Ресей Федерациясының Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1846 жылғы 30 қазандағы құжат.
Үшінші бөлім Қазақстанды Ресей империясына қосудың аяқталуы
& 22-23. Ұлы жүздің Ресейге қосылуы. Ресей империясының Орта Азияны жаулап алуы
XIX ғасырдың 50-60-жылдарында Орынбор мен Омбы тарапынан патша үкіметі әскери күштерінің ілгері жылжуы басталды. Сырдарияның бойында әскери шекара шебі құрылды. Жетісу жеріне казак әскерлері орналасты. Орта Азиядағы мемлекеттерді - Хиуа, Қоқан және Бұхар хандықтарын бағындырудың сәті түсті. Ресейдің Ұлы жүзді қосып алуына түрткі болған жағдайлар. XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей империясында өнеркәсіп пен сауда күшті қарқынмен дамыды. Тауар өткізудің жаңа көзіне, арзан шикізат пен жұмысшы күшіне деген қажеттілік пайда болды. Осы жағдайға байланысты Ресей империясының сыртқы саясатында Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның алатын маңызы жедел өсе түсті.
Үндістан жағынан Англияның Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік өңіріне деген мүддесі пайда болды. Қытай Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аумағы жөнінде бейтарап саясат ұстануды одан әрі жалғастырды. Оның бірінші және екінші апиын соғыстарынан мойын бұруға мұршасы келмеді. Тайпиндер көтерілісі, азамат соғысы, сондай-ақ Шығыс Түркістанда қайта-қайта бұрқ ете түсумен болған көтеріліс бұл елдің іргесін шайқалтып кеткен еді. Міне, мұндай жағдайда Ресей империясының алдында Қазақстанды түпкілікті жаулап алу, одан әрі Орта Азия мемлекеттерін бағындыру сияқты мәселенің тұруы әбден заңды сияқты еді.
Ұлы жүз қазақтары бір бөлігінің Ресейдің қол астына өтуді қабыл алу себептері. XIX ғасырдың 20-жылдарының бас кезінде Ұлы жүздің аумағында біртұтас хан билігі қалмады. Сырдария өңірінің қазақтары ықпалды хан Арынғазыға үлкен үміт артқан еді. Бірақ оны Петербургке бара жатқан жолында патша үкіметінің әкімшілігі ұстап алып, Калуга қаласына жер аударып жіберді. Өйткені Ресей ондай беделді де ықпалды қазақ хандығының болуын қаламады. Оның үстіне, бұл кезде Ресей Кіші жүз бен Орта жүздегі хан билігін жоюға қызу әзірленіп жатыр еді.
Міне, осындай жағдайда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан қазақтарының бір бөлігі Ресейдің қол астына өте бастады. Жергілікті қазақ халқына Орта Азия мемлекеттері, соның ішінде әсіресе Қоқан мен Хиуа хандықтары жиі-жиі шабуыл жасады. Бұл аймақтардағы қазақтар Ресеймен баж салығын төлемей-ақ сауда жасауга қатты қызықты. Бұл аймақ елге ықпалы шамалы бірнеше сұлтанның билігіне бөлінген еді. Елдің басын біріктіретін, ішкі алауыздық пен айтыс-тартысты тыятын, сыртқы агрессияга қарсы тұра алатын мықты күш елде болған жоқ. Патша үкіметінің қазақ өлкесін бірте-бірте отарлай түсуіне өте қолайлы жағдай қалыптасты. Бір жағынан, қазақтардың бір бөлігі Ресейге қосылуға әзір тұрды, екінші жағынан, патша үкіметі де белсенді қимыл-әрекеттерге көшті.