ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСТЕТІ
Қазақ тілі мен әдебиеті әдебиеті кафедрасы
ҚАЗАК ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ЖАҢАРТЫЛҒАН БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША ОҚЫТУ ПӘНІНЕН ЛЕКЦИЯ ЖИНАҒЫ
6В01701 - Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлау 6В01704-Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлау мамандығы бойынша
Шымкент -2021ж. Қазак тілі мен әдебиетін жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту пәнінен лекция жинағын құрастырғандар:
ф.ғ.к., аға оқытушы Халикова Н.С.
Магистр-оқытушы Әбдіғаппар А.
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы мәжілісінде талқыланды.
№ хаттама « »20 ж. Кафедра меңгерушісі ________ Байғұтова Д.Н.
Лекция 1 Кіріспе. 1.Жаңартылған білім беру мазмұнының ғылыми-теориялық негізі, құрылымы мен мақсат-міндеттері; 2. Жаңартылған білім беру бағдарламасының өзектілігі мен маңыздылығы.
Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан білім беру реформаларының негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуы туралы міндет қойғаны мәлім. Осы мақсатқа қол жеткізуде білім беру жүйесін жетілдіру маңызды рөл атқарады. Өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білімді ұрпақ өсіру шарт.
Қазақстандағы білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заманауи тенденцияларға негізделген. Өйткені білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болып, оқытудың парадигмасы өзгерді. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдерімен әр түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Елбасымыз Н.А. Назарбаев «Дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін, біз жоғары білімді ұлт болуымыз керек», – деп атап көрсеткеніндей, өскелең ұрпақтың функционалдық сауаттылығын арттыру жолында жұмыла қызмет ету шарт. Осы ретте К. Ушинскийдің «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады» пікірімен санасу өзекті.
Біліктілікті арттыру жүйесінде заманауи мұғалім өлшемі қазіргі білім берудегі жаңа және нақты жағдайға икемделу дегенді білдіреді. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сауалдар туындайды. Бұл білім беру бағдарламасымен және оны жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.
Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әр түрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Жаңартылған жалпы білім беру бағдарламаларында оқушылардың бойында қалыптастыру қажет құндылықтар мен дағдылар анықталған.
Білім беру бағдарламасын жаңарту тұрғысынан «үйлесімділік» білім беру бағдарламасы қалай қабылданып, қалай іс жүзінде орындалатынына қатысы бар барлық компоненттер бірлесіп әрекет етіп, бір-бірін толықтырып, нығайтады дегенді білдіреді (Oates, 2010). Үйлесімділік білім беру бағдарламасы мен бағалау модельдері әзірленетін жүйе деңгейінде ғана емес, әр сыныпта, әр сабақта қолданылады.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Спиральді қағидат бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» атты еңбегін де қарастырылған. Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының ерекше сипаттары: оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды; әрбір қайталап оқыған сайын оның күрделілігі арта түседі; жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.
Әр пәннің өзінің жеке сөйлеу стилі бар, оны нақты пәннің «академиялық тілі» деп атауға болады. Тілдік мақсаттар академиялық тілді үйрену үшін маңызды құрал болып табылады. Оқушылардың өздерінен қандай нәтиже күтілетінін түсінуі тілдік мақсаттардың анық құрылуына байланысты. Сондай-ақ, тілдік мақсаттар мұғалімдер мен оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырып, қолдауына көмектеседі. Пән мұғалімдері оқушылардың пән мазмұнын меңгеріп, академиялық тілді дамытуына қолдау көрсетеді.
Оқушы жетістігін нақты бағалау – білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі.
Қорыта айтқанда, жаңартылған білім бағдарламасының мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушыны өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірде қолдана білуге баулу. Осы міндет ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктейді. ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болулары үшін, оқушылардың бойына қажетті дағдыларды дарыту жолында мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.