***
ОРАЛХАН ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ӨР РУХ
Қазақ әдебиетіне елеулі із қалдырған көркем сөз бен сергек ойдың қарымды қайраткері, көркемсөз өнеріндегі ұлы тұлғаларының бірі – Оралхан Бөкеевтің шығармалары қазірде де өзінің мәні мен мағынасын жоғалтқан жоқ. Оның шығармалары күні бүгінгідей қызғылықты оқылады. Оқиғалар мен онда суреттелетін сюжеттер желісі, кейіпкерлер дүниесі өмірдегі шындық пен романтикаға тола. Айтулы жазушының көркем дүниелерінде әдебиеттану ғылымындағы көркемдік әдістің екі түрі бар десек, соның реализмі де, романтикасы да қаламгердің қай туындысын оқысақ та, бірден-ақ табылады.
Әрине, суреткер өз шығармаларын романтикалық немесе реалистік әдіспен жазамын деген ойда болмаған. Бірақ, әлемдік әдеби үрдісті өз замана талабына сай мейілінше игерген талантты қаламгер сөз өнері әлемінде еркін тыныстағаны айдан анық. Бұндай хал-ахуалды суреткер-романтиктің, реалистің әрбір шығармаларын оқи отырып, көз жеткізе алар едік.
Жазушының "Ауыл хикаялары" атты әңгімесін алайықшы, құрметті оқырман. Ауыл – халқымыздың алтын қазығы. Ауыл – елдігіміздің негізі. Жазушы осынау әңгімесіне өз өмірін өзек ете отырып, туған ауылға деген перзенттік махаббатын әзіз оқырманға паш етеді. Сөз өнеріне белді бекем буып, оған бет бұрған жиырма жыл ішінде әрбір еңбек демалысында қаламгер басқа жаққа бұрылмай, туған ауылға қарай тіке тартады екен.
Қаламгер анық байқайтындай, ауылда табиғилық сезіледі. Қалада өзі айтқанындай, "модалы" мінезден ауылдастары мүлдем алшақ. Өз болмыстарын сақтап қалған. Замана ағысы, уақыттың ығына қарай мінездерін өзгерте бермейді де. Бұндай ерекшелік хикаяның "Бастау" атты бөлімінде айтылады.
"Көк тайынша" атты бөлімінде ұрыларға қолды болған көк тайынша, оны іздеуге келген милиционерлер, оның үй иесі мен кемпірінен мәлімет алуы, кемпірдің өз атын айтса да тегін айта алмауы, өйткені, қазақи менталитетке сай қайынатасының атын қалай айтады десеңізші, шалына аты-жөнімді өзің-ақ айта салсаңшы деген секілді диалог сөйлемдер ауыл өмірінің шындығын барынша ашады.
Ауыл адамдарының әңгімелері де қызық. Мәселен, көк тайыншаны сойып, етін ұрлап әкеткен ұрыларды тауып береміз деп, милиционер ауылға бірнеше рет келеді. Көрші ауылда бір отбасының соғымы ұрланғанын, соны тапқандарын айта береді. Сөйтсе, ұры өз күйеуі екен. Ол ұрлайын деп ұрламаған. Бар-жоғы өзі жоқта әйелі етті асып жей берген соң, күйеуі соғымды шөптің астына тығып қойыпты. Сол жоғалған етті таптық дейді, милиционер. Үйдегі кемпір де тыныш отырмай, бұл оқиғадан хабардар екендігін, етті сендер емес, иті тауып алғанын айтады. Жазушы әңгімесін оқи отырып, еріксіз жымиясың. Әңгімеде мінез иелері бар. Іс-әрекеттердің әралуандығы менмұндалайды.
Милиция таба алмаған ұрыны бастауыш сыныпқа сабақ беретін Айман табады. Ол ұрылардың бірі көк тайыншаны сойып, етін алып кеткен жерде қалдырған сегіз өрім тобылғы сап қамшыны өз оқушыларына көрсетеді. "Қамшыны танисыңдар ма?" дейді. Оқушылардың бірі сол қамшы әкесінікі екенін айтып қояды. Ағасы өргенін де тақылдап айтады. Бірақ, қамшының иесі – көктайыншаның еті ұрланған жақтың құдасы. Сөйтіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалады.
Әйтсе де, шөп шабу науқанында құдасының өзі үй иесіне келіп, ұрлағанын жасырмай жеткізеді. Ұрлау – бала жасынан бергі әдеті екендігін, ұрламай тыныш ұйықтай алмайтынын жайып салады. Құдасы айтпай-ақ қояйын десем де, үй иесінің бұл істі дабыра етпей, үн-түнсіз, ешкімге білдірмей, тып-тыныш жүргендігі себепті өзі айтпасқа болмай қалғандығын жеткізеді.
Осынау шағын әңгімеден қарапайым ауыл адамдарын танимыз. Бірі – адал малын айдың-күннің ашығында жоғалтып алған. Екіншісі – ұры. Ұры болғанда да, өзінің құдасының малына қол салған. Бірақ екеуінде де өзара өштесу, кектесу жоқ. Солай болуға тиісті секілді бір-бірін ұғынысады. Жазушы кейіпкерлері кең мінез иелері. Кешірімді. Кеңпейіл. Өмірдің өзіндей шынайы әрі асқақ.
"Маңдайдан бағың шайқалса" әңгімесі – ауылдағы екі иығына екі кісі мінгендей, көрікті де палуан Шаған атты жігіт жайлы. Ол жігіт болған шақта ауылдың барлық балалары сол секілді болуды арман еткен-ді. Бірақ, әр нәрсенің шегі болатыны сияқты, Шағанның басына қонған бақ он жылға ғана жетеді. Одан соң, ол ішімдікке ден қояды. Бәріне кінәлі – арақ. Бірақ жазушының көзқарасына да қосыламыз. Арақ ішкеннің бәрі де жынды болып кетпейді. Оны көріп те жүрміз.
Рас, Шағанның арақты ішуінде өзіндік себебі бар. Ол ішейін деп ішпейді. Тұрмыстағы жетіспеушіліктің салдарынан, жетпеген соң ішеді. Ақшасы көп адамның маскүнем болғанын ол көрген жоқ. Сөйтіп, ол әлдебіреулерге кіжінеді. Әлдебіреуді, бәлкім өзін де балағаттайды. Азып-тозған Шағанның болмысын қаламгер рухы жоғалған адамға теңейді. "Рухын жоғалтқан адам – ол да бір түбі шіріген ағаш, жел тұрса, құлап қалады" деген жолдарды оқимыз әңгіме мәтінінен. Сонымен, ауылдағы сол жігіттей болсам деген арман, сондай болсам деп еліктейтін азамат неге бұндай күйге ұшырайды?
Жазушы әңгімесі ой салады. Шаған арақтың соңына түскендіктен, әйелімен ажырасады. Түрмеге отырады. Түрмеден шыққан соң, жазушы Оралханмен, көршісімен аэропортта жолығады. Оралханды жиырма жылдан бері оқып жүр деп ойлаған Шаған түрмеде оның кітабын көреді. Сол жердегілерге бұл менің көршім, бір атадан тарағанбыз десе де, оларды сендіре алмайды. Сенің бауырың жазушы болса, мұнда отырмас едің дейді түрме ішіндегілер.
Шаған маңдайындағы бағы шайқалған жігіт. Турашыл әрі әділ. Бірақ, арақ ішеді. Ішкенде үйдің берекесін алады. Бұған кім кінәлі? Әңгімені оқи отырып, ішімдікке әуес, бірақ қолынан іс келер кейіпкерге бір жағынан жаның да ашиды. Өмір де, шіркін, деп сезіміңді ақылға жеңдіресің. Жазушы әңгімесінде көркемдік әдістің екі түрі де, яғни романтизм мен реализм қатар кездеседі. Қос шығармашылық әдіс өзара үйлесім тапқан. Қаламгер шеберлігі екеуін де ұтымды пайдаланған. Бұндай ерекшелікті суреткердің өзге де әңгімелерінен кездестіруге болады. Сондықтан жазушының қысқа проза жанрында жазған туындыларын бөле-жара реалистік және романтикалық әдістегі дүниелер деп айтудың қисыны жоқ дегіміз келеді.
Жазушы әңгімелерінің өзінде уақыт, заман, адам және өзге де дүниелер атаулысы жөнінде көркем сөзбен өрнектелген қысқа әрі нұсқа, келісті суретке тола кемел ойлар жиі кездеседі. Мысалы, жазушы былай дейді: "Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол – кітап". Кітап жайлы әйгілі данышпандардың данагөй сөздеріне бара-бар жазушы сөзі бүгінде кітап кемдеу оқылатын заманда да, өзінің мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ. Және де: "Жылдар дегеніміз – киімге түскен қаракүйе секілді ғой, адамның да жасын кеміктеп, жанын білдірмей, тоздыра бастайтыны рас-ты" дейді "Бес тиын"атты әңгімесінде. Осындай сөзді жасы ұлғайған қаламгер емес, небәрі елуге де жетпей бақилыққа аттанған Оралхан Бөкеевтің қасиетті қаламы жазғандығын ескерсек, суреткер сөзінің уақытқа бағынбас ұлылығын байқаймыз. Бұл әңгіме жасы қартайған Зекең шал жайлы. Ол өмір бойы қолы босаса, бүкіл өмірін балық аулаумен өткізген. Бес-алты бала қызығып, оның жанынан шықпайды. Ересектерге айтылатын әңгімелерін балалар ауызын ашып тыңдайды. Зекең балаларға өзінің ата-анадан жалғыз екендігін, сол себепті әйелінің шамасы қаншаға жетеді, сонша бала көргісі келетінін айтады. Адам жанының қалтарысын түгел білу мүмкін еместігін Оралхан Бөкеев шығармаларын оқи отырып көз жеткізесіз. Зекеңнің бейнесі де сондай кейіпкерлердің санатынан десек, артық айтқандық емес. Ол – пошташы. Өз ісіне мығым. Іс-әрекеті маңғаз әрі аумалы-төкпелі мінез иесі. Шеткері аймақтағы адам баласы ұмыт қалдырған жердегі пошташы бейнесі, мінеки, осындай. Ауылдастары оны "Министр болатын-ақ адам" дейді. "Ауылда арқандалып қалмай, ұзап жайылса, министр болары рас та шығар" деуінде шындық та, асқақтық та бар. Өйткені, әңгіме арқауы оқырманды күмәнсіз сендіре алатын күшке ие.
Сондай-ақ, бір ғана пошташы Зекеңнің бойында бірнеше кейіпкерге жүк болатын сипаттар бар. Мәселен, ол өмір атты тіршілікте тепе-теңдікті жақсы көреді. Шахмат ойнағанда жеңіліп бара жатса, "Біреуді біреудің жеңгенінен жек көретін нәрсем жоқ" деуі, ойынды тепе-тең етейін деп, жата-жастана ұсыныс жасауы, оның сондай типтік бейне екендігінің бір көрінісі.
"Бес тиын" – әңгіме тақырыбы. Былайша қарағанда ешқандай ерекшелік байқалмайды. Тиынның құны да әлдеқандай жоғары емес. Құнсыз. Бірақ, осы тиын арқылы әңгіменің мәні мен маңызы ашылады. Аудан мен облыстан келген байланыс саласының тексерушілері жиырма бес жыл пошта бастығы болып істеген Зекеңнің есеп-қисап жұмысынан бес-ақ тиын жетіспеушілік табады. Тексерушілер Зекеңе бастапқыда қатал кейіп танытқанымен, тексеру қорытындысына риза болды. Ал, Зекең тексеру кезінде жетпей қалған бес тиын жайлы мазасыз күй кешіп, қай жерден қателік жібердім деп налиды. Көрші ауылдағы пошташылардың бірі өлген адамның зейнетақысын алты ай бойы алып келгендігін ескерсек, Зекеңнің іс-әрекеті оқырманды еріксіз таңдандырады. Құны жоқ бес тиынға бола, түрмеге түсетіндей азапты хал кешкен пошташы Зекеңнің мінезі өмірден ойып алынса да, келмеске кеткен кеңестік жүйедегі замана шындығы еді.
Сонымен бірге қаламгер әңгімелерінде тамағын жібітпесең, электр жарығын жөнді бермейтін электрші Қиса да көзтаныс бейне секілді оқырманның жадын жарқ еткізеді. Бұл кейіпкер – қаламгердің "200 грамм энергия" әңгімесіндегі эпизодтық бейне.
Жазушының "Іздегенін тапты ма" әңгімесі де, талғампаз оқырманды ойға жетелейді. Мұнда да жазушының балалық шақта шөп шауып жүрген кезде, жолы үлкен Мұхтар ағаның балалардан бөлініп, жайлауға көшкен қойшылардың үйлерінің орнынан үнемі бір нәрселерді іздеп жүретін сәттері суреттеледі. Арада көп жылдар өткен соң, өз есімі елге танылған жазушы сол баяғы Мұхтар ағаға жолығады. Жалықпай, шаршамай сол үйлерден бір нәрсе таптыңыз ба деп сұрайды сол кезде. Мұхтар аға да жер-дүниені аралап, атың жер жарып тұрғанда сен де іздегеніңді таптың ба деп сауалына сауалмен жауап қайтарады. Шынында да, қаншама биікке, дәрежеге жетсе де, адам баласы іздегенін таба ала ма? Ия, таба алуы мүмкін. Бірақ, іздеген нәрсеңмен көңіліңнің шөлі қанбайтын жәйттер де кездеседі емес пе?! Бұл да өмірдің өзі қойып отырған, дәлірек айтқанда суреткер әрі ойшыл қаламгердің философиялық сауалнамасы. Оған әрбір жан өз қалауынша жауап берері хақ.
Оралхан Бөкеев әңгімелеріндегі кейіпкерлер әлемі саналуан. Солардың бірі – "Биғаң" әңгімесіндегі өз ғұмырына еш уақытта ренжімейтін, дүние өртеніп бара жатса да асып-саспайтын, дүниенің қайғысы мен қуанышын теңдей көретін Биғаң бейнесі. Ол – шынайы әрі арманшыл бейне. Ол – шынайы өмірдің романтикалық кейіпкері.
"Апамның астауы" әңгімесі ұлттық рухты биіктеткен, ана атаулысын ұлықтаған айтулы дүние. Әңгімеде асқақ леп бар. Өр және өршіл үнге тола шығарма. Апасының яғни әжесінің келін болып түскен жеріне алып келген астауынан өткен күнге деген құрмет, анаға деген сыйластық өрілген секілді. Әңгімеге ден қоялық. "Кейде әсіресе қазіргідей қараша туа, темір пешке отты маздатып жағып, пештің жыртығынан саулаған жарық түсіп, ала көлеңкеленген қоңыр үйде отырып, Апамның әңгімесін тыңдайтынбыз. Тегінде ол кісі әңгімеге сараң – көп сөйлемейтін, тек өз ісімен ғана жүретін, қақ-соғы жоқ, инабатты, жуас адам еді. Дүниеде өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін, не болмаса, тірі пенденің бетіне "Әй, сондайсың" деп қарамаған немесе тірі пендеге тілі тимеген жарықтық, ораза, намазы бұзылмаған, таза да тәкәппар әйел еді... Қазір Апам жоқ! Қара жер қойнауына алған... Сексен жыл жолдас болған жыртық астау да қаңсып қалды, әне... Қаңсық итаяқ болып қалды, әне... Апам ала кеткен жоқ". Осынау үзіндінің өзін әдейілеп үзіп алған жайымыз бар. Әйтпесе, қаламгер ана туралы, ұлттық өнердің қамқоры болған, киіз басып, үй тігуді, арқан есуді, тері илеп, алаша тоқып, өрнектеп сырмақ тігуді, саба, сүйретпе, торсық істеуді, ата-баба көзіндей болған қолөнер атаулысының бәрін де өзімен бірге бақилыққа әкеткен ана жөніндегі ұлы сағынышты мөлдірете, ақ қағазға түсірген.
"Құмар қол бұлғапты" әңгімесінде аңшылық кәсіптің қыры мен сыры, Құмардың аңғарымпаздығы, байқампаздығы суреттеледі. Өзі қақпан құрған кезінде, оған түскен елікті шанасына тиеп әкеткен Балтабай молда екендігін өзі көрмесе де, айна-қатесіз дәлме-дәл айтады. Себебі сол, бір апта бұрын Балтабай молда Құмардың үйіне келіп, шеге сұрайды. Биекең атының артқы оң аяғы тағаланбай қалады. Құмар ендігіде қар үстіндегі жолда бір тағаның ізі жоқ екенін байқайды. Құмардың тапқырлығы мынада, ол төрт түлік малдың қиын иіскеп, оның еркек-ұрғашысын да айыра білетін жан. Мал баққан, аңшылық құрған Құмардың бойындағы осындай ерекшеліктер жазушы назарынан тыс қалмаған.
"Тортай мінер ақбоз ат" атты әңгімесінде арманшыл бала досы Тортай жайлы жылышуаққа бөлейтін сыр шертіледі. Тортай жетім бала. Сырласы өзі айтқандай кітап. Әкесі де, шешесі де кітап. Жалғыздығын да, жетімдігін де ұмыттыратын, нағыз жұмақтағыдай өмірге сапар шеккізетін де сол кітап. Бұл Тортайдың жан сыры.
"Тоқадан қалған тұяқ" әңгімесінде Тоқа ақсақалдың сиырларды ұқыппен бағатыны, қора-қопсысының жинақылығы, малдарды таза ұстаудағы әдіс-амалдары жан-жақты суреттелді. Тоқа ақсақалдың жалғыз ұлының да өсе келе, әкесіне тартқан түр сипаты, шаруаға бейімділігі, ауылда қалып, шаруа баққан тірлігі оқырманның көз алдында шынайы түрде бейнеленеді.
"Күлпәштің ұршығы" әңгімесінде суреттелетін оқиға кейіпкері де ешкімге ұқсамайтын, есте оңай сақталатын әйел. Ол – Күлпәш. Сумақайлығы, ауыл арасын бір-біріне айдап салатын өсек-аяңы жоқ әйел. Иіретіні – ұршық. Ұршықты жанынан тастамайды. Түнде басына жастанып ұйықтайды. Түтіні шыққан үйді аңдып, ыстық тамағының үстінен шығатын әдеті де бар. Бірақ бір емес, екі емес, үнемі тамаққа ортақ бола беретін, оның үстіне өзі ас беріп отырғандай, "Жесеңдерші" деп өз асын өзіне тықпалайтын Күлпәшті ауылдың көбі жақтырмайтын. Әйтсе де, түк көрмеген деп айтпасын дегендей, ешбірі оның бетіне келмейді. Күлпәш ақкөңіл жан. Ішіне пікір сақтамайды. Өз жағдайын ешкім сұрамаса да жайып салады. Оның мінезін, іс-әрекетін жазушының қаламы төгілте өрнектейді. Мысал келтірейік: "Әлгі біздің жаман ұл май-май болып, темір итаяғының астынан бір шықпайды. Жүргенінен тұрғаны көп. Көк тиын әкеліп жатқан ол емес. "Апа, бересілі болдым" деп, ашқарақ сиырдай мөңіреп тұрғаны. "Аласысы" қашан, ит біле ме? Неге ауыздарыңды аңқайтып қалдыңдар, ет жесеңдерші. Ей, шал, жамбастың етін азайтып, маған берші, деп, салалы саусақтарын табаққа тарбайта салды". Мінеки, мінездеу. Мұнда сурет те, іс-әрекет те, кейіпкер психологиясы да, қаламгар шеберлігі де аса мол.
Жазушының әрбір шығармасын ойланбай, ой тоқтатпай оқу әсте мүмкін емес. "Қасқыр ұлыған түнде" әңгімесі де үлкен ойға жетелейді. Жазушының ішкі ойы, монологы өмірдің өзіндей әсер етеді. Қаламгер былай дейді: "Өмір деген ғажап – дейді, түк те ғажап емес, әншейін осындай автобусқа мініп, белгілі бір аялдамада түсіп қалу, біреудің тойып секіруі, біреудің тоңып секіруі. Әлдекімдер көрер таңды көзімен атқызып, ой қажап ұйықтамайды: әлдекімдер ішігіне тас бүркеніп уайымсыз тоқ ұйқыға батады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз – өзінің бақытына қызығып өту ғана... Ал мынау жанындағы тойған қозыдай томпиып отырған қыз ше?.. Оны ертең не күтіп тұр? Бақытты ма, бақыты жоқ болса, оны іздеп таба ала ма? Тіпті, мен туралы қандай сезімде келеді. Адамдарға сене ме? Аты кім? Қайтып кездесер ме екенбіз?.." Алғаш рет жолығып, алғаш тілдескен жанның ішкі жұмбақ дүниесін шешуге әрекеттенген қаламгердің сергек ойлары шағын әңгімелерінің өзінен-ақ өте мол кездеседі.
Және де: "Өмір деген тіпті де ғажап емес. Алты айдың қысы секілді қатыгез; кімдерге – суық, кімдерге – ыстық. Дегенмен өмірді лағынет деп, өкінуге де болмайды-ау." Жазушы сөз өнерін ұтымды пайдаланып, күрделі ой тізбектерін сан қырынан көрсете білген. Аталмыш әңгіменің басты кейіпкерлері – Нұрлан мен Арай. Екеуі де жас. Бірі – журналист. Екіншісі – студент қыз. Өр Алтайға бірге бара жатады. Танысады. Аз ғана уақыт ішіндегі таныстықтың соңы үлкен сағынышқа айналады. Бірақ оқиға қайғылы аяқталады. Арай қыстыгүні қасқырлардың қамауында қалып, қайғылы қазаға ұшырайды. Екеуінің жолы бірге қосылмайды. Оны автор өз әңгімесінде бір-ақ ауыз сөйлеммен оқырманға жеткізгендей. Оқылық: "Өркенге" барар жолды айқындаған шананың айқыш-ұйқыш ізі ғана, өзге белгі әзірше жоқ. Әлгі шананың қатар жарысқан қос сызығы, кейбір адамдардың қиылыспайтын тағдыр соқпағын еске салады". Ойшыл әрі сөзден сурет салған қаламгердің әрбір әңгімесінде басы артық оқиға яки бос сөз жоқтың қасы. Хас шеберлік қаламгердің әр шығармасынан менмұндалайды.
Жазушының «Қамшыгер» әңгімесі де мұңлы әрі ойлы. Оқырманды сан қатпарлы сезім иіріміне апарады. Түйе тастың ығында отырған жалғыз ғана қараша жұпыны қара үй. Бұл үйден басына бөкебай орамал тартқан, қолында құманы бар бір әйел кей-кейде көзге көрінгені болмаса, өзге ешкім де тысқа шықпайды. Бала-шаға ойнап жүрмейді. Және бір адам бар. Ол еңгезердей, жауырыны еңкіштеу күйеуі; иілген садақ секілді.
Өзі ер, өзі батыр мінезді. Қамшыгер атанған жан. Ол екі өрімді қамшысымен өз шаңырағының нәпақасын тауып жүрген адам. Қазақы ырым-тиымды елеп-ескеріп жүретіндігі де бар. Бұл шығармада да түс басты орын алады. Садақбай түсінде қабырғада ілулі тұрған он екі өрім қамшыдан бастапқыда сүт ағып тұрған, содан кейін оны қымыз-ау деп сезінгенін, бірақ аузын ашып, дәмін татса, қан дәмі екендігін біліп, ұйқысынан шошып оянады.
Сол күні бес-алты ағайын жігіттер келіп, өзара келісім бойынша Абақ Керей жағына шығып қайтпақ болады. Алайда, түнде көрген түстен бойын жиырған Садақбай жолының болмайтынын ішінен сезсе де, қу тамақты қойсаңшы дегендей, көршілерден аттарды ұрлап қайтуға бел буады.
Жеті жігіт жақындай түсіп, бейқам жатқан елге лап қояды. Бір үйір жылқыны бөліп алып, артқа қарай бұрады. Қаратай елінің жігіттері екенін байқаған Абақ Керейлер шу шығарады. Асығыс атқа мінгендіктен, олардың колында қамшыдан басқа түк те жоқ еді. Садақбайға бұл оң келеді. Келгенін келгендей, он екі өрім қамшысымен дәлдей көздеп, аттарының етін осып жіберердей алапат күшпен тұрады. Алты аттының қамшыларын қолдарынан жұлып алады. Өзінің он екі өрім қамшысымен қолына күрзі ұстаған Керейлік жігіттің атын да жерге гүрс еткізе құлатады.
Бөліп алған үйірден айрылса да, Садақбай үйге қарай құр қол қайтуды жөн көрмейді. Күзетшінің шідердегі атын ұрлайтындығын өз жігіттеріне түсіндіреді. Кедейлерге қайта шабудың қажет еместігін, ол жаққа бір өзі баратынын ескертіп, атқа мінеді. Шідерлеулі атты қолды етеді. Өзіне жабысқан аттың иесіне Садақбай деген қамшыгер мен боламын деп ескерте айтады. Айбарын төге үркітеді. Сөйтіп, жетегіне ерткен атты өзімен бірге ала кетеді.
Қайтар жолда қар аралас жаңбыр жауып, Садақбайлар қиналады. Өмірі жортуылмен өткен қамшыгер өз тағдырын ой елегіне салады. Сондағы ұғынғаны – бүкіл ғұмыры үнемі жарау құрсақ қалпымен, жоқ-жұтаң күймен өткен екен.
Қарлы боранда қиятас арқылы өтетін жалғыз аяқ жол үстінде Садақбай төменге қарай домалап кетеді. Сол жақ ортан жілігінің бытша-бытшасы шығады. Мертігеді. Садақбай бірақ емделмейді. Өздігінше ем-дом жасайды. Қайсар мінезді ердің өмірі, сөйтіп, қорлық өліммен тәмамдалады. Садақбайдың өмірі трагедияға тола. Бұны әңгіме кейіпкерінің автордың баяндау түрінде берген психологиялық-портреттік суреттеуінен де анық көруімізге болады. "Садақбай теңселген күйі әлі тұр. Әлі тұр теңселіп. Алысқа тым-тым алысқа, марқажонданған адырларға, құба жондарға қарайды. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан наркескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жиырма бесім, қайдасың деді ме, тіршіліктің мынау қолындағы қамшының келте сабындай жылпылдақтығы әрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме... Ол ішек-қарны ақтарыла, қатты... аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жылап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр... Еңіреп тұр... Сонсоң дауыл қопарған бәйтеректей гүрс етіп сұлап түсті. Бұл не деген ит өлім. Не деген бұл ит өлім. Қамшыгер енді жоқ..." Осы үзіндіде Садақбайдың бүкіл өмірі, болмысы, тағдыры, ішкі жан әлемі сыйғандай сыңайлы. Тұтас өміріне серік болған он екі өрім қамшыны күрзідей жұдырығына қатты қысқан күйі Садақбай дүниеден өтеді.
Оралхан Бөкеевтің "Бура" әңгімесі қазақ әдебиетінде әлемдік әдебиетте бар үдерісті жаңаша түрде биік деңгейге көтерген шығарма. Басты кейіпкері – қара Бура. Оның ішкі психологиясы мен ой дүниесін қаламгер мейілінше шынайы берген. Төрт түлік малдың ішіндегі түйе жануарының қам-қарекетін, қасиеті мен ерекшелігін көркемдік шеберлік дәрежесіне жеткізген. Жазушының суреткерлігі осынау шығармада айрықша аңғарылады. Қысқа ғана әрі өзгелерге ұқсамас сөйлем жолдарынан талай-талай суретті көріністерге куә боласың. Үзінді келтірейік: "Қыстың тұсаудай ғана қысқа күні жаңа ғана көтерілген еді, әне батып барады. Дала мелшиіп, мәңгі өлі күйге енгендей сүреңсіз жатыр", "Қара Бура екеуміз өз ажалымыздан өлмесек, ит-құсқа жем болмаймыз", деген сөйлемдерде теңеу де, мінездеу де бар. Қара Бураның өлексе мал емес, өзін-өзі қорғауға шамасы жетерлік қасиетке ие екендігі оқырманды иландырады.
"Бура" әңгімесі өркениетке қадам басқан уақыттағы қара Бураның базарлы өмірін және оның ауыл жанынан зырқырай өтетін пойыз жолға сіңірген еңбегін авторлық баяндау арқылы түйсіне оқисың. Ең соңында пойызға соғылып өлген жануардың келмеске кеткен тіршілігіне езіле отырып, сағынышқа тола мұң кешкендей күйді бастан кешіресің. Әңгіме сонысымен құнды. Оқырманға ойшыл Оралхан Бөкеев жылы мұң сыйлайды.
Оралхан Бөкеевтің прозалық шығармашылығы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Оның әңгімелерінің өзі әрбір ретте, қайталап оқыған сайын жаңаша тың ойларға жетелейді. Көркем шығармалары гауһардай жалтырып, әр қырынан қарағанда қызылды-күреңді реңімен көңіл қуантады. Сол үшін жазушы туындылары бірер әдеби-ғылыми, сыни-танымдық талдау, сараптау, зерттеу еңбектерімен шектелместігіне толық сенімдіміз. Оралхан Бөкеев әлемі – ұшы-қиыры шексіз ғалам деуіміздің сыры, мінеки, осында. Жазушы әлеміне енген сайын саналуан құпия да сырлы, жұмбақ та жасампаз, ғажайып та керемет кейіпкерлер дүниесіне, олардың жан сарайына тап келесіз. Жазушы шығармалары уақыт өткен сайын, өз заманында ең көп оқылатын көркем дүниелер санатында есептелсе, қазірде туған әдебиетіміздің құнарлы топырағының қасиетті қайнар бұлағындай тұщымды кәусарымен көңілді толғайды. Жануарлар әлемін суреттеу арқылы адам баласының жан дүниесін оқырманның көз алдына елестетуі жазушы шығармашылығына тән. Бұндай үдеріс әлем әдебиетінің көрнекті өкілдері – Иван Сергеевич Тургенев, Әбіш Кекілбаев, Шыңғыс Айтматов шығармаларына да тән болғандығы көзіқарақты оқырман қауымына белгілі.
Ал Оралхан Бөкеевтің аты жоғарыда аталған "Бура", "Кербұғы" әңгімелерінде де сондай үдеріс бар. Қартаймаса да, қажу секілді қасиет байқалған Кербұғының бейнесі суреткер шеберлігі арқасында белгілібір болмысқа ие тіршілік иесін танимыз: "Кербұғы басын жерге салып, тағы аялдады. Кербұғының басын жерге салған тағдыр талқысы алдында біржолата тізе бүгіп, тек қана аспандап, тек қана асқақтап жүретін тәкәппар кеуденің жер болғаны: көбік шашар тентек көңілдің көр болғаны. Ал жылдар бойы мүйізін берсе, сауырынан сипатпаған тұз тағысының осыншалық жуасуы – қор болғаны еді".
Осынау сурет-көріністе Кербұғының Жасбұғыдан омақаса жеңіліп және көз алдында марал-қыздың секіре билеп, онымен біржолата қоштасқандай ең соңғы рет өңінде ғана көрінгенін, сондай-ақ сабырмен еркелеп, жанына жақын келетін Марал-анаға да ендігіде наздана алмайтынын, сөйтіп үйірінен тапа-тал түсте айырылған бейдауа тірлігінің шынайы шындығы еді. Бұл сонымен бірге баяны жоқ тірліктің тұңғиығына батқан, ұнжырғасы түсіп, қақсыған астаудай ендігіде ешкімге керек болмай, ұшы-қиыры жоқ дүниеде жападан-жалғыз, саяқ қалғандығының ащы ақиқаты болатұғын. Жыл сайын жекпе-жекте жеңіске жетіп, дәнігіп алған менмендіктен мүлдем адыра қалған тағдыр талайымы еді бұл.
Текетірес тек бұғыларда ғана емес, ақыл-ой кемелдігі мен амал-айланың сан түрін білетін адамдар арасында да пәни дүниеден бақилыққа шейін жалғасатынын ұғынсақ, талас-тартыстың, арпалыстың, жекпе-жек пен оның және өзге де синонимдес сөздерінің қатары да жиілей түсетіндігін түсінеміз. Жазушының ойы да осы орайда тіршілік иірімдерінің жұмбағын аша түскендей. Біргелікте оқылық: «Адамдар арасындағы жекпе-жек бұғылар арасындағы жекпе-жектен гөрі қанқұйлы, жексұрын тәртіппен өтерін, бұғылармен жылына жалқы рет санасып, сонсоң сыйласып, тату-тәтті ғұмыр кешпей, бір қадалса қан алып қана тынарын және де ойлай алмайтын.» Үзіндіде келтірілген ой орамдары автор мен Кербұғының ой-пікірлерінің жиынтығы. Бірі түбегейлі ақтарыла ойласа, екіншісі түйсік пен ойдың кемшіндігімен шектеледі.
Әңгімеде айтар ой бар. Ойландырады. Өмірдің қан базары мен оның тарқар шағы Кербұғы психологиясы арқылы беріледі. Бүкіл үйірді бір өзі дегеніне көндіріп, үйіріп жүрген кездегі қызықты дәуренін еске түсіреді. Дүние кезек екенін еріксіз мойындатады. Мойындамасқа болмайтынын ұлы уақыттың өзі мәжбүрлейді екен. Дәл осы секілді эпизод пен оқиғаның даму үдерісі заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Таулар құлағанда» атты романында да кездеседі. Онда да тау барысы қартайған шағында өз үйірінен аластатылады. Бұны біз ұлы жазушының қазақ әдебиетінде бар эпизод пен оқиғаны араға жылдар салып, тау барысының талайлы тағдыры арқылы көшіріп алды дей алмаймыз. Бұл – айтулы суреткерлердің заманауи шығармашылық, дүниетанымдық-философиялық тұрғыдағы үндестігі деп ұғынамыз.
Кербұғы өмірі – тау ішіндегі еркін өмір емес. Ол ғұмыр бойы қоршауда екенін он сегіз тарам мүйізі алғаш рет қағылғанда анық байқайды. Мүйізін адамдар кесіп алады да, қоршау ішіне жібереді екен. Кербұғының қадірі қашқан кезі, әсіресе, үйірінен айырылғанда ерекше білінеді. Өзінің соңынан еретін үйірі мойын бұрмай кетеді. Басынан бағы тайғанын олар да түсінді ме, әйтеуір, бәрі-бәрі де жалт беріседі. Қолда бар болғанда ғана қоқаңдап, кеудемсіп, өтетін опасыз дүниенің өзі де, ендігіде Кербұғыдан сырт бергендей сезіледі. Дүниенің қызылы мен жасылы түп-түгел Жасбұғының басына көшкендей. Бақ таразысының бір басы Кербұғыға үлпілдек қауырсынның салмағы ғұрлым көрінгендей аңғарылады. Бақтың ат басындай алтынға бара-бар салмағы бұл ретте Жасбұғыға түгелдей ауып кеткен-ді. Еркіндікті аңсаған, бұрынғы рахат дәуірін көксеген Кербұғы аңшының оқ бүріккен мылтығының салдарынан бақилыққа аттанады. Еркін өмір сүру қоршау шеңберінде мүлдем мүмкін еместігіне Кербұғы тағдыры дәлел бола алады.
Жазушының «Табиғат – Өмір – Адам» атты әңгімесінде көркемдік-шығармашылық тәсілдердің дара-дара екі түрі де – реализм де, романтика секілді көркемдік-шығармашылық тәсілмен тұтасып, үйлесіп кеткен. Бірінен-бірін ажыратуға болмайды. Әдебиеттану ғылымында әбден талданып, зерделенген олар жайлы сан түрлі пікірлер бар қос көркемдік тәсіл бір мақсатқа жүгінген. Бұл – айтулы жазушының көркемдік-шығармашылық шеберлігі әлемін мейілінше айшықтай түсуі дер едік.
Өр Алтай өңірінде дүниеге келіп, оның табиғаты мен адамдарын өз шығармаларына арқау еткен қарымды қаламгер осы әңгімесінде перзенттік адал сөзін авторлық баяндау тәсілімен өте шебер суреттей білген. Қаламгер былай дейді: «Айналайын Алтайым, осы құдіретіңнен, осы келбетіңнен, осы гүліңнен, осы жұпарыңнан айрылып қала көрме, өйткені, мен сені сүйемін, өйткені мен сенің перзентіңмін, өйткені жаһанда саған жетер салтанатты жер жоқ!» Бұл арнау сөздер жазушының шынайы сөзі, асқақ арманы. Публицистикалық өршілдік те айқын аңғарылады осынау сөйлем жолдарында. Өмірге іңкәр, ғашық жан ғана сағынышқа тола ой орамдарын ақ қағаз бетіне төге алады. Оралхан Бөкеевтің осы әңгімесін оқығанда біз сондай сезімде болдық.
Өзі өскен Алтай табиғатын тамсана, мейір шаша жазған бірден-бір жазушының бірегейі Оралхан Бөкеев десек, артық айтқандық емес. Және де қаламгерге сөз берелік: «Сіздің өмірге ғашық екеніңізді анау ұйқысынан жаңа оянған алып таулар жаңғырықтыра тағы да үздік-создық қайталайды-ай... Ал сіз, Алтай жазығының жазиралы келбетіне сүйсіне, балқарағай мен шайыр иісі қоса аңқыған таңғы таза ауаны жұтасыз, армансыз жұтасыз.» Мінеки, осылайша жазушы талантына, оның туған жеріне деген ғаламат сүйіспеншіліктің қалайша оянғанын, сезбей де, мүлдем білмей де қаласыз. Қазақ әдебиетіне Оралхан Бөкеевтей сөз құнары мол, ой орамы өзгеше, өр мінезді кейіпкерлер сыйлаған сұлу да әсем Алтайға сұқтанасыз, қызығасыз. Алтайдың табиғаты мен оның саналуан құбылыстарын, адамдарының тыныс-тіршілігін шынайы да асқақ, көркем де көрікті суреттеу осы әңгіменің «Алтай», «Тұман», «Іңір», «Тасқын», «Өткінші», «Жалғыз аяқ жол» және «Бәйтерек» атты тақырыпшаларына да тән.
Қаламгердің әрбір туындысында табиғатты суреттеуінің өзінде іс-әрекет бар. Адам тағдыры менмұндалайды. Мысал келтірейік: «Іңір сәні осы жұлдыз (Қойшы жұлдызы – Н.Қ.); осы жұлдыз туа, шаруа тағы да жалғыз аяқ көрбілте жолға түсіп орманға беттейді; торы шолақ қос доңғалақты арбаны ауырсынғандай, ілби аяңдайды; арбаның қос доңғалағы өрге шығарда «майла-майла» деп зар еңіреп шиқылдаса, еңіске құларда «майласаң майла, майламасаң майлама» деп зыр-зыр айналып, торы шолақтың өзін өңкілдете қуады». Қандай ғажайып сурет. Іңір. Шаруа адамы. Торы ат. Дөңгелегі майланбаған сықырлауық арба. Барлығы да тұтаса келе көз алдыңда жанданып сала береді. Жазушының көркем тілі, сөзге жан бітіруі, суреткерлік қарымының кеңдігі және тағы да не дейсіз, шетсіз-шексіз әлем, бәрі де талантты да, ойы түпсіз терең, сөздік қоры аса бай Оралхан Бөкеевтің қаламгерлік шеберханасынан нағыз зергердің асыл бұйымындай оқырманның көз алдында жарқ-жұрқ етіп жайнай түседі.
Жазушының оптимистік өршіл рухы осы әңгімедегі «Тасқын» бөлімінде де байқалады. Қаламгердің ертеңгі күнге деген асқақ сенімі, иек артқан іңкәр сезімі публицистикалық сарынмен көркем сөз арқылы терең ойға бөлейді. Жазушы келешек күннен, ұлағатты ұрпақтан жасампаздық жалынды тірлікті күткендей сыңайлы. Үзінді келтірелік: «Жасасын жас Толқын!» – деп бар дауысыммен айқай салдым; менің үнімді аңғал-саңғал маубас таулар, ойдан басқа түк бітірмейтін ормандар, бір күнгі тоқтыққа мәз қаз-үйректер, арқасынан қақса асқақтай беретін аспан, өз пайдасының құлы – құрбақалар, жыпжықай шымшық шаптығып тыңдап, құдіретіне көзі жеткен соң шаттықпен қайталайды... қайталанады; табиғаттың кенже ұлы «Тасқын» қаңсыған арнаны аласапыран жойқын үнге бөлеп, сай-сүйегіңді сырқыратар өміршең шуылмен асығыс ағып бара жатқан...»
Қазақтың Ұлы Даласы қаншама шетсіз-шексіз болса да, жерұйық мекен саналған. Бауырына тұрақтаған елі мен жұрты тамыры семіп, кенезесі кепсе де одан жерінбеген. Қашанда ояу сергек көңілінен арылмай, кешегі күніне салауат айтып, бүгінгі барына қанағат деп, ертеңінен сәуле күткен. Дәл осындай рухты ойы қуатты, сөзі орамды Оралхан Бөкеевтің көркем шығармаларын оқи отырып сезінесіз әрі қаныға түсесіз.
Қамшының сабындай қысқа өмірді «Өткінші» атты шағын әңгіме бөлімінен таба аласыз. Ғұмырда күнделікті деп аталатын пәни дүниеде, шынында да, бәрі-бәрі де өткінші. Шығармада суреттелетін өткінші жаңбыр сол ақ бұлақты тізеден кешіп, үсті-басы малмандай су болып, ұп-ұзын шашының ұшынан суы сорғалаған ақ көйлекті қыз да, әңгіме кейіпкері – тақырбас шаруа үшін өткінші өмірдегі мәңгі-бақи ақ шағалалы аппақ арманы. Қол жетпес биігі. Әңгімеде тәтті мұң, сағынышты саз, әуен бар.
Әдебиеттану ғылымында көркем шығарманың тілі деген ұғым бар. Бұл – әрбір туындының нәрі мен сөлі, құнары. Сыртына нәрі теуіп тұратын жеміс қандай тәтті әрі маңызы зор болса, көркем тіл сәтті шыққан өнер туындысын соншалықты мазмұнды әрі тағылымды етеді. Жазушы Оралхан Бөкеевтің «Жетімдер» атты триптих-әңгімесіндегі шырайлы сөз тіркестері мен қуатты сөз орамдары көңілді тасқындатқан ой сезімдеріне бөлейді. Әңгімеде тарих үшін күні кешегі десек те, ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарындағы ел басына түскен ауыр күндерді бастан кешкен соғыс алапаты жесір әйелдердің тағдыры арқылы суреттеледі. Сөзбен суреттей отырып, жазушы оқырманның терең ой иірімдеріне сүңгуіне мәжбүр етеді. Ауыр тұрмыс. Қоңыр тіршілік. Жалғыз қара сиырға қараған отбасы. Ауыл шетіндегі Қоңыртөбеден ары қарай жүруге жүрегі шайлыққан қырық сегіз жастағы жесір келіншек. Қоңыртөбенің арғы жағына кеткен күйеуі соғыстан қайтпайды. Қоңыртөбенің арғы бетіне жайылған қара сиыры улы шөп жеп, іші кеуіп өледі. Ұйқысыз өткен жиырма сегіз жыл. «– Тәйт әрі! – деді Қанипа, – өлсе өле берсін. Мен де өлем», «– Әй, Мағаш, ұйықта, қалқам. Қайтесің жоқтан өзгеге басыңды ауыртып» – деп, басу айтатын жасы тоқсанға келген қарт ана.
«Ой, апа-ай, ұйқы құрғырың қашып алғалы қашан... қырық бірден бері... жиырма сегіз жыл» деп жауап беретін жесір келіншек. Екеуара диалог сөзге қаншама көңіл иірімдері, уақыт бедерлері сыйғанын айтсаңызшы; тағдыр талайымы жазушының көркем тілі арқылы қалайша шебер суреттелген десеңізші! «Бірінің шашы қарттықтан ағарды, бірінің шашы қайғыдан ағарды...» – деген, жолдарды оқисың және де. Сөйтіп, тағы да толқисың. Жаныңды саналуан сезім толқынына тербейтін әңгімені бейжай оқи алмайсыз.
Тоқсанға келген ананың толғанысы да тіршіліктің өз сөзіндей естіледі: «– Әй, Мағаш-ай, сонда Қайсаға ти дедім – көнбедің. Өлмектің артынан өлмек бар ма. Енді, міне, қаңыраған үйде қара басың қалмақ. Басқа қатындар үш-төрт байға тиіп жатқанда, Бозтайлақтың суретін құшақтап шашың ағарды». Қарт ананың аузынан шыққан ішкі монологы да өмір сүрудің белгілібір бағдаршамы болса да, жесір келіншек, яғни қызы бұндай қағиданы қабылдамаған-ды.
Әңгіме түйінінен оқырман қауымының ұғынғаны – соғыс тауқыметі мен тақсіреті. Екі әйел-ананың, жесір келіншек пен анасының ауыр тұрмысы. Жесір келіншектің арды ойлап, өзге ерге тимеуі. Анасының өз қызы үшін қамыққан ішкі терең психологиясы. «Әйел қырық шырақты» демекші, бақыты біреуінен жанбаса, екіншісінен жанар» дейтін өмір қағидасын қызы Мағрипаға өткізе алмай, еңсесі түскен кейуананың дауасыз өкініші.
Оралхан Бөкеев шығармаларындағы реализм мен романтизмнің көркем тіл арқылы әсем өрнектеуімен біргелікте, суретті ой тіршілік философиясымен өте шебер ұштасады. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірейік: «– Ей, балам-ай, біздің жан сірі ғой. Жазмыштан озу қайда, жақсылық та жамандық та өз мезгілінде; әлемге жарық берген күн мен ай да өз мезгілі жеткенде, тұтылады екен» деген сөйлемдер осы әңгіме-триптихтегі «Алтыбақан» атты екінші бөлігінде тұтастығымен, кемел ойлылығымен есте қалары сөзсіз.
«Алтыбақан» бөлімінде Қырмызы мен Бәтиманың біріне-бірі күндес ретінде емес, мұңдас ретінде қарауы, өмірдің қиын-қыстау кезінде бір-біріне сүйеу болған тірлігі суреттеледі. Қырмызының кешірімшіл мінезі соғыс уақытындағы қазақ әйелдерінің типтік бейнесі іспеттес. Қаламгердің шығармашылығындағы шынайы романтиканың және бір көрінісі «Ұйқым келмейді» атты әңгімесінен анық сезіне аламыз. Оның басты кейіпкерінің бірі – Бақыттың ой әлемі, көзқарасы пәк, мөлдір әрі таза. Өйткені, ол енді ғана үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Ол – мектепті бітірген шақта еді.
Жазушының көркем тілі де бейнені тым асқақ шыңға көтерген десек те болады. Әйтсе де, романтизм реализммен суарылған. Дәлел ұсыналық: «Есіңде болар айнам, мен сенің ұлы сезіміңе ие болдым. Сен маған имандай сендің... Сол кештегі күлкің қандай керемет еді, әлде сен рақаттанып мұңсыз-қамсыз жер басып, сақ-сақ күліп жүре берем деп ойладың ба; әлде сен жігіттерге бар діліңмен сене берем деп пе едің, әлде сен өмірдің тәттілігі, жастық дәуреннің қызығы таусылмас деп ойладың ба?» Өткен ғасырдың 70–80-жылдарындағы жас бойжеткендерге тән романтикалық болмыс қазақ әдебиетінде дәл осылайша көрініс тапқан еді. Әрине, қазіргі жастар бейнесінде бұндай штрихтер аз кездеседі. Десек те, бүгінгі жастар бейнесінде оқырманның жанын жадырататын кейіпкер-тұлғалар да баршылық. «Ұйқым келмейді» әңгімесі сырға тола. Өмір атты ұлы көште бастан өткен өкініш пен мұң ұйқы атаулысына да кедергі болады екен.
Жазушы Оралхан Бөкеевтің әңгімелері шынайылығымен, тұнық та аппақ мөлдірлігімен құнды. Іңкәр сезім, тазалық еседі қаламгердің көркем туындыларынан. Суреткердің әңгімелерін оқи отырып, пәктікке, тазалық атаулысына мейілінше тояттанғандай сезінесіз. Рухани дүниең, бүкіл болмысың жер-дүниені кіршең тартқан шаң-тозаңнан наурыздың ақ жауыны жуып өткеніндей, түп-түгел тап-таза болып, мұнтаздай шайылады. Жаңғырып, жаңарасың. Іштегі сырларың, жұмбақ әлемің әңгіме кейіпкерлерімен үндескендей күй кешесің. Көркемдік әдіс тұрғысынан тың әрі соны талаппен, табиғи талант шеберлігімен ұштасқан көрнекті жазушы Оралхан Бөкеевтің көркем әңгімелерінің құны әлі де жоғары, әлі де тым қымбат деуіміздің сыры осында.
Достарыңызбен бөлісу: |