Нұрғали Қадырбаев көркем әдебиет көкжиегі


АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ КӨСЕМСӨЗ



бет9/12
Дата25.12.2016
өлшемі2,85 Mb.
#5150
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ КӨСЕМСӨЗ
Ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде көркемсөз өнері поэтикалық тілмен, ой өрнегімен үйлескен деуімізге толық негіз бар. Ақын қашанда өзі туған уақыттың перзенті болғандықтан, оның қысы мен жазын, көктемі мен күзін өз өлеңіне қосады. Қоғамдағы жасампаздық пен қасаң қылықтарды, адалдық пен арамзалықты, сенімділік пен сертсіздікті, жұбану мен улануды өлең жолдарына аямай төгеді.

Ақын поэзиясы сонымен қымбат. Ақынның ішкі ділі, шынайы әлемі өз поэзиясымен әдіптеледі: көзқарасы, дүниетанымы өлең шумақтарында үздіксіз ағып жатады.

Ойларым – елім, тілім, ар-намысым,

Шығады солар үшін жан дауысым.

Қыран да қара жерден жылу алар,

Мәңгілік қиялдарға самғау үшін.

Ақын ұғымындағы үштаған мәселелер: елі, тілі, ар-намысы. Осы үш тұғыр – ақынның болмысы. Ішкі өзегі. Бұлар барда рух сынбайды. Қорланбайды. Құлдыққа көнбейді. Ақынның «Атыңдар, ақ таңдарым, арайларым» өлеңінде де көркемдік көсемсөз шынайы суреттелген. Адам баласын уақыт шыңдайтынын, баптайтынын айта келіп, ақын өз орнын, өз бағасын таппай жатып-ақ, өз кемесін жарға соғып алатын жандар қаншама дейді.

Теңіз – өмір толқынын үйіргенде, мезгіл атты құйын-желге шыдамай, балаң ойдың қанаты қайырылып, жер бетінде қаз басып қалу да қиын дейді автор. Мұнда көсемсөздің құдіреті философиялық оймен, көркемдік тілмен үйлестіре берілген. Сөйтіп, бірлесе келе кемел де көркем суретті көз алдымызға елестетер жанды табиғатты айқын аңғарамыз.

Ақын осы өлеңде көсемсөз тағылымына иек артады. Мейіріммен, шапағат шуағымен суарылған қанат қатайса да, шыңдардың дауылдары қыранды әлі де шыңдайды дейді. Мәңгілік қияларға самғау үшін қыран да қара жерден жылу алатындығын ақын өлең жолдарындағы шынайы поэтикамен айғақтаған.

Ақын өлеңдері – оқырман қазынасы. Сөз сарасы – өлең қалың оқырманның ойына ой қосары, қиялын шарықтата түсері хақ. Бұған сезімнен гөрі ойға тұнып тұрған «Ойларым менің – тамырын жайған гүл шыбық» атты өлеңі дәлел бола алады. Мысал келтірелік:

Мәңгі емес ғұмыр, мені де күткен ажал бар,

Жайлылық берме – тыныштығымды ал, мазамды ал.

Алыңдар жиған-тергенімнің барлығын.

Ойларыма ойран салмаңдар бірақ, адамдар!

Біз де ақынның рухани байлығы – өлең әлеміне шолу жасай отырып, ойрандауды емес, ойларынан ой алуға, ойлануға ұмтылдық. Өз оқырманына ой салғаны, ойландырғаны үшін алғыс айттық.

Ақын Фариза Оңғарсынованың «Айналайын ауылдың адамдары-ай» өлеңінде де еліміздегі ауыл өмірі, оның жай-күйі, болмысы мен табиғаты көркем де құнды тілмен суреттелген. Поэтикалық көсемсөз де мұнда менмұндалайды. Бір шумақ үзіндіні бірге оқылық.

Жалғастырар бұрынғы, бүгінгі әнді,

Сендер барда, қамым мен тілім нәрлі.

Ешкімге де қажетім болмас,бірақ,

Ауыл болса, менде де ғұмыр мәңгі!

Ақын халқымыздың тамыры ауылда екендігін өлең өрнегімен

өрнектеген. Ауыл әлі де көсегемізді көгертетін, рухымызға нәр берерлік мығым күшке ие екендігіне сеніміміз кәміл. Тәуелсіз ел мүддесі де ауылдың бүгіні мен келешегіне бейжай қарамаудан, оған деген ізгі ниеттен туындайды деп білеміз.

Ақын шынында да ақиқатты айтып отыр. Ауыл болса, елдің де, халықтың да тірлігі баянды. Сондай-ақ, ұлттық қадір-қасиетіміз де мәңгілікпен жалғаспақ. Тек бір-ақ мәселе – ауылға деген көзқарас өгейсімеуі тиіс. Ауылды ұлықтау – ұлтжандылықты уыз күйінде сақтаудың бірден-бір жолы.

Бізге ұлт, халық болып қалыптасып, нығаюымыз үшін көркем сөзге, кемел ойға тұздықталған көшелі де келісті көсемсөздер қажет. Ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде бұндай сарын аз емес. Оқырман талғамымен үндесетін, биік поэтикалық өлшеммен қауышатын сөз орамдары, сөз тіркестері мен ой тізбектері біз талдап, сараптаған «Дауа» атты өлеңдер жинағында молынан ұшырасады деп айта аламыз.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді халқымыз. Осынау жалғыз ауыз сөзде қаншама тағылым, ғибрат бар екендігін аға ұрпақ өзінен кейінгі ұрпаққа айтудай-ақ айтып келеді. Бұл сөзді өсиет дейсіз бе, өнеге, тағылым деп ұғасыз ба, бәрібір, мұнда елдік сипатты қадірлеу түйсігі бар. Елдікке үндеген аманатты да естігендей боламыз.

Ақынның «Тілеу» өлеңінде татулық, ұғынысу, елдік, азаматтық секілді ұлы ұғымдар ақындық көркемсөзбен, қасиетті көсемсөзбен айшықталған. Ақын жақсы адамдардың бірін-бірі ұғыса алмағанына жаны жай таппайды. Алауыздық ел ішіне лаң саларын ескертеді. Екі мықты шекіссе, ортасында кінәсіз былайғылар мерт болатынын кесіп айтады.

Ел азса, алдымен азаматы татулықтан айырылатынын уәжді сөзбен өрнектейді. Елдікті айтып, ұрпаққа ұран еткен далакөңіл халықтың ұрпағы дер едік деп түп тамырымызға барлау жасайды. Сөйтіп, ақындық тілмен өз ойын былайша түйеді:

Көркем әдебиеттің, оның ішінде поэзияның өз оқырманына берер, дарытар тағылымы осылайша болуы қажет. Бізге, бүгінгі оқырманға қазірде құрғақ ақыл яки насихат қажет емес. Поэтикасы әсем де сұлу, тегеуріні мықты ата-баба тілімен суарылған көсемсөз иірімдері керек. Осындай зәруліктердің орнын ақын өлеңдеріндегі шынайы тіл толықтыра алған демекпіз.

Ақын қашанда өз халқына сенеді, оны асқар тау тұтады, ел сезімі өзін биіктететінін пайымдайды да. Ақын намысын сырттай жыртып, қаншама адамның өзін жақсы көріп жүретінін де зор мәртебе санайды. Жанына қуат беретін де солар. Маңдайдан сипар ағаларында да сан жоқ. Ақын қуана білетін, мұңдана алатын апа, жеңгелеріне де дән разы. Елімен бірге есейген, еңсесі тіктелген ақынның демеуі де, сүйеніші де – табан тірер елі, жері.

Осынау тұщымды ойды «Көре алмай, іші күйіп жер сабаған» өлеңінен анық байқаймыз.

Сағынып алыс кетсем бұлты, желін,

Шықтарды шара көзге іркіп едім.

Кіміме сүйенер ем болмаса егер,

Ел деген алтын діңгек – бір тірегім!

Ақынның эстетикалық таным-талғамының басты өлшемі – алтын діңгекті асыл елі, оның тыныс-тіршілігі, табиғаты мен тілі және өз ділін сақтаған төл адамдары.

«Қазақ даласы» өлеңі де көркем де ойлы көсемсөзбен көмкерілген. Бүгінгі Қазақ Даласы жасампаз елдің ерен еңбегінің көрінісіндей түйіледі өлеңді оқып шыққанда. Өткен тарих пен бүгінгі тарих астасқан, жау шапқан Дала мен ата-баба иісі тараған қасиетті Даланың талайлы тағдырын көз алдыңа елестетеді.

Сұлу Баян, Қыз Жібек, Кәмшат болып,

Жүгендейді бұл күнде тың тарланып.

Қынапқа сап қылышын Қарасайлар,

Жібергендей түздерге тұлпарларын.

Мақтан етіп қазақтың бар жайсаңы,

Отырғандай артында ұл қалғанын,

Ел қалғанын, ән мен жыр қалғанын!

Бүгінгі тәуелсіз елдің көркі осынау өлең жолдары тасқа басылып шыққан 20-ғасырдың 80-жылдарымен салыстырғанда, ақынның көрегендігіне, болашаққа сенімділігіне қайран қалмасқа болмайды. Бұны біз бүгінде ата-бабалардың ғасырлар бойы арман еткен, үміт артқан ақпейіл ой-ниеттерінің жүзеге асып жатқан айшықты мезеттері деп білеміз.

«Мақатаев туралы жыр» өлеңі де көркем де ойлы көсемсөзге тұнып тұр. Қарасаздан түлеп ұшкан бала Мұқағали өлең әлеміне от болып лапылдап жанып келді дейді ақын. Мұқағалисыз қазақ поэзиясы «Булығып Хантәңірі жылап тұрғандай» күй кешті дейді сыршыл да ойшыл, күрделі ой әлемінің иесі Фариза Оңғарсынова.

Шың – Қадыр, бір жағымда шоң

Тұманбай тұрса да.

Бір тірегі олқы жандай,

Жаралы жүрегімді жарға соғам,

Орныңды еш тұлғамен толтыра алмай... –

деп Мұқағали ақынның тұлғалық, ақындық қайталанбас болмыс-бітімін кесек-кесек ойлы да өрнекті сөз орамдарына ғажап ораған.

Ақын Мұқағали поэзиясы тегеурінді, тасқынды. Көңіл толқытар, мұң сейілтер, реніш тарқатар, қуаныш қосар орасан зор күшке ие. Сол себепті, ақын туындыларының ғұмыры баянды екендігіне Фариза Оңғарсынованың өлең-шумақтары ешбір күмән келтірмейді.

Жалған даңқ, жасанды айбат былай қалып,

Жел деген жартас сынды құлайды алып.

Тағдыр – жыр жасар бірақ іңкәр жерде,

Мәңгілік Күн ғұмырды шыр айналып!

Ақын Мұқағалиға арналған сан алуан, сансыз акеділ жырлардың бірі осы деп ұғынамыз.

Ақын поэзиясынсыз бүгінгі қазақ әдебиетінің даму үдерісін көз алдымызға елестете алмаймыз. Ақын поэзиясы – төл әдебиетіміздегі шоқтығы биік көркем туындылар. Күрделі заманның түйінін ақындық көзқарас тұрғысынан шешуге ұмтылған өлең жолдары мен шумақтары. Тұтас өлеңдер тізбегі. Ақын өлеңдері өмірдің өзіндей сан алуан. тақырыптары да тарам-тарам. Тұтаса келіп, елдікті, адамдықты, ынтымақ пен берекені, адамның көңіл күйін шертуге ұмтылады.

Ақын өзінің «Жаным – дала, көгінен бұлт арылмай» атты өлеңінде де жыр күресінің ешқашанда талпыныстан арылмаған қасиетін ашып айтады. Шабытқа жегілген жыр күймесі, шынында да, қазіргі таңда зулап жүйткуде. Бұл орайда біз автормен келісеміз. Ақын былайша жыр жолдарын кестелейді.

Жол – дария, тұрмайды ағын ұрмай,

Жоғалма, жыр, жылдарға тамырың жай,

Дәуірлердің дауылы дақ салмағын,

Атамұра қобыздың сарынындай.

Өмірге іңкәр ақын поэзиясының алдағы кезде де қазақ әдебиетінің тамыры тереңге жайылған алып бәйтерегі болып қала беруіне көпсанды оқырман сипатында тілектеспіз.

«Сөз өнері – дертпен тең» дейді халқымыз. Сөзді қасиет деп ұққандықтан айтқан бұны. Сөзде кие бар деп түйсінгендіктен ойға түйген мұндай түйсікті. Сөз өнерін ұстанған жан оның дертіне ұрынғанда қоғаммен, оның мүшелерімен бірігіп, кірігіп кеткендіктен жаны жай тапқан немесе көңіл хошы алабұртқан.

Ақын «Өнер дерті» өлеңінде осынау тұжырымды өз өнерінің басты бағдаршамы деңгейіне жеткізген. Адамға атақ та, байлық та, даңқ та, дақпырт та қалай дегенде де керек болғанымен, күндердің күнінде жеке мүдде емес, жалпы мүдде салмағы басымдау түсетіндігін ұғынары хақ. Өйткені, адам баласы – бүкіл әлемнің бір-ақ бөлшегі. Саналы тұлғасы. Сана мен көкірек көзі бар жан өзімен бірге өлеңінің де бақытты болғанын қалайды. Солай болуға тиіс деп қорытпақпыз біз де өз ойымызды. Ақын өлеңі де сол бағытта өріледі. Үзінді келтірелік:

Елін сүймегендерден,

Жерін сүймегендерден,

Өзін туған халқының

Жанын ұқпағандардан,

Қанын ұқпағандардан

Әндей терең мұңымды

Сүтін емген тілімді

Сезіп білмегендерден

Жаным жылап, сенделгем, – дейді.

Материалдық байлықтың рухани байлықпен, туған халқының тілі мен діні, ділі мен дәстүрімен қауыша, үйлесе, өсіп-өркендеуі ғана ақын жанын, рухын биіктете түспек. Әйтпесе, олай болмаған жағдайда сараңдықтың сары тап соқпағынан арылмаған халде күй кешпекпіз. Ақын поэзиясының түйіні, мінеки, осы.

Ақын Фариза Оңғарсынова «Диалог» өлеңінде ақын мен жүректің өзара сұхбатын өлең жолдарымен өрген. Ақыл мен жүрек мәселесін ұлы Абай да қозғаған. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» дейді данагөй ақын. Ал, Фариза Оңғарсынованың жоғарыда аталған өлеңінде ақыл мен жүрек тиісінше бірі салқынқандылық, сабырлылық, екіншісі от мінезді болса да, екеуі де мәңгілік тағдырлас сипатында суреттеледі.

Мұнда да ақыл мен жүректің тағдыры ортақ, тұтас. Бірінсіз-бірі жеке-дара ғұмыр кеше алмайды. Бірін-бірі толықтырады. Жетілдіреді. Әйтсе де, ұлы ақынның үйлесімділік ұғымы ақыл мен жүрекке түптің түбінде өте қажет-ақ.

Ақын поэзиясы адам болмысындағы кемшін тұстарды қаламайтындығымен ерекшеленеді. Бұның өзі ақынның пенделік қалыптан қашанда жоғары тұратынын сипаттаумен айшықталады. Адамға тән ірілік, ұсақтық емес ұлылық, тектілік айқын байқалатындай. Адамдардың бойынан өмір бойы кеңдік, өрлік күткен ақын әркімнің сөзін бағып жүргендерден де көңілі жүдейтінін өлең тармақтарына қосқан.

Кесек мінез, кеңдіктер – ер нышаны,

Елі десе ойланбай сең құшады.

Сәл ұқсастық сезсе-ақ ондай жанның

Қасиеті мен үшін желге ұшады.

Ақынның өмірлік бағдары, өлшемі, мінеки, осындай. Осындай поэзиясы бар ұрпақтың күні де ертең көсегелі болмақ. Ата-баба тілегін арқалаған ақын үшін мұндай жауапты міндет – қасиетті әрі киелі. Сол үшін де халқымыздың ғасырлардан ғасырға аман-есен жетуі, із-түзсіз жоғалып кетпеуі – іріліктің, кеңдіктің арқасы деп білеміз.

Ақын Фариза Оңғарсынованың есімі өршіл өлеңдерімен, көптің көкейін дөп басар көркем көсемсөзге суарылған жырларымен оқырман қауымға жете таныс. Ақынның сүйенері де өз өлеңдері, жырлары. Жүрек түкпірінен сезімді шымырлата шалқытатын шабытты жырлары таразыға теңдей тартылған сабырлы ақылға жүгінуімен де бағамдалады. Тентек сезім емес, текті сезім. Құрғақ ақын емес, тұнған болмыс иесі, төл халқымыздың азбас, арымас аяулы ақыл әлемі өлең жолдарында менмұндалайды.

Бес қаруым бойдағы – батыл жырым,

Батылдықпен аралас жатыр мұңым,

Біліктіге жұғысар ебім де жоқ,

Немесе алыс-берісім, жақындығым.

Ақынның тыныс-тіршілігі күрделі де қарапайым, айқын да алмағайып ғұмырда өзін қорғайтын, жұртта тастамайтын өз жырлары, өлеңдері, поэзиясы екендігіне имандай сенімді. Бұл дұрыс та. Өйткені қай халықтың болмасын, рухын биіктетер, төрге сүйрер сөз өнері болғанына не жетсін! Бұндай өнер біздің елде, байтақ жерімізде бар екендігіне сенгендіктен, ақын Фариза Оңғарсынованың төл туындыларына назар аудардық. Елімен, туған халқымен бірге жасасып келе жатқан ақын үшін бұл аз нәрсе емес.

Шығарса да шыңғырып ақырғы үнін,

Билігі жоқ елесін ақынды кім.

Елемесін.Түбінде туған елдің,

Кәдесіне бір жолғы татыр жырым.

Ақын Фариза Оңғарсынова жай әшейін ақын емес. Билікте де болды. Еленді. Еленуі де заңды. Себебі сол, ақын поэзиясын елі, халқы мойындап үлгерген. Ал, мойындалған поэзияның ұмтылуы неғайбыл. Мұндай поэзия өміршеңдік заңдылығымен жалғасты ғұмыр кеше береді, деп білеміз.
***
КӨКТЕММЕН КӨКТЕГЕН КӨҢІЛ
Қазақ поэзиясы – тұнып тұрған сурет. Қазақ поэзиясы сырға толы. Қазақ поэзиясы – жан әлдиі. Өткен ғасырдың 60-жылдарының екінші жартысында біздер, студенттер ақын Сабырхан Асановтың өлеңдері және поэзиясымен танысу бақытына ие болдық. Біздер сонда ақынның орда бұзар отыз жасындағы ақындық, азаматтық болмысымен қауышқан екенбіз. Институт студенттері үшін сол жылдарда ақынмен кездесу дегеніңіз өте үлкен жаңалық болатын. Ақын сөзіне иланып, толқып, рухтанып қалатынбыз. Ақын сөзі ұлық еді ол кездерде.

Соңыра мерзімдік басылымдарда қызмет атқарып жүргенде ақын Сабырхан ағамен талай-талай жүздесудің, жолығудың, сұхбаттасудың, әңгімелесудің реті болды. Ақын аға Мырзашөл өңіріне де жиі келетін. Мырзашөлдік белгілі журналист, бас редактор Кенжебай Бөгенбаевтың адами, рухани тұрғыдағы ең жақын досы, сырласы болғандығына куә болған адамдардың бірімін.

Енді, мінеки, ақынның қолда бар жеті кітабын көзден өткізіп тұрмын. Оларды жылына қарай шығуына байланысты рет-ретімен атап өткім де келеді. «Ақбота» (1976ж.), «Қоштасқым келмейді» (1978ж.), «Бақытымды жырлаймын» (1980ж.), «Сағындырған көктем» (1983ж.), «Сағынамын» (1986ж.), «Көктемнің шуақты күндері» (1987ж.), «Елу көктем» (1930ж.).

Ақын өлеңдерінде табиғат-ананың көктем мезгілі тұрақты тақырыпқа айналғандай. Ақын жыл он екі айды шабыттана жырлайды. Сөз суретімен өрнек тоқиды. Көркем сөзге құдірет дарытады.

Көктем шығып келеді, көктем шығып,

Көптен бері ойымнан кеткен шығып.

Қарайыншы қылтиған көкке мына,

Қадыр білмес көңілім жеткенше ұғып.

Әрине, өлең жолдарында ақындық тіл поэтикасы еркін аңғарылады. Жадыраған жаз бен қоңыр күзден соңғы аязды қыстың қақпанына түскен жан бір сәтке көктемді қаншама аңсаса да, ойдан да, қиялдан да тыс қалуы бек мүмкін. Бірақ, табиғат-құдіреттің заңдылығын қойсаңшы. Өмір-бақи таусылмастай көрінген қытымыр қыс та көңіл ауанын толқытар көктемге орын бермей қоймайтынын айтсаңызшы.

Нақ сол кезде көктемге деген іңкәр сезім көзіңді де, көңіл толқыныңды да сабасынан тасытпай қоймайды. Көкке де, инедей жерге шаншылған майсаға да, бүршігін жара бастаған өсімдік атаулысының баршасына да құмарта, аңсарың ауа қарайсың. Көрнекті ақынның осынау өлең жолдары, мінеки, дәл сондай ғажайып суретті көз алдыңа елестетіп, сезім иірімдеріне батырады.

Ақын суреттеуінде көктемнің әрқилы сипаттары да көркем сөздермен көмкеріліп, өзгеше теңеулермен ерекшеленеді. Мәселен, ақын былай дейді:

Алатау – асқақ. Алматы – сұлу. Гүл көктем.

Сезім – бір қоян, сезіктен сәл-ақ бүлк еткен.

Сәулеге бітпес шомылдырып жер бетін,

Алып душ – аспан себездеп шипа нұр төккен.

Рас, көктем жауынсыз болмайды. Көктем аспанын айтулы ақын алып душқа теңейді. Жер-көкті көктем аспаны өзінің нұрымен, мөлдір тамшыларымен тазартады, жуындырады. Ақын сезімі үнемі көктеммен бірге. Көктемді аңсау, көктемге деген іңкәрлікті көрнекті шайырдың көптеген өлең жолдарынан кездестіруге болады. Мысал келтірелік:

Кеудесіне тулаған көк теңіз кеп,

Көгал қуған қалды артта өктем із көп...

Сапырып сап-сары ала жапырақты,

Күз ішінен мен жүрмін көктем іздеп.

Ақын поэзиясы – ақын өмірі, тыныс-тіршілігі, сезім арналары. Өлеңдерінде студенттік шақ, оның қызығы мен ойын-сауық тойы, арқа төсіндегі астық жинау сәттері – бәрі-бәрі де жастық шақтағы ақындық толқынысты аңғартады. Еске жалындаған жастық отының жарық нұрын оралтады. Жастық шақтың базарын тарқатпас осынау өлең жолдары бүгінде тарих қойнауына кетсе де, замана шындығын, жанды уақыт бедерін жадта жаңғыртады.

Ақын поэзиясында өмірге деген көзқарастың негізгі өзегін де байқап, пайымдауымызға болады. Шекспирдің өзі айтқанындай: «Өмір – сахна, адам – актерлер» демекші, ақындық тіл де өз оқырманына өзгеше бір дүниетанымды білдіреді. Ақынның өлең жолдарында айтылғанындай:

Тағы да тағдыр қат-қабыт,

Тағы да өмір – сахна.

Тәуекел болсаң – аттамақ,

Тілейді қымбат ақыға.

Нарық заманынан әлдеқайда ертерек жазылған, дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында дүниеге келген осынау өлең жолдары халқымыздың «Өмір – қымбат» деген данагөй сөзімен астасып жатқан сықылды. Өмірдің әрбір қас-қағымын үмітпен, арманмен, тәуекел тірлікпен өткізсең ғана оның қайтарымына, жемісіне ие боларсың деп, үн қатқандай болады ұлтжанды бауырмал ақын жүрегі.

Ғұмыр-дарияның әр кезінде айтылар сезім сырларын ақынның бүгінгі заманына орай айта беруге құқылымыз. Өйткені ақын да адам. Ақын да қуануға құқылы. Асып-тасуына да ерікті. Ендеше жыр жолдарына кезек берелік.

Менің дағы кеудем толы қуаныш,

Менің дағы кеудем бүгін тасқын жыр, –

деп ақын айтпақшы, ақын өлеңдері бүгінде өз оқырмандарымен қауышуда. Ақын бақыты осында. Рухтың шат болуы – оқырмандары мен поэзия жанашырларының көңіл көзінің ашық болуында. Қалғымауында дер едік.

Тау тұлғалы, тау болмысты, сыртқы кейпі тау перзенті іспеттес көрнекті ақын Сабырхан Асановтың өлеңдерінде тау жай әншейін географиялық пішін ғана емес. Ақынның сөзімен өрсек, ақын көзімен көрсек, тау – жанды организм. Тау – ойға, сезімге тұнған нағыз алыптың шынайы бейнесі.

Таулар деген немене, тұрып қалған толқын ба,

Білдірместен біздерге тұра ма іштей солқылдап.

Көріне ме көзге деп, естіле ме деп үні,

Таулар көрсем, тесіліп көп қараймын мол тыңдап.

Ал, ақынның «Кешір жаным», «Жазығым не?», «Күткен жаман өмірде», «Жақынымсың сен менің жүрегімсің» және тағы басқа да өлеңдері жастыққа тән сезім күйлерді дөп басумен, иландыра білумен айшықталады.

Ақын да көктем, ақындар да көктем мінезді екендігіне ешбір күмән келтіруге болмайды. Жанға жайлы сөз, жанға ем құдіретті сөз, жан балқытар ыстық сөз ақынның поэзиясында жеткілікті, тіпті, көп. Сол үшін де ақын өлеңдерінің мәртебесін қаншама биіктетсек те жарасады. Ақын бірде:

Қыздар, қыздар, ақындарды сүймеңдер,

Аз ба оларды сүйемін деп күйгендер.

Ақын деген жанған өрт қой жалындап,

Жанса өздері жана берсін,тимеңдер, –

деп жырласа және бірде:

Қыздар, қыздар ақындарды сыйлаңдар,

Көңіл үшін қуанышын қиған бар...

Жер бетіне сыймай жүрген оларды,

Қайдан ұқсын жер бетіне сыйғандар! –

деп нағыз көркем поэзиясын дүниеге әкелуші талант иелеріне деген қадір-құрметке ешбір шек келтірмейді.

Ақынның «Көктем Оңтүстіктен басталады», атты кітабы да «Көктем қашан», «Көктем келер», «Көктем келе жатыр ма?», «Көк көгерді үзілмей үмітімдей», «Көңіл үшін көктем деген – бір биік», «Көктем сайын», «Көктем менен махаббат», «Көктем қайда?» және тағы басқа да көктемге қатысты өлеңдері мәңгілік жастық шақты жырлаумен сипатталады.

Ақын өлеңдеріне көптеген әндер де жазылғаны белгілі. «Сағынамын» атты ән жинағында белгілі де аяулы сазгерлер Шәмші Қалдаяқов, Мыңжасар Маңғытаев, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақанов, Әшір Молдағайынов және тағы басқалардың өлеңдеріне жазылған әндері енген. Бүгінде ақынның жастар ерекше тыңдайтын «Дүнген қызы», ал сәбилер шаттана орындайтын «Қошақаным қайда екен?» атты әндері әлі де әр жүректі тербеумен құнды дер едік.

Ақын Сабырхан Асановтың өзі жазғанындай, 20 жыл бұрын жазылған «Сырттан оқитын келіншек» деректі поэмасы 1990 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан «Елу көктем» кітабына еніпті. Онда адам жанының тазалығы секілді мәңгілік тақырып ақындық таныммен, поэтикалық тілмен тағылымды дәріс түрінде шебер өрнектелген. Өмірдің өзінен ойып алынған шындық «Адам қайткенде адам болып қалады?» деген көкейкесті сауалға жауап берердей оқырман жадын жаулайды. Ар-ұят кемшін тартқан заманда осынау мәселе өзінің зәрулігін аса жоғалтпағаны адам баласының мың-сан қалтарысты есінің бір бұрышында әлі де сақталып тұрғаны ертеңгі күнімізге деген үміт пен жауапкершілікті арттырады.

Тірісінде оқырмандарымен қауышып, студент-жастардың ыстық ілтипатына бөленген ақын атақтарға оншалықты ие болмаса да, сырға, назға, керемет сезімге тола жыр-шумақтарын, өлең жолдарын, поэзия жанашырларына қалдырғаны көңіл көншітеді. Бұл жайлы да ақын өз оқырмандарынан ешнәрсені жасырып қалмаған.

Жұрт секілді біз де бір күн кетерміз,

қалса деп ем туып-өскен мекенде із.

Абай ата, ақындардың ішінен,

Атақ алмай қалған жалғыз екеуміз.

Ақын халқымыздың өлең, жырына деген өзіндік көзқарасын да білдіргенін байқаймыз. Өлең-жырды сөз құдіреті, сөз киесі деп ұқсақ, ақын Сабырхан Асанов қазақ жырын асылға, ғашық жанға, күн нұрына, аққан бұлақ сыбдырына, дала үніне, аңызаққа түскен ақ жаңбырға, асқақ әнге, асау күйге теңейді.

Қазақ жыры – барар күндер алдағы,

Өткен, кеткен ата-баба арманы.

Кеше ғана батырлардың уралап,

Алынбайтын жау қамалын алғаны, –

деп жырдан сөз маржанын ақтарды.

«Ақынның өмірі өз өлеңінде» демекші, өлең жолдарында ақынның тасқындаған толқынысы, іңкәр өмірге деген ғұмыр бойы басылмас шөліркеген шөлі, өршіл рухы мен адами өкініштері анық сезіледі. Ақын бірде ес жиып алғанша, өмірдің өтіп кеткеніне кейиді. Көкіректе қалған қаншама көңіл күйлердің шертілмей қалғанына аһ ұрады және бірде. Әрине, бұны біз шығармашылық адамының әманда өзіне-өзі көңілі толмаушылық, пәни дүниеге алаңдаушылық сезімі деп түсінеміз.

Ең бастысы, Сабырхан Асанов ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне, әсіресе, 60-90-жылдардағы ерекше кезеңіне елеулі үлес қосты. Ерекше кезең дейтініміз, 60-жылдардағы қоғамдық-саяси өмірдегі еркіндік, еркін ойлау ақынның қанатын қатайтты. Шабытын қанаттандырды. 70-жылдардағы қоғамдағы ақпарат – барға тоқмейілсу кезеңі ақын жүрегіне терең із салды. Тығырықтан шығу үшін ақынның өнердің тізгінін қаншама босатқанымен, қатаң жүйе, кеңестік қалыптан шықпау үрдісі нағыз поэзияның заңғар көкке атойлап шығуына кедергі болды. 80-90-жылдардағы емін-еркін ой-пікірлерге және де мүмкіндіктің кеңінен жол ашылуы поэзияның ұлттық мүддемен ұштасуына ықпал етті. Ақын өлеңдері ендігіде осынау ұлттық мұраттармен үндесе оқылатын болды. Бүгінгі жас ұрпақтың ақын поэзиясына тәуелсіз елдің арманы мен үміті тұрғысынан бағалайтыны рас та. Соның бір дәлелі ретінде ақын туралы қазірде ғылыми-зерттеу еңбектері жазылуда. Ендеше, ақын шығармалары өз халқының рухани байлығының құрамдас бөлігіне айналып кетті дей аламыз.

Ақынның өлеңге деген өлшемі де ерекше. Ақын өлеңді көпке арнағанымен, жырқұмар қауыммен жүрек сырын бөліскенімен, өз жыр-перзентін өлең, жырды түсінетін адамға бағыштауымен айшықталады.

Тыным таппай небір күнде, не түнде,

Жұбана алмай жүрсем дағы, сірә, одан,

Жыр жазамын мына жердің бетінде,

Түсінетін бар шығар деп бір адам.

Ақын үшін өлеңді түсінетін бір адамнан артық ештеңе жоқ. Өйткені, қоғамның бір бөлшегінің өзі сан мыңдаған, миллиондаған жеке-жеке адамдардан тұрады. Ақын, мінеки, осынау жеке-жеке адамдардың тұлғалық болмысы мен бейнесінің жоғалмауын тілейді. Ақын тобырлық келбетті емес, ұлы Абай айтпақшы, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» дегендей, кемел тұлғаның өз оқырманы болуын қалайды.

Ақын өлеңдеріне зер салғанда оның табиғи болмысын, ақындық қуатының қайнар көзін білгіміз келгені де рас. Табиғат-ананың тым ерте оянып, өзінің ыстық демімен бірге аптапты жазына оп-оңай ұласатын, одан соң лезде қоңыр күзімен қауыштырып, әп-сәтте аптадан асып, бірер айға жетер-жетпес аязды күндерімен-ақ абыр-сабыр ететін Оңтүстіктің құдіреті мен қасиетін ақын шығармаларынан еркін сезінеміз. Ару Алматыда ақындық жолы өрілсе де, ақын өзінің Оңтүстігін қаламына арқау етумен күн кешкен сыңайлы. Өйткені, ақын өлеңдерінің оқырманға тигізер ыстық ықыласы соншалықты, көктемгі күндей елжірейді. Тоңы жібіген Жер –анадай балбыратқан күйге орайды. Ал, енді бірде Оңтүстіктің аптабындай ыстық құшағына қыса түседі. Тап бір ауа жетпестей мейірге тым-тым шөліркеткенін айтамыз да.

Сондықтан да, ақын өлеңдерінде мәңгілік көктем, таусылмас көктем, түгесілмес көктем толқыған, тербетілген, тасыған иірімдерімен мәңгі-бақи әр жүректе жаттала бермек.


***


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет