2. Интербелсенді (интерактивті) оқу/оқыту бірінші мезетте білім игеру процесіне қатысушылардың тиімді қарымқатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген «интерактив» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» - «әрекет жасау» дегенді білдіреді.
Басқаша айтқанда, «интербелсенді» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру.
«Интербелсенді» дегеніміз диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші – үйренуші», «үйренуші – үйренуші», «үйренуші - өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «бірлескен әрекеттер»).
Интербелсенді оқу/оқыту білім игеру процесін келесідей ұйымдастыруға ынталы:
барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау;
әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.
Сонымен интербелсенді оқу/оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанады. Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу, үйренудің) ортақ мағынасына және аяққы нәтижесіне өз үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, ойларымен алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену/оқу әрекеттері арқылы жете алатындығын анықтайды.
Мұндай қарым-қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара силасымдық пен қолдау атмосферасында өтіп, тек қана жаңа білім игеруге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге таным процесін өзара ынтымақтастық пен бірлесу деңгейлеріне көтереді, яғни қарым-қатынас пен оның негізгі нысаны диалогты танымның басты құндылығына айналдырады.
3. Интербелсенді оқу/оқыту диалогтық қатынасқа негізделеді, ал диалог өз кезегінде өзара түсіністікке, бірлескен әрекеттерге, таным процесінде туындаған мәселелер мен проблемаларды бірлесе шешуге алып келеді. Интербелсенді оқуда/үйренуде білім алушылар келесідей білім, білік, дағды, құзырлық, машықтарға үйренеді: - терең ойлануға; - ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алуға; - ақпаратты жан-жақты талдауға; - өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыруға; - пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеуге; - басқа да балама пікірлерді ескеруге; - шешім қабылдауға және қиын мәселелерді шешуге; - жауапкершілікке (өз біліміне, өміріне); - басқалармен тиімді қарым-қатынас құруға.