Нұрғали Қадырбаев көркем әдебиет көкжиегі



бет8/12
Дата25.12.2016
өлшемі2,85 Mb.
#5150
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ШАБЫТЫ ШАЛҚАР ШЕРАҒАҢ
Қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен танылған қаламгердің бірегейі – Шерхан Мұртаза. Айтулы қаламгер жайлы соңғы жылдарда аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Түйіндеп айтсақ, Шерхан Мұртаза қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасына елеулі үлес қосқан талантты тұлға. Журналистика кеңестік кезде де, қазір де айрықша рөл атқаруда. Әсіресе, публицистика, очерк жанрында жазылған туындылар көркем әдебиет үлгілерімен тепе-тең мәнге ие болғаны да шындық. Ал тәуелсіздік жылдарында журналистика көркем әдебиеттің алдына шығып кетті. Неге? Себебі, кеңестік кезеңдегі ой мен санаға тұсау болған тиым, яғни терминдік үлгіде айтылатын цензура алынып тасталды. Тақырыпты елеп-екшеу, бұрын-соңды жазылмаған мәселелерді көтеру – журналистика еншісіне тиді. Сондықтан да тәуелсіздік басталар-басталмас уақытта-ақ халық жадынан өшірілген арыстарымыз хақында, ашаршылық жылдары жөнінде жазылған материалдарға жол ашылды. Өткенімізге үңілдік. Тарихымызды қайта парақтадық. Көзімізді ашқан октябрь, кеңес өкіметі деген бір жақты тұжырымға сыни тұрғыда қарап, оң және кемшін тұстарымызды салмақтай бастадық. Октябрьден де бұрын өмір болғанын, ата-бабаларымыз көшпенді ел болса да, өркениетке әлімсақтан қол жеткізгендігінен хабардар болдық. Қазақ мемлекеттігі болғандығы, хандық жүйенің іргелілігі жайлы біліміміз бен білігіміз тереңдей түсті. Хандық жүйені әдейі бұзып, ел тұтастығына сына қағылған, тағдыры талайлы еліміз туралы емін-еркін, уәжбен, дәлелмен сөз сөйлеп, ақиқат жолын ұстанған зиялы қауым өкілдерінің көсемсөзбен өрілген мақалаларын шөліркей оқыдық. Өз тіліміздің нәрі мен құнарына қанбай қалған ұрпақ өкілі ретінде тамсана тыңдадық. Сондай зиялы қауым өкілдерінің бірі – Шерхан аға Мұртаза еді.

Өз елінің рухы үшін жаратылған ерлері болмаса, сол халықтың, ұлттың болашағы күңгірт болады. Рас, біздің ұлтта көш бастаған, ұлт тағдырын ұлық тұтқан ер азаматтарымыз аз емес. Шерхан Мұртазаның публицистикасынан көркем шығармаларынан біз осыны аңғарамыз.

Өзінің қаламгерлік жолын әу бастан журналистикадан бастаған Шерағаң көркем әдебиетте де көш бастады. Бастапқыда алғаш рет «Табылған теңіз» повесімен оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленді. Повесть жеке қаламгердің өмірді көрмей жатып-ақ жазған туындысы емес. Өмірдің сан-саласын, адамдар тағдырының иірімдерін көріп-біліп, танып-талғап болғаннан кейінгі жазушылық, суреткерлік, ойшылдық елегінен сұрыпталып өткен шынайылығымен ерекшеленетін шығарма келді дүниеге. Көркем туындыға қойылар басты талап сондай болуы керек деген қағиданы әлі күнге дейін қолдайтындығымыз да сол себепті. Өмірді әр қырынан, әр тұсынан терең біліп қана өміршең туынды жарық дүниеге келмек деген сөзде жан бар.

Шерхан Мұртаза көркем әдебиетке өмірлік тәжірибені мол жинап алған соң келді. Журналистік өмір адам тағдырын білуде, түсінуде, ұғынуда үлкен мектеп. Керек болса – университет. Журналистика – елді, өмірді, адамды танып-білуде аса қажетті құрал. Сол себепті де әлемнің әйгілі жазушылары – Эрнест Хемингуэй, Габриэль Гарсиа Маркес, Шыңғыс Айтматов бәрі-бәрі де журналистикадан келген, қатардағы қарапайым репортаждар жазып, роман жанрын игерген. Шерхан Мұртаза да осы ақиқат заңдылығымен, көрнекті жазушы деңгейіне көтерілген. Жазушыны суреткер десек те, Шерхан Мұртаза шығармалары байыпты ой айту, ойға шомдыру, айналаны аңғара білу дағдыларын оятуымен ерекшеленеді. Оған алғашқы повестерінен кейін жарық көрген «Белгісіз солдаттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Мылтықсыз майдан» секілді повестері дәлел бола алады.

Бүгінде Шерхан Мұртаза – көрнекті жазушы, журналист, айтулы қоғам қайраткері болғандықтан, қаламгер шығармалары хақында бірер мақалалармен толық танып білуге болмайды. Қазақ әдебиетінде қазірде шерхантану дәрістері де басталып кетті. Бұл орынды әрі заңды. Көркем-әдеби туындылары арнайы зерттеуді, сараптауды, талдауды қажет етеді. Жазушының шағын проза жанрында жазған шағын жанрда жазылған әңгімелері, оқырмандарымен орта жанрда қауыштырған повестері, халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың бейнесін сомдаған күрделі проза жанрындағы романдары хақында солай деуімізге болады. Ақиқаты да сол.

Қазақ әдебиетінде әңгіме жанры – әлі де өте қиын әрі өте күрделі жанр ретінде сипатталады. Өйткені әңгіме тек жалаң оқиғаға құрылмайды. Мұнда кейіпкерлердің ішкі дүниесі, сезімі, ойға тербер құдіреті болуға тиіс. Бәлкім бүгінде осынау қағида әбден өзгеріске түсуі де мүмкін. Оқиғасыз, ойсыз, сезімсіз де әңгімелердің туындап жатқаны мәлім. Оған кінәлі қаламгер яки әдебиет теориясы емес. Бұған себепкер елді мекендердің урбанизацияға ұшырауы, ірі қалаларға, яғни мегаполистерге айналуы. Сондықтан да, әлемдік әдебиетте бүгінде халықтан гөрі жеке адамдардың тағдыры, ой-ниеттері, сезімдері жеке-дара күйінде, халықтан оқшау суреттелуінде болып отыр. Рас, қазақ оқырмандары үшін бұндай құбылыс әлі де түсініксіздеу. Жат болмыс сияқты аңғарылады. Бірақ әлемдік әдеби үдерістен шет қалмауға тиіспіз. Хабардар болып, танысып, біліп жүргеннің зияны жоқ.

Ал Шерағаңның әңгімелері сезімді селт еткізеді. Ойға жарық сәуле дарытады. Өзге жанның сезім құбылыстары, көңіл-күй толқындары бейнебір дүр сілкіндіргендей болады. Өзіңе ғана тиесілі жәйтпен қайтадан жолыққандай күй кештіреді. Атап айтар болсақ, «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Интернат наны», «Бір нәзік сәуле», «Сол бір күз», «Жаңбырлы той», «Сусамыр» және тағы басқа да әңгімелері әрбір адам тағдырына бейжай қарауға болмайтынын дәлелдер көркем туындылар.

Жалпы алғанда, жазушы Шерхан Мұртазаның прозалық шығармаларының қай жанрын алсақ та, журналистке тән қоғамдық сипатқа ие адами, адамгершілік құндылықтары, руханият мәселелері, әсіресе, елдікке сызат түсірмеу секілді ішкі ой ағыстары басымдау сезіледі. Бұл, әрине, бүгінде мейір мен шапағат, бауырмалдық секілді ұғымдардың екінші кезекке шегерілген кезеңдерінде маңызы артпаса, ешқашанда кемімек емес.

Шерхан Мұртазаның билік тарапынан жоғары баға алған, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болған көркем шығармасы – «Қара маржан» романы еді. Бұл роман негізінен алғанда Қаратау кеншілерінің өмірінен алынған, өндіріс тақырыбын өзек еткен туынды болса да, онда адам тағдыры басты назарда екендігін атап айтқан жөн. Рас, кеңестік әдебиетте белгілібір тақырыптар болды. Көркем әдебиетте өндірісті, жұмысшыларды, компартияны, коммунистерді, олардың бейнелерін ашып көрсету секілді арнайы тапсырыстар болды. Десек те, бұндай тапсырыспен жазылған шығармалардың бәрін күресінге лақтыра беруге бломайды. Олардың арасында көркем әдебиет талаптарына сай, оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген шығармалар да аз емес-ті. Бұндай көркем дүниелерді қазіргі уақыт талабы биігімен бағаласақ, көп нәрсеге қанығамыз. Белгілібір уақыттың өмір шындығын көз алдымыздан өткереміз. Қалай десек те, әдебиет – өмір шындығы емес пе.

Ал шындықты әспеттеу қай әдебиетке болса да басты қағида.

Романдағы басты кейіпкерлер – Нариман мен Жарас, Ақан қарт, Әділ, Мәрзия, Таңшолпан бейнелері дара мінез иелері. Олардың іс-әрекеттері көркем әрі шебер суреттелген. Әрбірі оқырман есінде дара күйінде сақталып қалады.

Шабыты шалқар Шерағаң өзінің айтулы тарихи романдары – Тұрар Рысқұлов жайлы көркем туындылары арқылы – қалың оқырмандардың назарында болды. Тұрар Рысқұлов – халқымыздың біртуар азаматы. Оқығаны, көргендігі мен көрегендігі, мемлекеттік қызметтегі қайыспас қайсарлығы мен дипломатиялық бейімділігі Шерағаң романдары арқылы оқырман жадында жатталып қалды. Күрделі кезеңде өмір сүрген, сол уақытқа еңбегі сіңген тұлғаның трагедиялық тағдыры әлі де көпті ойлантады.

Өзі қызмет жасаған жүйе өзінің табанында таптаса, әрине, қитұрқы саясаттың жемісі бұл. Ұлттың ішінен іріктеліп шыққан ұлы тұлғалардың көзін жою арқылы тобырлық көзқарасты балалатудың нышаны деп ұғынамыз біз бұны. Текті, тектілікті сыйламаған жан өзге елдің де құрметіне бөленбестігін айшықтаған жылдар еді ол. Солай болды да. Қазақ даласында ханы да, батыры да, биі де, халқы да әдірем етілді. Ханы жауыз, батыры ойдан шығарылған құр дақпырт, биі ескі заманның қалдығы, халқы көшпенді деген теріс атақты жамылды. Береке басы – бірлік деген ұлағатты жаттап өткен ен дала перзенттері бір-біріне алакөзденіп, алауыздықтың ащы дәмін татты. Айдалды, атылды, тәркіленді, ашаршылыққа ұшырады. Топ бастаған айтулы көсемдері болған дана ел табанынан тозды. Бұл – ұмытылуға тиіс емес жағдаяттар. Көркем шығарма оқырманның намыс отын жағады. Өше бастаған рухты үрлейді. Бейнебір, сөндіріп алмағайсың деп ескерткендей. Ұлағат танытқандай аңғарылады.

Жазушының тарихи роман жанрында жазылған «Қызыл жебе» атты кітабы, әрине, өз уақытының көрінісін дәл бейнелеген туынды. Мұнда кеңестік кезеңнің көсемін әспеттеу, оның саясатын қолдау да бар. Әйтсе де, бүгінгі күн тұрғысынан алғанда, бұған мүлдем өзгеше пікір қалыптасқандығы мәлім. Сол себепті тарихи романды белгілібір уақыттың шынайы шындығы, сол жылдардың тарихи-көркем жылнамасы, шежіресі деп қабылдауымызға әбден болады. Тарихи шығармадағы тарихи деректерді зерделеумен біргелікте, автордың ұлттық мүдделерді басты нысана етіп, бойға сіңіргені, жүректен өткізгені айқын аңғарылады. Осы тұрғыдан алғанда, Шерағаң ұлтымыздың бірегей ұлдарының бірі – Тұрар Рысқұловтың талайлы тағдырын өзіндік сюжет, дара мінез арқылы ойдағыдай көрсеткендігі оқырман қауымға аян. Кеңес өкіметі тұсында тарихымыз бұрмаланды. Сол себепті, бүгінде Тұрар бейнесі арқылы төл халқымыз өзінің ерлеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Оқырмандар кезінде жылы қабылдаған шығарма болды бұл. Тұрардың жас кезінен бастап суреттелетін оқиғалардың барлығы дерлік есте қаларлықтай байыпты, тыңғылықты өрнектелген туынды деуіміздің себебі сол. Жазушының жетістігі мен шеберолігі сонда, сол замана уақыты мен кейіпкерлер дүниесінің іс-әрекеттері, сөйлеген сөздері мен оқиғалар тізбектері жасандылықтан ада. Шынайы, табиғи қасиет кітап беттерінен менмұндалап тұрады.

Жазушының бақыты да, мақсат-ниеті де осы емес пе?! Туған тілі, өз діні, төл дәстүрі, жол-жобасы бар елсің, адаспа, өзгелердің ішінде жоғалып қалма, өздігіңді, қазақи болмысыңды сақта деп тұрғандай сезімде боласың.

Жазушының және тағы бір қыры драматургия екендігі мәлім. Шерағаңның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» драмалық шығармаларының да кезінде аншлагпен өткендігі әлі де есте. Неге? Негесі сол, отарлық сана меңдеген ой-пікір тәуелсіздікке ұмтылды. Біз де елміз, халықпыз. Жеріміз, суымыз бар. Өткеніміз тұнып тұрған тарих. Соны елейік, екшейік. Ұмытпалық, ұлағатты ұрпақ дегендей, сананы сәулелендірген драмалық, трагедиялық сахна қойылымдарын көрермен қалайша ұмытпақ. Жоғарыда аталған драмалық шығармалар құнының тым жоғары болу себебі осында болатын. Отар елден тәуелсіз елге бет бұрған ұлт өз рухын іздей бастаған шақ еді ол.

Пьесаларының тақырыптық, мазмұндық, тағылымдық ерекшелігі – оның көркемдігінде, көсемсөздік сипатында, тәуелсіздік мұраттарымен үйлесе, қабыса байланысқандығында еді. Мұнда да еліміздің тарихында елеулі із қалдырған тарихи тұлғалардың мінездері, сөздері, сөз қолданыстары, көзқарастары дара күйде бейнеленеді. Бір-біріне мүлдем ұқсамас кейіпкерлер әлемі өзіндік түр, сипаттармен есте қалады.

Шерхан Мұртаза шығармаларының арасында өзіндік қасиетімен қазіргі қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын ойып алатын туындыларының бірі – «Ай мен Айша» романы және «Бір кем дүние» атты терең пәлсапалық, ғибратты кешен еңбегі. Бұл еңбектер қазірде кітап таралымы кемшін тартқан кезде оқырман қолына толық жете алмауда. Десек те, бүгінде көзіқарақты оқырман айтулы қаламгердің қаламынан шыққан дүниелеріне, теледидарда яки радиодан естілген үніне құлақ асудан әлі де бір танбаған. Өйткені, Шерағаң шерткен сыр жеке өзінікі болса да, ұлттың үніндей күркірей естіледі. Көктемнің найзағайындай бүкіл болмысыңды, жан дүниеңді ауыр тарта бастаған ой-күдіктерден арылтады. Дүркіреп, атойлап айтқан сөздері сәуір жаңбырындай тәуір күйге енгізеді. Жаның бір жадырап қалады. Қаламы мен үні сәйкестік тапқан, өзара үйлескен жазбагер жанның бір ерекше сипаты да, мінеки, осындай.

Шерағаңның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі өте мол. Қаламгердің осы орайда аудармашылық қасиетін айтпасқа лаж жоқ. «Адамзаттың Айтматовы» деген атақты айдай әлемге таратқан да Шерағаң бастаған журналисттік жалынды басылым беттері еді. Шыңғыс Айтматовтың бірқатар романдарын қазақ тіліне тәржімалап, насихаттау жағына тер төккен Шерағаңның аудармашылық-шығармашылық еңбегінің өзі бір төбе. Әлемдік әдеби үдерісте де көркем аударма ісі ерекше рөл атқарады. Ауыр да азапты жұмыста айтулы қаламгер қазақ оқырмандарына заңғар жазушының көркемдік-философиялық әсем де көрікті әлемімен қауыштыруының өзі үлкен ерлікпен барабар.

Шерхан Мұртаза ел тәуелсіздігіне аянбай қызмет жасады. Еліміздің телерадио саласын басқарып, ұлттың мақтанышына айналды. Ұлттық бағдарламалар санын көбейтуге мүдде танытты. Соның арқасында бүгінде кәсіби білігі жоғары, замана талабына сай журналистік корпусы жасақталды. Бұл топ қазірде тәуелсіздік міндеттерімен тікелей айналысуда. Атқарылған істер, атқарылмақ шаралар аз емес дейді ел басындағылар. Дұрыс сөз. Ең бастысы – елде тыныштық бар. Ынтымақ бар. Солай болғанына тілек қосамыз. Ынтымағы, берекесі жоқ елдердің құрдымға құлайтынын тарих ескертудей-ақ айтуда. Оның бетін әрі қылғай. Бұны неге айтып отырмыз? Айтпағымыз, тәуелсіз еліміздегі жасы сексеннің сеңгіріне көтерілген көрнекті Шерағаңмен мақтанатынымыз. Ел ағасы дәргейіндегі Шерағаңның шығармаларын жата-жастана оқитынымыз. Туындылары көркем. Кітаптары байсалды. Дүниелері салмақты. Алай-дүлей ойларыңды сабырға шақырады. Жұқарған жүйкеңе жайдарылық дарытады. Ашуға мінген мінезге тізгін тартқызады. Шерағаң шығармаларын оқығанда сондай-сондай мінез иесі боласың. Бұл өзіңе де, өзгеге де бүгінде табыла бермейтін қасиет. Проза, драматургия саласында өнімді еңбек етіп, журналистикада публицистиканы көркем әдебиет биігіне жеткізген Шерағаңның шабыты әлі де талай-алай еңбектерге өзек болатыны сөзсіз. Көрнекті жазушы шығармаларына әр заман, әр уақыт өзінше баға берері де хақ. Өйткені, қаламгер де өз заманының перзенті. Ал уақыт, бәрібір, өз көрінісін, бейнесін қаламгер туындыларында бедерлейді. Сол себепті де Шерағаң туындылары арқылы кешеге, ал тарих үшін ХХ ғасыр аталатын заманның небір оқиғалы, небір тағдырлы сәттерін көз алдымызға елестетеміз. Еске түсіреміз. Жадымызды жаңғыртатын қаламы қарымды Шерхан Мұртаза есімді қазақ әдебиетінің өр тұлғалы өкілінің бар болғандығы, шын мәнінде, үлкен бедел, зор айбар.

Шерағаң шығармаларының құндылығы мынада, айтулы қаламгердің әңгімелері, повестері және романдары ешкімнің ескертуінсіз-ақ оқыла береді. Өзінше оқылуында дер едік. Себебі сол, қалам қуаты аса мол жазушының айтар ойы халқымыздың шебер тілімен айшықталған. Байыпты сөздерімен бейнеленген. Кесек те, нұсқа, көшелі де өрелі сөз бағытын аңдаудан адаспаған тау тұлғалы қаламгер елдің рухы биік болуын, намыс оты жай оғындай жарқырай түсуін әманда есте тұтатындай көрінеді. Біз білетін Шерағаң, мінеки, осындай әрдайым шабытты шағында жүретіндей сезіледі. Сол үшін де ұлғайған жасты серік етуге бет алған ұлы оғланымызды шабыттың жарқын белгісіндей болған қанатты пырақтың үстінен үнемі көре бергіміз келеді.
***
ЕЛДІК, ҰЛТТЫҚ РУХТЫ СЕРГІТУ ПОЭЗИЯСЫ
2011 жылдың 1 шілдесі-тұғын. Сарыағаш шипажайында халқымыздың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановпен демалушылардың кездесуі болып өтті. Бір айта кетерлік жәйт, ақын поэзиясына деген оқырмандардың ынта-ықыласы әлі де сол биік деңгейде екендігіне куә болдық. Оның да себебі бар. Өйткені, ақын поэзиясындағы ғаламат ойлар тасқыны өмірдің өзіндей поэтикалық тың шешімдерге толылығымен ерекшеленеді. Математикалық заңдылықтарға бағынбайтын тіршіліктің өзіндей ақын өлеңдері де сонылығымен көңілді де, көкейді де бір серпілтеді. Сол себептен де болар, ақынның өлеңдері, балладалары, поэмалары ғажайып, керемет-ақ.

Мұхтар Шаханов есімі сонау ХХ ғасырдың 70–80-жылдарында оқырмандар арасында кеңінен танымал бола бастаған-ды. Біздер, студенттер қауымымен ақынның кездесу сәттерінде өзінің өлең өлкесіндегі ұстазы әрі замандасы, аяулы Төлеген Айбергеновке арнаған «Ағаны аңсау» өлеңі әр кеудедегі жұмыр жүректің дүрсілін айрықша соқтырған-ды сол кезде. Поэзия құдіретіне біздер тәуелді едік сол шақтарда.

Ақын өлеңдерінің қазақ әдебиетіне жаңадан түрен салғаны, өлең жолдарындағы дәстүрлі әдеби ереже қалыбына сыймайтын буын сандарының тым көптігі, соған қарамастан, оқырман мен тыңдарманның есі мен жадында тасқа басылғандай жатталып қалуы мүлдем өзгеше құбылыс болатын. Ақынның қай туындыларын алсақ та, өлеңдері яки поэмаларында, балладалары мен жыр-дастандарында әр шығарманың тақырыбы мен идеясы ел тарихына, адам тағдырына, ұлт рухының құдіретіне мейілінше суарылғаны анық байқалар еді. Бүкіл шығармашылық әлемі туған халқының шежіресімен біте қайнағандықтан, өзіндік ерекше қасиеті менмұндалайтын.

Әрине, қазірде уақыт та, заман да өзгерді. Адами-рухани құндылықтар атаулысы түбегейлі алмасты. Күні кеше ғана негізгі өлшем саналатын ұғымдар мен түсініктер бүгінде келесі кезекке ығыстырылды. Ашығын айтқанда, адами, адамгершілік және рухани байлықтар материалдық байлықтың көлеңкесінде дейміз бе, әлде тасасында дейміз бе, расы сол, елеусіз, ескерусіз күйге түсті. «Атақ-даңқың ұлық болғаныңмен, сорпаң сұйық екен» деп, бетке табадай шыжғырып айтатұғын кезеңге тап келдік. Шыны солай.

Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, кеңестік жүйе тұсында қоғамдық-саяси өмірде ұлттық мүдде ашық айтыла бастады. «Жылымық» кезеңінің қоғамдық санаға оң ықпал етуі нәтижесінде әрбір ұлттың, халықтың дербестігі, ұлт ретіндегі кемелдігі қоғамдық санада қозғаушы күшке айнала бастады. Туған тілге, ұлттық болмыс пен салт-санаға, ата-бабалардың көне де қасиетті тарихына деген баға жетпес құрмет сезімі ояна бастады.

Мұхтар Шахановтың шығармаларындағы туған тілге, жерге, елге, ата-анаға деген құрмет пен ынта-ықылас – соның айғағы. Бұны біз тек қана жай тағзым емес, құнары мол, тарихы қалың, көркемдік-философиялық салмағы өте жоғары әдеби-эстетикалық талғаммен әсем көмкерілген баға жетпес көркем дүниелер деп білеміз.

Кездесу кезінде осынау жағдаяттар жан-жақты ескерілді. Ақын шығармаларының басты кейіпкерлері Отан-Анаға, ел мен жерге, төл тілімізге деген сүйіспеншілігін ешқашанда арзанға айырбастамайтын, қиын да қилы заманда сүрінуді әсте білмейтін, тәңірдің ұлы сыйы – шынайы махаббатқа шексіз берілгендер екендігі басқосуда атап-атап айтылды. Қиындықты елемейтін, өз еркінен тыс ілгері қарай ұмтылатын, талпынудан жалықпайтын, үнемі ізденіс үстіндегі жасампаз жандар екендігі жүздесуде қадап-қадап жеткізілді.

Сондықтан да, ақын шығармашылығы – қазақ әдебиеті тарихында елеулі орын алады. Автордың шығармашылық шеберлігі қазірде өз өрісін кеңейте түскен. Ақын қоғамдық құбылыстарға өзіндік көзқарасы, ұстанымы бар бірегей ақындардың бірі. Кеш тізгінін қолына алған ақын әу бастан-ақ, елдік, ұлттық мүддеге тола ой-пікірлері жайлы көрермен қауыммен емін-еркін бөлісті. Олардың барлығы дерлік қазірде баспасөз, теледидар, радио арқылы жазылған, айтылған, естіліп жүрген тұжырымдамалар деуімізге де болады. Әйтсе де, ақын қоғам тамыршысы секілді өзін толғандыратын мәселелерді шынайы айтты.

– Елдік, ұлттық рух аса қажет. Қазіргі кезең өте күрделі кезең. Рас, әртүрлі тақырыптарға өлең оқуға бола береді. Олар жеткілікті. Бүгінгі әңгімені саналы түрде белгілі бір тақырыптарға арнағым келеді. Менің өмірім күресумен келеді. Қазақта қаншама ақындар бар. Олардың бірқатары тек өлең жазумен шұғылданады. Мен саналы түрде қоғамдық өмірге қарай бет бұрдым. Бүгінгі таңда столдың астында бұғып қалуға болмайды.

– «Болмысында Мұхаң бес ерлік жасады» деп жазады мен жайлы. Бірақ мен оларды ерлік деп есептемеймін. Азаматтық борышым деп ұғынамын. Өзімнің ақындық, қоғамдық, азаматтық бағыт-бағдарым бар. Қазірде төл тіліміз қыспаққа түсіп жатыр», – дей келе, ақын «Ақындық анатомиясы» атты өлеңін оқыды.

Осынау өлеңінде ақындық ұстанымы анық байқалады. Өлең жазу – ақындықтың бір шарты. Осы тақырып жайлы да белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов пен Мұхаң едәуір ой-пікір білдірген. Бұл жайлы қос қаламгердің «Аңшының құз басындағы зары» кітабында жан-жақты айтылған да.

Қазірде ақынның пайымдауынша, нағыз поэзия – бұл ешкім айтпаған ойды айта білу. Әйтпесе, ақын айтқанындай, «Анау тұрған бидайды комбайнмен орады» деп ұйқастырып, жаза беруге болады. Сондай-ақ, ақын үшін шындық мәселесі бүгінде өте үлкен өлшем болуы қажет.

– Кімде-кім өз шындығын жоғалтып алса, ол ақын емес, жазушы емес, – дейді ақын. Шынында да, ақын өлеңінде өрілгеніндей, «Нағыз ақын бола білу – қиынның ең қиыны».

Ақын осы жүздесуде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты өзі атқарған жұмыстарды, көптеген эпизодтарды мысал ретінде сөзіне арқау етті. Наурыз мерекесінің мемлекеттік деңгейде тойлануына өз үлесін қосқандығы жайлы да тілге тиек етті. Бұлардың барлығы БАҚ беттерінде жеткілікті жазылғандықтан, оларды қайталап жатуды жөн санамадық.

– Бүгінде «Желтоқсан эпопеясы» атты 3 томдық кітапты жазып бітірдім. Біздің әрбір күніміз күреске тола. Үлкен проблемалар әлі алда. Ұлттық рухты, ұлттық мүддені, ұлт тілінің мәртебесін көтеруіміз қажет, – деді айтулы ақын.

Кеште ақынның «Мені неге Мұхтар қойған?» өлеңіне ән шығарған белгілі сазгер, ақын Мұхтар Құралов сөз сөйледі. Осынау әнді белгілі әнші Кенже Айтбаев нақышына келтіре орындады. Кеште сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген демалушылар да өз өнерлерін көрсетті. Олар ақын өлеңдерін орындады. Шығыс Қазақстанның Тарбағатай аймағынан келген Сабитовтар отбасы ақынның бірнеше әндерін шырқады.

− Біз аңсаған лирик Мұхтардың өлеңдерін Өзбекстанда жүріп ынтыға, қызыға оқитын ем. Сөйтіп, жастық шақта қыздардың көзіне түсуге ынтықтым. Ақын қандай бақытты. Біреу оның өлеңдерін жатқа оқып жатыр. Ел тыңдап отыр, − деп әзілдей ой түйді сөзге шыққан «Төртінші билік» газетінің бас редакторы Төлемырза Темірбекұлы. Ол ақынның бірнеше өлеңдерін мәнерлей, екпіндете, шебер орындау ерекшелігімен көпшіліктің ілтипатына бөленді. − Ақын өлеңдері кім-кімді болса да, өзінің ой-қиял әлеміне батырады. Философ оқыса, өзінің ойын одан әрі тереңдете түседі. Ақын оқыса, оның өлеңдерінен үйренері көп. Жырқұмар оқыса, оны өзінің мүддесіне сай, бейімдеп, пайдалана алады. Сөйтіп, достардың ортасында, құда-құдағилардың арасында, қыздардың алдында, туған күндерде, тойларда, мерекелерде, түрлі кездесулер мен жүздесулерде, тіпті, қыздарға ұнау үшін де рахаттана оқуға болады, − деді қаламгер-редактор ақын өлеңінің табиғи шындығын аша түсіп.

− Талай жастың ғашықтық сезімін оятқан Мұхаң поэзиясы, − дей келе, демалушы жас бойжеткен Гауһар Мадиярқызы ақынның «Ғашықтық ғаламаты» поэмасынан беріле, үздіге үзіндіні жатқа оқыды.

Сәтбаев қаласынан келген ұстаз Гүлнар Пірімжанова ақынға өз арнауын сый етті. − Кеншілердің балаларын оқытып жүрмін. Ұлттық намыс, ұлттық рухты қорғайтын Мұхтар ағаға өлеңнен арнау арнағым келеді, − деді ол.

Мақтааралдық ақын әрі аудандық әкімдіктің жауапты қызметкері, ақын Пердеш Есенбеков ақын өлеңдерінің қазақ оқырмандарына берері мол екендігін айта келе, ақынға арнап, өз шығармашылығынан бір өлеңін жатқа оқыды. Жуырда ғана жарық көрген өлеңдер кітабын сыйға тартты.

«Сарыағаш» шипажайыныың бас дәрігері, елжанды азамат Асылхан Жүнісов көрнекті ақын поэзиясына, ақынның қоғамдық-қайраткерлік қызметіне жоғары баға бере келе, қажырлы да қарымды қаламгерге шығармашылық табыстар тіледі.

Ақынға оқырмандар тарапынан «Сіз заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовпен ұзақ жылдар бойы шығармашылық және достық қарым-қатынаста болдыңыз. Шықаңның қазіргі таңдағы әдеби-шығармашылығының насихатталуына көңіліңіз тола ма?» деген сұрақ берілді.

– Шықаң әлемнің ұлы жазушысы. Оның шығармалары әлемнің 177 тіліне аударылған. Заңғар суреткердің адамшылығы, адамгершілігі мүлдем бөлек. Қазірде Шықаң кеткелі бері өз әкемнен айырылғаннан бетер өте ауыр жағдайда жүрмін. Әлі күнге дейін сол күйден арыла алмай келемін. Әркімнің көтерер өз жүгі бар. Жазушылықты ол ғұмырының басты мақсаты деп санады. Шықаң тек қырғыздың ғана емес, қазақтың да бірегей перзенті, − деді Мұхтар Шаханов.

Қайраткер-ақын елдік, ұлттық мүддеге назар аудару қажеттігіне көңіл бөлді. − Ана тілінде тәрбиелеу керек баланы. Әр ата-ана бұны жақсы ұғынуы тиіс. Әрбір жан өз тілінде ойлауы керек, сөйлеуі тиіс. Ата-бабадан бері қарай халқымыздың бойында үздіксіз, дамылсыз ағып жатқан тектілік, яғни генетикалық қан бар. Халық сол қанның қасиетін, нақтырақ айтқанда, өз тілінде ойлау, сөйлеу ерекшелігін жоғалтса, ғұмыры, тағдыры трагедиямен аяқталады. Ана тілдің рухын бойға мейілдете сіңіру керек. Өзге тілде ойласа, өзге тілде сөйлесе, өзге тілде түс көреді. Бұл − қасірет. Қасіреттің соңы тектілік қанының, тілдің жоғалуына, сарқылуына әкеліп соғады, − деді елдік рухтың жанашыры, әрі қамқоры Мұхаң ағамыз.

Ақын «Бөдене-таланттар мен Қажымұхан-таланттар» атты өлеңін оқыды. Талант − қай салада да талант. − Махаббат − бұл да талант. Махаббат бұл Эверестің биік шыңына шығумен бара-бар. Оның биік шыңына шығу ілуде біреулердің ғана маңдайына жазылған, − деді ойшыл ақын.

Ақын өз оқырмандарымен болған жүздесуді «Жетінші түйсік» атты ұлттық, елдік рухпен суарылған пәлсапалық өлеңімен тәмамдады. – Ұлттық сезім тілегім келеді баршаңызға. Кей жастарға бүгінде ұлт керек емес. Елдік, ұлттық мүддеден бойын аулақ салса, ол − нағыз азамат емес. Рухани түсінісу жоқ кезде рухани бірлік болмайды, − деді ақын өз сөзін түйіндей келе.

Мұхтар Шахановтың өлеңдері мен поэмаларында бұдан сәл ілгеріректе саф алтындай сағыныш, алаулаған жүрек сезімдері, ешкім бастан кешпеген аңсау мен аңсар иірімдері өте көп болатын. Ендігіде терең ой, күрделі өмір арпалысы белең алғандай сыңайлы. Әйтсе де, Мұхаң поэзиясы – қазақ әдебиетінің ұлы Абайы айтқанындай, «Сырты – күміс, іші алтын – сөз сарасы». Ақынның бүгінгі шығармашылығы − ақынның тек өлеңдер шығаруымен ғана айналысуы емес, нағыз өнер туындыларын дүниеге әкелуі дер ек. Ақын өлеңдерінде ұйқас, сезім, сағыныш, мұң болумен біргелікте үлкен ой тереңдігі бар. Елдікті, ұлттық мүддені өмірінің нысанасы еткен ақын-күрескер тұлға үшін, үлкен ойдың иесі үшін − бұл таптырмас қасиет. Ақын поэзиясы бүгінгі өмірмен қосақабат, егіз өрілгендей. Оның шығармашылығына бейжай қарауға әсте болмайтындығы да сондықтан. Қаламгердің әрбір жаңа туындысы көзіқарақты оқырманды қашанда толғантады.

Бас қосқан поэзия кеші елдік, ұлттық сананы және бір рет серпілтті.

***



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет