«Қарашай тілі» кейде «тау түркілер тілі», «татар-шағатай тілі», «тау татарлары тілі», «тау балқарларының тілі», «қарашай-балқар тілі» деп те аталады.
Қарашайлар өздерін «қарачайлыла» деп атайды. В.М.Сысоев «қара чай» сөз тіркесін «черная вода» деп аударған. Яғни «қарачайлыла» деген сөз «қарашайлық», басқаша айтсақ «қарасулықтар» деген мағына береді. Бұл жерде қарашай тіліндегі -лы, -лі жұрнағы қазақ тіліндегі -лық, -лік жұрнағымен сәйкес келетін айта кеткеніміз жөн.
Ал енді «балқар» атауына да тоқтала кетейік. Т.Х.Кумыков олар туралы былай деп жазады: «Балкарцы сами себя называют «малкар». По вопросу о происхождении этого термина существуют также различные мнения и версии. С.Броневский указывает, что балкарцы, или малкары, жившие в Черных горах по р. Черек в деревне Уллу-Малкар, получили свое этническое название от реки Малки, которая известна у кабардинцев по названием Балъкъ».
Балқар тілінде сөз басында көбінесе б дыбысының орнына м қолданылатынын ескерсек (биз емес – миз «шило; бийк емес – мийк «высокий»; болжал емес – молжал т.б.), «балқар» терминінің орнына «малқар» деп қолданған дұрыс деп ойлаймыз. Яғни, бұл атау да «малқылықтар» деген ұғымды береді. Жалпы қарашай-балқарлар өздерін «қарашайлық», «таулық», «басхандық», «чегемдік» деп өздері тұратын шатқалдардың, өзендердің атымен атайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, басқа түркі тілдерінен оқшау дамыған қарашай-балқар тілінің лексикалық қорына Ақсақ Темір жорығына қатысқан түркі тектес тайпалар да белгілі бір дәрежеде үлес қосуы мүмкін. 1395-жылы Ақсақ Темір Терек өзенінің бойында Тоқтамысқа ойсырата соққы берді. Ақсақ Темірдің жекеленген отрядтары немесе солардан қалып қойғандар малқар халқына қосылған болса керек. Бұны малқар ақсақалдарының «Биз асхакъ Темирландан къалгқабыз» деп айтып отыратынан аңғаруға болады.
Қарашай-малқар халқы мұсылман дінін де өзге түркі халықтарынан кеш қабылдады. Сондықтан болар олардың ауыз әдебиетінде мұсылман діні туралы көп айтылмайды. Қарашай-балқар халқы нарт (батырлар) жырларына, түркі халықтары поэзиясындағы көне жанр алғыс (алгъыш) және қарғыс (къаргъыш) жырларына бай. Қарашай-балқарлардың діни, салт-дәстүрлік жырлары көнекавказдық, аландық және түркілік компоненттерден құралады. Бұлардың ішінде ең басты орында түркі-монғолдарға тән Тәңірі (Тейри) және Тәңіріге арналған ән түркі тектес халықтардың ішінде тек қарашай-балқарларда ғана бар. Қарашай-балқар халқы үшін Тәңірі ең басты орында тұрады. Қарашай-балқарлар Тәңірінің аты атамай бірде-бір салт-дәстүр, жоралғы жасамайды, олардың фольклорында кеңінен таралған алғыс, қарғыс жырлары да Тәңірінің атымен басталады. Оларда Күн Тейриси, Ай Тейриси, Жер Тейриси, От Тейриси деген бірнеше Тәңірі бар.
Қарашай-балқар поэзиялық мәдениетінде көне түркі мифологиясындағы Ұмай ана туралы жыр бар. Онда ол Ұлы Тейридің қызы деп айтылады. Сондай-ақ түркілер мен оғыздарда жаңа туған сәбилердің жебеушісі болып саналатын Ал Анасы немесе Ал Халасы туралы да жырлар да қарашай-балқар фольклорының өзіндік ерекшелігі деп айтуға болады. Осылардың барлығынан көне түркі мәдениетінің ізі байқалады.
Қарашай-балқарлардағы көптеген аңыздар мен жырларда Солтүстік Кавказ халықтары жырларында кездесетін кейіпкерлердің болуы олардың этногенезін құрауда аландардың маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Мысалы, қарашай-балқар фольклорында кездесетін Аңсаты, Анай, Хардар, Чоппа, Данметтир, Тотур (Аштотур), Элия, Тепена, Николла, Татартюп дегендер осетин мифологиясындағы Афсати, Анай, Хоролдар, Цоппа, Донбыттыр, Тутыр, Елиа, Чепена, Николла, Татартуп деген жебеуші пірлер.
Жердің, өнім мен байлықтың қамқоршылары Дауле, Перекет, Хардар, Голлу және Эрирей деп аталады. Қарашай-балқарлар бұларды мақтап ән айтып, би билеп, соларға табынады.
Қонақжайлық – қарашай-балқар халқына тән қасиет. Құрметті қонақтарына ұсынатын кәделі мүшелері – жамбас, жаурын, төс, қабырға. «Таш бла ургъанны аш бла ур» (Тас пен атқанды аспен ат) [15, 19] деген мақал оларда да бар. Олардың бұл қасиетін байқаған В.М.Сысоев: «Қарашайлар сөзге құмар. Шешендік өнер, ақындық оларда жоғары бағаланады, осы арқылы көршілес тайпалардан ерекшеленіп тұрады. Ауылға қонақ келсе, бәрі сол үйге жиналып әңгімесін тыңдайды [3, 48],– деп жазады. Ол осы еңбегінде 1897 жылғы санақ бойынша қарашайлар 31 000 адам болды деген дерек бар.
Қарашайлардың Ресей патшалығына қосылу тарихы туралы «Қазақ совет энциклопедиясында» былай жазылған: «XV-XVIII ғасырларда карашай-черкес жеріне Қырымның түрік феодалдары шабуыл жасады. Олардан қорғану үшін жергілікті халық Орыс мемлекетімен одақтасуды жақтады. 1552, 1555, 1575 жылдары Москваға елшіліктер жіберіп, Россиямен саяси одақ жасады. 1790-жылы қазіргі Черкесск қаласы жанындағы шайқаста таулықтар мен орыс әскерлері түріктің Батал-пашасының корпусын жеңді. XIX ғасырдың бірінші жартысында қарашай-черкес жері Россияға қосылды».
Қарашай-балқар әдеби тілі Кеңес Өкіметі орнағаннан кейін қалыптасты деп есептеледі. 1924-26 жылдары араб графикасы, 1926-36 жылдары латын графикасы қолданылды. 1936 жылы бері кирилл әліпбиіне көшті. Қазіргі қарашай-малқар әліпбиінде 37 әріп бар. Кеңес Одағы құрамындағы түркі тектес халықтардың әліпбиіндегі кемшілік бұларда да кездеседі. Ол, әрине, орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздерді жазу үшін енгізілген, орыс тіліне тән әріп-дыбыстар.
Қарашай-малқарлар көп қиындық көрген халық. Кеңес Өкіметі бір халықты екіге бөліп тастағаны аздай, 1943-1944 жылдары Кавказ халықтарын өз қоныстарынан күштеп көшірді. «1943-1944 жылдары Сталиннің қитұрқы саясатының ауанына іліккен Солтүстік Кавказдан Кубаньға дейінгі 504430 қарашай, балқар, чешен, ингуш, т.б. тау халықтары атажұрт, қара орманынан айырып, онсыз да соғыстан тауқымет тартып отырған бейкүнә халықты зорлық-зомбылықпен – мылтықтың ұшы, әскердің күшімен мал таситын вагондарға тиеп, Орта Азия мен Қазақстанның түкпір-түкпіріне күштеп қоныстандырылды. Жол-жөнекей екі араның жол азабын көтере алмаған аурулы-сырқаулы, жасы келген қарт адамдар шыдамай үзіліп кетіп, 4800 қарашай-балқар беттері жабусыз қалды». 1944 жылы депортацияланған балқарлар мен қарашайлар 1957 жылдан бастап қана отандарына орала бастады. Осындай қуғын-сүргіннің әсерінен, сондай-ақ Кавказға орыстардың көптеп қоныс аударуынан қарашайлар өз жерлерінде азшылыққа айналды. Мәселен 1979 жылғы санақ бойынша Қарашай-Черкес автономиялық облысында қарашайлар – 109 196 (29, 7%), орыстар – 165 451 (45, 1%) болған.
Қарашай-балқар тілі Қарашай-Черкес Республикасында да, Қабарда-Балқар Республикасында да мемлекеттік тілдердің бірі болса да, бұл екі республикада ұлт тілдерінде білім берілмеуі – қарашай-балқар тілінің дамуына кедергі келтіретінін айта кеткен жөн.
Қарашай-балқар тілінде Қарашай-Черкес республикасында «Заман», «Къарачай», «Минги тау», ал Қабарда-Балқар Республикасында «Нюр», «Илячин» деген газет-журналдар шығып тұрады. Бұдан басқа да аудан көлемінде шығып тұратын газет-журналдар бар болса керек. Дегенмен бұлар екі республика үшін аздау екенін мойындау керек.
Жалпы Кавказ халықтары өздерінің дәстүрлеріне, діндеріне, тілдеріне құрметпен қарайтынымен, оларды берік тұтынатындығымен ерекшеленеді. Ұлт мектептері болмаса да, ұлт тілдері шын мәнінде мемлекеттік деңгейде қолданылмаса да, олардың өз тілдерін ұмытпай жүр.
Бүгінгі Ресей Федерациясында ұлт тілдері орыс тіліне бәсекелес бола алмай отырғаны айқын. Ұлт тілдерін дамыту үшін РФ-ның тілдік саясаты өзгеруі керек. Қарашай-балқар тілінің болашағы бұлыңғыр деп кесіп айтуға болмас. Тіл үшін күрес жалғаса береді.
Достарыңызбен бөлісу: |