Тест тапсырмалары
1. Педагогикалық такт
А) Педагогтың балалармен педагогикалық қарым-қатынас
кезінде сақтауы тиіс шаралар қағидасы
Ә) Қоршаған ортамен өзара әсердің белсенділік формасы
Б) Тәжірибелік әрекеттердің шарасы
В) Ересектер мен балалардың өзара әрекеті
Г) Адамның ішкі әлемінің сыртқа шығуы
2. Этикаға жарасымсыз тәсілдерге жатпайтыны қайсысы?
А) Дұрыс сөйлесе білу
Ә) Өзін айрықша адам етіп көрсету
Б) Өз әріптестеріне кекете қарау
В) Басқалардың пәнін кемсіту
Г) Оқушылардың бағаларын көтеру
3. Мұғалімнің өзін-өзі ұстауын, қарым-қатынас жасай білуін
қамтамасыз ететін педагогикалық шеберліктің элементі қалай
аталады?
А) Кәсіптік білім
Ә) Гуманистік бағыт
Б) Педтехника
В) Педагогикалық қабілет
4. Педагогикалық әдеп дегеніміз не?
А) Педагогикалық әдеп дегеніміз – оқытушы мен оқушының
қарым-қатынас мәдениеті.
Ә) Педагогикалық әдеп – шығармашылық ақыл-ой әрекеті,
мәдени мінез-құлықтың саналы іс-әрекеттің жиынтығы.
Б) Педагогикалық әдеп – адамдар арасындағы қарым-қатынасты
реттейтін адамгершілік категориясы.
159
8. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ
ФОРМАСЫ, КОММУНИКАТИВТІК ІС-ӘРЕКЕТ
Жоспары:
1. Педагогтың оқушыларға, олардың ата-аналарына,
әріптестеріне сөз арқылы көмек көрсетуі
2. Педагогикалық өзара іс-әрекет, коммуникативтік қабілеті.
Сенім түрлері және оның жіктелуі.
3. Сенімнің сөздік формалары: бұйрық, тәртіп, талқылау, әзіл-
қалжың арқылы белгі беру.
4. Сенім мен көз жеткізудің бір-бірімен байланысы.
Негізгі ұғымдар: педагогикалық өзара іс-әрекет, сенім, бұйрық,
тәртіп
Қарым-қатынас мәселесі бұл әлеуметтік психологияның негізгі
проблемалары. Бұл мәселелермен тек психологтар, педагогтар ғана
айналысып қоймайды, оны философтар, социологтар, политологтар
да жан-жақты зерттеуде. Мектеп оқушыларымен жұмыс істейтін
мұғалімдер вербальді (сөз) және вербальді емес (ым не ишара)
қарым-қатынастың түрін пайдаланады. Қарым-қатынастың қай түрі
болмасын ол мұғалімнің шеберлігіне, тәжірибесіне байланысты
дейміз. Психологтар педагогикалық қарым-қатынастың нәтижесі
мұғалімнің баланы біліп-тануына және әр баламен диалогқа түсуіне
байланысты деген. Әрине, қанша тәжірибелі мұғалім болса да
балалармен қарым-қатынас жасау, әр баланы білу, оларды тану, әр
баланы іс-әрекетке кірістіру, оларды сөйлеттіру мұғалімдерге оңай
жұмыс емес. Тәжірибеге сүйенсек, жалпы оқушылармен қарым-
қатынасқа түсіп жүрген мектеп мұғалімдерін екі топқа (балалармен
қарым-қатынас жасауы оңай және балалармен қарым-қатынас
орнатуы қиын) бөлуге болады. Бірінші топтағы мұғалімдер қай
жастағы оқушылармен болмасын қарым-қатынасқа оңай түседі.
Оның себептері:
- өз сыныбындағы әр баланың психологиясын өте жақсы
білуінде;
- баланың ішкі жан-дүниесін оятатындай жылы сөздер айтуында;
- мұғалімнің этикасы мен психологиясының дұрыс қалып-
тасуында;
160
- мұғалім сөзінің тәртіптілігінде, жүйелілігінде, анықтығында,
нақтылығында;
- оқу-тәрбие үрдісінде мұғалімнің бірнеше қарым-қатынас
түрлерін пайдалана білуінде.
Екінші топ мұғалімдерінің оқушылармен қарым-қатынасқа
түсуі қиын. Дегенмен, біздің пікірімізше, кейбір мұғалімдердің әр
жастағы оқушылармен қарым-қатынасқа түсе алмауының және
оқушымен қарым-қатынастарының өте қиын болу себептері:
- авторитарлық стильді пайдалануында;
- балаларға салқындық танытуы;
- балаларды әлеуметтік жағынан бөлуі;
- балалардың іс-әрекетін, ойын, сөзін әділ бағаламауы;
- бала бойынан үнемі кемшіліктер іздеуі, оны жариялауы дер едік.
Әлеуметтік психология ғылымында «Мұғалім-оқушы», «Оқушы-
мұғалім» және «Балалардың өзара қарым-қатынасы» және қарым-
қатынас барысында болатын қиындықтар біршама зерттелінген.
Қарым-қатынас қиындықтары эмоциональдық бағытта жиі
кездеседі. Оқушылармен дұрыс қарым-қатынас жасауда кедергі
келтіретін аталмыш қиындықтардың пайда болуының өзіндік
себептері бар:
1. Қазіргі балалардың көпшілігі акселераттар. Психикасы
тез дамыған балалар сұрақ қойғыш, тез қозғалғыш, бәрін білгісі
келіп, қарым-қатынасқа тез түскісі келіп отырады. Бұндай топтың
балаларын кейбір мұғалімдер тежейтіні жасырын емес. Мысалы,
«тыныш отыр», «немене, бәрін білесің бе?», «сен қашаннан бері
білетін болдың?», «әуелі өзіңді түзетіп ал, сосын айтасың» және
т.с.с. педагогикаға жатпайтын сөздер айтылады.
2. Оқу үрдісінде кейбір мұғалімдер тек өздері сөйлеуді
ұнататындығы жасырын емес. Өйткені уақытты пайдаланам деп тек
мұғалім өзі сөйлеп, баланың айтатын сөзіне кедергі келтіріп, оның
ойымен, пікірімен санаспайды. Яғни оқу үрдісінде кейде диалогтың
жоқ екені де жасырын емес.
3. Оқушылардың іс-әрекеттерін әділ бағаламау жиі кездесетін
құбылыс. Осының негізінде қарым-қатынас барысында мұғалім
мен оқушы арасында дау-жанжал болып жатады. Қарым-қатынас
барысында кездесетін осы және өзге қиындықтарды жоюдың
бірден-бір жолы:
- әр жастағы оқушылардың өзіне тән психикалық ерекшеліктерін
ескере отырып, қарым-қатынас орнату;
161
- мұғалім өзінің жағымсыз көңіл-күйінің болмауын қадағалау;
- қарым-қатынаста педагогикаға жат сөздер айтпау;
- бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау;
- қарым-қатынаста дау-жанжалға жол бермеу;
- сұхбаттасуда жеке оқушының пікірін сыйлау;
- қиын, қыңыр, қырсық оқушылармен жеке дара қарым-қатынас
орнатып, олармен тіл табысу;
- қарым-қатынаста мұғалімнің оқушыға, оқушының мұғалімге
сенуі;
- сезімдік, әсерлік қарым-қатынаста болу.
Кәсіби педагогикалық қызмет үнемі жетілдіріп отыруды,
мұғалімнен өз білімін дамытуды әрі шеберлігін шыңдауды, білімнін
жаңалықтарын тез меңгеріп, оны өз қызметінде іске асыруды қажет
етеді. Кәсіби шеберлігін дамыту ақпараттық қамтамасыз етілумен
байланысты, яғни, жеке тұлғаның ақпараттық мәдениеттілігімен
анықталады. Яғни, мұғалім сөзі – ақпарат таратушы құралы
ретінде жүзеге асады. Бір сөзбен айтқанда, оқушыға да, ата-анаға
да мұғалім сөзі – екі жақты ортақ тәрбие мәселесінде негізгі әсер
етуші құрал. Мұғалімнің сөзі өткір, жалынды, бейнелі, жарқын
интонациялы, көркем, эмоциялы, дауыс (дикция) ырғағы жағымды,
стилистикалық, грамматикалық, фонетикалық ақаулардан таза
болуы шарт. Мұғалімнің өз ойын, оқыған, материалын дауыс ырғағы
анық, дәл сөзбен айта алу, жарқын мимика мен пантомимикамен,
ұнамды эмоциямен бере білу қабілеті – сөйлеу қабілеті. Мұғалімдік
шеберліктің маңызды элементі – сөйлеу қабілеті. Өйткені мұғалім
мағлұматтардың барлығын оқушыларға жеткізу, жүйелі білім беру
үшін негізінен екінші сигнальды (сөйлеу сипатында) қолданады.
Мұғалімнің сөзі өзінің нанымдылығымен, әсерлігімен ерекше
мәнді болуға тиіс. Мұғалім өз шешендігімен оқушыларды баурап
алуы керек. Ол, сөйлемді қиындатпай, өз ойын оқушыларға, ұзын
фразалардан гөрі қарапайым тілмен түсінікті бере білуі керек.
Юмор, әзіл, көңілге тимейтін ирония (сықақ) болса, сөйлеу ажарын
кіргізіді, мақал-мәтелдерді қолдану ойды ажарлайды. «Мақал-
сөздің мәйегі» -деген қазақ данылығы.
В. А. Сухомлинский: ‘’Сөз - ең маңызды педагогикалық құрал,
оны еш нәрсемен ауыстыра алмайсың...”- деп оның маңызына
ерекше назар аударады
Мұғалімнің сөзі әсерлі, тартымды, сенімді, сондай-ақ дауыс
ырғағы мен мимикасы мәнерлі және бай болғаны қажет. Бұл ойымыз
162
дәлелді болу үшін Ы. Алтынсаринның пікірін келтірейік: ‘’Мұғалім
балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда
мұғалім шәкірттерді кіналамай, оларға дұрыс түсіндіре алмағаны
үшін өзін-өзі кіналауы керек. Мұғалім балалармен сөйлескенде
ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлылықпен сөйлеп, шұбалаңқы
сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан әрбір затты
ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру керек’’.
2. Педагогикалық өзара іс-әрекет – тәрбиеші мен тәрбиеленушінің
олардың мінезін, іс-әрекетін, қатынасын өзара өзгерте алатын
кездейсоқ немесе ойластырылған, жеке немесе жалпы, ұзақ немесе
қысқа мерзімдік, сөздік немесе сөздік емес жеке байланысы.
Екі жақтан да бірлескен іс-әрекеттің мақсаттарын және оған
жетудің жолын түсінген, өзара келісім мен ынтымақтастыққа қол
жеткізілген кезде ынтымақтастық түрінде және де бірлескен іс-
әрекетке қатысушылардың бірінің жетістігі басқа қатысушылардың
аса өнімді және мақсатты іс-әрекетін ынталандыратын немесе
тежейтін бәсекелестік түрінде көрінуі мүмкін. Гуманистік-
бағытталған педагогикалық үдеріс тәрбиеші мен тәрбиеленушінің,
екі қатысушы да өз білімдері мен мүмкіндіктеріне сай бірдейлік, тең
құқылы серіктес ретінде көрінетін өзара іс-әрекетінде ғана үдеріс
бола алады.
Педагогикалық өзара іс-әрекет стратегиясы – мұғалім іс-
әрекетіндегі жалпы басшылық жолы, тұлға қалыптастыру үдерісіне
перспективалық мақсаттарға жетуге арналып, бағытталған
нұсқаулар;
Педагог стратегияны жеке тұлғамен және тұтастай білім
беру ұжымымен де дайындау қажет. Бұл бәрінен бұрын педагог
дайындайтын әр түрлі жоспарлар: күнтізбелік-тақырыптық, тәрбие
жұмысы жоспары және т.б. жүйесінде іске асырылады.
Әрбір оқушының бір-бірімен әңгімелесіп, сөйлеу үшін,
өздері бір-біріне немесе мұғалімге және т.б. сұрақ қоя білу әдісін
меңгеруі аса қажет. Осы орайда ойын жағдайларын пайдаланудың
маңызы зор. Сабақты ойын түлерін пайдалана отырып жүргізу –
оқыту әдістемесінің белсенділігін арттырып, қосымша мүмкіндік
тудыратын тәсіл деуге болады. Рөлдік ойын барысында оқушылар
әлеуметтік тұлғаларды әлеуметтік қарым-қатынас көлемінде
меңгеріп ойнайды. Білік негіздерін қалыптастырып дамытуда рөлдік
ойындардың берер көмегі өте көп. Жұппен жұмыс істеу, пікір алысу,
163
логика-синтаксистік схемаларды пайдалану және т.б. әдістерді
арқылы оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін дамыту үшін
сабақ барысында көп пайдаланамын. Мысалы, оқушылардың
коммуникативтік қабілетін дамыту мақсатында берілген тақырыптар
бойынша сыныптан тыс жоба жұмысын жүргізу арқылы олардың
біліктілігін арттыруға болады. Жоба жұмысын қорғау барысында
оқушылардың қарым-қатынас мүмкіндіктерін арттыруға мынадай
жұмыс шаралар мысал бола алады:
1. Белгілі тақырып бойынша сұрақ-жауап түрінде пікір алысу.
2. Қосалқы әдеби материалдарға сүйене отырып, сөздік қорын
байыту.
3. Жаңа сөздерді қолдана отырып, оқушының жеке сөйлеу тілін
дамыту.
4. Топ ішіндегі қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу.
Коммуникативтік оқытуда білім беру – оқушы өзін ауызша
(тыңдап түсіну, сөйлеу) және коммуникацияға (оқу және жазбаша)
тарту, яғни, оқылып жатқан тілде бүкіл курс бойынша қарым-
қатынасын қалыптастыру деген сөз.
Қарым-қатынас әлеуметтік – психологиялық құбылыс ол
адамдардың өзара әрекетінің үрдісі, оған қатысатын адамдар бір-
бірінің ұмтылысына, ойларына, күйлеріне әр түрлі дәрежедегі
күштермен әсер етеді.
Коммуникативті құзыреттілік – адамдармен өзара әрекет пен
қарым- қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс
істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауды,
өмірдегі нақты жағдайларды шешім қабылдау үшін байланыстың
түрлі объектілерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ
тілінде, халықаралық қатынас шетел тілінде қатынас дағдылары
болуын қарастырады.
Қарым-қатынастың негізгі функциялары:
1. Ақпараттық-коммуникативтік (ақпаратты қабылдау және беру
(жеткізу);
2. Қарым-қатынасты реттеу (бірігіп әрекет істеу барысында
өзара әрекетті өңдеу);
3. Афорективтік-коммуникативті (элюционалдық қатынасты
беру (жеткізу).
Кәсіби педагогикалық қарым-қатынас.
164
- Ақпараттық функция – қарым-қатынас арқылы әр түрлі
тұрмыстық, оқу- әдістемелік, ізденушілік, ғылыми-зерттеу және т.б.
ақпарат беру.
- Тәрбиелік функция - адамдарды қоғамдағы мәдени және
адамгершілік құндылықтарға қатынастыру;
- Адамдардың бір-бірін тану;
- Әр түрлі әрекет барысында – оқу, өндіріс, ғылыми танымдық
және т.б. – қызмет көрсету;
- Адамдардың қажеттілігін септеу (достық қарым-қатынас,
достармен, бірге оқыған оқушылармен кездестіру).
- Бастамшылардың іс-тәжірибесімен таныстыру;
- Қарым-қатынасқа жол ашу.
Педагогикалық қарым-қатынастың кезеңдері:
- оқытушының модельдеуі – болашақ қызметін бейнелеу.
- сыныппен (студенттермен) қарым-қатынасты ұйымдастыру.
- педагогикалық процестегі қарым-қатынасты басқару.
- қарым-қатынас жүйесін, модельдеу жүйесін талдау.
Қарым-қатынас құрылымында 3 аспектіні қарастыруға болады:
коммуникативтік, интерактивтік және перцективтік.
1. Коммуникативтік қатынас аспектісі ақпарат алмасу
тәжірибесімен байланысты.
2. Интерактивтік қатынас аспектісі тұлғаның қарым-қатынас
процесінде өзара әрекеттесуіне байланысты.
3. Перцективтік қатынас аспектісі басқа адамды қабылдауы
және түсінуі.
Коммуникативтік қабілеттер:
1. Әріптестердің өз бетінше білім алу қызметі тәжіребиесін
жинақтау және пайдалану қабілеті.
2. Кәсіби педагогикалық өздігінен білім алуда ынтымақтастыққа
және өзара көмек көрсетуге қабілеті.
3. Басқалардың (негізінен оқушылардың) өз бетінше білім алу
қызметін ұйымдастыру қабілеті.
4. Өз көзқарасында қалу және талқылау процесінде басқаларды
сендіре білу қабілеті.
5. Бірлескен қызметте жанжалдан бойын аулақ ұстай білуі.
Сенім – бұл:
1) Тәрбиеленушінің санасына, сезіміне, еркіне парасат-сезімдік
әсер ету арқылы оларда өзіндік көзқарас пен адамгершілік өлшемдер
165
қалыптастыру мақсатында, логика мен дәлелдерге негізделген
тәрбие әдісі.
Иландырудан айырмашылығы, тәрбиеленушіге ұсынылған
қандай да бір ақпараттар немесе ойлар, оларды тарату және бағалау
арқылы саналы қабылдауға негізделеді. Бұл жерде қорытынды өз
бетінше де, сонымен бірге сендірушіден соң да жасалынуы мүмкін,
бірақ қандай жағдайда да ол дайын күйінде қабылданбайды. Көп
уақытты, алуан түрлі мәліметтерді және шешендік өнер тәсілдерін
пайдалануды қажет етеді, ал иландыру болса іс жүзінде лезде өтуі
мүмкін. Бұл әдіс ғылыми пікірталаста, тәрбиеде де негізгі болып
саналады.
2) Өзінің құндылық бағдарына, көзқарасына сәйкес соны іс-
әрекетке итермелейтін тұлғаның саналы қажеттілігі.
3) Адамның өзіне сәйкес деректер мен айғақтарға сүйене отырып
қабылдаған жеке пікірлері мен қорытындыларының дұрыстығына
деген сенімге ие болу процесі мен нәтижесі.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі
1. Оқушылардың 4 жыл сайынғы ғылыми-әдістемелік
конференциясының материалдары 2-4 сәуір 2008 ж. Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министірлігі, Семей мемлекеттік
педагогикалық институты.-Семей: Семей мем.пед. институты,
2008.-190б.
2. Рысқұлова М. Коммуникативті мәтіндерді үйретудің әдістері.
Қазақ тілі мен әдебиеті. -1999.-N97-Б.1.
3. Оразбаева Ф. Коммуникативтік әдіске тән принциптер:
Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқыту процесінде қолданатын
коммуникативтік әдістер. ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы.-
1998.-N20.-Б.3-6.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Сөз арқылы көмек көрсету дегенді қалай түсінесіз? Оны қалай
жүзеге асыруға болады? Мысал келтіріңіз.
2. Педагог шеберлігіндегі тілдің маңыздылығы қандай?
3. Сенім, сенім білдіру ұғымдарына сипаттама беріңіз.
166
Тест тапсырмалары
1. Академиялық қабілет дегеніміз не?
А) Мұғалім атына лайық болуы
Ә) Мұғалім қабілетінің пән сапасына сәйкестігі
Б) Толық білім алу
В) Мұғалім дүниетанымының кеңдігі
Г) Адамдарды қабілетіне сүйеніп танып білу
2. Қазіргі кезде жалпы ұстаздардың педагогикалық
қабілеттеріне қойылатын талаптарды көрсетіңіз
А) Дидактикалық ғылыми-танымдық
Ә) Ұйымдастырушылық
Б) Перцептивтік және сугнестивтік
В) Коммуникативтік, ізденушілік
Г) Ізденушілік
3. Қабілеттің дидактикалық, академиялық, перцептивті
сөйлеу, т.с.с. түрлерін бөліп көрсеткен ғалымдар
А) Ф. Н. Гоноболин, Н. В. Кузьмина
Ә) М. В. Старалов
Б) В. А. Сластенин
В) А. Н. Щурбаков
Г) А. П. Усова
4. Оқушының ішкі дүниесін танып білу қабілеті қалай
аталады?
А) Коммуникативтік қабілет
Ә) Сөйлеу қабілеті
Б) Перцептивті қабілет
В) Академиялық қабілет
Г) Қолданбалы қабілет
5. Қабілеттің бірнеше топтарын көрсеткен педагог кім?
А) А. П. Усова
Ә) Н. К. Крупская
Б) В. А. Сластенин
В) В. А. Схомлинский
Г) А. С. Макаренко
167
6. Баланың ішкі әлемін сезу қабілеті
А) Коммуникативтік қабілет
Ә) Сөйлеу қабілеті
Б) Академиялық қабілет
В) Перцептивтік қабілет
Г) Қолданбалы қабілет
168
9. ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ТӘРБИЕЛЕУІ
ЖӘНЕ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУЫ
Жоспары:
1. Педагог-психологтың өзін-өзі тәрбиелеуі және кәсіби
шеберлігін қалыптастырудың құралы ретінде.
2. Педагог іс-әрекетінің компоненттері. Педагог-психологтың өз
мәдениетін көтеру.
3. Педагог-психологтың сана-сезімі және педагогикалық
рефлексия.
4. Педагог шығармашылығының құрылымдық компоненттері.
Мектеп реформасының талаптарына сәйкес мұғалімнің жеке
басын жетілдіру міндеті ерекше маңызды болып отыр, өйткені
мектептегі бүкіл оқу-тәрбие процесі тиімділігінің табысты болуы
көбінесе соған байланысты. Әрбір мұғалім өз басының бағалы
кәсіптік сапасын, іскерлігі мен дағдысын жетілдірудің, яғни өзінің
кәсіптік тәрбиесімен шұғылдануының айрықша маңызы зор. Кезінде
көптеген көрнекті педагогтар өзін-өзі тәрбиелеудің қажеттігін атап
көрсеткен болатын. Мұғалім үшін қастерлі міндет «өзінің жеке
басының тәрбиесін бүкіл өмірлік міндетіне айналдыруда»,- деп
есептейді А. Дистерверг.
Халыққа білім берудің қайраткері А. В. Луначарский
педагогтардың жеке басына қойылатын жоғары талапқа ерекше
көңіл бөле отырып, осы талаптарды жүзеге асыруда мұғалімнің
өзін-өзі тәрбиелеу рөлін атап көрсетеді: «Біз үшін педагогтардың
мемлекетіміздегі нағыз бес аспап және нағыз тамаша адам болғаны
өте қажет, өйткені ол жас өркендей гүл жарып, шенек атып келе
жатқан кішкентай адамдарға шаттық өмір сыйлау білуі тиіс.
Педагогтың мәртебелі існің өзі, міне, осында және де ешқандай
мамандық адамдарға мұндай талап қоя алмайды. Педагог өзіндегі
адамгершілік мұратты жүзеге асыруы тиіс».
Өзіндегі ең озық адамгершілік қасиетті дамыта білу - мұғалімнің
кәсіптік даярлығының іргетасы. Күнделікті кәсіптік қызметінің
барысында осы іргетаста мұғалімнің педагогикалық техникасы,
оның оқыту және тәрбиелеу жұмыстарындағы іскерлігі мен
дағдысы жетіледі, ажарлана түседі.
Адамның күш-жігерінің мүмкіндігі ұшан-теңіз екендігі
169
соншалық, тіпті орташа оқитын, жай ғана қабілеті бар студенттің өзі,
жеке басын және кәсіптік-педагогикалық қызметтегі талантын жан-
жақты өрістете алады. О. Ю. Шмидттің әріптестері оның ғажайып
таланты мен қабілетін бірауыздан мақұлдады. Ол кімге де болса «өз
ақылымен» тілектестік деген шынайы сүйіспеншілікпен, жаныңды
жадырататын сыпайы әзілмен қарым-қатынас жасайтыны қайран
қалдыратын. Ол мәселені батыл да, қызғылықты етіп қоя білетін,
сан алуан проблемаларды, тіпті өзінің күнделікті қызметінен
тысқары проблемаларды да тамаша талдай алатын. Ой-өрісінің
даралығы, ғылымның әр алуан саласының түйінді проблемаларын
түсіне білуі, оның ғылым қазыналарын ұдайы игеруінің, ілімнің сан
тарау бастауларынан сусындай білуінің нәтижесі еді. Оның бірнеше
сағаттар бойы кеме капитанымен әңгімелесіп отырғанын, мұз күйін
бақылағанын немесе қия жартастардағы мардымсыз өсімдіктерді
жинап жүргенін көруге болатын еді.
Шмидт - ғалым аты аңызға айналған адам. Оған таңданбасқа
шараң жоқ. Ол жауапты үкімет тапсырмасын орындайтын мемлекет
қайраткері әрі көрнекті математик, іргелі жаңалықтардың авторы.
Академиялық теориялық геофизика институтын құрушы, Жер мен
Планетаның пайда болу теориясының авторы, Москва мемлекеттік
университетінің оқытушысы. Оның өмірінің соншалық сан қырлы,
ал ғылыми және қоғамдық мүдде өрісінің кеңдігі соншалық, Отто
Шмидттің жеке басындағы жалпы адамгершілік бағасы жыл өткен
сайын артып, жұртшылықтың айрықша ықыласына бөленді.
Өзінің ішкі мүмкіншілігін жүйелі және табанды түрде
жұмылдыра білуде профессор А. А. Любищевтің өмірі үлгі бола
алады. Ол жан-жақты қабілетті адам еді. Оның зоология, генетика,
философия, эволоция теориясы саласынан 500 баспа табақтан
астам (12 мың бет) кітаптар, брошюралар жазды. Сонымен қоса
педагогикалық қызметке де қызу ат салысты.
Жазушы Д. Гранин осы педагог-ғалымның жұмыстағы табыс
сырын былайша ашып берді: ол елу алты жыл бойы үзбестен
жұмсаған уақытын жазып, жоспарлап отырды. Мұның өзі
уақытты үнемдеп пайдаланудың ерекше тиянақты жүйесі еді. Өз
өміріңді дұрыс ұйымдастыра алмағаның үшін, уақытыңды тиімді
пайдаланбағаның үшін өзіңді жазғыру бір басқа да, осының
барлығын сағат, минутына дейін жете білу – басқа мәселе. Любищев
күнделікті есеп жүргізіп отырды, ешнәрсені жасырмай және тігісін
170
жатқызбай, қорытындысын өзі мұқият жасап отырды. Ол осылайша
әр минутын, тіпті қала транспортында жүруге, кезекте тұруға
кеткен уақыттарын да тиімді пайдалануға өзін-өзі дағдыландырды.
Жолда жүргенде шағын кітаптарды оқыды, тіл үйренді. Ағылшын
тілін осылайша меңгерді. Ол тәуліктің пайдалы уақытын он сағатқа
белгілеп, оны минутына дейін дәлме-дәл ескерді. Күні бойы бір
нәрсені қараумен, газет-журналдарға көз жүгіртумен өткізеді. Әр
айдың және әр жылдың аяғында қорытындысын шығарып, талдап
отырды. Сонымен қоса жұмысын әр күнге, әр айға әр жылға
тіпті бесжылдыққа мұқият жоспарлауды да ұмытпады. Оның
тұжырымдауынша, адамда нашар, бос уақыт деген болмауы тиіс.
Өзімен жұмыс істеу, К. Д. Ушинскийдің көрнекті педагог
болуына жәрдемдесті. Ол мына жайттерді ескерген:
1. Барынша сабырлылық, ең болмағанда сырттай байсалдылық;
2. Сөз бен істегі турашылдық;
3. Әрекеттегі алдын-артын ойлаушылық;
4. Батылдық;
5. Ешбір қажетсіз өзі туралы бір ауыз да сөз айтпау;
6. Уақытты текке өткізбеу;
7. Өз қылығыңа әр кеш сайын адал есеп беру;
8. Болғанына да, барына да, болатынына да ешқашан мақтанбау.
Адам өзінің қоғам алдындағы зор мәнін жете түсінгенде ғана
оның өзін-өзі тәрбиелеу рөлі арта түседі. Өйткені өзін-өзі тәрбиелеу
– дамуға ұмтылушы адамдарды жан-жақты қалыптастыру жағдайы.
Ұстаздық қызметте мұғалім өз мінезін, өз еркін, өз эмоциясын
меңгере, ұстай білуінің айрықша маңызы зор.
Адамның жауапты міндеттерді шешуге, белгіленген жоспарды
орындауға, күнделікті өмірін қызғылықтықты әрі алуан тартымды
өткізуге, мақсатқа жету жолындағы қиыншылықтарды жеңуге
тырысуы оның өмірін бай, әрі мазмұнды ете түседі, еркін
шынықтырады.
Ерікті шынықтыру үшін қажетті әрі нақты мақсатты қалай
табуға, қоюға және оған жетуге болатындығын ойластырып көрелік.
Ең алдымен өзін-өзі тәрбиелеу үшін өз еркін меңгере білу
керек, нақты нәтижеге жету үшін: өзін ұстай білуі, жақсы көңіл-
күйде бола білуі, өзіне-өзі бұйрық беруді және өзін-өзі иландыруды
пайдалануы, дербес күн тәртібін, режимін орындауы тиіс.
171
Л. Н. Толстой өзін-өзі тәрбиелеуде мынадай ережелерге айрықша
мән берген: «Міндетті түрде орындалатын нәрсені, қалайда
орында... Орындағаныңның бәрі жақсы болсын. Егер бір нәрсені
ұмытсаң ешқашан кітапқа қарамай, қалай да есіңе түсіруге тырыс...
Бар күш-жігеріңмен өз ақылыңмен үнемі әрекет етуіне мәжбүр ет».
Ерікті шынықтыру – бұл, әрине, зор еңбек. Бірақ мұның
қызықтылығы және нәтижелілігі соншалық, өзін-өзі тәрбиелеуге
оптимистік позицияда қарау керектігін көрсетеді. Ең бастысы
табысқа деген сенімділікте, өзіңнің зор мүмкіндігіңде, өзіңде,
өзіңнің күш-қайратыңда. Бұл өзіңмен жұмыс істеудің қажетті
шарты, өйткені бұл істегі ең қауіптісі – өзіңе-өзің сенбеу. Л.
Толстой сөзімен айтқанда, ұрыста кім жеңемін деп батыл шешімге
келсе, сол жеңеді. Оптимистік көңіл-күй қолайлы сезім туғызып,
жұмсалған энергияны тез қалпына келтіруге ықпал етеді, адамның
қиыншылықты жеңуін ынталандырады. Ал жұмыс бабында
қалжырап, дау-дамайды басынан өткізіп жүрген мұғалімдік
мамандық үшін оптимизм, сергектік, көңілділік ауадай қажет.
Сондықтан алға мақсат қойғанда оптимист болудың, тіпті болар-
болмас жеңістің өзі адамды анағұрлым қайраттандыра түсетіндігін
есте сақтаған жөн.
Өзі туралы көбірек ойлаудың, өзіңе-өзі есеп берудің, әсіресе
өз мінез-құлқыңды танудың және түзетудің маңызы айрықша зор.
Мұның мәнісі сол, өзіңді өзің тәрбиелеу жөніндегі мақсатың мен
міндетіңді өзіңнің нақты мінез-құлқыңмен салыстыру.
Өзіңе-өзің есеп берудің және өзін-өзі талдау жасаудың ең тиімді
жолы - дербес күнделік жүргізу.
Л. Н. Толстой өз қателігіне талдау жасау арқылы өзін-өзі
тәрбиелеу міндетін белгіледі: «Менің өмірім үшін ең маңыздысы
ең басты үш кеселді түзету: мінезсіздік, ашуланшақтық және
жалқаулық». Күнделіктегі жазбалары бойынша, Толстой өзімен
жұмыс істеудің барысын қадағалайды, өзін-өзі тәрбиелеу үшін
нақты міндеттер қояды.
Әрине, өзін жетілдіргісі келгендер күнделік жүргізе алады. Ал
ең бастысы күнделікте: өзіңді-өзің тәрбиелеуде әр күні қаншалықты
ілгерілегеніңді атап көрсету.
Өзіңді өзің талдау, өзіңе-өзің есеп беру және күнделік жүргізу
өзіңді тәрбиелеу жолыңа жарық беретін прожектор рөлін атқарады,
ал оның түп қазығы – күнделікті режимді бұлжытпай орындау
болуы тиіс.
172
Әдетте өзін-өзі тәрбиелеу жақсы қасиеттерді тудыруға және оны
жетілдіруге жағымсыз қасиеттерді жеңуге себепші болатын жүйелі
де саналы іс-әрекет болып табылады.
Өзіңе-өзі қоятын талаптардың нақталап, **** жеке адам жақсы
нәтижеге жете алады. Соның нәтижесінде оның өзін-өзі тәрбиелеу
бағытының анықталуы көрініс береді.
Өзін-өзі тәрбиелеу ойдағыдай болуы үшін, оқушыларды өздерін
қолға алуға үйрету керек. Өзін-өзі тәрбиелеуге кірісе отырып,
оқушы ең алдымен өзін-өзі қолға алудың жалпы мақсатын ұғынуы
тиіс. Мәселен, ол ерікті тәрбиелеуді, көркемдік талғамды дамытуды,
денсаулықты нығайтуды және т.с.с. мақсат етіп қоя алады. Бірақ,
бұл жеткіліксіз. Бұған қоса өзіңді-өзің тәрбиелеу бағдарламасын
белгілеу керек. Қандай қасиеттерді дамытуды, бекемдей түсуді,
қандайларын жойып, жеңіп шығуды көрсетудің маңызы үлкен.
Мұндай бағдарламаны оқушылар кейде жеке күнделіктеріне
белгілейді. Ол өзін-өзі тәрбиелеумен сәті түскенде ғана емес, үнемі,
жүйелі айналысуға көмектеседі.
Өзін-өзі тәрбиелеу әдістері алуан түрлі. Бұл ең алдымен, өзіңді-
өзің сендіру, өзіңді-өзің иландыру, өзіңді-өзің бақылау, өзіңді-
өзің талдау. Өзіңді-өзің тәрбиелеу мақсатымен өзіңді-өзің сынау,
мәжбүрлеу, жазалау мен өзіңді-өзің қолдау да пайдаланылады.
Мұғалім өзін-өзі әрқашан дамытып отырса ғана нағыз мұғалім
бола алады.
Мұғалімнің өзін-өзі кәсіби тәрбиелеудің қозғаушы күші
– мақсаттар мен мотивтер арасындағы қарама-қайшылықтар.
Сондықтан қарама-қайшылықтарды жеңуге деген мұғалімнің
қажеттілігі туындауы қажет.
Мотивтің мақсатқа қарай жылжуы өзін-өзі тәрбиелеуге деген
нағыз қажеттілікті тудырады.
Өзін-өзі тәрбиелеуді ынталандырудың сыртқы факторлары:
- педагогикалық ұжым;
- мектептегі басқару стилі;
- бос уақыт факторы.
Мұғалімнің өзін-өзі кәсіби тұрғыда тәрбиелеудің кезеңдері:
- өзін-өзі кәсіби тұрғыда тәрбиелеу;
- мақсаттар мен мотивтер арасындағы қарама-қайшылық;
- жеке белсенділік көзі;
- әрекеттер жүйесі;
- кәсіби идеал.
173
Педагогика өмір сүріп келе жатқаннан бері мұғалімнің жеке
басына, оның еңбегінің зерттелуіне үзбестен көңіл аударылып
келеді.
К. Д. Ушинский: «Мұғалімнің жеке басы жастар үшін еш
нәрсемен айырбастауға болмайтын жанып тұрған күн нұры,
тәрбиешінің жеке басы бүкіл тәрбие ісі», – деп кеткен. Адам
тәрбиесі үдемелі қозғалыспен жүріп отыратын мәңгілік үрдіс.
«Бала – бақыт, бала – болашақ, ендеше оның қамын бүгіннен
ойлау ең басты адамгершілік», – деген А. С. Макаренко. Шәкірт
атаулының табынатын тәңірі де, не бір шу асау тентек атаулының
діңкелеп тоқтайтын адамы да – ұстаз. Тәрбиенің үлкені – үлгі-
өнеге, ал үлгі-өнегенің үлкені де – ұстаз. Осылай келтіре берсек,
ұстаз туралы теңеулер таусылмайды. Ұстаздар шәкірттерінің
алдында үнемі сынақта тұрады. Мұғалімдердің білімі, өздерін-
өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, киім-киісі, сөйлеген сөзі, байыпты
этикасы бәрі-бәрі есепте. Ұстаз – ұлы есім. Бұл есім сондықтан
да жұрттың бәрінің пешенесіне жазылмаған. Осы жауапты да,
құрметті сенімді атқаруа ұстаздар алдында күрделі міндеттер тұр.
Ұстаздарға деген бүгінгі күннің талабы өте жоғары. Олардың білімі,
оқытушылық әсері, жеке бастарының рухани және моральдық
бейнесі, өз қызметіне деген сүйіспеншілігіне байланысты болашақ
ұрпақтарымыздың жан-жақты дамуы, білімге, еңбекке деген
қабілеті, рухани қасиеттері жетіледі. Ұстаздың білімділігі өзінен-
өзі жасөспірімдердің моральдық қасиеттерін қалыптастыра
алмайды. Білімді мұғалім балаларға белгілі бір салада жүйелі білім
берумен қатар, өзінің іс-әрекеті, дүниеге көзқарасы, адамгершілігі,
гуманистік қасиеттері арқылы жас ұрпақты моральдық биік
мұраттары рухында тәрбиелеуге тиіс. Бұл жағдайда мұғалімнің жеке
қасиеттері шешуші роль атқарады. ХХ ғасырдың ірі өкілі белгілі
ағартушы Жүсіпбек Аймауытов ұстаз қызметін былай сипаттайды:
«Балаларға білім берумен, тәрбиелеумен мұғалімнің қызметі тәмам
болмайды. Ол балаларды тәрбиелеуге, үгіттеуге міндетті, басқаша
айтқанда, мұғалім қарапайым қызметкер емес, ол шәкірттердің
алдағы өмірін өз басынан кешірген тәжірибесіне сүйеніп, оларға
келешекте өмірден аяғын шалыс басып, соққы жеп өкінбеске күні
бұрын сақтандыратын қорғаушы, қамқоры». Мұғалімге жүктелер
міндет өте ауыр, тек өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай
қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата
174
отырып, шәкірттерінің жанына нұр құятын ұстазды ғана бүгінгі
күннің лайықты тұлғасы деуге болады.
Қай дәуірде болмасын ұрпақ тәрбиесі, білім мәселесі ешқашан
күн тәртібінен түскен емес. Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек,
жаңа дәуірде де күн тәртібінде тұрған келесі мәселе - сапалы білім
беріп, ғылымды дамыту. Осы орайдағы білім ордасы – мектеп және
жоғарғы оқу орны, ал мектептің жаны – мұғалім немесе педагог
екендігі баршаға мәлім. Адамзат баласының ата-анадан кейінгі
ардақ тұтар қасиеттісі ұстаз болған.
Мұғалімнің кәсібилігі алдымен мұғалімнің адамды сан қилы
етіп қалыптастыратын кәсіби іс-әрекетінің жан-жақтылығымен
байланысты. Мұғалімнің кәсібилігін анықтайтын өлшемдердің
арасында ең басты орынды, ұстаздық қызметтің қорытындысы
- оқушылардың тәрбиелілігі мен дүниеге көзқарас деңгейі алуы
керек. Сөз жоқ, мұғалімнің кәсіби деңгейін оның оқушыларға тиісті
дәрежеде білім беру, біліктілік пен дағдыларды қалыптастыру
тұрғысынан бағалау қажет.
Шебер мұғалім, біріншіден, халқымызға тән жастарымыздың
бойында бар адамгершілік сипаттағы дүниетанымына, өз
мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-саналарына, қол өнері мен
педагогикасына арқа сүйейтіндігіне және ашық-жарқындығы
мен бауырмалдылығына, яғни қазақ ұлтының басқа халықтардың
құндылықтарын сіңіре алушылық қабілетіне ерекше назар аударған
жөн. Екіншіден, өзі оқытатын пәнді терең меңгеруге міндетті.
Үшіншіден, өздігінен білім алуға ынталы болуы керек. Мұғалімнің
жеке басының үлгісі – кәсібилікпен біте қайнасқан қасиет болуы
керек. Себебі, кез келген ұжымдағы қарым-қатынас мұғалімнің
жеке басының үлгісімен тығыз байланысты
Педагогтың кәсіптік деңгейін арттыру үшін болашақ педагог
маманның кәсіби бейімделуін қалыптастыру мәселесі кезек
күттірмейтін қоғам талабы. Бұл мұқтаждықты қанағаттандыру
үшін жоғарғы оқу орны педагог мамандар даярлап, жалпы білім
беретін мектептерге, қоғамдық ұжымдарға жыл сайын өз түлектерін
аттандырады. Ал педагогикалық білім алған жас мамандар қоғамның
басты талабын шешуге, оны жүзеге асыруға ат салысады.
Қызметке жаңа келген жас педагогтардың кәсіби әрекетінің
табысты болуы олардың педагогикалық ұжымының өміріне
қаншалықты тез араласып кетуіне және еңбек іс-әрекетінде өздерінің
175
кәсіби қызметтерін қаншалықты нәтижелі орындауына байланысты.
Себебі қазіргі кезеңде еліміздегі нарықтық-экономикалық және
ғылым мен білім саласындағы өзгерістерге байланысты оқу
орындарындағы қызметке жаңаша қарау талап етіледі. Ол өз
кезегінде саналы, білімді, дарынды, мәдениетті, белсенді болуды
және қандай қиындық болсын төзіп, жұмыс істей алатын жас
педагог-мамандарды қажет етеді. Ендеше оларды дайындауда өзі
білім алатын жоғарғы оқу орын ұстаздарының ролі өте зор.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру
жүйесінің жеке адамды қалыптастыруға, жетілдіруге және кәсіби
шыңдауға бағытталған бағытталған рөлі атап көрсетілген. Демек,
Қазақстандағы жоғарғы білім беру саласындағы алға жылжу мен
дамудың қозғаушы күші төмендегідей болып келеді:
- педагогикалық дағдыларды, яғни іскерліктерді қалыптастыру;
- оқу жоспарында және пәндерді оқыту әдістемесінде тұрақты
инновацияға талпыну;
- жоғары білім беретін мекемелердің қажетті элементі ретінде
педагогикалық кафедралардың кәсіби деңгейінің өсуін қадағалау;
Педагогикалық ұжымға келісімен жас педагогтың тұлғалық
жауапкершілігі артады. Ол басқа да ұстаздармен қатар балалардың
білімі мен тәрбиесіне жауап береді. Мұғалім еңбегі үздіксіз ізденісті,
өз білімін жетілдіріп отыруды, өзін-өзі жан-жақты тәрбиелеуді талап
етеді. Педагогикалық ұжым жұмысын өмірдің талабына сай жүргізу,
оқу-тәрбие саласындағы зерттеушілік, тәжірибе алмасу жақтарына
мән беру мұғалімдердің ізденісіне шек қоймау, қайта оған жағдай
жасап отыру ұстаздың іскерлік негіздерін меңгеруіне ықпал етеді.
Ұстаздың өз бетінше білім жетілдіруі, осы саладағы үздіксіз
ізденісті, озат тәжірибені қолдануы, оны өзгелерге насихаттауы,
жаңашылдық танытуы, өзін-өзі тәрбиелей алуы, іскерлік негіздері
- педагогикалық шеберлікке жеткізудің бір жолы болып саналады.
Қазіргі таңдағы зерттеулер көрсетіп отырғандай, жоғарғы оқу
орнындағы кәсіптік бейімделу жұмыстары қызметін жаңа бастаған
жас педагог маман бейімделу кезеңінде қиындықтарға кездеседі.
Еңбек жолын жаңа бастаған жас педагог мамандарда қажетті
психологиялық-педагогикалық білімдердің, білік пен дағдылардың
болмауы, педагогикалық жұмысқа даярлығының жеткіліксіздігі,
жіберген қателіктері мен сәтсіздіктері өкініш, көңілі қалу сезімдерін
туғызады. Туындаған мәселелердің қиындығы және оларды жеңу
176
жолдарын анық білмеуі олардың көңілінде сенімсіздік туғызып, жас
педагог мамандардың кәсіби бейімделуіне кері әсерін тигізеді.
Жас педагог мамандардың кәсіби бейімделу процесі ішкі және
сыртқы қайшылықтармен сипатталады.
Кәсіптік бейімделу процесі барысында туындайтын ішкі
қайшылықтар:
- жас маманның өз бетінше жұмыс істеуге ұмтылуы және
оған қажетті білімі, біліктілік деңгейінің төмендігі, сондай-ақ
педагогикалық ұжымдарда шығармашылық, демократиялық
негіздердің жоқтығы;
- жалпы теориялық білімді практикалық қызметінде қолдана
алмауы;
- жас маманның өзін-өзі таныту қажеттілігі мен оның
коммуникативтік мүмкіндігінің сәйкессіздігі.
Жас маманның кәсіби бейімделу процесінде оның жұмыс
орнына байланысты кездесетін сыртқы қайшылықтары:
- жас педагогтардың өмірлік жоспарлары, құлшыныстары, кәсіби
үміті, олардың жаңа әлеуметтік жағдайы, педагогикалық ұжым
мен оның құндылық бағдарлары ұсынатын нақтылы мүмкіндіктер
арасында;
- жас мұғалімнің талап-тілектері және оны аталған ұжымның
тұлға аралық қарым-қатынастар құрылымындағы нақтылы алатын
орны арасында;
- педагогикалық ұжымның мамандыққа байланысты қойылатын
нақтылы талап-тілектері мен жас мұғалімдердің даралық
ерекшеліктерінен туындайтын оның сенімділік, қызығушылық
ұмтылысы арасында;
- қарым-қатынас тәжірибесінің жеткіліксіздігінен және алғашқы
жылдарда қоғамдық-педагогикалық қызметінің көп салалығына
байланысты да туындайды.
Бұл қайшылықтарды шешудің жолдарын ұсына отырып (мысалы,
жоғары оқу орнының оқу-тәрбие процесінің кәсіби педагогикалық
бағытын күшейту, педагогикалық ұжымның рөлін арттыру және
т.б), олардың әрқайсысын тұлғалық ерекшелігімен немесе белгілі
бір топпен байланыстыра қарау керек.
Туындаған қайшылықтарды жеңу үшін жас мамандардың
алдымен оларды жақсы түсіне білуі және болатын қажетті өзгеріске
ынта-құлшыныспен қарауы өте маңызды. Мұндай құлшыныс
177
дайындық сезімі жоғары оқу орнында дамытылуы, қалыптасуы
насихатталуы керек.
Сонымен қатар қазіргі уақытта мұғалімнің жеке басы мен
іс-әрекетіне қойылатын талаптар мен педагогикалық білім беру
мекемелерінің түлектерінің даярлық деңгейі арасындағы қарама-
қайшылықтар, мұғалімдерді даярлаудың типтік жүйесі мен оның іс-
әрекетінің жеке бастық-шығармашылық сипаттамасы арасындағы
қайшылықтар тереңдеуде. Бұл қарама-қайшылықтар педагогикалық
білімге байланысты мәселелерді шешуді қажет етеді:
- жаңа мақсат проблемасы,
- білім берудің жаңа құрылымының мәселесі,
- білім беру мазмұнын жаңарту мәселесі,
- ұйымдастыру формалары мен әдістерін жаңарту мәселесі.
Бұл айтылған мәселелер көп деңгейлі педагогикалық білім беру
жүйесін енгізудің негізі болып табылады.
Көп деңгейлі педагогикалық білім беру құрылымының мақсаты
– жеке тұлға мен қоғамның мәдени-білім беру сұраныстарын
білім беру мекемелерінің мүмкіндіктерін кеңейту, экономика мен
еңбек нарығының өзгермелі қажеттілігін есепке ала отырып, білім
беру аясында мамандарды мәдени, ғылыми, кәсіби даярлауды
жоғарылату.
Көп деңгейлі педагогикалық білім беру мына міндеттерді
шешуден тұрады:
- жеке тұлғаға (студентке) – интеллектуалдық, әлеуметтік,
экономикалық қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында алатын
білім деңгейі мен мазмұнын өзі таңдап, кәсіби даярлауды жүзеге
асыру;
- қоғамға (білім беру жүйесіне, мектепке) – маманды белгілі бір
біліктілік сипаттамасы бойынша қысқа мерзімде алу;
- оқытушылық корпусқа (факультет, колледж, университет,
институт) ғылыми және кәсіби педагогикалық қажеттілікті өте
жоғары деңгейде жүзеге асыру.
Жас мамандар жұмысқа кірісе отырып, іс-әрекеттің жаңа түрін
орындай бастайды. Болашақ мұғалімнің жоғары оқу орнынан
кейінгі іс-әрекетінің басты түрлері: бейімділік, танымдық, кәсіби-
педагогикалық. Жас маманның бейімділік әрекетінің мазмұны
оның сол жұмыс орнының демографиялық, этникалық ортасымен
танысуынан басталып, әрі қарай сол педагогикалық ұжымның
178
салтымен, ішкі тәртібімен ұласуы қажет. Жас педагог маманның
педагогикалық ұжыммен танысуы, олардың мүшелерімен жақсы
қарым-қатынас орнатуы алады.
Жеке туындаған қайшылықтарды жеңуде ерекше орынды
тұлғаның кәсіби қалыптасуының талдауын қарастыра келе, бұл
процестің негізгі кезеңдерін көрсетуге болады:
1. Кәсіби өзін-өзі анықтау - мамандық таңдауға және мамандық
әлеміне индивидтің таңдаулы қатынасы.
2. Кәсіби өзін-өзі анықтаудың өзегі әлеуметтік-экономикалық
шарттар мен кәсіби іс-әрекеттің талаптарын, мүмкіншіліктері
мен ерекшеліктерін есепке ала отырып мамандық таңдау болып
табылады.
3. Кәсіби өзін-өзі анықтау барлық кәсіби өмір ағымында
кездеседі: жеке бастың мамандығына деген пікірі, кәсіби болмысы
жайында ой қорытындысын жасайды.
4. Жеке бастың кәсіби өзін-өзі анықтаудың өзектілігі жалпы білім
беретін мектепті аяқтау, кәсіби мекемеде оқып бітіру, біліктілігін
жоғарылату, тұратын жерін ауыстыру, жұмыстан шығу т.б. сияқты
оқиғалармен байланысты болады.
5. Кәсіби өзін-өзі анықтау жеке бастың әлеуметтік-
психологиялық жағдайының оның өзіндік өзектілігі мен өзіндік
таратудағы қажеттілігінің маңызды сипаттамасы болып табылады.
Жас педагог мамандардың кәсіби бейімделуінде тағы бір орынды
педагогтардың кәсіби өзін-өзі бағалауы алады.
Педагогтың өзін-өзі бағалауын қалыптастыру тәсілі – өз
нәтижесін жеке тұлға идеалымен, педагог іс-әрекетінің нәтижесімен
салыстырады.
Бұндай жұмыс бірінші курстан басталуы қажет. Кәсіби
идеалды қалыптастырудың қарапайым тәсілі – арнайы әдебиет оқу,
көрнекті педагогтардың өмірі мен шығармашылығымен танысу.
Мұғалімнің дұрыс қалыптасқан идеалы – оның өзін-өзі тәрбиелеу
жағдайларының тиімділігі.
Өзін-өзі тәрбиелеу процесінің сыртқы факторлары:
- педагогикалық ұжым;
- мектепті басқару стилі;
- бос уақыт.
Педагогикалық ұжымға алғаш келген педагог оның талаптарын,
принциптерін, сындарын көріп, кәсіби идеал талаптарына үйренеді.
Мектеп басшылары педагогтарға жағдайлар тудыруы керек.
179
Кәсіби өзін-өзі тәрбиелеу процесінде бір-бірімен тығыз
байланысты 3 кезеңді көрсетуге болады:
- өзін-өзі тану;
- өзін-өзі бағдарламалау;
- өз-өзіне әсер беру.
Мұғалімдік еңбектің психологиясы күрделі және жауапты екенін
айта келіп, жазушы-педагог М. Әуезов шын мұғалімге тән мынадай
қабілет-қасиеттерді атап көрсетеді: эрудиция қабілеті, әр жастағы
баланың даму ерекшеліктеріне сай келетін тәрбиенің тиімді әдісін
таба білу, баламен тіл табыса білу шеберлігі, ақыл-парасатының мол
болуы, оқыту мен тәрбиенің жаңа әдістемелерін тәжірибеге батыл
енгізу, оқушының сеніміне кіруі, ұйымдастырушылық қабілетті
қалыптастыру және басқалар.
Сөзіміздің соңында «Осындай қабілетті, қасиеттерді,
іскерліктерді өз бойына жинаған мұғалім ғана – нағыз ұстаз бола
алады» - дегіміз келеді.
Өмірмен, қазіргі кезеңмен байланысты дұрыс ұйымдастырылған
мектепте, К. Д. Ушинский өз халқын шын сүйетін және оның дамуы
туралы қамқорлық жасайтын мұғалімге – тәрбиешіге басты рөльді
берді. Педагог-гуманистің тұжырымдауынша, адам қоғам үшін ұлы
байлықтың қайнар көзі. Баланың ойы мен жан дүниесін дамытатын,
қоршаған ортаны оның танымымен байытатын мұғалімнің
шығармашылық қызметінің нәтижесінде ол ержеткен соң,
“балшықты жерлерді, құмдарды, адамсыз тауларды” байлықтың
қайнар көзіне айналдырды.
Оқыту мен тәрбие үрдісін мұғалімнің жеке басының
жігерлендіретін ықпалынсыз елестету мүмкін емес. “Тәрбиеде
барлығы да тәрбиешінің жеке басына негізделуі тиіс... Ешқандай
жарғы және бағдарлама, ешқандай оқу орнының жасанды орталығы,
қаншалықты жетілдіргенмен, тәрбие ісінде жеке адамды алмастыра
алмақ емес. Тәрбиешінің тәрбиеленушіге тікелей әсерінсіз мінез-
құлыққа сіңерліктей шын тәрбие беру мүмкін емес”.
Жас өспірім үшін мұғалімнің жеке басы бұл ешнәрсемен
айырбастауға болмайтын күн көзінің жарқын сәулесі іспеттес.
Осындай “күн көзінің жарқын сәулесі” болуы үшін қатаң белгіленген
жалпы және педагогикалық танымның көлемін меңгеруі қажет және
соның негізінде қалыптасқан берік педагогикалық сенімдермен
қарулануы керек. Осындай сенімдердің болмауы нағыз тәрбиеші
180
бола алмайды, ол қарапайым чиновниктің деңгейінде қалады.
Ушинский чиновник тәрбиеші емес деген болатын-ды. Тәрбиешіге
өз ісіне ақыл-ойын және бүкіл жан дүниесін салу және өзінің барлық
қызметі арқылы табанды жүргізу қажет. Жас ұрпақты халықтық
рухта тәрбиелеуге лайықты халық мұғаліміне ең жақсы өз халқына
тән қасиеттерді меңгеру өте қажет.
Халық мұғалімдерін даярлау үшін, Ушинский мұғалімдер
семинарияларын ұйымдастыруды ұсынды, ал орта мектептің
мұғалімдерін даярлау үшін университеттер жанындағы
педагогикалық факультеттерді, мұғалімдер семинарияларының
жобасын жасады, кейіннен Ресейде алдыңғы қатарлы земстволардың
тәжірибесінде іске асты.
Семинарияның оқу жоспарына ол орыс тілімен әдебиетін,
арифметиканы, жағырафияны, тарихты, жаратылыстануды
енгізді, болашақ мұғалімдерді ауыл шаруашылығы мен медицина
салаларынан кейбір мәліметтермен таныстыруды ұсынды. Ушинский
семинарияның оқу курсында ерекше орынды психологияны,
педагогиканы және бастауыш білім беру әдістемесін оқытуға және
педагогикалық тәжірибеге арнады.
Ушинскийдің пікірінше, мұғалім білім беру саласындағы қол
жеткен табыстарымен тоқтап қалмауы керек, ол өзінің білімін және
педагогикалық шеберлігін одан әрі жетілдіріп отыруы керек.
Ушинский өзінің “Педагогикалық әдебиеттің пайдасы” (1857),
“Мұғалімдер семинариясының жобасы” (1861), “Швейцарияға
педагогикалық саяхат” (1862) атты мақалаларында мұғалімдерді
даярлаудың және мұғалімдік мамандықтың қоғамдағы ерекше
орнына тоқтала келіп, жан-жақты талдау жасайды. Мұғалімнің
қоғамдағы орны, оның мәртебесі, университеттер мен педагогикалық
орындарында мұғалім кадрларын даярлау мәселелері бүгін де
күн тәртібінен түспей отырған маңызды мәселелердің бірі болып
табылады. Қанша уақыт өтсе де, ұлы гуманист-педагогтың мұғалім
туралы айтқан қағидаларын бүгінгі мектеп тәжірибесі мен тәрбие
жүйесінде кеңінен пайдалануға болады.
Кәсіби шеберлік – балаларды сүйетін, жүрек қалауымен жұмыс
істейтін, әрбір педагогтың қолы жетерлік тәрбие мен оқытуда
тұрақты жетілдіріп отыратын өнер.
Мұғалімдік мамандыққа үйретуге болмайды, бірақ одан үйренуге
болады. Шебер мұғалімнің пайда болуы тек қана оқу жүйесіне
181
емес, сонымен қатар оқушылардың күш салып оқуына байланысты.
Педагогикалық шеберліктің дамуы мұғалім дайындығының
координациялық аспектісінің орталығы болып табылады. Сол
себепті ол психологиялық-педагогикалық цикл дисциплинасының
көңіл бөлінген орталығы.
“Педагогикалық шеберлік негіздері” курсы және басқа да
психология, педагогика, педагогика тарихы пәндері студентке
кәсіби дайындықты қалыптастыруы жайында түсінік беруі керек.
Педагогикалық шеберлік:
- пәндік білімі (кәсіптік құзырлылық, арнайы кәсіби даярлығы,
оқыту мен тәрбиелеудегі тәжірибесі, ғылыми біліктілігі);
- педагогикалық технология (сөйлеу мәнерінің техникасы,
ойлау логикасы мен нақтылығы, талдауларының нақтылығы,
бейнелі көрсетілімдері, қажетті құралдарды таңдай білу дағдысы,
формалары мен тәсілдері);
- педагогикалық шығармашылық (шығармашылық талдау,
стандартты емес ойлау, жаңа ақпараттар іздестірудегі қажеттілік,
экспериментке ұмтылыс);
- педагогикалық стиль (педагогикалық нақтылық, өзінің және
өзгенің әрекетін қабылдай және бағалай білу дағдысы, педагогикалық
бағыттағы тіл табысу мен әрекетшілдік, педагогикалық тактика
мен этика, тыңдай және тыңжата білу дағдысы, адамдардың ішкі
дүниесін тануға қызығушылық).
Жалпы алғанда, кәсіби шеберлігі – бұл өте жоғары деңгейдегі,
әрі ұдайы жетіліп баратын тәрбиелеу және оқыту өнері. Шеберлік
негізі – жеке тұлға мәдениеті, білім мен өрісті дүниетаным және
осы сапалармен кірісе ұштасқан педагогикалық техника мен озат
тәжірибе. Шеберлікке көтерілудің басты шарттары: теорияны білу,
оқу-тәрбие үрдісінің тиімді технологиясын пайдалана білу мен оны
нақты жағдайларға орай сәйкестендіре таңдау, көзделген деңгей
мен сапаға байланыстыра нақтылау, болжамдау және жобалау.
Шеберлікке жету кезеңдері келесідей: озат мұғалімдер
тәжірибесін бақылау; үздіксіз біліктілік көтеріп бару; арнайы
әдебиеттерді оқу, өз оқу істерінде оқытудың жаңа әдістерін ендіру,
өзіндік сарап жүргізіп отыру.
Педагогтің білім мен ақпаратты тасымалдаушы ғана болуы
бүгінгі күнде жеткіліксіз. Ендеше бүгінгі мұғалім жоғары
педагогикалық және психологиялық меңгеруі міндетті.
182
Психологиялық мәдениетке адамның психологиялық саулығы
мен өзін-өзі және басқа адамды тануы, өзін-өзі тануы, өзін-өзі
ұстауы және қарым-қатынас жасау мәдениеті жатады.
Педагогикалық іс-әрекет мәнін ашуда біз, ең алдымен,
мұғалімнің кәсіби іс-әрекеті мен жалпы іс-әрекет мәселесіне назар
аударғанымыз жөн.
Білім беру жүйесінің маңызды мәселесі ретінде көптеген
ғалымдар болашақ мұғалімдердің мәдениет танымдық дайындығын
алға тартады. Өйткені, педагогика ғылым мен мәдениетті негіз
ретінде алып қарастырады. Себебі, арнайы зерттеулер мамандардың
жоғары дәрежедегі іс-әрекетін, біріншіден, оның мәдениеттілігіне
байланысты деп санайды. Екіншіден, оқу үрдісі тек арнайы кәсіптік
білім алу емес, қазіргі мәдениетке сай өмір сүруіне, тәрбиеленуіне
байланысты болады дейді ғалымдардың пікірінше. Үшіншіден,
қазіргі маман ол – ойлау жүйесі, жетілген қоғам мәселесіне
байланысты өз пікірі бар, қарым-қатынас жасай алатын мәдениетті
тұлға. Төртіншіден, көптеген ғалымдар адамның рухани сезімін
қалыптастыру үшін қазіргі әлем мен отандық мәдениетке бейімделу
керек деп есептейді. Бесінші, болашақ мұғалімдерді дайындау
мақсатында алдымен мәдениеттанымдық дайындығын көтеру үшін
“Жалпы мәдениет деген не?” сұраққа жауап іздеуіміз керек.
Мұғалім мәдениеті өзін-өзі жетілдіру үшін педагогикалық
еңбектің мақсатын және оларға жету тәсілдерін еркін таңдауға
мүмкіндік беретін кәсіби іс-әрекет пен өзіндік сана-сезім негізінде
қаланады, іс-әрекеттің кәсіби және интеллектуалды тәжірибесін
меңгеру жағдайында туындайды.
Мұғалімнің мәдениеті – білім ошақтарында ғана емес, күнделікті
жүріс-тұрысынан, өзгелер қызығатын жан дүниесі бай, кең, көпшіл,
білімді, адамгершілігі мол, жан-жақты жарасымды болғанда ғана
нағыз ұстаз екенін дәлелдейді. Педагогтің білім мен ақпаратты
тасымалдаушы ғана болуы бүгінгі күнде жеткіліксіз. Ендеше бүгінгі
мұғаілім жоғары педагогикалық және психологиялық мәдениетті
меңгеруі міндетті.
Шығармашылық – барлық әрекеттің сапа белгісі, ал шығармашыл
мұғалім – барлық реформаның негізгі кейіпкері.
Шығармашылық – мәселені белгілі тәсілдермен шешуге
болмайтын жағдайда туындайды. Дегенмен, бұл қисынсыз шешім
қабылдауға әкелетін әрекет әр түрлі деңгейде, бірнеше кезеңдерден
183
тұратын күрделі психологиялық үрдіс. Осы мәселені зерттеген
ғалымдар педагогикалық шығармашылық төмендегідей кезеңдерден
тұратынын анықтаған;
1) педагогикалық ойдың пайда болуы;
2) түпкі ойды талдау;
3) педагогикалық ойды әрекетке айналдыру;
4) шығармашылықтың нәтижесін талдап бағалау (В. А. Кан-
Калик, Н. Д. Никандров);
5) жаңалықты көру;
6) педагогикалық өнертапқыштық құрастыру, модельдеу;
7) жетілдіру (В. И. Загвизинский).
Шығармашылық әрекетке мұғалімнің өз еңбегі сыни тұрғыдан
қайта қарауы, қанағат табуы, оны орындаудағы дербестігі, жағымды
мотивацияның қалыптасуы, т.б. орын алады.
“Шығармашылық-проблемалық сипаты бар, барлық ішкі
байланыстарды біріктіретін, нәтижеде жаңа материалдық және
идеалдық құндылықтар алынатын адамның мақсатты әрекеті”
деген тұжырым жасауға болады.
Мұғалімдердің өз білімін көтеруге қатысуы оның педагогикалық,
әлеуметтік, кәсіби әрекетіндегі мәселелерді табысты шешуін
қамтамасыз етеді, басқаша айтсақ, кәсіби шығармашылығын
дамытады.
Шығармашылық жолы - ол үміттер мен күдіктер, жеңілістер
мен жеңістер жолы. Осы жолдан өзіне сабақ ала білу, өзінің
жетістіктері мен кемшін тұстарын талдай алу – мұғалімнің өзін-өзі
шығармашылықпен дамытудағы стратегиялық бағыттары болып
табылады.
Әрекет – іс-қимыл бірлігі, саналы түрдегі, мақсатқа жетуге
бағытталған тікелей жасалатын, еркін ниеттілік, белсенділік.
Әрекетте адам субъект ретінде танылып, оның жасампаздығы,
іскерлігі, қайраткерлігі қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |