Нұрғали Қадырбаев көркем әдебиет көкжиегі


*** ӘДЕБИ ПРОЦЕСТІҢ ТАМЫРШЫСЫ



бет6/12
Дата25.12.2016
өлшемі2,85 Mb.
#5150
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

***
ӘДЕБИ ПРОЦЕСТІҢ ТАМЫРШЫСЫ
Көркем әдебиет әрдайым дамуда, өзгеруде болады. Тіпті, бүгінде көркем әдебиет дағдарыста, тоқырауда деген ой-пікірлер бар. Бірақ гәп басқада. Тоқырау, дағдарыстың өзі белгілібір процесс. Сондықтан, рас, қазірде көркем әдебиет өзінің негізгі күретамыр бағытынан өзге арнада дамып, өзгеріп, жаңарып, жаңғырып жатыр. Мәселенің мәнісі осында. Бүгінгі көркем әдебиетті сол себепті бір жақты бағалау әсте қиын. Әрі солайша өлшеу көркем әдебиетке берілер әділ сөз емес дейміз.

Сөз о бастан-ақ үлкен мәнге ие. Оның қадірі мен қасиетіне бүгінде жетіп жатқан ешкім жоқ деу де зымыран уақыттың алды-артымызға қаратпай, айт-шу деген асығыс-үсігіс тірлігінің көрінісі болар. Әйтпесе, сан ғасырлар бұрын ғұмыр кешкен айтулы филологтар да өз заманында адами құндылықтар азып, тозды деген өз ойларын тұқырта айтқан. Алайда адамзат қоғамы өзінің даму заңдылығымен үшінші мыңжылдыққа қарай емін-еркін, бәлкім асыға бет алуда.

Сонымен, біз қалай дегенде де ұлы сөзге бас иеміз. Одан өзге қуатты құрал таба алған жоқпыз. Ақша-Құдайға айналған заманда да сол сөз өз мәні мен мазмұнын жоғалтқан жоқ. Аз айтылса да, көп қолданылса да. Солай.

«Ең алдымен Сөз болған» делінеді Қасиетті кітаптардың бірінде. Шығыстың жеті жұлдыздарының бірі – Омар Хаям да өзінің «Наурызнаме» атты еңбегінде былай деп атап көрсетеді: «Кәміл ақыл тұрғысынан зерделеп қарағанымда сөзден асыл, сөзден артық әлдене болғанда, Алла тағала оны Пайғамбарына білдірсе керек еді. Араб тілінде: «Өмірдегі ең жақсы сұхбаттас – Кітап делінген» дейді. Демек, сөз адамзат баласы пайда болғаннан бері өз құнын, бағасын әсте жоғалтпақ емес. Көркем сөз хақында да солай ойлаймыз.

Мақаламызға тікелей өзек боларлық мәселеге дәл осы өлшем тұрғысынан қарастырған жөн санаймыз. Көркем әдебиетімізде сыншылар, сыншы-ғалымдар, жалпы әдебиеттанушы-ғалымдар атаулысы ерекше рөл атқарды. ХХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе, 70-80-жылдары осынау бағытта өнімді, әрі жемісті еңбек еткендердің бірегейі – көркем әдебиет сыншысы Төлеген Тоқтабергенов болатын.

Сарабдал сыншының еңбектеріне толық тоқталып өтуге бір мақаланың көлемі аздық етеді. Біз айтулы сыншының 1990 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Ай мүйіз» атты кітабын зерделеп, ой елегінен өткізуді жөн санадық. Кітап екі бөлімнен тұрады. «Толғау» бөлімінде – он алты, «Толғам» бөлімінде – жеті толғақты да толғамды материалдар топтастырылыпты. Көлемі 20 баспа табақ еңбектегі аннотациясында жазылғанындай, көркем әдебиетте өзіндік ой-өрнегімен машһүр болған қаламгерлердің, өнер иелерінің шығармашылық ізденістері жан-жақты көрініс тапқан.

«Егер жазушы болсам...» мақаласы жай әншейін жазба емес. Көркем әдебиет, оның көркем сөзі хақында жазылған терең ой. Данышпан Абай өлеңді сөз патшасына балап, оны «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегенде, ой жүйрікке ие болып, сөз маржанын тере білу және әдемілік пен талғамды қазақы шешендікпен қиыстыра білуді меңземей ме?! «Әттең, дүние-ай, ақын болмаған екем» дегізетін арман-ой осыдан келіп шығады», дейді автор-сыншы.

Сөз киесін ұлық санаған сыншының жазушыға қояр талабы да алабөтен. «Мен егер жазушы болсам... Бұл өзі армандай елестен туып жатыр. Жазайын десем, ылғи бір күдік, ылғи бір күмән тұрады. Тұмандай бұлдырап, сағымдай құлдырап әріге, алысқа қашады. Көкейдегінің көркі – қайран қара тіл қашағанға салынбаған құрық боп қолдан шығып, ырық бермей кетеді... Сосын тартынам...»

Осы сөйлемдердегі көп нүктелер сөйлем ортасындағы, яки сөйлем соңындағы сөйлемдерді әдейі алып тастаған дегенді білдірмейді. Автордың иірімі терең ойларын меңзейді. Соны ескерткіміз келеді.

Талапшыл әрі талантты сыншының жазушыға қояр талабы бүгінгі күні де өткір. Көкейкесті. Ол былай дейді: «Әтең жазушы атану бар да, анық жазушы болу бір басқа ғой. Әйтпесе, құр санатта бармыз деп, сан шапаттап жүрген қаншама.» Кітаптың жарық көргеніне тұп-тура ширек ғасыр өтсе де, сыншы талабы әлі де толғақты. Ол үшін жоғарыда келтірілген мақаланы толық оқып шығу керек. Тұшынып, түсіну қажет-ақ. «Жазушы өнер туындысымен тәрбиелесін, өнер үлгісін берсін, кейіпкер арқылы берсін, ой салсын дер едік», деуі бүгінде де мәнді әрі маңызды.

Салиқалы сыншы, зерделеуге мықты әдебиет зерттеушісі деуге әбден лайық Төлеген Тоқбергенов, мәселен, Тахауи Ахтановтың талант қырының молдығын, суреткер-қаламгер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларындағы мың құбылған мінез бен сан алуан бояуды ішке сіңірген сөйлемдерді үрдіс еткендігін, эпик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шұқшия жазып, тер төге өңдейтін еңбекқорлығын тамыршыдай дөп басқан. Қазақ әдебиетінің айтулы классиктерінің жазушылық, суреткерлік, терең ойшылдық қасиеттері мен ерекше сипаттарының бүгінде де зор танымдық мәні бар екендігін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Автор-сыншы сондай-ақ көркем әдебиетте із қалдырған Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Дүкенбай Досжан, Рамазан Тоқтаров, Мағзом Сүндетов, Оразбек Сәрсенбаев, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Софы Сматаев, Тұтқабай Иманбеков, Сәтімжан Санбаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Кәрім Ахметов те сыншы тарапынан жақсы-жақсы әңгімелері, тәп-тәуір повестері, романдарымен өмір шындығын естен шықпастай бедерлі бейнелер арқылы жасағандығын атап айтады. Бұл есімдер мен олардың туындылары қазірде төл әдебиеттегі процесті айқындап, зерделеуге елеулі түрде ықпал жасай алады.

Сыншының осы орайдағы ой-пікірлерімен бүгінде келіспеуге болмайды. Төлеген Тоқбергеновтың пікірінің көкейкестілігі мынада, егерде шығарма кейіпкерлерінің мінезі, іс-әрекеті жұмбақ күйде қалса, онда оқырманның өзі қорытынды жасау керек дегенге саяды. Сондықтан да болар, күні кешегі кеңестік замандағы астарлы меңзеулер, сөз бен істің алшақтығы, өмір салтындағы даңғазалықпен жауырды жаба тоқушылық сол қоғамды құрдымға батырып жіберді. Өйткені шынайылық жоқ жерде, көзбояушылық еріп жүреді. Жасырып не етелік.

Сергек сыншының «Жазушының парызы – Адам тану» дегені кеше де, бүгін де, ертең де айтылар аталы сөз. Сыншы сөзі – тек сынау дегенді аңғартпайтынын Төлеген Тоқбергеновтың «Ай мүйіз» атты кітабын оқи отырып түйсінесіз. Ұғынасыз. Рас, көркем әдебиетте сыншы сөзі көп жағдайда өзінің бастапқы атауынан айырылып қалғандай пайымдалады. Көркем туындыларды сынаушы маман мәнінде ұғынылады. Бірақ олай еместігіне «Ай мүйіз» кітабы дәлел. Мұнда нағыз көркем әдебиеттің қандай болатындығын жан-жақты, терең әрі иірімдері мол, сан қатпарлы сипаттармен менмұндалайды. Сыншы дегеніміз – көркем әдебиетті сипаттап беретін, сөз өнерімен аттың тұлпарын, құтың сұңқарын дөп басқандай айтулы тамыршы, атбегі, құсбегі секілді керемет маман иесіне телінетін ұғым екен-ау дейсіз-дағы. Және де сөз киесін қасиет тұтқан Төлеген Тоқбергеновтың сөзді құрау, сөзді ойнату, сөзбен ойландыру, сөз арқылы меңзеу, сөзді кемелдендіру, сөзді ұғындыру, сөзді жандандыру, сөзді сиқырлау, сөзді жұмбақтау, сөзді өрнектеу мәнерінде жазылған сөйлемдері сыншының білімдарлығын, төл тілдің барша құнарын ұлттық тұрғыда терең меңгергендігін байқатады. Мұндай сөйлемдерді тұшынып оқығанда ғана түйсінесіз. Ал бүгінде көркем әдебиет әлемін біле түссем екен деген жанға бұндай әдеби оқулар, әлбетте, қажет-ақ. Мысалы, мына сөйлемдерге қараңызшы. Автор көркемөнерді асыл, текті затқа балайды. Ал асыл зат қандай екен? Қандай ерекшеліктері бар? Оқысаңыз таным-түсінігіңіз тереңдей түсетіндігіне таңырқамаңыз. Сонымен: «Асылдың қыры алуан. Қай жағынан қарасаң да талай қырын тауып алып, бірімен-бірі шарпысқан, бірінен-бірі туындап, бірден-бірге ұласа жатқан тарам-тарам шағылыс, шалқыған шарпу өң-түсті көреміз. Қай тұстан қарасаң да жаңа бір ұшқын-шапақтар, жалынға бергісіз жарқылдар көз қарықтырып, сезімге шырпы, ойға шақпақ болады, тілді байлап, арбап алады, тіпті, сұқтандырады. Асыл өзі тас па, шыны ма, әйтеуір, алмастың жүзіндей жалт етіп, толқып, нұрға балқып тұрады. Түптеп келгенде тегі асыл.» Бұл сөйлемдерді «Парасат шарапаты» атты толғаудан үзінді ретінде ұсындық. Сол үшін төл әдебиетімізге тереңдей түсу үшін Төлеген Тоқбергенов сынды сын-сипатын анық меңгерген қажырлы да қайратты қаламгер мұрасын жіті оқып шығу керек. Сөз өнерінің мектебін, университетін жаңа ашқандай боласыз. Бұл сөз, әсіресе, бүгінгі филолог маманға тиесілі десек, артық айтқандық емес. Төлеген Тоқбергеновтың еңбектерімен таныс болмау, қазақ әдеби процесі және оның сын тарихы саласымен кемел тұрғыда тыныстамау деп ұғынамыз.

«Парасат шарапаты» мақаласында заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың қазақ әдебиетіне қосқан айтулы үлесі, шығармаларының шындық пен шеберлікке шыңдалған үлгісі, жас ақын-жазушыларға жасаған парасат, шарапаты кемел әңгімеленеді. Мақаланың танымдық, тәрбиелік мәні салмақты, ерен.

Сөз сипатын айқындай алатын білікті сыншы жазушының кім екендігін де саралап айта білген. Ол былай дейді: «Жазушы – ерекше таным-талғамның адамы. Ол сол таным-талғамын бедерлі сөз, кемел оймен бейнелеп, бедерлейді. Сондықтан өнегені, жақсылықты мұрат тұтады. Ал жақсылықты мұрат етудің өзі парасаттан туады. Шын парасаттан шапағат лебі есіп тұрады.» Дәл айтылған. Бірақ, кәнеки, осынау ой өрнегі деңгейінде бола алсақ.

Үштаған» атты триптих мақаласының біріншісі – ХІХ ғасырдағы ұлы тұлға, аса көрнекті сыншы Виссарион Григорьевич Белинскийдің әдеби портетіне арналған. Бұл мақалада да айрықша ойларға жетелейтін тұстар баршылық. «Шынында да, Виссарион Белинский ғұмырын, оның әдебиет пен өнерге адалдығын, ар тазалығын, арғы-бергі заманының сырын ұққан саралығын ойласақ, таңданбасқа шара жоқ» – дейді автор-сыншы. «Қысқа ғұмырында руһи кемдікке болмаса, тұрмыстық аштық-тоқтыққа бір сәтке де күйінбей, әдебиет пен өнер жолындағы ұлы мақсат үшін күресте сүрінбей күн кешуі қалай?» Әйтпесе, ол «Мен – әдебиетшімін», – бұл дүнияда күрескермін» демес еді», дейді және де. Одан соң ой тізбегін одан әрі жалғай түсіп: «Осындай сауалдардан кейін, жұрттың бәрі дерлік жоғары білімді, бүгінгідей көзі ашық заманның өзінде, көбіміз отызға келсек те, Махамбетше айтқанда: «Түн қатып жүріп, түс қашпауды» қыз-қырқын, жігіт-желең боп өткізген түндермен, сол түндерді ұйқысыз өткеріп, оңған-солған түр-түсімізбен шатастырып жүруіміз қалай деген ойлар келеді» дейді. Шын сөз бе бұл? Ия, шындық. Бірақ бұл көбінесе жарияға жар салатын сөздеріміз емес. Ал Төлеген Тоқбергенов бұндай ащы шындықты ХХ ғасырдың 80-90-жылдарындағы жариялық кезеңінде айтып салды. Кесіп сөйледі. Кесек турап, тілгілеп, тілшелеп, тұздықтата, шыңғырта тыңдатты. «Адамгершілікті тәрк еткен жұртты қарғыс атсын», – деп тебіренген ұлы сыншының сөзін дәйексөз ретінде өз өмір өлшемі секілді бағдаршам етті.

Ұлы сыншының «Гогольге хат» мақаласы көркемсөзге адал боламын дегендерге, өнерді өнеге деп түсінгісі келетіндерге өлмес, өшпес ғибрат екендігін төл әдебиетіміздің текті тамыршысы атап айтып, әдебиетке жанашыр тұлғаның мінез-құлқы, ой-мұратын, пікір дүниесі ретінде бағалайды. Осылайша жазады. Солайша ой түйеді.

Төлеген Тоқбергенов те өз заманының перзенті. Өткен ғасырдың 80-90-жылдарында көркем әдебиетте сын жоқ, сыншы жоқ деген пікір қазірде де бар. Бірақ құр өкінгеннен, жоқ-жоқ дегеннен не шығады. Әрине, бұл біржақты пікір. Сын бар. Сыншылар да жеткілікті. Тек көрер көз керек. Төлеген Тоқбергеновтың «Ай мүйіз» кітабы сын мен сыншының қандай болуы керектігі хақында дәл осындай кереғар, сыңар езу пікірдің белең алып тұрған уақытында жарық көрген жарамды еңбек дер едік біз.

«Үштағанның» екінші бөлімі орыстың ұлы сыншыларының бірі Николай Александрович Добролюбовтың әдеби-сыни дүниетанымы мен өз заманында көтерген көкейкесті мәселелерге арналған. «Өмір әдебиет теориясымен санаспайды, қайта өмірдің бағыт-бағдарына қарай әдебиет өзгеріп отырады, өмірдің өзінен туған әдебиет қана өнегелік қызмет атқарады», деген орыс әдебиеті сыншысының көркем әдебиет хақындағы көзқарасы әлі күнге шейін өзгерген емес. Демек, әдеби процесс – бұл өмір процесінің көркемдк болмысы. Ал, өмір сан алуандығымен, көп қырлылығымен, терең де жан-жақты ауқымдылығымен айрықшаланады. Кешегі, бүгінгі, ертеңгі көркем әдебиет те солай болмақ.

Н.А.Добролюбовтың орыс әдебиеті үшін сол өзі өмір сүріп отырған уақыт үшін оны өзгертетін жаңа кейіпкер керек, деген мақалаларының ерекше маңызы болды. Бұл сол кездегі қоғамның революциялық жолды таңдап алуының басты себептерінің бірі болатын. Орыс сыншысы көркем әдебиеттен өмірдің өзін табуға әрекет етті. Көркем шығарма да, сыни мақалалар да ақыл айтудан аулақ болуын талап етті. Шыншыл сыншы сот емес, қорғаушы болуға лайық болуын жөн деп санады. Шыншыл сыншы оқырман қауымға өз дүниетанымын күштеп таңбауы қажет деп білді. Шынайы сыншы ешкімге де ештеңені міндеттеп мезі етпейді, тіпті, біреуді мақтап, даттап та жатпайды. Осыны ұмытпауымызға тиіспіз деді. Төлеген Тоқбергеновтың толғауға тола сыни мақалаларын оқи отырып, оның көсемсөзбен өрнектелген жанды, нәрлі сөздік қорынан рахат сезімін бастан кешіруге болады. Көркем әдебиеттің сыншысы қандай болуы керек деген сауалға нақты жауапты тапқандай, көз алдыңызға елестеткендей боласыз.

«Үштағанның» үшінші бөлімі орыс сыншысы, атақты ойшыл Николай Гаврилович Чернышевский жайлы ой тербейді. Сезімі сергек, ойы терең Төлеген Тоқбергенов ұлы сыншының еңбектері, дүниетанымы мен іс-әрекеті, болмыс-бітімі туралы терең толғаған. Орыс ойшылының ой орманына тың барлау жасаған. Мақаланың құндылығы да осында.

Көркем әдебиет сарапшысы секілді ұлағатты сыншының орыс әдебиетінде ерекше ізі қалған көрнекті сыншы хақында соны әрі тың ой-пікірлер айтуы – әдеби процестің әрдайым жаңарып, жаңғырып тұратындығынан мағлұмат береді. Көрнекті орыс сыншысы әрі жазушысының: «Өнердің мақсаты – өмірді қайта жаңғырту, өмірді ұғу, ұқтыру, өмір құбылыстарына өз үкіміңді білдіру, ендеше, өнер өмір оқулығы болуға керек» деуі, көркем әдебиетке де тікелей қатысты. Әлемдік және отандық қаламгерлердің әдебиет және оның сыны туралы көзқарастарын біліп, танып, ескеріп жүргеннің артықтығы жоқ деп есептейміз. Асыл ой мен кемел сөз барша адамзат баласына ортақ екендігі бесенеден белгілі. Сол үшін де айтулы төл әдебиетіміздің кемел сыншысының мақалаларындағы жалпы адамзаттық ой-пікірге елеулі үлес қосқан сыншылар хақындағы мақалаларын назардан тыс қалдыра алмадық.

Терең түйсікті, ойы орамды, сарабдал сыншы Төлеген Тоқбергенов қазақ әдебиетіне, оның көркем сынына үлкен үлес қосқан айтулы қалам иесі. Өз қаламын халқының игілігі жолына арнаған көрегенді, көкірек көзінің көргені мен көңілге түйгені аса мол қуатты көсемсөз иесі.

Қазақ әдебиеті қаншалықты ауқымы мол әрі тарихи тұрғыда терең десек, осынау бай көркем әдебиеттің шаңырағы мықты, уығы мығым болуы процесінде сарабдал сыншының тағлымды еңбегін еш уақытта ұмытпақ емеспіз. Өйткені көркем әдебиеттің саңлақ сыншысы бола білген қаламгер төл әдебиеттің тағдырына қашанда алаңдаулы болған. Ал туған ел әдебиетіне енжар қарамаған перзентті естен де, көңілден де аулақ ұстауға ар-намыс жібермейді.


***
ӘДЕБИЕТ МАМАНДЫҒЫ – МАМАНДЫҚТЫҢ ПАТШАСЫ
Бүгінде әдебиетке деген ынта-ықылас ХХ ғасырдың 60–70- жылдарындағыдай емес дейді. Көркем әдебиет аз оқылады. Сұраныс жоғары емес. Қазірде теледидар, компьютер, интернет әдебиетті ығыстырып әкетті. Мінеки, осындай жағдаяттар бүгінгі ұрпаққа көркем әдебиет оқуға кері әсерін тигізуде дейді кейбір жандар өз ой-пікірлерін осылайша түйіндеп. Рас, бұндай пікірлермен де келісесіз.

Әйтсе де, әдебиет жайлы жанға жайлы ой-пікірлер айтып, оның қашанда бола беретіндігіне, өміршең екендігіне қылаудай көлеңке түсірмеген әдебиетші-ұстаз, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ-өзбек әдебиеті байланысының жанашыры Қалдыбек Сейданов ағамен болған сыр-сұхбаттан біздер осындай жағдаяттарға қанықтық.

– Қалдыбек аға, жалпы әдебиет, соның ішінде көркем әдебиет жайлы ой-пікірлеріңізбен бөліссеңіз деп едік.

– Мен студент-жастарға әдебиеттен сабақ беретін болғандықтан, оларға әрдайым қайталап айтудан жалықпайтын бір сөзім бар. Құрметті студенттер деймін. Сендердің әдебиет мамандығын таңдағандарың қандай бақыт! Әдебиет қоғам өмірінің барша саласын қамтиды. Әдебиеттің араласпайтын саласы жоқ. Әдебиет, шын мәнінде, адам жанының емшісі. Әдебиет адам жанының тереңіне барлау жасайды. Ал адам тұнып тұрған жұмбақ. Оны аша отырып, талай сырға қанығасың, ортақтасасың, ғажайып көңіл-күйге бөленесің. Осының өзі адам баласына аздық етпейді. Әдебиет – өнердің патшасы, падишасы.

Әдебиетті сүю, жақсы көру аздық етеді. Бүгінгі әдебиет айтулы ғылымға айналды. Әдебиетті білу – ол жайлы жан-жақты білім алуды қажет етеді бүгінде. Ұлы Мұхтар Әуезовтың «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлемнің азабы» деп айтқан сөзін әдебиетке де қолдануға болады. Әдебиет жайлы терең білім алу – жан рахаты.

Бүгінде әдебиетке, әсіресе, көркем әдебиетке деген ынта-ықылас айрықша. Тәуелсіз ел болғанымызға жиырма жылға жуық уақыт болды. Осы мерзім ішінде қазіргі қазақ әдебиеті белгілібір құнды да құнарлы шығармалармен толықты. Осының өзі әдебиеттің өсіп-өркендеп, дамып келе жатқандығына дәлел бола алады.

– Қалаға, әдебиетті таңдауыңызға не себеп болды? Әдебиет сізді несімен баурады? Рас, сіз әдебиетті шынайы түрде оқыған ұрпақтың өкілі болсаңыз да, нақтырақ біле түссек деген қызығушылығымыз бар.

– Әдебиетке 1963 жылы келдім. Мен Ташкенттегі Низами атындағы пединституттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына студент болып түскенімде қазақтың айтулы ақыны Төлеген Айбергенов осы жоғары оқу орнын бітіріп кеткен еді. Сонда ақынның «Арман сапары» кітабы енді ғана баспадан шыққан болатын. Қазақтың және бір көрнекті ақыны Өмірзақ Қожамұратов маған осы кітапқа рецензия жазуымды өтінді. Институтта сол кезде Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби бірлестік жұмыс жасайтын. Содан, рецензия жаздым. Рецензия «Үмітті үн» деп аталатын. Ақын Төлегеннің кітабы жөнінде осылайша жылы пікірімді білдірдім. Өзімше кемшілігін де көрсеттім. Мақалам 1963 жылы 18 тамызда «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газетінде жарық көрді.

Әңгіме жазуды да студенттік жылдарда бастадым. «Ақ қыз», «Өмірде не болмайды» атты әңгімелерім жарық көрді. Бұлардың бәрі де әдебиеттегі алғашқы қадамдар еді. «Ақ қыз» әңгімесінің кейіпкері өмірде болған. Медик қыз жайлы. Ақ халат киіп жүретін. Ол кезде ауылда ақ халат киіп, дәрігерлік қызметте жүретін қыздар сирек кездесетін. Ауыл адамдары ақ халатты киіп жүргені үшін атын атамай, Ақ қыз деп атап кеткен-ді.

– Қазақ, өзбекке ортақсыз. Өзбекстанда тұрасыз. Қазақ жастарына Қазақстанда әдебиеттен сабақ бересіз. Өзбекстандағы қазақ мектептерінің саны қанша, оқулықтары, әсіресе, әдебиеттен жеткілікті ме?

– Өзбекстанда тұрғандықтан мен қазақ-өзбек туыстығын көбірек әңгімеге арқау етемін. Шынында да, қос халық бір шынардың қос бұтағы секілді. Екеуі Алла қосқан көрші. Қазірде Өзбекстанда 521 қазақ мектептері бар. Сол елдегі 10–11-сыныптарда оқылатын «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын жаздым. Бұл қолғабысымды алдағы кезде де жалғастыру ниетіндемін.

– Бүгінгі ұрпаққа тәрбие беру жайына көңіліңіз тола ма?

– Менің ұстанымым сол – білім беруде тәлім-тәрбиенің ролін жоғары бағалаймын. Әл-Фараби да «Тәлім-тәрбиесіз берілген білім – ең қауіпті» демей ме? Ата-бабамыз да тәрбиеге ерекше назар аударған. Қарасаңызшы, бесіктің өзін тербеу арқылы баланың тәнін тәрбиелесе, әлди әуенімен сәбидің сана-сезімін қалыптастырған. Бұл тәрбиенің бастауы, қағылар қазығы ғой.

– Отбасында ер мен әйелдің орны жөнінде не айтасыз?

– Ер азаматтың бағы – әйелінде. Үнді елінде мынадай түсінік бар: Әйелі үйінде жарқырып жүрсе, үйдің іші де жап-жарық, жарқырап тұрмақ. Ал әйел қабағын шытып жүрсе, үйдің іші қараңғы тартады, көмескіленеді. Дұрыс қой. Келісесің. Сондай-ақ, ерді сөзіне қарап, әйелді көзіне қарап таңда деген де ғибрат бар. Бұны жастар үшін айтып отырмын. Өйткені, бір сөзді болу, сөздің үдесінен шығу – ер азаматтың тірегінің мықты екендігін білдіреді. Ал қыздың көзі – оның мөлдірлігін, тұңғиық сырын, инабаттылығын мейілінше аңғартады деп санаймын.

– Арақ – шарап туралы не айтасыз?

– Арақ, әсіресе, жас тән мен жанды жаулап алса, бұл – айықпас дерт. Егерде дүкен ішінің төрт бұрышы араққа, шарапқа самсап тұрса, бұл да қасірет. Отбасын ажырататын – арақ. Адамның санасын тұмандататын – арақ. Өткенің мен келешегіңді және бүгініңді ұмыттыратын – арақ. Арақ – ұлттың басты жауы.

– Бүгінгі жігіттерге көңіліңіз тола ма?

Менің ойымша, ер азаматтардың бір бөлігі бүгінде болбырап, босап, суға малынған бөлке нандай былжыраған күйде секілді әсер қалдырады. Босбелбеулік танытатын жігіттер де аз емес. Бүгінде әскерге жігіттердің көпшілігі дерлік барғысы келеді. Әсіресе, жоғары білім алғандары. Олар жұмысқа тұруы үшін, тіпті, жекеменшік фирмалар да жастардың әскери билетінің болғанын қалайды. Ал, әскерге барғысы келмейтін, одан қашатын жігіттер де бар. Олар жұмыс та істемейді. Тиісті кәсіби мамандықтары жоқ жастар. Бұндай қасиет нағыз жігіттерге, мейлінше, тән болмауға тиіс. Түске дейін ұйықтайтындар да бар. Әйелін ұратындар да кездеседі. Арақ көрсе жайнайтындарды айтсам ше. Сөйлегенде сөз бермейтіндер ше. Ата-анасының табысын шашатындарды да есітіп жатамыз. Отбасына сүйеніш, таяныш бола алмай жүретіндер де жоқ па. Жоқ емес. Бар. Мінеки, осындай қасиеттер ер жігітке абырой әпермейді.

– Күні кеше ғана «Жетпіс – жердің түбі» деп жүрген жалынды жаста едіңіз. Келер жылы жеті қырдан асасыз. Осы мерейтойға орай қандай жоспарларды жүзеге асырсам деп ойлайсыз.

– Шығармашылық жұмыста, меніңше, жоспар болмайды. Оған стихия тән. Табиғилық қажет секілді. Қай шығармам болсын, осыны жазсам деп ойлаған жоқпын. Өмірден көрген, білгендерім, сезгендерім мен түйсінгендерім қағаз бетіне түсті. Қаламгерлік тірлік жоспарды қажет етпейді. Өмірден жинаймыз. Содан оқиға өрбиді, кейіпкерлер пайда болады. Біреудің сөз сөйлеу мәнері, сөзі, қимыл-әрекеті, портреті, тұла бойы, болмысы белгілібір кейіпкерге жамалып, тұтас бейнеге айналады. Шығармашылық құпиясының бір сыры осында.

– Сіз Өзбекстанда қазақ тілінде жарық көретін «Нұрлы жол» республикалық басылымда қызмет жасадыңыз. Бас редактор болдыңыз.

– Ия. Өзбекстанда 1991 жылдың 10 қаңтарынан бастап, қазақ тілінде «Достық туы» республикалық газеті жарық көре бастады. Бұл кезең кеңестік империяның шаңырағы шайқала бастаған уақыт еді. Кеңестік жүйедегі республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдардың атауларының айдары ретінде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сөз жазылатын. Осы айдарды алып тастадық біз де. Оның орнын «Бақыт – достықта, ырыс – ынтымақта!» деген сөздермен алмастырдық. Аталмыш газет осы қағидаға адал қызмет етті.

Қазірде осы газеттің заңды жалғасы іспетті «Нұрлы жол» газеті жарық көруде. Еліміз, жеріміз жүруге тиісті жолымыз нұрлы болсын деп, «Нұрлы жол» атадық. Осы басылымға 10 жыл 6 ай бас редактор болдым. Газет өзбек тіліндегі экономикалық, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-мәдени мәселелерді жан-жақты жазуымен ерекшеленеді.

Осы газетке белгілі журналист, менің шәкіртім Ақан Ташметов ендігіде басшылық жасауда. Газеттің абыройы мен беделі қашанда биік болатындығына сенімім кәміл.

Жалпы алғанда, Ташкент шаһары – қазақ зиялыларының саналы ғұмыры өткен қасиетті мекен. Мұнда Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Мұхамеджан Тынышбаев және тағы басқа да ұлт тұлғалары қызмет жасаған. Солардың табанының ізі, рухы қалған жерде жұмыс істеуге мүмкіндік туғанына әрдайым қуанамын, мақтанамын.

Мұхтар Әуезов кезінде қырғыз елінің «Манас» дастанын қандай қорғаса, Шыңғыс Айтматовқа қаншалықты мықты қамқорлық көрсетсе, өзбектің тұлғалы әдебиетші-ғалымы Иззат Сұлтановқа да дәл сондай қорған болғанын айта кеткенді жөн деп білемін. Иззат Сұлтанов өзбек әдебиетінің өте бай тарихқа ие екендігін студенттерге ашық айтқанына байланысты қуғындауды бастан өткерді. Өзбек әдебиеті тек кеңестік дәуірде ғана дами бастады деген сыңаржақ пікірді ту еткен әсіре қызыл әдебиетшілер Иззат Сұлтановқа қарсы шығады. Мұхтар Әуезов сол кезде ара түседі. Өзбек әдебиетінің бай тарихқа ие болғандығы жөнінде нақты деректер жинақтаған Иззат Сұлтановтың еңбегін неге қоштамасқа деп, өзінің пайымды парасатын алға тартады. Ұлының аты қашанда ұлы деген осы да.

– Дәстүрлі сауал берсек дейміз. Отбасыңыз жайлы айтсаңыз.

– Отбасымда үш ұл, екі қызым бар. Ташкентте тұрамыз. Бір қызым АҚШ-та оқуын жалғастыруда күйеуімен біргелікте. Менің шығармашылық ісімді жалғастырған ешқайсысы жоқ. Институтта екінші курста оқып жүргенімде үйлендім. Бастапқыда келіншегім ата-анама қарады. Соңыра маған жағдай жасаумен болды. Үй бикесі. Жұмыс істеген жоқ. Өмірімде дүкен, базарға барған адам емеспін. Әйелім шығармашылығыма ешқашан кедергі келтірген емес. Алғашқы сыншым да, оқырманым да өзі болды.

– Және бір сұрақ. Қазақтың ақын-жазушыларынан кімдерді аса қадірлейсіз?

– Қадыр Мырзалиев – философ ақын. Шығыстың, батыстың әдебиетін терең меңгерген. Мұхтар Шаханов баллада жанрын дамытты. Бұрын Қайнекей Жармағанбетов еді. Қазақтың көкейкесті мәселелерін қазір де көтеріп жүр. Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Марфуға Айтқожина... Жазушылардың ішінен әлі күнге дейін Мұхтар Әуезовті қайталап оқудан жалыққан емеспін. Оның шығармаларын қайталап оқыған сайын жаным жарқырап, жадырай түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет