« Абай жолы» романы «Бел- белесте» тарауы
http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=2342&Itemid=23
Қаралы көш
Абай бұларға көз сала беріп, оқыстан елең етіп, аласұрап қалды. Қамшысының бүлдіргесін саусағына ілген күйде, оң қолын шұғыл көтеріп қап: «Тоқтасаң нетті?» сұрланып, әлсіз қолын, шарасыз халде, құла бестінің жалына сылқ түсірді.
Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен. Көктемнен соң көргені осы.
Судыраған қара жібек биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында жап-жаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында әсемдеп, кең ораған құбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы Шолпандай.
Ат үсті жүріс, шырқап айтқан дауыс және құрбы қыздары - Бөжей қыздарына жаны ашуы бар, баршасы Тоғжанның қазіргі жүзін бір түрлі мағыналы нұрға малғандай. Ақмаңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр.
Қара шапан сыртынан белін шымқай буған сарғыш жібек белбеуге оң қолын сүйеп, мықынын таянған. Маңайға бұрылып қарамастан, шырқап жылап, жоқтау айтып келеді. Абай кірпік қақпай қадалып, тыныстары да тыйылып, Тоғжан үнін тыңдаумен тұр. Топ өтіп кете бергенде, өзге төрт қыз үнінің ішінен Тоғжанның өзгеше жібек талды, бөлекше үнін анық естіп аңғарғандай болды. Шын Тоғжан үні ме? Жоқ, басқа қыздікі ме? Білу қиын болса да, Абайға мынандай топтан жырылған бөлекше сұлу ырғақ Тоғжан көмейінен ғана шығатындай.
Сырттап бара жатқан Тоғжанның арттан көрінген мүсіні де өзгеше екен. Атқа отырысының өзінде де бір нәзік-еркелік пен соншалық биязылық, мықтылық та бар сияқты. Жылтырап өрілген жуан бұрымдарының ұшында үлкен шолпы ырғала түсіп, шылдырап барады. Сонау сағынышты көктемде көңіл өртеген, одан бері де көзін жұмса әрдайым құлағына шылдырлай түсіп, сылдыр етіп: «Есіңде бармын ба!» деп кететін осы шолпының осы үні.
Өзгеше көрініс, лезде бұлт сөгіліп, сұлу айды жарқ еткізгендей болды. Абайды естен тандыра биледі де, өзгеше бір нұр шұғыласына бас идіргендей боп кетті. Бірақ бұл сезім бір ғана сәт еді. Осымен қабат, жас жігіт көңіліне, тағы талай алай-түлей ұйтқып кеп, бір өзгеше жүрек құйынын соқтырғандай болды.
Жылаған Тоғжан, жылаған Бөжей қыздары, барлық қаралы көш, иесіз, тұл кетіп бара жатқан анау қаралы киім, тұл ат - баршасы осы барлық қауымның қайғысы да Абайға өзгеше терең түсіндірді. Жанзаға шақырмай, Құнанбай қылмысын кешпей, жылау зарына араластырмай келе жатқан осыншалық мол қауым. Ортасында Тоғжандай гауһары бар қауым Абайларға: «Былай тұр! Көрме! Саған рұқсат жоқ!» дегендей, суық, қатал. Бірақ, әділ үкім айтып бара жатқан сияқты. Абай жүрегіне бұл серпу өзгеше өкініш, өксік әкелгендей.
Жылаған ғашығы, жылаған жақын бауыр, қауым ел, өліп кеткен кешегі Бөжей - баршасы да Абайдың өз басын да жазалағандай. «Мен жазықты ма едім!» дегендей болса да, налытып тұрып кіналағандай. Бұл, әсіресе, ауыр толқын. Абай үнсіз мүлгіп, зарлы жоқтауды бар жанымен тыңдап тұрып, өзін-өзі де, бар дүниені де ұмытып кетіпті.
Бір сәтте қасында тұрған біреу түртіп қап: «Жүрейік» дегендей болды. Абай жаңа оянғандай, алаң етіп жалт қарады. Тәкежан екен. Ол Абайдың түсін көрді де, тыжырынып кекете күліп:
- Өй, неменеге сораңды ағызып тұрсың,- деп, тіпті зекігендей.
Абай қабағын қатты түйіл, селт етіп, бетін сипады. Жыладым деп ойлаған жоқ-ты. Көзінен үнсіз ауыр, ыстық тамшылар ағып кеткенін байқамаған екен.
Үлкен көш өтіп кетіпті. Артқы көштермен екі арасында ұзақтау алаң пайда болған екен. Тәкежанмен бірге барлық топ қозғала берді.
Бағанадан бері тайының жалын құшып тұрған Оспан, ыржақтап күлуден әлі басылмаған. Енді басын көтіріп ала сала, қасындағы бір баланың тымағын жұлып алып, теріс киіп жіберіп, сақылдап күліп, ақ тайды тебініп кеп қалды.
Қалжақ пен тентектікке есі-дерті кетіп қалған Оспан ақ тайдың асау екенін ұмытып кетсе керек. Жайбарақат еркін отырып, тақымын да қыспастан тебініп қалғанда, ақ тай секіріп мөңкіп кеп кетті. Оспан тізгінін де қымти алмай қалып еді. Байқаусызда тулаған тай тентек баланы оп-оңай ытқытып, топ ете түсірді. Бірақ Оспан жығылса да, есінен жаңылған жоқ. Тайының шылбыр-тізгінінен айырылмай, жабыса түрегелді. Түк көрмегендей ыржақтап күліп, екі беті нарттай жанып тұр. Ақ тайға ес жиғызбастан қайта қарғып мініп алды да, борбайлай қамшылап, құйғыта жөнелді.
Өзге балалар да шаба жөнелісті. Тәкежан мен Абай жай аяңдап қозғалды. Тәкежан інісіне жаңағының үстіне тағы да бір үлкендік көрсетпек болды. Абай Тәкежанға енді ыза болды. Кінәлай сөйлеп, қарсы ұрысты.
- Сенің үлкен боп, ес білгенің со ма? Бауыр емес пе еді? Бөжекеңе өзің неге жыламайсың?
- Е, жыласатын не қалып еді? Жаназасына да шақырмай қойған жоқ па? Соны да ұқпаймысың?
- Ұққан екенсің, қарық қыпсың! Шақырмаған тірілер! Сол үшін өлі Бөжей жазықты ма?
- Бөжей әкеңмен араз болғандықтан шақыртпады!
- Бәсе, араздық... сол араздыққа кім кінәлі? Кім жаулықты көп етті? Соның бәрінің ақ-қарасын сен айырып, танып болған шығарсың?
- Болайын, болмайын, мен әкемнің жағындамын!
- Бәсе, одан да соныңды айтсаңшы! «Үлкенмін, ақылым бар, кісіге де ақыл айтам» дейсің! Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ереді дейсің ғой...
Дау үстінде, ойда жоқтан тіліне оралса да, «Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді» деген сөз мұның өзіне қазір бір өзгеше мәні бар, өрісті ойдай көрінді. Жынысының шиырымен шұбыру, жымын басу кімнің қолынан келмейді? Жыртқыш хайуан екеш, о да біледі. Бола алсаң - ол болма, адам бол! Жалғыз келе жатқан Абайды ендігі бағындырған ойы осы. Дәл осы бетте бүгін Абай өз тұқымының бір жанымен дауға түсті. Осынысы өзіне бір ажарлы, басқаша беттің басы тәрізді боп сезілді. Сондайлық салқын сыншы ойлар арасына осы жолда қайта-қайта Тоғжан келбеті келеді. Сәт сайын оралып, гүл жібектей бұралып кеп, мұны жақсы болуға үндейді. Мінсіз таза махаббатқа шақырғандай, жан ашыр рақымға шақырғандай болады. Бар дүние, бар адамзатты қоса сүйгізіп, қоса қымбат санататын аса бір қадірлі игілікке ымдап жетектегендей. Бұл қиялға мүлгігенде Абай Бақанасқа қалай жеткенін байқамай да қалды.
Қасым Аманжолов
Достарыңызбен бөлісу: |