Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,8,12,24
8-дәріс тақырыбы. Тұлғаның өзін кәсіби жүзеге асыруы оның табысты өзін өзі тануының нәтижесі.
. Бүгінгі күн ерекшеліктерінің, тіпті проблемаларының бірі ақпараттың «ақылға симайтын шамадан тыс, игеруде адамның биологиялық мүмкіншіліктерінен артық»(«Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттігін 2006-2009 жылдарда дамыту тұжырымдамасы») мөлшерде дамуы. Сол себепті де оқу/оқыту қысқа мерзімде ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игерте алатын және практикада бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді.
Бұл талап білім саласында тұлғалық дамуды оқудың/ оқытудың негізі ретінде қарастырады. Бұл ұстаным білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйретуші) бұрнағы авторитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасын гуманитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасқа өзгертіп отыр. Егер кешегі күні таным процесін біз «білім беру», «оқыту», «үйрету» деп түсінсек, бүгін бізге бұл түсініктерді «білім алу/игеру», «оқу», «үйрену» деп өзгерту керек.
Дәстүрлі «білім беру» өз мақсаты мен мағынасын нақты белгіленген (мемлекеттік стандарттарда көрсетілген пәндер мен сабақтардың аумағында) білім жиынтығын игерумен шектейді. Ал инновациялық көзқарас оқу/үйренудің негізін тек пәндер емей, ойлау мен рефлексияға негізделген интербелсенді әдістер құрауы керек деп түсінеді. Интербелсенді әдістер педагогикалық тәсілдердің өзгеруіне алып келіп, оқушылардың өздік және өзіндік дамуына, олардың өз мүмкіншіліктері мен ұстанған құндылықтарын түсінуге және бағалауға жетелейді.
Оқытуда авторитарлық пен үстемдікті, үйретушінің мызғымас беделін, монологты, күштеуді демократиялық коммуникациямен алмастыру қажет. Ол дегеніңіз оқуда/оқытуда интербелсенді әдістер мен технологияларды қолдану арқылы іскерлік ынтымақтастық қарым-қатынастар орнату, жағымды психологиялық орта құрастыру, солар арқылы үйренушілер өз біліміне деген жауапкершілікті нығайтады.