен үйлесімді өмір сүруі үшін алдағы уақытта жеке басындағы тірлігінен бастап, оған сан рет түзетулер мен реттеулерді жасау қажеттігін сезеді. Өз басына тым болмағанда сөз өнерінің қонбағанын да түйсінеді. Төңірегіндегі жолдастары секілді дастархан басында отырғанда киіп-жарып кете алмайтын мінезіне де кейиді. Бұл мінезді ендігіде өзгерту керектігін жақсы ұғынады.
Автордың Бекет бейнесі арқылы берілген поэтикалық баяндауы поэзия тіліндей көркем оқылады. Көңілге жылылық ұялатады. «Бекет дастарханға әрең отықты. Қысылып отырып та қыздан көз жазған жоқ. Шынында сән десе сән екен. Әлгінде ғана ыдыс-аяқтың қасына сырғып қалғанына қорланып еді, енді тізе түйістіре бойжеткенмен қатар отырғанына іштей разы болды... Иығында жатқан сағыздай сап-сары шашы ыдыс ұсынып еңкейген сайын уыздай алқымын, ұлпадай бет-жүзін қайта-қайта жұрт көзінен көлегейлеп, шымылдықтай берді. Манағы еркекшора киімі талдырмаш дененің талай қызығын жасырып қалған екен. Тіпті, шолақ етіктің қонышы да, тоқ балтырға қасақана жетпей қалған секілді. Алжапқыш ұстаған тік жағалы тоқыма көйлек омырау мен жұп-жұмыр мойынның әдемілігін әдейі ашып тұрды.» Жас бойжеткенге тән жарасымды сұлулық пен тазалық, пәктік пен мөлдірлік аңғарылады осынау поэзияға бергісіз поэтикалық авторлық баяндауда.
Романдағы кейіпкерлер дүниесінің әрбірі дара бейнеге ие. Атап айтқанда, жылқысын қарайлап жүретін Сәнді алалық. Ол – өзіндік бейнеге ие жан. Өзге біреулермен ешқашанда шатастыра алмайсыз. «Ес білгелі еркекше киініп, ерден түспеген жылқышының жалғыз қызы қысы-жазы қиыр жайлап шет қонған жалғыз үйдің қызығын әлдеқашан тауысқан. Қайғырса қабағы бұзылмайтын, қуанса ағынан жарылмайтын, ошақ басының апшысын қуырып, өз тәкаппарлығын өзі қызықтаған өзімшіл әкеден басқа ешкімі де жоқ. Онда да әкелік пейілін малданғаны болмаса, мейір күткен емес. Көпшілдігі жоқ, кекшілдігіне еріп жорға атанамын деп-ақ ығыр болды. Жұрт ыққа бұрылса, желге қарайтын қырсық шал өз кесірінен етегін былғағаннан басқа тапқан мұраты да шамалы.» Осынау авторлық баяндаудың өзінен-ақ Сәннің әкесі өзімшіл, өркөкірек, кісікиік болған мінезін жаңылмай танисың. Және де автор бейненің соны әрі тың тұрпатын жасаған. Таптаурын, үнемі қайталанатын, құлаққа сіңісті сөздер мен сөз тіркестерін мүлдем пайдаланбаған. Кейіпкер бейнесі өмірдің өзіндей шынайы, таныс һәм жаңа. Сонымен, жылқышы қыз Сәннің әкесінің мінезін ат көтергенмен, жұртқа сыйымы жоқ өзінше тәкаппар бейне.
Қырсық та қыңыр жылқышы шалдың қызы Сәннің сезімтал да сергек, өткір де шешен сөздері де оқырманды бейжай қалдырмасы хақ. Мәселен, ол орманшы Бекеттің арам адам қандай болады деген сауалына берген жауабы да қызыл сөзге құрылған тақпақ сөз емес. Иірімі терең, қатпары қалың, астары мол тағылымды қысқа да нұсқа әңгіме секілді қабылданады. «Ұрсаң тоқпақ, кессең пышақ батпайды. Жолы жеңіл. Тасы тауға домалайды. Аттың жемін жеп тұрып, есектің ақырынан да жеркенбейді. Қашанда жылы-жұмсақ, жылы орыннан үміткер. Оған кесір болатын соңғы мінезі... Дос жаранның уайымы қабырғасына батпайды. Жар сүйіп та жарытпайды. Бұған да өзі кінәлі...»
Романда тағылымы мол өмір дәрістері дерлік эпизодты ой-монологтар жеткілікті. Соның бірін оқырмандар назарына ұсыналық: «Әлдіні әлдебір әлжуаз итше тепкілеп жатса, әділет пе жоқ па, көзі жетпесе де, былайғы көп пенденің жаны кіріп, айызы қанатыны несі? Осының бәрін мықтының бағын, жақсының сағын сындырудан туған қызғаныш еместігіне кім кепіл? Кейде «білімсіз бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген пәлсапаның да ботасы теріс. Әйтпесе, «мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» – деп ақын неге жылаған?.. Одан беріде көп ит жабылып, көк итті талағанын талай көріп жүрген жоқ па...» Өмір-тіршілікте мұндай керағар көріністер, шыны керек, аз болмаған. Автор осынау ой-пікірді көркемдік-философиялық биікке көтерген.
Жалпы алғанда, романда адамгершілік, адамзат қоғамы, адамның орны, адами құндылықтар жайында шертілер ой, философиялық тұжырымдар мен пікірлер жиі ұшырасады. Адами ұстанымдар мен көзқарастардың алмасуы, адам жанының, рухани әлемінің ала-құла көріністері ашық түрде суреттеледі. Табиғат экологиясын бұзумен біргелікте адам әлемі экологиясының үйлесімсіз күйге ойысуы, рухани дүние орнына материалдық дүниенің басым түсе бастағаны байқампаз қаламгер қаламынан сырт қалмағаны ойлы оқырманға, пайымды көңілге мықты суреткердің шеберлігін бірден-ақ аңғартады. Мысал келтірелік: «Ақша... адам орнына ақша, бала орнына ағаш жинайтын да мода болды-ау. Бұл Мешел бұдан жеті жыл бұрын Бекет Алтайға келгенде дүние терген тайганың қоңызы еді. Жұрт жылына бір дүркін қаңғып қайтып оралғанда бұл орманнан аттап шықпапты. Өлсе сүйегі орманда қалатын шығар.» Өз өмірінде ну орманнан өзге ештеңеге алаңдаулы болмаған орманшы Мешелдің болмысы осылай өріледі. «Сыйлаған екенсің, бәсекелесіңнен тым болмаса, түкірігің озсын, жалтақтап, қалтаңның түбіне қарама. Жұрт мысыңды танып табынбаса да, қалтаңды көріп бағынады», «Бедел мен бақытты биліктің қамшысы әпереді деп жүрген кім, өзі?!» Мұндай жеке-дара сөйлемдердің астары, айтар ойының салмағы бекем әрі терең. Ойлы оқырмансарабдал санасына едәуір жүк артады.
Романда бір орыннан табжылмай еңбек етіп жүрген орманшы Мешел, сөзге қонақ бермей сөйлейтін тақпақшыл Бескемпір, жүзі жадырамайтын тасқабақ Жақыптың бейнелері өміршең. Сенімді. Табиғи. Кейіпкерлердің ат қойып, айдар таққан есімдері де өмірдің өзінен ойып алынған.Олар – кепкен шал, Мешел, Ойжанымай және тағы басқалары.
Соғыс кезінде балалық шағы өткен Бескемпірдің өмірі күні кешегі қазақ ауылындағы балардың тағдырымен тағдырлас. Еншілес. Сол кездегі балалық дәурен бәріне ортақ болғандай романда көз алдыңда елес береді. «Соғыстың сұрапыл жылдарында майданға кеткен әкелерінен бір жапырақ хат күткен өңкей жетімектер осы бағандарға жабыса қалып, тым болмаса бір ауыз бірдеңе жеткізер ме екен дегендей «әлө, әлө» деп таспен қойғылап жататын. Көп жетімекке, көп бағандардың не айтқанын кім білсін, әйтеуір, өз құлағында қалғаны боздаған осы бір қоңыр үн. Ақ түтек боранда ащы зар, сырмалы сары аязда үскіріктің ызғырық ызыңындай болып естілетін. Күні бүгінге дейін құлағына серік болған көп ызың, қаздиып-қаздиып келіп, шағын ауылдың іргесінен таусылатын телеграфтың көп бағандарынан қалған сияқты.» Осынау мәтіндегі сөйлемдер тұтастығы балалық шағын соғыс өрті отап кеткен өткен ғасырдағы 40-жылдар жасөспірімдерінің әкеге деген сарғайған сағыныштарының табын аңғартқандай сезіледі. Бұл Бескемпірдің ауылда жүрген кезі. Он үш, он төрттегі шағы.
Романда Бескемпірдің әкесі соғысқа кеткенде анасының жадау тіршілігі авторлық баяндау және шағын эпизодтар арқылы суреттелген. Жалғыз ұлын қайтсем өсіремін, қалайша әліқұлыққа жеткіземін деп, өмірдің саналуан иірімдеріне көндігіп, нәзік жаны тым-тым қатуланып, қатыгезденіп кеткен анасының бейнесімен танысамыз. Анасы Бескемпірге еш уақытта көз жасын көрсетпепті. Қаншама қиналса да, ұлына бірде-бір рет налымаған. Көңілінің түскенін байқатпаған. Өкінішті жәйттердің өзін қалыпты жай сипатында білдіруден ешқашанда танбаған. Оған мына бір мысалдардың өзі жеткілікті секілді. Ақсу мен Қарағайлы арасы алпыс шақырым. Осы екі ортада бір әйелді баласымен қасқыр жеп кетіпті дегенде, анасы: «Жесе жеген шығар, бір қатын дүниенің кетігін толтырмас!» депті. Қатал тағдыр, қатыгез тұрмыс нәзік жан иесінің де санасын қатайтып жібергені, шыны керек, шынайы өрнектелген.
Романдағы Масақбай шалдың сараңдығы да жазушы шеберлігінің арқасында тың әрі соны суреттелген. Өрнекті, кестелі сөздер табиғилығымен ерекшеленеді. «Әбдіжапар Масақбайдың өз бағасын өзі бұлдап отырғанын сезді. Енді екі-үш дүркін айналдырып соқса топ етіп алдына түсетінін де біледі. Тек ол үшін қармақ керек. Шабақ болса да, аузы үлкен неме Шортанның жеміне ұмтылатын ашқарақтығына да қанық. Дүниенің төрі тұрмақ көріне жете алмай отырғанда мал жиып, көң тепкен тауықтай қоқырдан дән іздеген байқұс кигізген китке разы болмай, жалғыз қызын барған жерінен қайтарып алған да өзі. Ырысы кететіндей есігінің көзіндегі тезегін де тексеріп лақтырып, қараулықтан қара суды да қасықтап берген сараңның шіренуін қара!» Сараңдықтың психологиялық бейнесі қаламгердің көркем де кестелі сөз өнері арқасында өткір әрі шиарқ бейнеленгенін осынау үзіндіден айқын аңғаруға болады.
Адам мінезінің қитұрқы иірімдерін суреттеуде жазушы кейіпкерлерді табиғи бейнелейді. Мешел, ендігіде оның есімі Жәмилаға үйленерде Қобыланды аталады. Орманшы Бекет орман шаруашылығына директор болып кетеді деп қауіптенгендіктен, оның үстінен арыз жазылады. Жала жабылады. Тергеуші осы орайда Мешелді айналдырады. Өлмелі кемпір-шалдың қызы Жәмиланы айдың күні аманында Бекет алып қаш деп азғырған еді деп айт дейді. Сөйтіп, жазбаша қол қойып беруін сұранады. Бірақ Мешел ондай жымысқы іс-әрекеттің адамы емес-ті. Адалдықты назарда тұтқан ол тергеушіге қол жұмсап, он бес тәулікке жабылады. Ақылға салып тірлік жасау орнына, санасыз сезімнің жетегінде кетіп, заңсыз тірлікті жасайды. Алайда, оның адам баласының амал-айласы қиямпұрыс, қитұрқы болатындығы жайлы сөздері оқырманды еріксіз ойлантады. Ол былай дейді: «Көрінеу көзге біреуді жығып беріп көрген күнім құрысын!.. Өзі де бір табанын жалаған қу екен, майлы ішектей айналдырып әкетіп барады. Шынында, саған келер-кетері жоқ дейді. Өлмелі кемпір-шал дау қуалап жатпайды, қызын ал да қаш деп айтақтаған Бекет еді десең болды деп, миымды жегені. Ойпырмай, тіпті адамды сөзден жаңылдырады екен.» Рас, мұндай таныс-бейтаныс бейнелер өмірде аз кездеспейді. Әйтсе де, кейіпкерлік бейне тұрғысынан алғанда, мұндай тұлғалардың көркем бейнеленуі өмірдің тым күрделене түсуінен дерек береді.
Мешелдің де балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келеді. Анасы Мәрзия жиырма жасында Мешелмен бірге жесір қалады. Туғанда денесі толық болмағандықтан, ел-жұрт бұны Мешел деп атап кетеді. Төлқұжатына да дәл осы есім жазылады. Анасы жалғыз көзді өгей әкені бұған келіп таныстырады. Одан екі іні, бір қарындасты болады. Анасы осынау бала-шағаларын өсіремін, қатарға қосамын деп жүріп, тым ерте дүниеден өтеді. Күні үшін, яки жесірліктің қажытқанынан болар, өзі тиіп алған күйеуінен ешбір қайыр болмайды. Ол қаңғыбас, араққа бір табан жақын әрі әр жерде бір бала-шағасы бар бейдауа жан болып шығады.
Он жасына балта, он үш жасынан шалғы тартқан Мешел соңынан ерген жетімектердің аш қалмауы үшін орман шаруашылығында еңбек етеді. Соңыра балалар үйіне табыстайды оларды.
Олар алды әскерге барып, үйленіп те үлгереді. Бірақ Мешелмен қайта қауышпауы, бұны іздемеуі оның көңіліне қаяу түсіреді. «Жеткен соң, «аға, қалың қалай?» – деп бірде-бірі іздеген емес. Қазақтың «Аға – бор, іні – тас» дейтіні осы жолы қалт кеткен жоқ» деген авторлық баяндау Мешелдің ішкі психологиялық әлемінен едәуір сыр ашқандай сезіледі.
Мешел анасы Мәрзияның бұл дүниеден ерте кеткеніне де қуанады. Өйткені, тірі кезде-ақ сәлемнің өзін дұрыстап бере алмайтын ұлдардан не күтуге болар еді дейді. Таршылықтан, жоқтықтан ынжық болып өскен Мешел жасы қырыққа жеткенде ғана үйленеді. Оның бейнесі – дүниеге келген бойда бақытсыздық атаулысы қыр соңынан бір елі қалмай, өмір бойы өзімен серік болған жоқшылық салдарының сор маңдай бейнесі.
«Ақсу – жер жаннаты» романындағы екінші бөлім де өр Алтай өңіріндегі әрдайым болатын шыбынсыз жаз мезгілін суреттеуден басталады. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін желігі мол жаздың ғажайып кереметіне мәз болған сәттер. Жазбен бірге марқайып, көңілі көкте жүрген ел-жұрт. Бәйге жарысы, көкпар тартысы – оқиғаның бояуын қалыңдата түседі.
Жылқышы Шерубайдың бәйгеге қосқан аты оншалықты мықты болмаса да, ары мен намысы жоғары болғандықтан, келер жылы болатын бәйгеден құралақан қалмайтындығына иек артады. Шерубайда да бақ болған. Бақ құсы қонған кездер кездескен. Қонған бақтың алғашқы ырымы – тоқалы Әсем мен оның дүниеге әкелген төрт ұлы еді.
Шерубай маңдайға жазғанға қанағат ететін жан-тұғын. Сондықтан да бұндай психологиямен жаман тіршілік те жасамаған-ды. Өзгенің бақытын малдану, біреудің малына бас ұру, атақ-даңқын жамылуды өзіне қорлық санайтын. «Бақ қонбайтын адам жоқ, соны басып отыратын бөксе керек» деген пәлсапаны де білетін. Ал өз еркімен келмеген бақты қашанға дейін басып отыру керек, оның кімге қажеті бар деп реніш те білдіретін. Сондай-ақ қонған бақты әрдайым басып отыру керек болса, онда бақ та баянды емес-ау деп, толғайтыны да бар-ды.
Жайдары жаз күндерінің бірінде қиыр жайлап, шет қонған жерде ел-жұрттың басы бір жерде қосылып, табиғатты қызықтап, бір-бірімен көрісіп, жүздесіп бір жасап қалады. Ұл өсіріп, қыз баққан, келін түсіріп, қыз ұзатқан елдің ен жайлаудағы емен-жарқын отырысы қазақы тіршіліктің текті тағылымындай әсерге бөлейді. Сарқыт кемпір мен Шерубайдың тоқалы Әсемнің арасындағы сөздер қақтығысы, жарасымды сөз шарпысулары халқымыздың сөз өнерінің әлі де жұтамағандығын автор шебер тілмен өрнектеген.
Кеңестік жүйе кезінде 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде ата-ана мен өз перзенттерін бір-бірінен алшақтатып, ағайын-туыстық қатынасты біржолата аяқасты етуге бағыт алған шақтар да болғандығы романда бірсыпыра айтылады. Тарихтан хабардар оқырман бұл жағдаяттардан, әрине, хабардар. Мінеки, Шерубай өз жиені Бескемпірге осынау шақты ашып айтады да. «Қиыр кетіп, шет жайлап, бірімізден-біріміз адасқан кез болды. Оған мен де, жиенім сен де кінәлі емессің!.. Тұрымтай тұсында деген уақыт та. Ағайыннан безіп, аталасты жасырған шағымыз өтті.» деуінде уақыт табының өшпес, ұмытылмас шындығы жатыр.
Романда ұлттық болмыс, оның бүгінгі сыр-сипаты жиі көрініс тапқан. Қазақтың домбырасы жайлы жылқышы Шерубайдың айтқан сөздері осынау ұлттық аспапқа деген үлкен ілтипатты да сездіреді. «Домбыра концерттің көңіл ашар ермегі емес, әркімнің көңілбасары емес пе, күй шіркін құлақтың ғана емес, көкейкесті үні еді ғой...» деуі, сөзімізге дәлел болады деп ойлаймыз.
Жайлаудағы адамдардың есірік көңілі, әрқайсысының әртүрлі көңілі, көксеген ниеттері, мұңсыз да мұңды тірліктері, өзін-өзі пайымды оймен, жан сергітер сөзбен демеп, жүйке қажытар пейілмен өзін-өзі жегідей жеген орманшы Асхат бейнесі, әрбірінің мінез-құлқы бір-біріне ұқсас болғанымен, бетпе-бет қалғанда жеке-дара. Өзгеше. «Біреудің базарын бұзып, назарын алғанда, шыққан қарағайдай мүйізің, қопа қардай бөркің қайсы?! Бүлдіруге келгенде алдыңа арамнан да жан салмайсың-ау!..» Асхат бейнесі өзін-өзі талқыға салғанда дәл осылайша түйіледі.
Романда өр Алтай өңірінің адамдары өзіндік болмыс-бітімімен, тіршілік ерекшелігімен айшықталған. Табиғаты айрықша, орманы ну өңір адамдары да оқырман жадында жатталып қалады. Қаламгердің тілі құнарлы, нәрлі. Сөз өрнектері, сөз тіркестері және бейнелеу құралдары тым қуатты. Серпінді әрі үйлесімді.
Қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан жазушы Қалихан Ысқақовтың прозасы ерекше. Тілдік ерекшелігі өзі туып өскен өңір секілді қоңды, құнарлы. Тамырын тереңге жіберген қарағайлар мен самырсындар секілді орнықты орналасқан. Әр сөзін оп-оңай жұлып тастай алмайсың. Өміршең. Баянды. Байыз тапқан. Өр Алтай топырағы сияқты төл қасиетке ие. Басқа аймақтың тілдік өрнектерімен алмастыра, шатастыруға әсте мүмкін емес. Рас, бұл орайда өзгелерді өгейсіту, шетқақпайлау еш көңілде жоқ нәрсе.
Жазушы романында кездесетін «Кедейдің сөзі өтпейді, кері кеткеннің бөзі өтпейді» деген өмір философиясы халқымыздың «Байдың айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген ұлағатты сөзімен ұқсас келетіндігін атап өтуге болады. Өмірдің, тіршіліктің саналуан қырларын көркем де келісті, өрнекті де өрелі сөздерімен айшықтаған аталы да, ғибратты сөздер төл топырақта аз емес. Бұлардың бәрі дерлік жай әншейін ұйқас негізінде алынған да емес. Туған тіліміздің сөздік қоры, оның орамды тіркестері, терең де текті ой ағымдары өмір-тіршіліктің қай-қай иірімдері болса да, бейнелеп айтуға, жүрек арқылы тікелей өткізуіне мүмкіндіктері мол екендігін пайымдатады. Ия, барлық не істетпейді. Не дегізбейді. Жоқтықтың істетер, дегізер ауқымы жасампаздыққа, жомарттыққа тұсау салады. Кісендейді. Өмір бойы жарымай өткізеді. Ең жаманы осы.
Әсіре белсенді жанның бейнесі де романда шебер суреттелген, көркем сөзбен ғажап әдіптелген. Автордың төл тілімізді кестелі айшықтармен бейнелеуі оқырманның жанын жадыратады. Суреткердің сөзбен суреттеген осынау кейіпкері бәбісектің айдарындай үрпек бас жігіттің шипың байталға ұстағаны жеңді білектей жуан қамшы. Ал сипаты – бір сөзді екеу, екеуді екі есе қылып жеткізетін шауыпкел деп, қаламгерлік шеберліктің үлгісін танытады. Соз өнері мен сөз киесін жазушылық тағдырына бағдар еткен өр Алтай өңірінің перзенті, шыны керек, көркем сөз әлеміне әрқашанда адал болғанына тәнті боласыз.
Жылқышы Шерубайдың бейнесі романда тыңғылықты суреттелген. Оның жомарттығы – жолында, қалжыңы – қанжығасында, қатігездігі – қас-қабағына ере жүреді. Авторлық баяндауда Сиғаттың көзқарасынша Шерубай сондай жан. Тоқалы Әсем күйеуі Шерубайдың көңілінен шығып қана қоймай, жалпы көпшіліктің бәріне ұнаған кейіпкер. Шерубайдан «Жарты жас кіші бола тұрып, шалына әрі замандас, әрі сүйеу, шаңырақтың әрі анасы, әрі аспазы, от ауызды тоқалдың бірі ошаққа емес, бір елге ұнауы Сиғатты емес, тегі бөтен жұртты да тамсандырды.» Әсем сондай-ақ, дүниеге төрт ұл әкелген абзал ана. Ағайын, ауыл-аймақты, жат болған өзгелердің өзін қас-қабағымен сүйсіндірген жан. Өз шаруасына пысық, қазаны қашанда пісулі әйел өз күйеуі Шерубайдың өзін тәкаппар болуына да әсер еткен. Романда Әсемнің мінезі табиғи әрі сенімді түрде бейнеленген.
Күрделі бейненің өзі өмір секілді саналуан, санқырлы, терең иірімді. Жылқышы Шерубай қартайған шағын кең жайлаудай кең емес хал-ахуалға түскекнін, ендігіде бүкіл өмірі бір-ақ құлаш жаялықтай сезінгенін жазушы шебер суреттеген. Шерубай киіз үйдің түндігінен төбеге көз салғанда, көлемі жаялықтай көк аспанды байқайды. Осынау көрініс өзінің ұлғайған жасын көз алдына елестетеді. Бұны авторлық поэтикалық баяндау арқылы оқырман жете түсінеді. «Кәріліктің өрісі жайлау емес, жаялықтай болса керек, жаялықтай қусырылған дүниеге кәріліктің басы болып қырсық кіреді екен, жұрттың емес, өз қырсығың, – мінез қырсығы, қызғаныш қырсығы, өткені бар, кеткені бар жарық дүниенің өкініші.» Шерубайдың тағдырында қырсық атаулысына тиесілі анықтауыш сөздердің бәрі де уәжді, дәлелді-тұғын. Авторлық баяндауда солардың бәрі дерлік дөп басып көрсетілген.
Шерубайдың өмірлік ұстанымы да елдікке негізделген халқымыздың бойындағы менталитетке бағытталған. Содан бастау алғандығына көзіміз жетеді. Автор бұны сөз өнері арқылы көркем өре білген. Өйткені ұрпақ тәрбиесінде Шерубай осынау халықтық педагогиканы өзіне бағдар етіп алған. Соның бірі – санасында саңылауы, бір түйір ноқаты бар жанның өзі-ақ мәселенің мән-жайын түсінеді, түйсінеді де. «Шерағаң бүгінде бала-шағаға да жөн айтпайтын болған, «болар бала болмысынан» дейді-дағы, жастың жарасымды қылығын іштей мақұлдап, теріс кетсе: «бүлдіріп бақ, елміз ғой, орнына келер, өзіңнің де жетісіп тұрғаның шамалы еді, тек жүргенше, тезек те болса бір кесекті тепкілеп жүргенің жақсы!» – дей-тұғын да қоятын. Зерделіге осы да жетіп жатыр, жетесізге үшкіріп те ештеңе қондыра алмайсың. Үлкен-кішіге де бар айтары осы. Жасында жау түсірмеген жігітке қартайғанда ақыл айтқаннан не пайда, алжымай өлсе, соның өзі де абырой емес пе. Бұл да Шерағаңның, шалқайғанды бері тартпа, ары итер дейтін өмірлік пәлсапасы.» Осынау үзіндідегі Шерубайдың болмысынан халқымыздың тұрмыс-салтындағы, тағылымындағы ұмыт бола бастаған, бірақ аса қажет-ақ сыншыл қасиетін анық аңғарамыз.
Алтай өңірінің тарихы да Шерубай өмірімен тікелей байланысты. Өр Алтайға кеңес өкіметі 1928 жылы орнапты. «Сол жылы кержақ байларының да Қытай қашқаны есінде. Сол жылы Алтай өңіріне отряд қаптады. Совет өкіметі де сол отрядпен келген.» Банды, ұры-қарылармен арпалысады Шерубай сонау бір жастық шақтарында. Қатон-қарағайдың бойындағы кержақтармен араласады. Өзінің аты-жөні Шерубай да, әкесінің аты Сапа болатын. Ендігіде Шурбай Сапанин болып шығады. Қиындықты да, рахатты да көп көреді. 1937 жылы он жасын жасырып, әскерге аттанады. «Алты жасынан аттан түспеген адам аттың, оқтың не екенін жақсы білсе керек. Ол заманда атқа міндің – қару асын, қару асындың – одан оқ шықпай тұрмайды. Қашқан-пысқандар, банды-бәлекет оған осыны үйреткен. Бір мінер көлігін тоқымға басып, дәл осы Көкжотаның түбінен аттанғанда ендігі жолының таңсық тірлік, салт жүріс, салтаң жігітшілік емес, қатерлі жорық екенін сезген... Айлаң жетсе, албастыға да мінеді екенсің...»
Өмір қатып қалған қағидаға негізделмейді. Шынайы тіршілік бір мәселе жөнінде де әр қырынан келуді, зерттеуді, ұғынуды, түйсінуді қажет етеді. Автордың баяндауында Базар жыраудың айтқаны да жөн-ақ. Уәжді сөз деуімізге еш күмән жоқ.
...Жабыны жауға мінбе жалды екен деп,
Жаманға жолдас болма малды екен деп.
Баласын қазан аттың бақпай қойма,
Жем түсіп аяғына қалды екен деп! –
деген жырау өлеңіндегі үзінді романда келтіріледі. Не үшін? Жабы аттың жарамсыз мал екендігін поэтикалық тіл арқылы оқырманның жүрегіне жеткізу үшін. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома да. Бірақ қаламгер Базар жыраудың баласын жылқының жабысынан емес, адамның жабысынан сақтандырған болар деп өзіндік ой айтады. Себебі Шерубай жапон басқыншыларымен болған соғыста сусыз, жемсіз жерде монғолдың жатаған жабысына жетер көлік жоқ екендігіне көз жеткізеді. Жеке өмірінің тәжірибесі негізінде жабы аттың бап тілемейтінін және де, жерге құласаң, қашан үстіне қайтып мінгенше қия баспай, қасыңда тұратынын атап айтады.
Төл халқымызда да жабы атты да шетке ысырып тастауды жөн санамайтын аталы сөз бар. «Жабы атты жабула да, құлынын ал» деген ғибратта өнегелі астар, маңызды меңзеу бар екендігін жете сезінеміз.
Шерубай соғыс бітерден екі жыл бұрын бір қолын майданда беріп, елге оралады. Жұрт тұяқ санаса, ол мүйіз санап, Көкжота аталатын елінде марал бақты. Ерте тұрды. Кеш жатты. Жары Шураның ілтипатын ерек сезінді. Дүниеге Сән есімді қызы келген соң, үйінде жүрген жетім қыз Әсемге үйленеді.
Шерубайдың ой-арманы жақсы-ақ. Ол – жақсы қартаю. Жазушы романда Шерубайдың сағынышын да өрнекті сөздермен әсем жеткізген. Мұнда ойлы да келісті соны сөз саптау, өрелі ой орамдары мол. Мысал келтірелік: «Жас сағынса – жарасады, жасамыс сағынса – шаршайды; әуелгісінде үміт бар, кейінгісінде дәрмен аз; әуелгісінің мұраты – жету, кейінгісінің мұраты – кету». Осынау көркемдік-философиялық тұжырымдама секілді сөздерді фразеологиялық тіркес деуімізге әбден лайық. Мұндағы сөздерді өзге бір сөздермен айырбастаудың өзі орынсыз. Қисынсыз. Әр сөзі, әрбір тіркесі орнықты. Ойлы. Көркем. Көрікті. Авторлық шеберлік, зергерлік қолтаңба дегеніміз осы. Жазушы стилін өзге қаламгерден айшықтап, өзгешелендіретін нәрсе – жазушы шеберлігі болса керек.
Мұсылман діні қауымында «Жақсы өлім» деген сөз бар. Бұл сөздің ұғымы – өзгеге зәбір көрсетпей, тыныш ажал құшу. Мұндай өлім имани адамдарға арман делінеді де. Ұлы данышпан Абай да «жақсы өлім» туралы ойын айтып кеткен. «Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің япырмай!» – дейді хакім Абай. Шерубай да жақсы өлім туралы ойлайды. Ол соғыста да, еңбекте де алда болады. Екі майданда да, омырауына марапаттар тағады. Бірақ ол бұны жақсы қартаю деп, берік те бекем ойға келмейді. Еңбектің өзі ниет пен қолдың қаруын қажет ететін азап пен тамшылаған тердің нәтижесі деп түсінеді. Соңында қалған ұрпақтың өз ырқынан тыс құбылыс екендігін де түсінеді. Өйткені сол ұрпағының болашағы қандай болатынын дәл болжап-бағамдауға болмайтынын Шерубай жақсы түсінеді. Өмірдегі көрген-білгені, жүрегінен өткізгені солай деуге мәжбүрлейді. “... жақсыдан жаман туып та, тірлікті былғап жүрген жоқ па?” дейді ол. “Сірә, жақсы қартаю Абай айтқан “жақсы өлімге” жеткенше, жетеңнен түспейтін борыш па екен? Елің жіберсе, барасың” депті, онда да жақсы өлімді елің қия ма?.. Құдай-ау, сонда пенде шіркін ғұмыр-бақи өзін өлімге дайындауы керек пе?! Өлімнің де мақсат болғаны ма? Өлім деген адам ғұмырының арқан керген ақырғы сөресі емес пе? “Тіфу!.. Данаға ерсең бала боласың деген осыдан екен-ау! Абайдың да адамды өстіп адастырып алып келіп, сандалтып тастап кететіні бар!..” деген Шерубайдың пәлсапалық ой-толғамдары өмірдің саналуан терең де сан қатпарлы иірімдерінің бір ғана қыры болса керек. Роман осындай соны ойлармен айрықша. Ерекше.
Романдағы Қылаңхан бейнесінің бір қыры оның жастық шағында жолыққан паромшының қызымен айшықтала, айқындала түседі. Алғаш рет Қылаңхан шілде кезінде колхозда есепші болып жүргенде, пішеншілерге күн сайын ішіп-жемін өгізге артып апаратын. Аттар өзге билік иелерінен артылмайтын. Паромшы арғы бетте болғандықтан өгізге артқан екі саба айраны мен үстіндегі киім-кешегін түгелдей түйіп, өзі де судан өтпек болады. Өгіз арғы жағаға еш қиналмастан тұп-тура өтеді. Өзін ағын су біраз жерге дейін ағызып әкетеді. Бөгелегі мол ыстық шақта өгіз құтырынып, өз бетінше шапшып, қашып кетеді. Үстінде лыпасы жоқ Қылаңхан соңынан қуа жөнеледі. Бірақ өгіз жеткізбейді. Көрбикенің төбесіне жеткенде, Қылаңхан бір адамның төбесін көзі шалады. Өгізді ұстауға көмектесуін сұрайды. Алайда ол паромшының бойжеткен қызы еді. Сондағы Қылаңханның психологиялық көңіл-күйін тек қана сезініп, түйсініп қана оқу қажет сияқты. Ол былай деп қатты толғанады: “Мұнан да суға кеткенің жақсы еді ғой!..” Өле алмау да қорлық екен-ау. Таяқ тастам жердегі өзенге жете алмады. Қалың бытқылдың ішінде отырып та кірерге жартық таппады. Әншейінгі қызға деген тәтті қиялын, қыз дегендегі бар арманын өзінің бейшара күйі таптап тастады да жаны жаншылып, жоқ болып, дәл осы сәтте мынау жарық дүниенің түкке керегі жоқ сияқты болып көрінеді. Қара жер қақ айырыл деді. Қара жер айырыла қоймады. Қара жер де бетпақ екен! Қара жер сені ғана емес, сенің ұятыңды да көтере береді екен!..”
Осынау үзінді де сол бір сәттегі Қылаңханның көңіл-күйі ғана емес, қазіргі таңдағы қоғамдық өмірдегі жалпы адамзаттық ұлт мәселесі де зиялы оқырман жадында жарқ ете қалғандай болады. Жер – Ана тіршіліктегі әрбір ана секілді өз перзентін іштен шыққан шұбар жылан ғой деп, қашанда әспеттеп, әлпештеп, аялап, кешіруге бір табан жақын тұрғандай мінез, әрекет танытады емес пе?! Әйтпесе, ұят жоғалса, одан да, жер астына кіріп кеткен мың есе артық қой, дегенді ескертеді дана халық тағылымы.
Шерубай 1929 жылы елде байларды тәркілеу басталғанда, отыздағы жігіт болған. Әкесі Сапа бай-бағлан еді. Қарауындағы жылқы саны 3 мыңға жеткен екен. Ленинградта оқып жүрген інісі Сиғат қоғам мен уақыт талабын жақсы түсінгендіктен, әкесіне замананың бет алысын анық аңғартады. Әкесі түсіністік танытып, жиған малдарын өзгелерге тарқатып береді.
Романда революция не үшін жасалғаны жөнінде түсінігі өте төмен сауатсыз шолақ белсенді де авторлық баяндау арқылы көркем суреттелген. Жазушының кемел де интеллектуалды әлеуеті сол кезеңді дұрыс түсінуге, көз алдыңа салиқалы, парасатты тұрғыда түсінуге мүмкіндік береді. Әйтеуір, байдың малын тартып алу керек дегенді ғана мақсат тұтқан жандайшаптардың белең алғандығын да роман көркемдік-тарихи дәлелмен оқырман ойына ой қосады. Осынау авторлық баяндау Шерубайдың ой желсі арқылы жаңа танымдық, тағылымдық деңгейде өрнектелген. Үзінді келтіре кетуді лайық деп білдік: “...совет өкіметіне жау болып, қарсы тұрған ешкім болмаса да, елді совет өкіметінің атымен қорқытып-үркітіп, момын отырған қараңғы жұрттың бәрін бір желіге көгендеп, бәрін бір жаза, бір үкіммен кесіп, қарсы сөзге келген ел беделділерін Есімхандар, сотсыз, заңсыз атып тастап, ат мінген, ас ішкен, шекпен киген қаймана қазақты көрсе совет өкіметінің қас дұшпаны деп қару шошайтты. “Өзім өкімет болған соң аптасына бір адам атып тастауға қақым бар шығар” дейтұғын “ерлік” есімхандар заманында туған. «Қарудың күші, қоқан-лоққымен, зорлықпен жиналған алтын, күміс тай-тұяқтар, дүние-мүлік иесін таппай, өкіметтің қазынасына да өтпей, ақыры көрінген сұғанақтың қолында, қалғаны итке керексіз болып шіріп кетті. Дүниені шіріткен есімхандардың аузы-басы сонда да қисайған жоқ. Тәркілеуге түскен малды кедей-кепшік деп жұртқа таратып еді, олардың кейбіреулері кішкентай сапа болып шыға келді де, көбі тегін келген байлықтың баяндылығына сенбей сойды, сатты, ырың-жырың қылды, есіл мал не өрісті, не жайлауды көрмей, қу тақырға қамалып құрттап өлді.”
Мінекеи, кеңестік өмірдің қазақ еліне, Ұлы Далаға әкелген кесапатының бір-ақ қыры осындай болатын. Бұның соңы 1932-33 жылдардағы жаппай ашаршылыққа әкелгендігін тарихи жад адамдар санасынан әлі де өшіре алған жоқ. Алапат ашаршылық халқымызды қынадай қырып салды. Ұлы Даланы мекен еткен текті халық тектілігінен ажырай бастады. Автор сол жылдардағы нәубатты Шерубай бейнесі арқылы көркем әдебиетке тың түрен салып, халқымыздың шерлі шежіресіндегі ақтаңдақтарды тірілткен. Мұндай зұлымдықтардан келер ұрпақтың басы азат, тағдыры аулақ болуын қалаған ниет танытады. Есімхан секілділер бүкіл Алтайда да болғандығын, олардың кеңес өкіметін құбыжық еткен түрлерінен шошынып, ел-жұрттың туған жерді тәрк етіп, шетел асқандығын, жолда қырылғандарын автор жасырмай баяндаған.
Романда төл халқымыздың тіршілігінде жиі айтылатын “Тарта жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады” деген сөзге Қара Дию атанған азаматтың қара бәйбішесінің басқаша көзқарас тұрғысынан қарағаны адамдардың өз тұрмыс салтына орай әртүрлі түсінікте болатындығын аңғартады. “Тарта жеп Қара Дию дәулет жиған жоқ, оның тапқан-таянғанын жұрттың аузына тосқаннан қара бәйбіше қара суға қарап қалған жоқ. Жақып осы екеуінен де құралақан емес, тек Қара Диюдың алымына, анасының берекелі пейіліне жете алмай жүргені болмаса.” Автордың дүниетанымы мен қаламгерлік шеберлігі халқымыздың нақты бір даналық сөзіне қатысты әр адам оны өзінше пайдаланатынын өмірдің өзі көрсетіп отырғанына осы үзінді арқылы көз жеткізе аласыз.
Романда автор кейіпкерлер бейнесін сомдауда нақты мінез, іс-әрекеттер, диалог, сөз саптаулары арқылы өрнектеумен біргелікте поэтикалық баяндаулармен де толықтыра түседі. Мысал келтірелік: “Туасында арамдығы жоқ, тұла бойы тұнып тұрған әзіл, ұстараның жүзін де тілмен қайтаратын әулие шал томпаңдап жүріп, үйшік біткеннің аузын ашып тастады да, жем іздеп безектеген қаз, тауықтарын, үй қоян, күрке тауықтарын күресінге шашып жіберіп сөзін тағы да әзілмен бітірді.” Мұнда кейіпкер Осипті сипаттаудың, тұлғалаудың өзіндік, қаламгерлік шеберлік пен танымының бір қыры көзге анық көрінеді.
Сондай-ақ, кейіпкерлерге лақап ат қойып, айдар тағу да роман кейіпкерлері үшін оп-оңай шаруа. Олар жек көргендіктен, ашу-араздықтан емес, өр Алтай табиғатына сай табиғи, шынайы рәуіште бір-біріне қарым-қатынаста болады. Сөйлеу мәнерлерінде зіл, артық-ауыс реніш байқалмайды. Жұмыс үдерісі кезінде үн-түн жоқ, қабағы түксиіп тіл қатпайтын мінезіне орай Жақыпты Бескемпір “Тасқабақ” деп атайтұғын. Мұндай есімге ілінудің өзі роман кейіпкерлері бойындағы халқымыздың өзіне тән менталитетінің бүгінде ұмыт бола бастаған бір қыры байқалады.
Романда кейіпкерлердің іштей шарпысуы, ішкі әлем психологиясының ширығуы жазушылық ғажайып білгірлікпен шебер суреттелген. Адамдар бойындағы кейбір қылықтар, іс-әрекеттер, мінездер мен терең иірімдер өте көп әрі мол екендігін осы туынды және бір рет дәлелдегендей. “Бір кездегі өштігіңді, қастығыңды да ұмыттырып, кісі болуыңа себі тиген адамды көңілден өшіріп тастағаннан өткен кісәпірлік жоқ. Бекет жалғыз қалғанда жанын жегідей жейтін нәрсе осы. Жақыпты іздеткен де осы... Екеуінің арасындағы іштей арбасу Лесядан басталған сияқты еді... Сезгенін бір-бірінен жасырып бағады. Бірақ жасырғанмен сезім шіркін леппен шықпаса да беттен шықпай жата ма... “Тиянақ-қонысын таппаған қу саяқтың өмірі-ай!”... Расында бұған өмір кінәлі ме? Бой тоқтатқанмен, ой тоқтатпаған көңіл саяқтығы емес пе екен? Қырыққа жеткенше бойың құрықтан асқанмен ойың қыр аспаса кім кінәлі?..”
Қара Дию атанған Төлеш, автордың баяндағанындай, минуттың өзінен мысқал уақытты үнемдейтін Осип, дұшпаны жоқ, жат адамның қандай болатынын білмейтін Қарашелек, яғни қалжыңға да қажитын кіділеу Жақып әрқашанда романда әралуан психологиялық көркем де поэтикалық суреттеулер арқылы шебер өрнектелген. “Әр заман өз ақылымен дана, өз ақымағымен думан. Кешегі қызығың бүгін мұң, кешегі мұң бүгін күлкі... Сөйтіп үйленген Жақып еді” деп, “Ақсу” орман шаруашылығында тыныс-тіршілік ететін адамдардың өміріне етене араласып кетесіз. Сонымен бірге “Кіндігі қалада, екі көзі далада, тауға қарап ұлыған сендерде не иман қалды дейсің!..” деген Осиптің өз замандастарына көңілі толмаған көзқарасы да әр қоғамда көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғандығы белгілі жәйттардың бірі.
Романдағы Жақып пен оның балалық шақта бірге өскен Осиптің қызы Леся екеуінің тағдыры драмаға тола. Алты ай отасқаннан кейін Жақып төрт жыл бойы су асты кемесінде әскери қызметте болады. Сол жылдар ішінде өзінің сүйікті жарының оғаш тірліктері жөнінде хат арқылы есітеді. Жарынан түңілген ол қалған өмірін әскермен байланыстырмақ болады. Бірақ белі жарамсыз деген кінәрат табылып, елге оралуына мәжбүр болады. Лесяның бұрынғы пәк те адал қасиетінен айрылғанына Жақыптың көзі жетеді. Әкесі Осип те Лесяға Жақыптың ендігіде қатал болуын талап етеді. Бірақ әскерде жүргенде қайтыс болған әкесі Қара Диюмен үйдің шаңырағын сақтап, отын жағып отырған қара кемпір де ауылдың өсегін, өз баласы Жақыптың дертті болғанын өле-өлгенше ешкімге ауыз ашпай, Жақып Лесяның өзге біреуден, балалық шақта бірге өскен Петкадан аяғы ауыр болғанын білсе де, оның ішін жарып өлтіргісі келсе де, оны шын сүйетіндігін пайымдап, ауыр қылмысқа бармайды.
Осип шалдың туған табиғатқа, өсіп-өнген топыраққа деген толғанысы да тым ерекше. «– Жер жарықтық қасиетті ғой», – деп өзімен-өзі күбірлеп кетті. – Жер емген жұрттың жүзі жарқын, ары да, жаны да таза. Жалынғаны да, жалданғаны да еңбегі. Даярға сөз сатпайды, қиянаты және жоқ... Әлі есімде, әжем марқұм картоптың әр түбін балапан басқан тауықтай шайқап өсіріп, әр түйіріне күрек тигізбей сипалай отырып, санап отырып, қазып алушы еді...” Жер емген, топырақ мәпелеп өскен жанның болмыс-бітімі мен іс-әрекеті, мінезі, табиғаты – бәрі-бәрі де осынау үзіндіде жарқын көрініс тапқан.
Романдағы Сиғаттың көлігін жүргізуші кірпі шашты, лақап аты Қотиын, азан шақырып қойған есімі Кеңесханның мінезі де ерекше. Дара. Ешкімге өкпелемейтін, көңілшек, қолы ашық Кеңесханның сыртқы кескін-келбеті де оқырманның көз алдына жазушы айна-қатесіз суреттегендей сол қалпында тұра қалады. Ел ішіндегі сөзге қарағанда, аю екеш аю да Кеңесханмен жолыққанда, табанының астында тапталып қалса да, айбат шегудің орнына шошынған қалыпта ояна салып, орман ішіне қаша жөнеліпті. Өзінің ұл перзенттері де көп. Жетінші ұлы дүниеге келгенде, әйелінің тағы біреуді әкелгенін, ал өздері үшін бір жаман керек еді дегенінде де өзіндік бір сыр бар еді. “Біреу” дегені ұл да, “жаман” дегені қыз болатын. Қаламгер осынау табиғи көріністі дәл әрі бояуы анық халықтық үрдісте бере білген. Осынау эпизодта ой сергектігі, мінез айқындығы, төл халқымыздың өзіне тән менталитеті менмұндалайды.
“Ақсу – жер жаннаты” романында туған жерді жерұйыққа теңеп, оның әр жыл мезгіліндегі табиғат көріністерін ғажайып сөз орамдарымен саптаған автордың суреттеулері оқырманды әрдайым сергек қалыпта ұстап, өзіне баурай алуымен айшықталады. Үзінді келтірелік: “Биылғы жылдың ыстығы да ересен. Биылғы Бұқтырманың тасығаны да ересен. Сірә, Алтайдың басында қар да қалмаған шығар, жылда сауыры сөгілмейтін ақ жон биіктер тыр жалаңаш, тек ұшарда ғана көк мұнарт жатыр. Көптен бері бұлт үйірілмеген орманды өңір сіріңкедей қаңсып, қалың бүктен шайыр мен күйген торфтың ыстық лебі бетке ұрады. Лып етіп от тисе жалмап кетейін деп тұр. Жаңбырдың жоқтығынан көк терек пен қайыңның жапырағына сілбі, жұлдыз құрт түсіп күйедей отап барады.”
Осынау табиғат көрінісі көз алдымызға жазғы Алтай орманын, оның хал-ахуалын сөз кестесі арқылы тұп-тұнық, мөлдір қалпында сана мен сезімді тербеп, әлдилеп тұрғандай аңғарылады.
“Ақсу – жер жаннаты” романында күнделікті күйбең тіршіліктің арқасында өзіне-өзі қарауды ұмытып, қасаңданып кеткен кейіпкерлерді емес, өзін адам ретінде сезініп, адам баласы сипатында сыйластық қарым-қатынасқа жете мән берген мінез иелерін танып, сезінетінімізді айта кеткен абзал. Бұл автордың дүниетанымын, шығарманың танымдық, тағылымдық деңгейін биіктете түскен. “Әрі көш, бері көш, әрі қара, бері қарамен дүрегейленіп кеткен Ақсудан өкпесін әзілдей, әзілін әңгімедей қылып өткізетін әйел жұрағатының қожырай бастағаны қашан. Жәмилаға тамсанып отырып, сынық келіннің Масақбайдай кепкен шалдың тәрбиесінен шыққанына күдіктеніп, көзге қораш көрінгенімен еркектің бәрі күн өлтірген дәлдүр емес, ұрғашының бәрі күнін баққан күң емес, елі жарасса, еліңе жарасатын зиялы жұрттың сарқылмағанын сезді де “мен осы кіммін?” – деген Мешелдің сұрағына қайта оралған...” Осынау үзіндіден орманшы Сиғаттың Жәмила келіннің қымыз құйып отырып, автор баяндағандай оның жасаған ізетіне, жайдары мінезіне разы болғанына оқырман ретінде біз де сүйсіндік.
Жәмила келіннің қолынан баппен дайындалған дәмді қымызды ішкен Сиғаттың өз халқы, Алтай елі жайында толғаған ой-толғамдары автордың поэтикалық-публицистикалық баяндауында аса көркем суреттеліп, терең ойлармен өрнектелеген. Осынау ой әлемін бейжай оқу мүмкін емес. Алтай елінің ұлттық ұстынының құлауы XX ғасырдың он алтыншы жылғы июнь жарлығымен тікелей байланысты екендігін автор Сиғаттың ой-пікірі сипатында береді. Сол кезде Алтай төріндегі екі болыс Қаратай ұлардай шулап қалады. Ту көтеретін басшы табылмайды. Ел-жұрт талантты қаламгер, сөз зергері суреттегендей өз шаңына өзі адасып, тасыған сүттей өз ошағын өзі сөндіруге мәжбүр болды. “Сергелдең мен сенімсіздіктен қажыған қайран тобыр қайдағы бір қажының қолына түсіп, пайғамбардың ақ туын көтереміз деп бір сандалды. Ақыры елдің жармысын арғы бетке жырып әкетіп, шүршіт императорының қылышына апарып салды да, пайғамбарымыздың ақ туы түгілі атасының басын арулап көмуге ақырет таппай, қор болып қырылды.” Алтай өңіріндегі ел трагедиясы – ұлан-байтақ еліміздегі бастан кешкен қаралы оқиғалардың бір парасы.
Алтай жерінде қалған Әбдік болыс патшаға адам бермеймін деп, қол жиып, найза көтергенмен, он түтіннен бір азаматты тылдағы қара жұмысқа еріксіз береді. “Ойсырап қалған отанды, орны үңірейген ошақты толтыратын кейінгі ұрпақ өртеңнен қалған шидей шанжау-шанжау ербейіп, жамаулыққа жарамады” деп, автор елдің қауқарсыз қалған хал-ахуалын көркем сөзбен ойлы да айшықты сөздермен өрнектеген.
Жазушы Қалихан Ысқақов Сағит бейнесі арқылы Алтай өңірінің халқын одан әрі тарыдай шашыратып, іргелі ел болудан қалдырған кешегі қазан төңкерісінің тәжірибелері жайлы едәуір ой-пікірлерді көркем де поэтикалық толғаулармен, публицистикалық құнарлы тілмен жеткізген. “Революцияның не екенін, кімге не әкеле жатқанын түсінбек түгілі, қауашағында қасықтай ми жоқ рухани дүмшелер, әйтеуір бардың малын талау керек деген ұранмен аталасты да, қоңсы отырған ағайынды да байға теліп, бүкіл жұрттың жалғыз-жалғыз аяқ артарына дейін сыпырып әкетіп, ту-талақай қылса, кәліктіп кезінде “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген шолақ белсенділер кедейдің өзін де қайта тәргілеп шықты. Көзі ашықтар ұлтшыл, көр соқырлар көпшіл атанған кезде, Есімхан сияқты «Жындабай Желдібаевтардың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып тұрған кезде ел қара орманын тастап, жаяу-жалпылап, көл таңдаған жыл құсындай, әйтеуір көші-қондыға көндігіп алған сорлы қазақ тағы ауды; көл таңдап, жер таңдаған жоқ еді, үрей қуған соң туған жерден жыртылып әрең айырылған; Алтайдың бергі бетінде «ақтабан шұбырындыны» қолдан жасаған дүмшесі, шолағы мен елге сәндігі, кісілікке мәндігі жоқ бейшарасы мен бұрлыққан жұрт қана қалды да, қонақ қабылдайтын қожайынға, ел сыйлар енеге зар болған кез туды, қаймағы кетіп, қаспағы қалған күйкі тобыр қазанға қақ болған жоқ, уығы шолақ, түндігі жыртық итарқалар қарашаңырақтың орнын толтыра алмады, жерден қасиет, елден береке көшті, жабының сауыры сере болып, жақсыдан бақ қайтты.» Мінеки, өз болмысынан ада бола бастаған ел- жұрттың, төл топырақтың көркем әдебиеттің күрделі жанры болып табылатын «Ақсу – жер жаннаты» романындағы көз алдыңызға мөлдірете тұндырып әкелген кемел суреті осындай.
«Енді-енді ес жиып келе жатқанда Отанға фашистер шапты да ер-азаматтардың артындағы ұрпағы – ғұлама мен бескемпірлердің, тасқабақ пен мешелдердің түрі мынау» деген сөйлемде де ұрпақ болмысына деген алаңдаушылық қалып байқалады. Олардың табиғатында ендігіде тілдік қолданыстағы шұбарлық, салт-дәстүрдегі енжарлық, дүрегейлік, туған топыраққа өгей көзқарас секілді мінез бен іс-әрекеттер терең дендеп бара жатқан-ды. Автор осынау жәйттерге күйінеді. Кейиді. Кіжінеді.
Соғыстан кейінгі ел жаңарғанмен, автор баяндағандай «елдігіне қазық болар қасиеті жаңарған жоқ, жеті атасы тұрмақ жеті күннің ар жағын жұптай білмейтін жетімнен «мен осы кіммін?» деген уайым енді ғана туа бастапты. Жетімдер өлкесі атанған Қаратайға жан-жақтан жиылған, өгейлігі жоқ болғанмен еншілі өзіндігі жоқ келімсектерге кісілік, парасат дейтұғын ол баста-ақ қонбаған. Тайга тілінде саяқтар, калымщик атанып кеткен дүрегей қауымда шаруаға бас, ошаққа тас болу ниеті енді ояна бастаса, мешелдердің де кісілік қақысын, моральдік провосын талап еткені де... Отыздан асқанша өз ошағын түтетпеген салт бас сабау қамшыда, ел менікі, жер менікі деген сезім қайдан болсын, ел-дағы, жер-дағы жауапкершілікке қоса азаматтан жүректің жылуын қалайды, сағынышын, жанашырлығын күтеді; өзін-өзін күте алмай,өз қолы өзіне жете алмай, өз уайымынан өзі оза алмай жүрген жарым көңіл, жарлы жомартқа жүрек жылуы қайдан келсін!.. Барды жоқ қылған пұшайман, жоқты көксеуші ме еді. Өзінің ғана емес, ұрпағының үмітін ел көшіне қоспаған тұлдыр болашаққа арман қалдырушы ма еді!..» деген жолдар нағыз көсемсөз шеберлігінің шыңы деуімізге дәлел. Мұнда ұлтын сүйген оғланның өрелі ойы, биік болмысы ұялаған. Солай демеске лаж жоқ.
Романдағы кейіпкерлердің ішкі әлемі, тұтас болмысы көркем шығармалардағы оқиға барысында, саналуан ситуацияларда, көңіл-күйлерінің әрқилы иірімдерінде жаңаша хал-ахуалда көрініс табады. Мәселен, орман директоры Сиғатты жасы кішілері «Сәке», жағымпаздар «Сері», ал тұстастары «Серый» деседі. Бұл да күнделікті өмірде байқап, аңдап жүрген жағдаяттар болса да, көрнекті жазушы бейнені суреттеуде тапқырлық, байқампаздық танытқан деп білеміз. Ал Мешелдің және бір қасиеті мына бір сөз орамдары арқылы аса көркем өрнектелген десек, артық айтқандық емес. «Алуға келгенде алтынды да азсынып, беруге келгенде көңілі түспесе бақырға да беріш боп қалатын мал иесінің құлағы түрік екен...» Мұнда әдебиет теориясы ұғымындағы гипербола, литота секілді ұлттық санадағы әсем де көркем, құлаққа сіңісті, көңілге дөп тиетін сөз саптаулары бар. Жаңа сөз, жарқын ықыласпен болса да, өзін зеріктірген жалғыз үйден, өзгермейтін қоңыр төбел ошағының маңынан өз атына айтылған мақтау сөздерге көңілі көтерілген Жәмиланың бейнесі де сенімді шыққан.
Орман шаруашылығына да дендеп енген тіл бұзарлық қасиеттер де романда шынайы суреттелген. Бұндай көріністер оқырманды еріксіз жымитады. Іштей өкінтеді. Кеңестік кезеңдегі ұлттық болмыстар мен қасиеттердің құрдымға кете бастағандығы байыппен, ұғынықты тілмен өрнектелгені сол кезеңнің шындығы болып есте қалады.
Төл тілімізге орыс тілінің емін-еркін кіруіне мына бір диалог сөз дәлел бола алады.
«– Осы старшой деген не титул, соны айтшы?»
«– ...Ол әкем айтпақшы, дүрегейлеп түсіндірсем, старший мараловед, қазақша айтқанда, аға бақташы.»
«– Баяғыда билікке таласамын деп Алтайдың терісіне ауып кеткен жарты жұртыңыз он метр кенеп, бір теңгелік сөлкебай үшін мойнына крест таққан екен, Түлкібайы – Лисицин, Қасқырбайы – Волков, Ешкілібайы –Козлов болып кеткен жиендеріңіз ғой осы малды бағып отырған.» Осынау диалогтарда белгілібір замандарда төл тіліміз бен менталитетіміздің қойыртпасы шыққандығына көз жеткізе аламыз.
Сонымен бірге Алтай табиғатының көзайымына айналған маралдың бейнесі де оқырманды өзінің сұлулығымен бірден-ақ баурап алатынын айтсаңызшы. «Марал жарықтық аяғының астына қарамайтын жануар, оның бар сұлулығы да тәкаппарлығында болса керек, тұрса да, қашса да иегі аспанда.» Расы сол, көз алдымызда тұмса табиғаттың төл перзенті – маралдың жанды жадыратар, сергітер болмысымен бетпе-бет тұрғандай әсерде қалдырады.
Орман экологиясы, орманға қамқор болу секілді көкейкесті мәселе де романда аз көтерілмеген. Жерге шыбық қадау, өртке жол бермеу, қайырымдылық таныту – күн тәртібінде тұрған өткір міндеттердің бірінен саналатындығын Сиғат өз әріптесі, кеңшар директоры Қабылханға да жеткізеді. «Ендеше, лесхоздың үш жүз мың гектары заказник, оның ішінде бұғы сатысының қадасы қағылған аумақ түгелдей заповедник екенін жақсы білесің, ал мына қаптаған машина, қаңғырған саяқтарың не? Қорыққа ат аяғын тигізбей отырғанда май сасытқанымыз, тағыны ғана емес, адамды түтінге қақалтқанымыз, қалай? Мынау брезент ауыл от жақпай, тамақ ішпей отыр деші?.. Алланың күні апшыны қуырып тұрғаны мынау, бұл бұрын Алтай көрмеген қапырық, мүк қаңсып, орман түтігіп, шырпы сіріңкедей шытынап тұр. Мал иесінен қайыр болмаған соң жер иесі біз шырылдамағанда сенің өртіңе келіп кім су себеді?!» деп, өзгелер емес өздері жауапкершілікті сезінуді талап етеді. Ел болған соң ондай-ондай болады деген жауабына тіл қатқан сөзі де оқырманды ойлантары сөзсіз... «– Қайтеміз деп қарап отырғаннан қаймана қазақтың ел болғанын көргем жоқ! Елге құр мүсіркеу емес, қарызсыз қайырым да, қамшы да керек!.. Мынау бассыз топыр, барықсыз тірлік жалықтырған жоқ па?! Совхоздың бергі бетке қайтып келгеніне жиырма жылдай уақыт болыпты, жиырма жылда етек-жеңін жимайтын неткен жұрт бұл? Сенің жалғыз мүйізің дертке дәрі болғанмен жанға дәрі ме?.. Кімге дәрі?..» деп, марал мүйізінен ем аламыз деп келген жұрттың опыр-топыр іс-әрекеттеріне кеюшілік білдіреді.
Сиғаттың өз ауылдастарына, бұғылы ауылға деген кіжінісі де публицистикалық леппен әсерлі жеткізілген. «Жиырма жылдың ішінде ұйып отырған ауылдың іргесі бұзылып, не басы, не аяғы жоқ бітпейтін берекесіз шаруа, пышырау тірлік басты: ай дейтін ажа, қой дейтін қожасыз өріп, отырған орнында түстеніп, жеткен жеріне жығыла салатын тентіреме тексізге еріп, теріс беттен арақ пен самагон келді; есігіне құлып түспейтін момын ошаққа ұрлық кірді, етегін жел көтермейтін ұятты жұрағатқа қарлық жұғып, алысты қойып, ағайынмен шай деспейтін қоңсыралар кісі өлтіруге дейін барды; өкімет шаруасына құлқы, өз шаруасына өлермендігі жоқ, бір бөтелке үшін бір тракторды күншілікке айдап, бір бөтелкенің құны үшін көрінгеннің құлы болатын бейбастақ дүрегейлер шырық бұзды... Ел ғой дейді? Елсіз күнің жоқ дейді. Күнің жоқ екені рас, бірақ бір тыйым, бір қамшы көтермесе сол елдің қожырап бара жатқанын сезе ме екен?.. Әй қайдан, егер оны сезсе, әжептәуір көрікті бетті көлдей қарынның бүлдіріп тұрғанын білсе керек еді ғой!..»
Рас, кеңестік кезеңде мұндай-мұндай көріністер ел ішінде, ауыл-ауылдарда жаппай орын ала бастағаны жасырын емес-ті. Тіпті, типтік көріністер еді деуімізге де болатындығы санамызда әлі күнге шейін сайрап жатыр.
Жазушы Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романында Алтай табиғаты әр маусымда айрықша суретке ие екендігін көркем туындыны оқи отырып, көз жеткіземіз.
Қаламгер өр Алтайды суреттеуде көркем сөзден көрікті ойлар мен кестелі сөздерді аянбай пайдаланады. Бұл – автордын өзіне тән қаламгерлік стилі. Сөз өрнектеудегі кемел шеберлігіндей аңғарылады. Үзінді келтірерлік: «Алтайда түн баласы ерекше. Ақша қардың ызғарын бүктеп, аңырап бір соғар желі бар. Аңырап соққан желде айыз қандыратын тыныс бар. Аңды қоңымен, адамды тонымен дірдектетеді. Алтайда шыбын-шіркейдің ғұмыры қысқа, шілдемен келіп, сүмбіле туа кетеді, шық түскенше өрекпіп, шықпен бірге өледі. Алтайда өзеннің сарылы, орманның сарыны да басқа. Ол, үкіден басқа мақұлықты түгел ұйықтатып, сілейтіп салатын тыныштық пен тыныстың кәйіп дүниесі. Түн баласында Бұқтырманың ағыны да тоқтап қалады.» Шыны керек, өр Алтайдың табиғаты да тың әрі ерекше. Өзгеше бояу. Айрықша аймақ. Ай жарығына шағылысқан Бұқтырма өзенінің қос жағасындағы орман ағаштары бір-біріне қарсы шаппақ болған самсаған әскерлердей дайын тұр. Тек қана суға түскен көлеңкелерінен үріккендей тып-тыныш қалып сақтауда деп, суреткер жанды табиғатты кейіптеу дәрежесіне жеткізген.
Романда ұлттық тіл, ұлттық ар-намыс, ұлттық болмыс хақында жүрекке жеткізер, жүректен өткізер диалогтар аз емес. Әрине, ұлттық мүдде өзгелерден даралану, бөліну, жеріну емес. Осынау ұғым, түсініктердің бәрі қалайда ұлт болып, бүкіл адамзат бөлігінің бір бөлшегі ретінде өзінің туын жоғалтпай, өз еңсесін, рухын жойып алмауды меңзейді.
«– Олай емес шығар, – деп Василий Иванович құрығын жағаның шымына шанышты да, күн қаққан шомбал денесін Айтқазыға тұтас бұрып отырды. – Менің айтып отырғаным бірлі-жарым емес... Анау аулыңның қақ ортасындағы мектебіңе бір кіріп шықтың ба?.. Басқа ұлттың төрт-бес баласы үшін жүз сәбидің тілін күрмеп қойғандарың қалай?
– Мектептің иесі бөлек қой, – деп Айтқазы араша күткендей жан-жағына жалтақтап таластан қаша бастады.
– Бұқасы бөтен болғанмен бұзау сенікі емес пе депті бір жеңгелерің, иесі бөлек болғанмен сондағы сауат ашып жатқан жас өрім осы Алтайдың, асырып айтсақ, елдің болашағы емес пе?»
Осипов Василий Иванович пен Айтқазы арасындағы осынау диалогтан сол мектептің бірде-бір қазақ тілінде газет-журналды жаздырып алмауы, кітапханада бірде-бір қазақ жазушыларының кітаптары болмауы, ендігіде газетті майлыққа жұмсап, кітапты дәретханаға ілетін жағдайлар рухани жүдеушіліктің көрінісіндей күйге бөлейді. Төл тіліміздегі кей сөздердің табиғаты бұзыла бастағанын да көркем шығармада аса жанашырлықпен көркем ой, тағылымды түсінікпен оқырман назарына кейіпкерлердің ішкі әлемі арқылы кестелі өрнекпен жеткізген. «Қатын» деген шіркінді әркім ағаш атқа әрқилы мінгізіп жіберді, мейлі, жаман айтсын, жақсы айтсын, «қатынның» төркіні – Ана. Ана суым – Қатынды Катунь деп, Ана жұртым, кіндік кескен Отаным, қараорманым деген Қатынқарағайды Катон деуге де ауыз отығыпты, одан бергі Көкжотаны Зеленая деп кетіппіз.» Әнекиіңіз, туған жердің атаулары да кеңес кезеңінің 60-жылдарынан бастап, түгелге дерлік төл есімін жоғалтып, дүрегей атауларды иелене бастады. Бұл – кеңес еліндегі сол уақыттағы ортақ бір тілге көшу саясатынан туған іс- әрекеттердің салдары болатұғын.
Өр Алтай табиғаты, оның өсімдіктерінің емдік қасиеті романда танымдық тұрғыда атап көрсетіледі. Шыны керек, еліміздің қай тұсы болса да, өзіндік қасиетке ие. Алтай орманында өсетін емдік шөптердің атаулары да бірнешеу. Олар – марал оты, киік оты, қара андыз, алтын тамыр, женьшень, иманжапырақ, жалбыз, шашыратқы, қарағай қылқаны және тағы басқалары.
Осынау емдік шөптерді пайдаланбай, аяқасты ету – күнделікті күйбең тірліктердің біріне айналған. Орман тозып, ішкен суының тұзы көбейіп, ауасы оңып, жұтқан ауасы қорғасын бола бастаған. Қоршаған ортаға өгейлік таныту белең алып, қамқорлық жасау назардан тыс қалған. Адамдардың өзі төңірекке бейжай қарауды өз бойлары дарытып үлгерген. «Жас кезімде сыбызғыны қуалап жүріп тыңдайтын едім, қазір қуалайтын да, қуатын да ешкім қалмаған ба?.. Елді бір енжарлық басқан сияқты, күн батса, есікті ілмектеп, аңдитыны ас, телміретіні теловизор... Той-томалақтың беташары мен айтысын кемпірлерге ғана қалдырып, жастар стаканның сыңғырын еншілеп алғанға ұқсайды.» Осынау үзіндіден кеңестік дәуірдің, яғни ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы қоғамдық өмірдегі рухани тоқырау әлемі өз көрінісін айшықтап тұрғандай аңғарылады. «Жаста құлақ жоқ, құлағы барда құлық жоқ, жүрек қылын тербетер көне көкірек таусылды деуге, өздерін топастыққа байлап беруге бәрі де намыстанған тәрізді» деген авторлық баяндауда Осипов Василий Ивановичтің жас ұрпақтың бойындағы бойкүйездігіне деген үлкен алаңдаушылық байқалады.
Күні кешегі ел тарихындағы табиғи зардаптар романда өз көрінісін тапқан. «Ендеше, Алтайды қарық қыламын деген төмендегі Бұқтырма теңізі бүгінде судың қоймасы емес, сілті қышқылының тұнбасына айналған. Мұндай қоймалар Ертіс пен Бұқтырмада ғана емес, Есіл мен Нұрада да, Жайық пен Еділде де, Сыр мен Жетісудың жеті өзенінде де бар. Соның бәрі де адам тұрмақ, мал ішуге арам, жер суаруға да жарамай қалды. Өйткені бір жылдан соң топырақтың тұзын тереңнен теуіп шығарып, көгалы көлдей теңселген қайран жер сорға айналды. Жетісудың қызылшасы қантынан айрылды. Сырдың бал татыған балығы ман қауынынан айрылдық, Арал мен Балқаш құрып, Каспий қашып барады.» Қазақ әдебиетінде Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романы арқылы табиғат экологиясы тақырыбы осылайша оқырмандар жадында жатталып қалды. Әрине, тәуелсіз Қазақ елі бүгінде бұл мәселені мемелекеттік деңгейде шешу ісінде едәуір жұмыстарды қолға алғандығы мәлім. Әрі бұл табиғаттағы ілкімді істердің жүзеге асуы – туған жер табиғатын сақтап қалуда оң әсерін тигізуде.
Табиғи апаттың қиямет-қайымы тым ауырға әкеліп соғатынын да роман кейіпкерлері Сиғат та, Осипов та жақсы біледі. Бірақ одан дұрыс қорытынды жасаса деп ойлайсыз. «Күндіз ісіңнің, түнде түсіңнің берекесін кетіріп, зәре-құтыңды алатын ядролық қаруды былай қойғанда, табиғаттың бабын тауып сақтай білмесең, түбі ядролық қарусыз-ақ адамзат өзінің көң-қоқыры, өндірістің түтіні мен шаңынан-ақ құрып кететінін Алтайдың аңқау жұрты қаперіне алып па?..» Кеңестік кезеңдегі империялық мүдде мен мемлекеттің, саясаттың құрдымға кетуімен біргелікте осынау мәселе қазірде біршама оңғарылған. Жағымды тұстары молайғанын айқын сезіп те, түйсініп те жүрген жай бар.
Адам тағдыры, оның өмірі, әрине, тек қана қуанышпен шектелмейтіндігін Қылаңхан мен оның жүз жеті жасқа келіп дүниеден өткен әкесі және бұдан жиырма бес жыл бұрын бақилық болған, суреті қабырғада ілулі тұрған анасының арасындағы диалог сөздерден тіршіліктің, ғұмыр кешудің тұтас философиясын ұғынғандай боласыз. Тірісінде өзара дұрыстап әңгімелесе алмаған, жұмыс-жұмыс деп, әкесі қайтыс болғанда қасында болмаған Қылаңхан бейнесі пендеуи тірліктегі өкінішті кеуделердің типтік бейнесі секілденеді.
Бәлкім, бұл бүгінгі заман өркениетінің белгісі де болар. Кімді кінәларсыз? Кімге сын артпақсыз? Қылаңхан ғасыр жасаған әкесінің өлетінін білмейді. Қаперіне де алмайды. Тіпті, төл халқымызда аян беру секілді жағдаяттың бар екендігіне жете мән бермейді. Әке қиялының жемісі деп ойлайды. Әйтпесе, әкесі өзін құдай алмады деп, көп жағдайда түңіліп жатса да, қайтыс болатын күні құдайды емес, өз әкесінің аруағы арқылы аян берген: «Жолға жүреміз. Әзірлен. Мен бүгін бесін намазы кезінде қайтып соғамын, әкетемін» деген сөзін баласы Қылаңханға ескертеді. Айтқаны дәл келеді. Баласы Қылаңхан түн жарымда үйге келгенде, қаңырап қалған үй ішінде бақи болған әкесін көреді.
Әрине, бәрі де кеш еді. Немеремді алдыр, топырақ салсын дегені орындалмайды. Өледі деп өкінбеген, өлмесе деп тілемеген Қылаңхан әке өліміне, рас, қайғырады. Өйткені, әке ғой. Тіпті әкесінің күнделікті айтылатын сөздеріне әбден үйренгендіктен, оның жөн айтқан бір ісін де мақұл көрмеуді дағдыға айналдырған Қылаңхан бейнесі санасында сәуле ұялаған әрбір оқырманд ойландырады. Жаныңда жүрген жанға бейжай қарамау қажеттігіне көңіл аудартады. Ауырмай, алжымай аяқ асты дүниеден өткен әке өлімі Қылаңханның өмірге деген түсінігін түбегейлі өзгертеді. «Таң атпай ат ерттетті. Таң атпай монша жақтырды. Таң атпай киімін таптырды. Ғұмыры денесіне біреудің қолын тигізіп көрмеген кірпияз шал арқа-басыңды ысып берейін дегенге де көнген жоқ, қашаннан бері менің тұзымды көтеріп, кірімді езіп жүр едің, өз басыңды күйттеп ал деп шақырая қарады.» Бұл – Қылаңханның әкесі болатұғын. Дара да жеке тұлға бейнелері осылайша кемел суреттелсе керек деген ойға бөленесіз романды оқу үдерісінде.
Дәл осылай мінез танытқан әкесі қырық тоғыз жасқа келген баласы Қылаңханға ақыл айтады. Дүниеден өткен жандарды санамалап өтеді. Біреуінің қырқы, екіншісінің жылы, үшіншісінің соңында бүгінде бірде-бір ұрпағы қалмағандарын және тағы-тағыларын ескертіп, соларға бар, қаңыраған әулеттің есігінің алдына еш болмаса, бес ұрпағының атынан бес қарағай ек деп аманаттайды.
Өмір бойы өз баласына міндет артпаған ата-ана перзенті өсіп, әліқұлыққа жеткенде, өз парызы мен қарызын өтемеуі, соңында қалған ұрпақтың ұсақталуы демеске лаж жоқ. Қабырғада ілулі тұрған анасының суреті арқылы берілген монолог та тағылымды. «– Өмірі бір міндетімізді артпап едік, кетерде әкеңнің қасында да болмапсың ғой. Сен осы аспаннан қашан түсесің! Аспанда бір Алладан басқа ешкім жоқ дейді, жердегінің уәйімі де жетпей ме?» Қызмет деп, мансап деп туған әкесіне деген парызын өтемеу тектіліктің тексізденуінің бір мысалы ғана.
Қырық тоғыз жасқа келіп, бұрын үйленсе де, ендігіде үйленбеген баласының азап шеккен хал-ахуалын сезінген Нұрбике ана баласы Қылаңханға былай дейді: «Олай деме, құлыным, азап шекпеген адамның ғұмыры бықсып таусылған отпен тең, бір уыс күлден басқа қызуы да қалмайды артында!..» Мұнда терең философия, өмір даналығы жинақталған. Тіршілік азабының да адам үшін берері мол. Тек сол азап арқылы адам баласы ширайтын секілді. Қамырдай иленіп, иі қанып, қайнап, пісетін сияқты. Олай болмаған жағдайда бір илеуі ішінде, бор кемік, болбыр, әрі-сәрі қалыпта қалатындай аңғарылады.
Әскери қызметті тастап, азаматтық авиацияға ауысқан Қылаңхан әдемі қыз Зина Павловнаға үйленген-ді. Одан бір ұлды, бір қызды болды. Екеуі ауылға келген соң, қаланың ару қызы орманда тұра алмады. Екі баланы алып, қалаға кетіп қалды. Екеуі, сөйтіп, біржолата ажырасты. Зинаның ағасы Павел қимас досы болатұғын. Сол досын іздеп, Қылаңхан Киевке бірнеше рет барады.Зинаға жолыға алмайды. Ол әлдебір суретшіге еріп, теңіз жағалауына кеткен екен. Балаларын көреді. Бірақ балалары әкесін әкем-ау деген сезімде болмайды. Ескі достай қарсы алады. Атасын мүлдем сұрамайды да. Сөйтіп, ата, әке, немере арасы мүлдем суып кетеді. Ұрпақтар жалғастығы ізім-қайым жоғалады.
Романда орманның өртену үдерісін де жазушы жан-жақты суреттеген. Жаздың сарша тамызындағы төңіректі әбден қуратқан ыстық ауада бұлт пайда болып, жаңбыр тамшыларымен біргелікте от шашқан найзағай жалынының қуарған орман алқабын алапат ауқымда өртке шалдыруы Алтай өңірінің тұрғындарына жайсыз тиеді. Бір апта ішінде он бір мың гектар орманды от жалмап тынады.
Романдағы кепкен шал мен Қылаңханның өзара диалогы осынау жәйтті аңғартады.
«– Қарағым, бергеніңді қайтып алсаң да кергімей айтшы, мынау Көрбикенің лесепелкесі қайда көшті екен?
Қайда көшуші еді, аспанға көшті де!..
Аспаны несі, езуің қисық біткен неме екенсің ғой!
– Өртеніп кетсе, күлі көкте, түтіні аспанда болмағанда қайда кетуші еді?!»
Ормандағы өртті суреттеуде жазушы қаламының суреткерлік шеберлігі көркем әрі айшықты екендігін кейіпкерлер тілі арқылы еріксіз түрде мойындайсыз. Қазақ және орыс тілдеріне жетік Көрбике мен Ақсудың адуын әйелдерінің сөздері өткір. Сөйлегенде бір-бірімен жарқ-жұрқ әзілдесуге бейім. Әзіл-оспақ олардың басты көзірі.
Романның соңына жуық Сиғат Мешелден өзінің шын есімін сұрайды.
Мешел марқұм анасы Мырзамұхаммет деп өзін ерінбей-жалықпай атайтынын жеткізеді. Сонымен бірге орманды өрт шалғанда бір ел-жұрт болып отырған орман шаруашылығындағы елді мекен тұрғындарының ынтымақ пен бірлікті ту еткен тіршілік-тынысы да Осип қарттың сөзі арқылы айшықтала түскендей. Ол былай дейді: «– Кешегі қарғыс атқыр Гитлер болмағанда, басымыз біраз қарайып қалар еді. Қалғанына да шүкір, жүз түтіннен жүз түтін тағы да бас құрап отырмыз. Қайың саудық, қарамықты да ас қылдық, бұл ауылда бір емшекті кезек ембеген орыс, қазақтың баласы жоқ, кешегі қырғын соғыста қатар көмілмеген орыс, қазақтың моласы жоқ. Бүгін тағы да бір түтіннің астынан табылып отырмыз. Сапымыз сан кемісе де, санатымыз өшпепті, сапамыз өлмепті!..» Осынау сөзде тарихи шындық бар. Алла жаратқан адамзат баласының бір-біріне деген бауырмалдығын қашанда қастерлеу, қадірлеу рухы сақталынған.
Романдағы Сарқыт кемпірдің тағдыры да қазақ халқының кеңестік кезеңдегі жылнамасымен егіздің сыңарындай ұқсас. Ашаршылық кезінде өлмелі әкесінің Сарқытты Шерубайға аманаттап табыстап кеткені, оның жас қызды аман сақтап қалуы, соғысқа аттанған Шерубайдың елге оралуы, араға ұзақ жылдар салып, екеуінің жолығысуы, әр адамның әр ел тағдыры секілді өзіндік сипаты болатындығына көздерінің жетуі, мінеки, бұлардың бәрі қаламгердің қарымды қаламынан шет қалмаған. «Бірде жылап, бірде жырлап, тірліктің жыртық тесігін тірнектеп жүріп жамағанмен, жылауды жырлаумен өтірік әдіптеп, көңілдің кетігін бүтіндей алмай, бүгежектеп өткен өмір-ай десеңші!..» Ия, Сарқыт қыздың Сарқыт кемпірге дейінгі өмір тағдыры қалың қатпарлы, саналуан иірімді сезімдер мен оқиғаларға тола болғандығы, қуанышынан гөрі қиындығы аз болмағандығы оқырманды илантады.
Шерубайдың бейнесі де халқымыздың кеңестік кезеңде өз болмысынан айырылуға шақ қалған жан секілді елес береді. «– Жарты ғұмырыңды қашқын болып түгессең, тәңірі берген тіліңді өзің кесерсің. Өзгеге сенбеген секемшіл байқұс, өзіне-өзі сенбес! Мен көрден шыққанда сен қаршадай қыз едің (Сарқыт қызды айтып отыр – Қ.Н.). Менің көз алдымда сол қаршадай қыз қалыпты. Туған жерге тағат таптырмай айдап келген де сол қаршадай қыз шығар. Қаршадай қыздың кемпір болғанына мен қазір де сеніп отырғаным жоқ!..»
Орман шаруашылығының директоры Сиғаттың қызы Меруерттің де тағдыры мұңлы. Отыз жасқа дейін күйеуге шықпай, әкесі үшін ғұмыр кешуі, әрине, Сиғатқа да оңайға соқпайды. «Қыз мұраты – кету» болса да, әке иығынан түспей, өмір бойы солайша өтемін деген Меруерттің қырық тоғыз жастағы ер адамға тұрмысқа шығуы Сиғатты да қуанышқа бөлемейді. Қызының теңін іздемей жүргені, қырық тоғыз жасқа шейін өзін қызға сақтаған кәрі серінің қуанышы да Сиғатты толқытпайды. Бұл да бүгінде қоғамда орын алған әлеуметтік көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғандығы да мәлім.
Сиғаттың қызы Меруерттің тағдыры да адам таңқаларлықтай. Соғыс кезінде Ленинградты қорғауда қаңырап қалған үйінділер арасынан ыңырсыған жас сәбиді Сиғат тауып алып, сол күні балалар үйіне тапсырады. Ленинград құрсауы аяқталған соң Сиғат бейбіт өмірге оралады. Балалар үйін іздеп тапқанда, алдынан өзі кезінде тапсырған Мира Сиғатовна Сапанинаны өз қолына алады. Мира содан кейін Меруерт болып бой жетеді. Романда содай-ақ өзін аман сақтап қалған Жамбыл Жабаевтың суреті мен «Ленинградтық өрендерім» өлеңі жайлы Шерубайдың жан дүниесі арқылы берілген әсерлі көркем сөз жолдары да оқырманды бейжай қалдырмайды.
Өр Алтай өңіріндегі күз маусымының суреті нағыз пейзаждық қалыпта жазушы қаламгерлігі зертханасының шынайы сөз өнері туындысындай әсерге бөлейді. «Күреңсе мұрты қызылкүрең. Алтайға алғашқы үсік жүрді. Күңгей қуаң, теріскей құлазыған. Ертеңгілік боз қыраудың артында енді боқырау бар. Боз аспанда рең де жоқ. Самарқау күннің салқын нұры да жалаңаш шыңдардың жақпарына қонақтай алмай нілі қожырап қалған. Әуеден бояу, жерден нәр, желден иіс қашқан шақ.» Және де: «Тайганың түні де аяқ астынан келді. Тайганың тас қараңғы түнінде саңылау жоқ. Күзге салым орман да мылқау.»
Қазіргідей таңданбайтын заманда адам баласының кескін-келбеті, ой әлемі, ішкі дүниесі әр түрлі болатындығын Асекеңнің, яғни Асхаттың бірінші әйелінің болмысынан-ақ айқын аңғаруға болады. Ол бастапқыда Асекеңді қадірлейді. Сөзін, мәнерін, жүріс-тұрысын ұлықтайды. Асекеңді былайша айтқанда өз сыңары секілді танып біледі. Бертін келе дүниеге бір ұл алып келеді. Асекеңнің көшірмесіндей, жаңғырығындай болған әйелі бір күні кетемін дейді де, кетіп тынады. Асекең де, Жаңғырық әйелі де бұған өкінбейді.
«Еркектің өзіңмен жастысын емес, астысын таңда, – деп қыз-қырқын, құрбы құлақтарға мәйісіп отырып ақыл айтушы еді. – Жастың тыз етпе қызуынан басқа жаныңды жұбатар дәнеңесі жоқ, егденің ермегі аз болса да, бір мінер көлік – шаңырағыңа көрік; жұртқа қаһары, жас пен жасыққа билігі жүреді, соның бәрі секілді дейтін әйелі Жаңғырық ақ боз атқа мініп келетін ханзаданы күтпесе де, дүние-мүлкі бар еркек атаулысының қай-қайсысы болса да, әйелі болуға ынталы нәзік жандардың санатынан екендігін автор осынау үзінді арқылы екшей білген. Таныта алған.
Алайда Асекеңнің әйелі сол дәулеттің рахатын ұзақ сезінбейді. Дүниеден өтеді. Содан соң Асекең бойдақтың күйін бастан өткереді. Үйленбейді. Алтай өңірінің ауыз әдебиеті мұраларын, ән-күйін жинаймын деп, екі жыл бойы экспедиция басқарып келеді. Сөйтіп, осы өңірге біржолата тұрақтап қалады. Алтайдың ауасын жұтсаң да тәнге, жанға шипа, жер жаннаты деген ұғым өз бойында әп-сәтте-ақ мәңгіге жатталып қалады. Кейін келе зиялы қауым өкілдері арасында жиі кездесетіндей жалған ақпар кеңінен ел ішіне тарап кетеді. Асхат жынданыпты дейді, оны аю жеп кетіпті дейді. Авторлық баяндауда бұл жәйт шынайы баяндалған. «Шындыққа сенуден қалған жұрт бүгінде өтірік пен өсекті шариғаттың заңындай қадір тұтатын болған соң дардай азаматты да аюдың аш құрсағына қия салған да.»
Өр Алтай өңірінде тіршілік жасаған орманшылардың тағдыры сан алуан. Ситанның жақсы көретін қызы Бескемпірдің әпкесі Сәмиға халық жауының қарындасы болғандықтан өз тағдырына әбден мойынсұнған кейіпкер. Бескемпір Ситанды жақтырмайды. Оны өз әпкесіне лайықты санамайды. Өйткені ол қорқытса, жұмысқа жұмсаса, «Ұлы көсемнің бұйрығына қарсымысың?» деп, шікірейе қалатын. Ұлы көсемнің есімі аталса, кімнің де болса еңсесі түсіп, үнсіз келісетін уақыт-тұған сол бір балалық шақтар.
Әпкесі Сәмиғаның Ситанға әйелі болады-ау деген күдігіне жауап алу үшін Бескемпір өз ойын ашық айтқан да. Есті қыз замана дүрсілін жақсы сезінгендіктен, ол да өз пікірін ірікпей айтқан інісіне. «– Жарығым-ау, мені Ситаннан басқа кім алады?! – деп тағы да күрсініп салды, күрсінгенде іші-бауыры езіліп түсердей қалшылдап еді. – Сені менен басқа кім асырағандай, мені Ситаннан басқа кім алғандай?! Халық жауының қарындасы бай түгіл, бақсыға керек пе екен бүгінде?..» Жеке адам тағдыры кеңестік жүйе саясатының қақпақылына айналғаны тарихи шындық еді. Жазушы бұл оқиғаны романда Сәмиға бейнесі, оның тағдыры арқылы оқырман санасына жеткізе білген. Сәмиғаның тағдыр-талайымы сол уақыттың көрінісі-тұғын. Сондықтан өз тағдырын жеңе алмаған кейіпкер бейнесін замана шындығына телитініміз де рас.
Балаң жастағы Бескемпір содан соң әпкем мен ер жеткенше қартайып қалар деп, балалар үйіне қашып кетеді. Қартайса, Ситан алмай қояр деп қорқады. Содан Бескемпір балалар үйінде тәрбиеленеді. Сәмиға Бескемпірге бара алмайды. Оған қолының қысқалығы мәжбүрлейді. Жездесі Ситан мен әпкесі Сәмиға ендігіде үйлі-жайлы болады. Ұлды-қызды отбасына айналады. Қой бағып, орманда елден бөлек жапанда жалғыз үй болып отырады.
Кеңестік кезеңдегі қоғамды бай және кедейге бөліп, о бастағы тегі бай болғандығын жасырғаны үшін партиядан шығарып, жұмыстан босатқан уақыт романда ойдағыдай суреттелген. Сиғат Сапанинді төрде отырған аудандық партия комитетінің басшысы тегіңді жасырдың деп айып тағады. әкесі Сапаның бес мың жылы ұстағанын, ірі бай болғанын есіне салады. Сиғат өз әкесіне бес мың емес, үш мың жылқы біткенін, оны өкіметке сол уақыттарда өткізгенін айтады. Партияға қанды қасап, соғыс жылдарында, 1942 жылдың қысында окопта жатып, шабуылға шыққан кезде Ленинград партия ұйымы арқылы өткенін жайып салады. Өз тегін жасырмағанын, сол шақтарда оның тегіне қарамағанын жасырмайды. «Ленинградты қорғағаны үшін» медальімен наградталғанын мақтаныш етеді. Сонда Ленинград қаласын байдың тұқымы қорғаса несі айып екен деген сөз еріксіз түрде бүгінде ойға оралады. Не еткен әсіре қырағылық. Не еткен әсіре сақтық дейсіз. Сол кезеңдегі жеке адам тағдырын ойыншық ету, табанға салып таптау, еңсесін көтертпеу – романда Сиғаттың ішкі монологы арқылы шебер суреттелген. «Момын елден көмпіс, көмпістен көкми тумаса неғылсын!.. Не болып барамыз?! Қайда барамыз? Өзіміз прокурор, өзіміз сот, айыпты тағы өзіміз, сонда адвокат қайда?! Өзімізді-өзіміз данышпанбыз деп жатырмыз. Тағы да өзімізді өзіміз жеп жатырмыз. Данышпанның жеткен өресі –қаптесердің өрісіндей, жиғаны масақ!.. Япыр-ау, бір арызбен-ақ адамның бүкіл арманын жоқ қылуға болады екен-ау...»
Өз еліне, Отанына адал қызмет жасауға, өмірін қиюға әзір әрбір азамат фашизмнен елін, жерін қорғап қалса да, өз елінде, Отанында қор болып, жасық көңілмен күн кешуіне кім кінәлі? Тарихтан мәлім болғанындай жеке басқа табыну, өмірді саясиландыру, ел, қоғам ішінен жау іздеу психологиясы елді, ерді кейін шегіндірді. Рухты езді. Тіктелген еңсені тізерлетті.
Романда сондай-ақ кеңестік жоспарлы экономиканың тоқырауға алып келген жүйесі де Сиғат арқылы көркем әрі уәжді сөздермен, дәлелдермен өрнектелген. Орман шаруашылығындағы бұғы және омарта саласын өркендетудегі Сиғаттың табысқа апарар іс-әрекеттері жоғары жақтан кедергілерге тап келеді. Соның салдарынан Сиғатқа аудан басшылары шаруашылық адамдарының бойында жеке меншік психологиясын қоздырдың деп айып тағады. Әрине, мұндай керағар ой-пікірлер, кедергілер кеңестік экономиканың ойдағыдай дамуын кес-кестеп, түптің түбінде құлдыратуға, құртуға жол ашты. Қазірде нарықтық қатынас экономиканың, шаруашылықтың, кәсіптің қай саласы болмасын еркін дамуына, өндірілген өнімді қайтадан терең өңдеуге кең жол ашқан. Бұл, әрине, басқа мәселе.
Ақсуда ел-жұрт әлеуетін көтеру үшін бір жайда табандап қалмау мақсатында және өрттен кейінгі жарты мыңдай тұрғындарды жаңа үйлерге қоныстандыру жұмыстарын жаңаша ұйымдастырған Сиғаттың тағдыры бір арыздың кесірінен түбегейлі өзгереді. Сиғат бақилық болады. Алтай өңіріндегі ат аяғы жетпейтін шағын Ақсудың табиғаты, адамдары, олардың тағдыры көрнекті жазушы Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романында «Осы біз кімбіз?» деген жалпыадамзаттық сауалға жауап іздегендей ауқымда терең әрі жан-жақты суреттелгені оқырман жадында сақталады.
«Ақсу – жер жаннаты. Еліміздің шығыс өңіріндегі өр Алтайды мекендеген орманшылардың өмірі, олардың тіршілігі, тағдыры Ақсу топырағымен етене байланысқан. Романның «Эпилог» атты шағын бөлімінде «Ақсу – жер жаннаты» романындағы табиғат, орманның тыныс-тіршілігі өз арнасымен ағып жатқан қалпындай суреттеледі. Қуанышы қиындығымен астасып жатқан өмір иірімі айқын аңғарылады.
Романның көркем тілі, ондағы төл тіліміздің шырайы, кейіпкерлердің айшықты суреттелуі, олардың бір-біріне мүлдем ұқсамайтын болмыс-бітімдері, Алтайдың орманы мен оны мекендеуші адамдары мен жануарлар дүниесі, бәрі-бәрі де көркемсөз өнері құдіретімен және қарымды қаламгер қаламының шеберлігімен осынау туындының қазақ әдебиетіне қосылған асыл қазына екендігін көзіқарақты оқырманның жете сезінетіндігіне ешбір күмәніміз жоқ дегіміз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |