Қоқанға қарсы әскери науқанның басталуы. Ресей империясының Ұлы жүздің және Солтүстік Қырғызстанның шекарасы аймағында 1859 жылы салған Қастек бекінісі осы өлкедегі стратегиялық маңызы күшті пунктке айналды. Ресейдің Шу аңғары арқылы басталған әскери іс-қимылдары әскери бекіністерді басып алуға бағытталды. 1860 жылыполковник Циммерман бастаған әскер Шу аңғарына келіп кірді. Қоқан хандығының Тоқмақ және Пішпекбекіністерін басып алды. Пішпек Қоқан хандығының негізгі орталықтарының бірі болатын.
Ташкентте жалпы саны 20 мың адамға жететін әскер құрылды, оның 40 зеңбірегі болды. Қоқан әскері Ташкентті қорғап тұрды. Ал полковник Колпаковскийдің Верный маңындағы әскерінде бір мыңға жуық адам болды.
1860 жылы қазандаҰзынағаш бекінісі түбінде шешуші шайқас өтті. Қоқандықтар әскер саны жағынан әлдеқайда басым бола тұрса да тас-талқан болып жеңілді.
Қоқан мемлекетінің адам саны аз орыс әскерінен ойсырай жеңілуінің өзіндік себептері бар болатын. Ресей әскері қару-жарағы жағынан қоқандықтардан жақсы жарақтандырылған еді. Көп жылдар бойы соғыс қимылдарын жүргізіп, мол тәжірибе жинақтады. Тұрақты әрі жауынгерлік қабілеті күшті орыс әскеріне қарсы қоқандықтардың нашар қаруланған, әскери әзірлігі жеткіліксіз, әртүрлі халықтардың өкілдерінен құралған халық жасағы қарсы тұрған еді.
1864 жылы Ресей әскерлері Меркі әскери бекінісін қарсылықсыз басып алды, одан кейін Әулиеата, Шымкент, Түркістан қалаларына шабуыл жасады.
Қазақстанның оңтүстігінде жаңадан құрылған Түркістан аймағының әскери губернаторы генерал-майор ЧерняевҚоқан мен Бұхар хандарының Ташкентке ие болу үшін жүргізілген өзара шиеленісті күресін пайдалана қойды. 1865 жылы қаланы Ресей әскері басып алды.
Сырдария әскери шебінің құрылуы. Патша үкіметі әскерлерінің Ұлы жүз аумағына қарай ілгері жылжуы Орынбор жағынан да орын алды. 1833 жылы Орынбор өлкесінің әскери губернаторы болып В. А. Перовский тағайындалды. 1834 жылы Маңғыстауда Новоалександровский қамалының негізі қаланды. 1847 жылы Ресей әскерлері Сырдария өзенінің сағасын басып алып, онда Райым қамалын, ал 1848 жылы Қазалы бекінісін салу қолға алынды.
Ресей 1853 жылы Қоқанның ірі бекінісі Ақмешіттібасып алғаннан кейін, Сырдария бекініс шебі пайда болды. Ол өңірде тұратын қазақтар патша үкіметінің билігін мойындады.