IV-съезд. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін лидерлерің IV съезі 2012 жылдың 30-31 мамырында Астана қаласында өтті. Әлемнің 40-тан астам елінен 90-ға жуық делегация келді. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Төртінші съезінің басты тақырыптамасы ретінде «Бейбітшілік пен татулық адамзат таңдауы ретінде» атты тақырып белгіленді. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Төртінші съезі және оның секциялық мәжілістерінің тақырыптамасына ислам, христиандық, мультикультурализм, әйелдер мен жастар мәселесі, конфессияаралық келісім, төзімділік және дін саласындағы басқа да өзекті мәселелермен айналысатын беделді де жетекші тарихшылар, саясаттанушылар, исламтанушылар, дінтанушылар және басқа ғалымдар қызығушылық танытты.IV съезге қатысушылар Жаратушының адам баласына бұйыртқан болмысын, оныңқадір-қасиеттері мен ажырағысыз құқықтарын мойындап, адамзаттың жарқын болашағы үшін оның бірден бір айнымас таңдауы ретіндегі бейбітшілік пен келісімге өз ұмтылыстарына адал екендіктерін білдірді. Осы жолдағы ізгі бастамасы үшін Қазақстан Республикасына ризашылықтарын білдіре отырып, қазіргі әлеуметтік мәселелерді шешудің және жалпыға бірдей бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізудің ықпалды құралдарының бірі дін екендігін түйіндеді. Түрлі діндер мен рухани дәстүрлерді ұстанатын барша адамдардың атынан дінаралық диалог арқылы ілгерілейтін өзара құрметтеуді, түсіністік пен келісімді ортақ құндылықтар ретінде танитынын жеткізді. Бұлардың маңыздылығы XXI ғасырдың екінші онжылдығында адамзат қоғамдастығы сенімге, достыққа, ынтымаққа, әділеттілікке және жасампаздық қызметке деген ұмтылысты жоғалтпайды. Сондықтан әлемнің әртүрлі діндері мен мәдениеттерінің артықшылықтарын барынша толық пайдалану қажет. Съезге қатысушылар қоғамның имани-рухани негіздерін нығайтуды және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта түлетуді ұсынды және бұлар әлемнің тұрлаулы дамуының шарты адам болмысының мәні мен мақсатын танудың кілті деп танылды. Соған сәйкес, әйел затының отбасындағы және қоғамдағы жасампаздық рөлі ер адамдар мен ұйымдар тарапынан терең құрметтелуі, қадірленуі және қолдау табуы тиіс. Әлемнің болашағы жастардың қолында. Сондықтан жастардың өмірлік бағдарын қалыптастыру, олардың бойына имандылық негіздерін егу, олардың білім арқылы рухани дамуы мен өркендеуі өте маңызды. Қазіргі заман жастары өздерінің діни дәстүрлері туралы іргелі ілімдер алуға, өзінің ана тілі мен тарихын, мәдениетін терең білуге құқылы. Өз дінін терең білетін адам өзге дінге тәкаппарлық танытпайды. Съезге қатысушы дінбасыларды әлемнің түрлі бөліктеріндегі зорлық-зомбылыққа жол ашып жатқан толассыз соғыстар, этносаралық қақтығыстар, қылмыстың өсуі, діни төзімсіздік пен радикализмнің бой көрсетуі алаңдатады. Олар өз діни дәстүрлеріне сүйене отырып, үрейлендірудің немесе күш қолданудың кез келген түрін айыптайды және барлық мемлекеттерді бұл проблемаларды үнқатысу арқылы шешу үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауға шақырады.Өзара құрмет пен түсіністік, жанашырлық пен кешірім, әділеттілік пен ынтымақ, бейбітшілік пен келісім қағидаттарына негізделген бұл үндеуді съезге қатысушылар бірауыздан қабылдады және әрбір адамға тыныш та шуақты ғұмыр, жақсылық пен береке тіледі. Алқалы жиынның соңында оған қатысушылар «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніне барып, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етіп, ғибадат жасады.
V-съезд. 2015 жылдың 10-11 маусымында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезді өтті. Оған дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларымен қатар, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Ламберто Заньер басқа да әлемдік тұрғыда беделді қайраткерлер қатысты. Форумның негізгі тақырыбы бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси көшбасшылардың сұхбатын бекіту болды. Пленарлық және төрт секциялық мәжілістер мынадай тақырыптарда өтті: «Діни және саяси көшбасшылар: адамзат алдындағы жауапкершілік», «Діннің жастарға ықпалы: білім, ғылым және бұқаралық ақпарат құралдары», «Дін және саясат: жаңа үрдістер мен келешектер», «Бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік мақсатында әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері арасында өзара құрмет пен түсіністік негізіндегі диалог». Секциялық мәжілістерде дін мен саясаттың арақатынасы, діни және саяси көшбасшылардың бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы жауапкершілігі, жастар санасының радикалдануының алдын алу сынды көкейтесті әрі маңызды мәселелер талқыланды. Съездің жұмысы экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес, діни білім мен ағартушылық деңгейін арттыру мәселелерін алдыңғы қатарға қойды. V Съездің ерекшелігі азаматтық қоғамның ірі институттарының бірі ретіндегі діни ұйымдардың серіктестік бастаулары ретінде мемлекетпен диалог орнату мәселесінде күш-жігерді бірлестірудің үлгісін танытумен сипатталады. Қоғамда барған сайын ықпалы арта түскен діни қауымдастықтар күрмеуі қиын мәселелерді шешуде билік органдарымен бірлесе қимылдап, ортақ ұстанымға келе бастады. Съезд жұмысындағы талқылаулар барысында қазіргі халықаралық жағдайлардағы өркениетаралық диалогтың үлгісіне қатысты концептуалды ұсыныстар айтылды, бұл диалогтың мақсаты мен міндеттері айшықталып, оның субъектілері мен деңгейлері, диалогтың аймақтың негізгі сегменттері анықталды. Форум жұмысының соңында қатысушылар қорытынды резолюция қабылдады, онда мына мәселелер түйінделген: адамзаттың болашағына деген алаңдаушылық; «дінді бұрмалап түсіндіретін» діни риториканы пайдаланушы экстремизм мен лаңкестікті кеңінен сынау, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтардың ұмытылу қаупі мен бұрмалануына орай оларды қорғау, дінаралық қарым-қатынастарды орнықтыру мақсатында мемлекет пен діни ұйымдардың диалогы және т.б. Алғашқы Съезге 13 елден діни лидерлер мен меймандар қатысса, соңғы V съезге қатысу үшін Астанаға әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация сапарлап келген.
VI-съезд. 2018 ж 11 қазан күні VI Съезге қатысушыларының жұмыс күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайының жанындағы «Бейбітшілік қабырғасы» маңында ортақ дұға жасау рәсімімен басталды. Әртүрлі дін өкілдері жер бетіндегі бейбітшілік пен амандық үшін дұға жасады. «Бейбітшілік қабырғасы» монументі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI век» манифестінің идеяларын бейнелейді. Президенттің осы тарихи құжатының идеялық мазмұны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің алғашқы секциялық отырысының негізгі тақырыбы болды.Қалған секциялық отырыстар «Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты топтастыру үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін мен жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар» және «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді жеңу жолында» тақырыптарына арналды.Сенат Төрағасының пікірінше, форум аясында айтылған идеялар мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет. Форум діни көшбасшылар арасында әлемнің жаңа бейнесі бойынша ортақ пайымдаулар бар екенін көрсетті. «Бүкіл әлемде әралуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде. Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адамдар бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты қалайды», - деді Қ.Тоқаев.Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда форум қатысушылары ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу және өшпенділік пен төзімсіздіктен туындаған күштеп жасалатын әрекеттердің алдын алу жөнінде күш-жігер қосуға әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын барынша тартуға әзір екендіктерін жеткізді.Форум қатысушылары экстремистер мен террористер тарапынан қысым мен күш көрсетуге тап болған барлық діни топтар мен этнос бірлестіктеріне ниеттес екендіктерін, сондай-ақ, босқындар мен олардың құқықтары мен абыройын қорғауға бағытталған күш-жігерді қолдайтындарын білдірді.Қорытынды құжат әлемдік БАҚ өкілдерін терроризм мен дінді теңдестіруден бас тартуға үндейді. Декларацияда бейбітшіліктің құндылығын, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты ілгерілету, сондай-ақ барлық діндердің құлшылық жасау орындары мен киелі жерлерінде арандатушылық пен зорлықты болдырмауға күш салуға үндеуі қамтылады.