Тақырып: ХҮ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы Қазақтандағы педагогикалық ой-пікірлер.
Дәрістің мазмұны:
Қазақ жыраулары жырларының тәрбиелік-қолданбалық және идеялық-эстетикалық мәні.
Орыс емес халықтардың ағарту ісіндегі алғашқы саясаты.
1. Қазаң жырауларының толғау тебіреністері, қанатты сөздері өзінің тәлімдік шарапаты жағынан ғана емес, сонымен бірге рухани, эстетикалық, отаншылдық мәні жағынан да аса маңызды болды. Жыраулар жауынгерлік заманда хандар мен бектердің, қолбасшы батырлардың ақылгөй кеңесшісі болып, жорығына бірге аттанды, ру-тайпаларына басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті.
ХV-ХVІІ ғасырлардағы жыраулар шоғырынан өздерінің тәлімдік идеяларымен Асанқайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау секілді дала философтары ерекше көзге түскен еді. Халқының қамын жеп, оның береке-бірлігін, келешектегі бағытын, көрер күнін аңсаған Асанқайғы (XV ғ.) өз отандастарының алдағы тағдыры ие болмақ деген толғаныспен күн кешті. Содан да болар, ел аузын-да оның есіміне "қайғы" деген ат қосақталып, аңызға айналды.
Қазақтың халық педагогикасының ең алғашқы іргетасының қалануына негіз болған Асанқайғының, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қазтуған, Шалкиіз, Үмбетей, Сыпыра, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Марғасқа, т.б. көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын атап өткен жөн.
ХV-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын жырауларының поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-дәстүрін, ой-арманы мен тілек мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені, жыраулар толғауларынан халықтың кейбір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, ой-толғанысы, қуаныш сүйініші, келер ұрпаққа айтар өнегелі өсиеті өзекті орын алған. Яғни, олар халықтың тәлім-тәрбие мектебінің ұлағатты ұстаздарының рөлін атқарды.
Қазақтың тәрбие мектебі ақын жыраулар мен билердің өсиеттері, ғибраттары және халық мақал-мәтелдері, тыйым сөздері мен ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы десек, артық болмайды. Халықтың осы қағидалар, шын мәнісінде, жас ұрпақ түгілі, ересек адамдарға да үлкен әсерін тигізді, ұлттың сана-сезімін оятты, тәлімдік-тәрбиелік, танымдық мектебіне айналды. Жалпы ХV-ХІХ ғ.ғ. ақын жыраулар поэзиясын сөз еткенде, олардың халық үшін еткен еңбегіне, ой-қиял өрістеу өресіне, қимыл, әрекет ісіне қарай үш топқа бөліп: жауынгер жыраулар (Доспамбет, Жиембет, Ақтамберді, Махамбет); мәмілегер (Асанқайғы, Сыпыра, Үмбетей, Бұқар); тәлімгер (Шал, Базар, Майлықожа) деп шартты түрде жіктеуге болады. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен де, өнегелі ісімен де халыққа белсене қызмет етіп, ел ұйытқысы, тәлім-тәрбие мектебінің ұстазы бола білді.
2. Қазақстанның Ресейге қосылуы XIX ғасырдың орта кезінде аяқталды. Патша өкіметінің сол кездегі шет аймақтарының бірі - Қазақстанда отарлау саясатын іске асырғанына қарамастан, бұл қосылу үрдісінің прогрессивтік мәні болды. Осыған байланысты Ф.Энгельстің мынадай бір айтқан пікірі еріксіз ойға түседі: "Ресей, шынында да, Шығыс жөнінде прогессивтік рөл атқарады... Ресейдің үстемдігі Қара теңіз бен Каспий үшін өркениеттік мәңге ие", -деп жазған болатын. Демек, бұл айтылған ойлардың қазақ халқы үшін де тікелей қатысы бар деп есептейміз.
Қазақстанның Ресейге қосылуы маңызды нәтижелерінің бірі — қазақ еңбекшілерінің орыс халқының озық демократиялық бағыттағы мәдениетімен және білімімен, сол арқылы прогрессивті әлемдік мәдениетпен жақындасуы.
Қазақстанның Ресейге қосылуының қазақ халқының саяси-экономикалық және мәдени өмірінде елеулі өзгерістер әкелді Елімізде озат экономика мен өндіріс қатынастарының дамуына мүмкіндік жасады. Сонымен қатар еліміздің Ресейге қосылуын бүгінгі уақыт талабына орай дұрыс бағалайтын болсақ, "қосылу" бастан аяғына дейін ерікті болмағандығын, ескеруіміз керек.
"Ресей империясының құрамына қосылуының тек прогрессивтік мәні болды, әйтпесе, қазақтың тоз-тозы шығып, қаңғып, дербес өмір сүре алмайтыны айдан анық болған, сауаттылығы жоқ, қараңғы ел патриархалды-феодалдық өмір шырмауынан құтылмас еді" дейтін ұшқары да, бір жақты пікірді сан рет естіп келдік. Осыдан, қазақ халқының өткен ғасырдағы тарихы сыншылдықпен, объективтік тұрғыдан айтылмады. Отаршылдық саясаты өз еркімен қосылудың көлеңкесінде қалдырылды.
Патша өкіметінің өзінен кейінгі қалдырған ауыр мұрасының бірі еңбекшілердің білім беру ісі мен мәдениет саласында қараңғы қапаста шектен тыс тоналғаңдығы еді.
Әсіресе, Қазан төңкерісіне дейін Ресейді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің жағдайы өте ауыр халде болды. Жоғары дәрежелі бір чиновниктің қазақтар туралы Орынбор әскери генерал-губернаторы, граф Сухоленге жазған хаты осы саясатты дәлелдей түскендей. Онда былай делінген: "Мен қырғыздардың (қазақтардың) қамын жеп, олардың көзін ашып, оларды еуропа халықтарының дәрежесіне жеткізбек болатын филантоптардың мәңгі-бақи көшіп жүретін малшылар болып қалуын, олардың еш уақытта егін екпеуін, ғылымды ғана емес, қолөнерін де білмеуін шын жүректен тілеймін".
Патша өкіметі қазақ даласында халық ағарту ісін дамытумен, жаңа мектептер ашуға бөгет жасады. Осы орайда айта кететін жайт: "төңкеріске дейінгі қазақ халқының сауатсыз болғаны рас, ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық, ал қазақтар түгелге дерлік сауатсыз болды делініп келген тезисті бүгінгі танда қайта қараудың қажетті уақыты келгенін айта кеткен жөн".
Дегенмен патша өкіметі амалсыздан қазақ ақсүйектері мен байлардың балаларына біраз білім беріп, олар үшін орыс-қазақ мектептерін ашуға мәжбүр болды.
Қазақ жеріне қоныстана бастаған орыстар шұрайлы егістік жерлерді, мал жайылымдарын заңсыз тартып алды, бағынбағандарды жазалады. Мектептер мен шіркеулер салып, балаларды шоқындыру мен орыстандыру саясатын жүргізді. Патшалы Ресей бай сұлтандардың балаларына арнап мектептер салды.
Осындай мақсаттағы оқу орындары Қазақстанда 1789 жылы Омбы қаласында "Азиатское училище" және 1841 жылы Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасында қазақ бай-феодалдарының балаларына арналған мектептері ашылды. Орыстандыру, отарлау саясатын қатты сынаған Мұрат Мөңкеұлының, Шортанбай Қанайұлының, Дулат Бабатайұлының шығармалары халық арасында кең тарады. Отарлау саясатына қарсы Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттың көтерілістер қазақ даласында 15-20 жылға созылды.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында Ресейдің алдыңғы қатарлы демократиялық ой-пікірдегі (Герцен,Белинский,Радищев,Чернышевский, т.б.) оқымыстыларының жолын ашушы А.Янушкевич,Ф.Достоевский,Э.Михаэлисс, Н.Долгополов, С.Гросс, Т.Шевченко, т.б. зиялы демократтар жер ауып келіп, Ш.Уәли-ханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты қазақ демократ ағартушыларымен достасып, олардың саяси идеялық, ағартушылық көзқарастарының қалыптасуына игі әсерін тигізді.
№ 21 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |