Омар ибн Абдулазиздің заманына дейін сақталып келген екен. Олар осы
жәдігерлерге қарап ғибрат алатын. Пайғамбарымыздай (с.а.с.) болуға
тырысатын. Келімді-кетімді кісілерге де «мынау Аллаһ елшісінің (с.а.с.)
тұтынғандары, бар-жоғы осы ғана» деп өнеге көрсететін.
Аллаһ елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін жеті ай бойы
Әбу Әййуб әл-Ансаридің үйінің астыңғы қабатында уақытша тұрақтаған еді.
Кейін пайғамбар мешіті тұрғызылғаннан кейін, мешіт ауласындағы
кішкентай бөлмелерге орналасты. Мешіт құрылысы басталған алғашқы
жылдары мешіт ауласында екі бөлмелі үй салынған, кейін Пайғамбарымыз
(с.а.с.) үйленген сайын тағы да бөлмелер қосылып кеңейтіле берді. Үй ішіне
қажетті нәрселердің болғандығы жайлы түрлі риуаяттарда кездеседі. Аллаһ
елшісі (с.а.с.) мұндай мәселеде өте ұқыпты еді.
Үйін қазіргі тілмен тек лашық деп қана айтуға болатын шығар.
Жұбайларының бөлмелері қамыстан жасалған құрқылтайдың ұясындай
шағын-шағын бөлмелер еді. Арабтар мұны «хұжра» деп атайды. Кейінгі
жылдарда бұл бөлмелер мен араларындағы қабырғаларды бұзып мешітке
қосуға тура келді. Осы кезде Сайд ибн Мүсайяб: «Шіркін-ай, осы бөлмелер
өз қалпында қала бергенде ғой! Жұрт Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қалай өмір
сүргенін көріп, өздерінде барға шүкір етіп, тәубелеріне келер еді», – деген
екен.
Бір кездері аналарымыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.) дүниелік нәрсе
сұрайды. Бір қарағанда бұл тілектері шариғатқа қайшы емес, бірақ қияметке
дейінгі иісі мұсылман баласына өнеге болар мұқаррабин (Аллаһқа жақын)
жандар үшін бұл дүниенің арбауына түсудің бірден-бір көрінісі болса керек.
Әйелдерінің мұнысына өкпелеген Пайғамбарымыз көпке дейін тілдеспей
қояды. Бұл жағдайдан құлағдар болған хазірет Әбу Бәкір мен Омар (р. а)
дереу мешітке асығады. Алғашында Пайғамбарымыз екеуін қабылдамады.
Омар мен Әбу Бәкір (р. а) іштен тынып ақырын күтті. Сәлден кейін ішке
кіруге рұқсат алған Әбу Бәкір мен Омар мән-жайды сұрады. Сондағы бар
айтқаны: «Бұлар менен қолымнан келмейтін нәрсені сұрайды» (Мүслим,
Талақ, 34-35) . Бұл жайлы естіген Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың әйелдеріне:
«Сіздерден кімде-кім пайғамбарға бұлай қарым-қатынас жасайтын болса,
қасіретке ұшырайды. Оны ренжітіп Аллаһтың қаһарына ұшыраймыз деп
қорықпайсыңдар ма? Аллаһ біледі, демде-ақ құрып кетулерің мүмкін», – деп,
артынша Хафсаға: «Қызым, Пайғамбарымызды ренжітіп, әр нәрсені талап
етіп көп шағымданушы болма. Бірдеңе керек болса, дереу маған сәлем
жолда», – дейді.
Демек, бұл оқиғалар Пайғамбарымыздың үйінде аса көп дүние-мүлік
болмағандығын аңғартады.
Достарыңызбен бөлісу: