Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар: 1.Қарайымдар қай елдердің территориясын мекендейді 2. Қарайымдардың діни көзқарастары. 3. Қарайым тілінің әдебиет үлгілерін талдап, зерделе. 4. Қарайым тілінің ғылыми тұрғыда зерттелуі. 5. Қарайым тілінің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы Қарашай-балқар әдеби тілі Қарашай-балқар тілі түркі тілдерінің батыс хун тобының қыпшақ-половец тобына жатады. Олар – тілдері жағынан бір-біріне өте жақын халықтар. Қарашайлар (156140 адам) Қарачай-Черкес автономиялы облысында, балқарлар (88771 адам) Қабарды-Балқар автономиялы Республикасында тұрады. Бұл екі халықтың шығу тегі, тілі туралы ғалымдар арасында әлі күнге дейін біржақты пікір жоқ. Қарашай-балқар халқын ғалымдардың бір тобы түркітектес халықтарға жатқызса, енді бір тобы түркітектес емес деген пікір айтады дей келіп, профессор Ш.Х.Ақбаев: «Карачаево-балкарский язык в лексическом и особенно в грамматическом отношениях представляет собой самобытный тюркский язык, весьма слабо подверженный влиянию нетюркских языков»(Акбаев Ш.Х. Фонетика диалектов карачаево-балкарского языка.-Черкесск. «Карачаево-черкеское книжное издательство»,-1963.),– деп ұлттың этногенезін анықтауда олардың тілдік белгісі басты орында екендігін айта келіп, қарашай-балқар халқының этногенезін славяндар, кавказдықтар, ирантектес халықтар құрайды дейтін жорамалдарды жоққа шығарады. Егер бұл халықтар қарашай-балқар халқының этногенезін құрайтын болса, оның тіліне де ықпалын тигізуі тиіс еді деп есептейді. Ғалымдардың көпшілігі қарашай-балқарлардың негізін түркі тілдес халықтар құрайтынын мойындайды. Кавказда түркі тектес халықтардың пайда болуының басты себебі ежелгі түркілердің батысқа қарай жылжып, қоныстануы болса керек. Т.Х.Кумыковтың: «Если взять период с IV по XIII в. н. э., на территории Северного Кавказа и Причерноморья сколько было причудливых исторических переплетений! На протяжении более тысячелетия это территория служила как бы мостом для передвижения тюркских народов на запад. Здесь мы встречаемся с гуннами, аварами, болгарами, печенегами, тюрками, хазарами, половцами, монголами и т. д»,– деген пікірінің маңызы зор. Еділ мен Дон аралығын жайлап жүрген қыпшақтардың Солтүстік Кавказдың тау шатқалдарына ығысуына XIII ғасырдың басындағы монғол шапқыншылығы себеп болғаны анық. Бірін-бірі жаулап алып, бірін-бірі ығыстырған жорықтар половец қыпшақтарын Солтүстік Кавказ тауларының шатқалдарына паналауға мәжбүр етті. Қыпшақ тайпаларының бір тобы Венгрияға жылжыды, бір тобы Қавказ тауларына жасырынды, енді бір тобы Азербайжанға қоныстанды. Қалған қыпшақ тайпалары жаулап алушы моңғолдарға бағынды, бірақ моңғол мәдениетінен қыпшақ мәдениеті үстем болғандықтан моңғол билеуші топтары аз уақытта өздері де қыпшақтанды. Ал монғолдардан жеңілген қыпшақтар екі топқа бөлініп Солтүстік Кавказ және Орталық Кавказ тауларына ығысуға мәжбүр болды. Қарашайлардың арғы аталары Эльбрустың батыс сілемін, яғни Кубань өзенінің бас жағына паналаса, балқарлардың ата-бабалары Эльбрустың солтүстік сілемінің оңтүстік шығысындағы Басхан, Чегем, Холом-Бызынғы және Черек шатқалдарына қоныс тепті. Жолсыз, қиын шатқалдар оларды сыртқы жаудан қорғады. XII-XIV ғасырларда Солтүстік Кавказдың жазығында өмір сүрген кезде қарашай-балқарлар түркі тектес әртүрлі тайпалармен қарым-қатынас жасаған болса, монғол шапқыншылығынан кейін, туыстас тілдерден оқшау қалғандықтан, қарашай-балқар тілі өзіндік даму жолына түсті. Профессор С.Бизақовтың: «Қарашай-балқар тілі түркі тілінің батыс қыпшақ тобына жатады. Екі халық, қарашай мен балқарлар, бір тілдің жеке диалектісінде сөйлейді. Бұл екеуінің дыбыс пен грамматикалық жүйесінде бірлі-жарым өзгешеліктер бар. Қарачай диалектісіндегі ч, дж дыбыстарының орнына балқарларда ц, дз айтылады»,– деген пікір білдірді. Профессор У.Б.Алиев қарашай-балқар тілін диалектілік ерекшеліктері бар бір тілге жатқызады да, бұл тіл қарашай (барлық қарашайлар), аралық (басхан, чегем, холам, бызынғы) және малқар диалектісінен тұрады деп есептейді. 1970-жылғы халық санағы бойынша Қабарды-Балқар АССР-і мен Қарашай-Черкес автономиялы облысындағы 113 мың қарашайдың 98,1%-і, 60 мың балқардың 97,2%-і осы тілде сөйлейді. Балқарлар Қазақстан мен Қырғызстанда да бар. Қарашайлар мен балқарлар ежелден өздерін алан деп атайды. Бұл тіл негізгі екі диалектіге бөлінеді (қарашай-бақсан-чегем, малқар-холам-бызынғы)» ,– деген деректер бар. Кеңес Өкіметі кезінде бір тілде сөйлейтін халық екі әкімшілік территорияға бөлініп кетті. Бұл өз кезегінде олардың тілдерінің біртұтас болып дамуына кедергісін келтірді.