ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)



бет10/13
Дата10.06.2017
өлшемі3,09 Mb.
#18806
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Энцефалиттер

Энцефалиттер тобына миды зақымдайтын қабыну процесстері жатқызылады. Олардың орналасуы әралуан болуы мүмкін.

Энцефалиттің ағымында жалпы ми симптомдары да, сонымен қатар ошақты симптомдар да байқалады. Жалпы ми сипмтомдарына жататындар: естен тану (жеңіл бұлыңғыр естен танудан толық есін жоғалтуға дейін), бастың ауыруы, бас айналуы, құсу, тамыр соғысының және тыныс алудың өзгеруі. Ошақты симптомдар ауру процесінің мидың әртүрлі аймақтарындағы орналасуына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, қимыл-қозғалыс, сөйлеу бұзылыстары, эпилепсия тәріздес ұстамалар орын алуы мүмкін.

Медицина тәжірибесінде энцефалиттер біріншілік, немесе эпидемиялық, және инфекциялық болып бөлінеді; инфекциялық энцефалиттердің кейбірі аллергиялыққа жатады. Таралуы эпидемиялық сипатта болатын біріншілік энцефалиттердің қатарына А энцефалиті (летаргиялық) жатқызылады. Оның ағымында энцефалиттерге тән біраз жалпы симптомдардан басқа, ұйқының ауыр бұзылыстары болады. Ал эпидемиялық энцефалиттердің тағы бір түрі Б энцефалиті (жапондық) вирусының тасымалдаушысы масалар болып табылады. Сырқат ауыр түрде өтеді, психозбен және ақыл-ойдың тұрақты төмендеуімен асқынуы мүмкін. Біріншілік энцефалиттің тағы да бір түрі – кене энцефалиті немесе жаздық-көктемдік энцефалит. Оны қоздырушы вирус орман кенесінің шағуы арқылы беріледі. Оған жұлынның мойын бөлігінің зақымдануы тән, соның нәтижесінде мойын мен қолдардың сал болып қалуы (паралич) байқалады. Сонымен қатар басқа да эпидемиялық сипатта өтетін бірнеше вирустық энцефалиттер белгілі.

Инфекциялық энцефалиттер мен энцефаломиелиттер балалық шақтың инфекцияларының асқынуы ретінде дамиды. Олар ағымындағы ортақ белгілерімен сипатталады, бірақ энцефалитті шақырған қандай да бір жеке инфекцияға тән ерекшеліктердің болуы да мүмкін.

Энцефалиттердің жедел және қалдықтық (резидуальдық) кезеңдерінде байқалатын әртүрлі патологиялық симптомдар ми мен оның қантамырларының құрылымдық өзгерістеріне қалай байланысты болса, жалпы нейродинамиканың бұзылыстарына да солай байланысты болады.

Энцефалитпен науқас балалардың жоғарғы жүйке қызметін тәжірибелік тексеру қыртыстық нейродинамикадағы ауыр бұзылыстарды көрсетеді. Мысалы, жедел кезеңге қозу және тежелу процестерінің өзара қатынасының айтарлықтай бұзылуы, индукциялық қатынастардың бұзылуы және ми қыртысының реактивтілігінің төмендеуі тән. Сонымен бірге сақтандырушы-шипалық сипаттағы тежелудің дамуы тән болады. Ол мидың жеке аймақтарында белгісіз, кейде бірталай ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.

Резидуальдық кезеңде жоғарғы жүйке қызметі тарапынан бірқатар патологиялық өзгерістер қалады. Соған байланысты шартты-рефлекторлық әрекет белгілі дәрежеде толық жүзеге асырылмайды да, баланың танымдық қызметінің және оқу қабілетінің төмендеуіне себепші болады.

Энцефалитпен ауыруға бала организмінің қорғаныс қасиеттерінің әлсіреуін шақыратын бірқатар себептер жағдай жасайды. Бұл себептерге жататындар: жүйке жүйесінің туа біткен кемістігі, жалпы соматикалық әлсіздік, мешел, қолайсыз тұрмыс жағдайы және организмнің иммунобиологиялық қасиеттерінің әлсіздігі. Энцефалиттердің кейбір түрлерін қарастырайық.

Эпидемиялық энцефалит (А энцефалиті). Эпидемиялық энцефалитпен науқастану организмге орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ерекше нейровирустың енуімен байланысты. Ауру эпидемиялық сипатта өтеді және қыста жиі болады. Алайда эпидемиялық энцефалиттің жеке жағдайлары жылдың кез келген мезгілінде кездесуі мүмкін. Ауру кез келген жаста болуы мүмкін, бірақ көбінесе онымен балалар ауырады. Әдебиеттегі мәліметтер көрсеткендей, соңғы кезде балаларда бұл сырқаттың ауыр түрлері салыстырмалы сирек кездесетін болды.

Аурудың бастапқы кезеңіне негізінен мына симптомдар тән: дене қызуының 38-390 дейін көтерілуі, бас ауыруы, заттардың қосарланып көрінуі және ұйқының бұзылуы. Кейбір науқастар үздіксіз ұйқылы күйде болады. Оларды тамақ ішу үшін оятады, содан соң олар қайтадан ұйықтап қалады. Ал басқаларында керісінше ұйқысы қашады. Қыртыс астылық түрінде бірқатар жабысқақ, ығырын шығаратын қимылдар тән болады, балалар бірнәрсені қолымен теріп отырады, кейде жеке бұлшық еттердің тартылуы (миоклония) байқалады. Біраз вегетативтік бұзылыстар болады – сілекейдің көп бөлінуі, бет терісінде майдың артық бөлінуі.

Сырқаттың ағымы қимыл-қозғалыс, сөйлеу, психика тарапындағы жеке қызметтердің бұзылыстарымен асқынуы мүмкін. Міне осы бұзылыстар қалдықты құбылыстар деп аталатын күрделі симптомдар жиынтығын құрайды. Эпидемиялық энцефалиттен кейінгі осы зардаптардың сипаты едәуір дәрежеде мидың қай аймақтары ауыру процесіне әсіресе қатты ұшырағандығына байланысты. Эпидемиялық энцефалит қыртыс асты аймағын (стриопаллидарлық жүйені) және аралық миды зақымдайды. Сондықтан қалдықты құбылыстардың көрінісінде қозғалыс қызметінің, мінездің, сонымен бірге зат алмасудың бұзылыстары жиі кездеседі. Қозғалыс бұзылыстары әралуан болады, кейде қимылдардың өзіндік тежелгендігімен қатар қол мен бастың дірілдеуі байқалады, ал салдану мен парездер сирегірек кездеседі. Әдетте біршама клиникалық тән көрініс байқалады: баланың бетінде мимикасы жоқ, көз жанары тапжылмай, алысқа бағытталған, қимылдарының жалпы тежелгендігі, сілекей ағуы байқалады. Сөйлеуі бірырғақты, мәнерсіз. Алайда мұндай ерекше адинамия жағдайлары балалық шақта сирек кездеседі. Балаларда эпидемиялық энцефалиттен кейінгі қалдықты құбылыстардың көрінісі көбінесе қыртыстың қыртыс асты құрылымдарын қадағалау қызметінің әлсіреуіне байланысты жалпы қимыл беймазалығымен сипатталатын тән қызметі бұзылыстарымен білінеді. Мұндай жағдайларда баланың тәртібінде кенеттен пайда болатын ашу-ыза, арсыздық түріндегі дөрекі, жағымсыз мінездер басым болады, көңіл күйі көбінесе тұрақсыз әрі түнерген болып келеді. Арнайы балалар мекемелерінің педагогикалық тәжірибесіндегі кейбір балаларда тәбетінің немесе шөлінің шектен тыс жоғарылығы (булимия, полидипсия), жыныстық арсыздық, патологиялық ызақорлық, қатігездік, өзіндік беймазалық байқалады.

Көңіл күй-жігер саласындағы патологиялық өзгерістердің біліну дәрежесі мен эпидемиялық энцефалит салдарының сипаты әртүрлі болуы мүмкін. Кейде бұл бұзылыстар ауыр болып, баланың оқуына әсер етуі мүмкін, яғни оның үлгерімі күрт төмендейді, ол тәртіп бұзады, жанұясында және мектепте жиі түсініспеушілік, ұрыс-керіс байқалады. Дұрыс ұйымдастырылған педагогикалық және емдік шаралар аурудың атап өтілген салдарын едәуір дәрежеде түзете алады.

Эпидемиялық энцефалиттен кейін болатын ақыл-ой өзгерістері өте әрқилы болып келеді және тек ерте жаста ғана айтарлықтай бұзылыстармен сипатталып, кемақылдылыққа жақындайды. Ал одан кейінірек жаста тез шаршаумен, ойланудың және есте сақтаудың әлсіреуімен ғана білінетін өзіндік психикалық астения көрінісі анықталады. Ақыл-ойдың қатты бұзылыстары болмауы мүмкін. Эпидемиялық энцефалит кейде созалмалы түрге өтуі мүмкін. Аурудан кейін, әсіресе сырқат организм дамуының кейінгі кезеңінде пайда болған жағдайларда, едәуір ақыл-ой өзгерістері жоқ балалар жалпы мектепте оқи алады. Алайда көп жағдайда ойлаудың баяулығы, жүйке процестерінің тез таусылуы, көңіл күй-жігер саласының тұрақсыздығы, жиі бас ауыруы мұндай балаларға жалпы мектеп бағдарламасын игеруге кедергі жасайды. Олардың белсенділігі мен талабы күрт төмендейді. Әсіресе зейін қызметі нашарлап, оның тұрақтылығы төмендейді; балалар алаңғасар болады, назарын бір нәрсеге тоқтата алмайды, тез шаршайды. Осының бәрі кейде мұндай балаларды оқуын көмекші мектепте жалғастыруға мәжбүр етеді.

Соңғы жылдары эпидемиялық энцефалитің айтарлықтай біліну жағдайлары сирек кездеседі, олар көбінесе осы ауруға тән белгілі бір жеке симптомдармен сипатталатын беткей түрде өтеді. Біз эпидемиялық энцефалиттің әдебиетте сипатталған атипті өтетін түрлерінің тек кейбірін келтіреміз.



Энцефалиттің вестибулярлық түрі бас айналуы, жүрісінің бұзылуы, жүрек айнуы, құсу сияқты симптомдармен сипатталады. Бұл вестибулярлық немесе тепе-теңдік аппаратының қызметінің бұзылуына байланысты. Әдетте бұл ауру салыстырмалы қолайлы түрде өтеді, кейде одан кейін қалдықты құбылыс ретінде көз бұлшық еттерінің парезі болады. Ал басқа жағдайларда қалдықты неврологиялық симптом ретінде бұлшық еттердің, әсіресе бет пен мойын еттерінің оқтын-оқтын тартылуы байқалады. Жиі ықылықтаудың айрықша ұстамалары (эпидемиялық ықылық) атипті өтетін энцефалит көрінісі ретінде қарастырылған.

Энцефалиттің сенсорлық түрі балалық шақтың инфекцияларынан кейін, ал кейде біртіндеп және көрнекті себепсіз дамиды. Ауру жедел басталады: дене қызуы 400 дейін көтеріледі, басы, кейде іші ауырады, сезудің бұзылыстары, менингеальдық симптомдар байқалады. Жүйке жүйесі тарапынан бет бұлшық еттерінің асимметриясы, бұлшық ет тонусының бұзылуы, кейде тез өтіп кететін монопарездер, тұрақсыз патологиялық рефлекстер байқалады. Жедел кезең қысқа болуы мүмкін – 10-12 күн, одан кейін екінші, жеделдеу кезең басталады, ол бірталай уақытқа созылып, оқтын-оқтын өзін-өзі нашар сезіну ұстамалары түрінде өтуі мүмкін. Бұл кезеңге сезу бұзылыстарының көптүрлілігі тән. Көбінесе көру және кеңістікті қабылдау бұзылады. Кейде заттар өзгертілген түрде қабылданады немесе оның тек жекелеген бөліктері ғана қабылданады, фотопсиялар, ұшқындар, от жалындары және т.с.с. байқалады. Балалар көз алдында жиі түрлі-түсті нүктелерді, дөңгелектерді, доптарды көреді, айналасындағының түсінің өзгергендігіне шағымданады: барлығы тұманданған, тордың артында тұрғандай немесе әртүрлі түске боялғандай көрінеді (көбінесе қызыл түсті атайды). Акустикалық бұзылыстар дыбыстың күші мен үнділігінің өзгеруімен білінеді, адамның дауысы біресе тыныш, біресе қатты, бірде жақыннан, бірде алыстан естілгендей болады. Сонымен қатар дәм сезу, кейде иіс сезу бұзылады. Мектептегі балалардың жазуы мен оқуы бұзылады. Ақыл-ойдың қатты бұзылыстары сирек кездеседі, тез шаршау, ойлану қабілетінің төмендеуі жиірек байқалды. Бұл ауруда бастың ауыруы мен айналуы жиі кездесетін симптом болып табылады. Сырқат ұзаққа созылып, анда-санда болатын қысқа әрі тұрақсыз жақсару кезеңдерімен сипатталуы мүмкін.

Инфекциялық энцефалит (менингоэнцефалит, энцефаломиелит). Клиникада инфекциялық энцефалит деп баланың инфекциялық аурумен сырқаттануы нәтижесінде пайда болатын мидағы қабыну, кейде улану процестерін атайды. Патологиялық процесс тек мидың әртүрлі бөліктерін ғана емес (шашыранды орналасу), жұлынды да қамтиды. Сондықтан бұл аурулар менингоэнцефалиттер мен энцефаломиелиттер түрінде өтеді.

Қазіргі кезде кез келген инфекция сәйкес жағдай болған кезде энцефалит шақыра алатындығы белгілі. Бірақ энцефалит көбінесе кәдімгі балалық шақтың инфекцияларынан кейін дамиды (қызылша, көкжөтел және т.б.). Энцефалит ең жиі қызылша инфекциясынан кейін кездеседі. Егер инфекциялық энцефалиттердің жедел кезеңінің де, қалдықтық кезеңінің де клиникасы жеткілікті дәрежеде зерттелген болса, бұл аурудың пайда болу механизмі әлі толық түсінікті емес және ол әртүрлі пайымдалады. Бір зерттеушілер инфекциялық энцефалит миға негізгі инфекцияның қоздырғышының өтуінен болады дейді; басқа авторлар негізгі инфекция тек қана организмді және мидың қорғаныс құрылымдарын әлсіретеді де, бұл орталық жүйке жүйесіне арнайы вирустың өтуіне жағдай жасайды деп санайды.

Инфекциялық энцефалиттің жедел кезеңі әртүрлі сипатта өтеді. Кейде негізгі инфекцияның ауыр ағымы кезінде жалпы жағдайының нашарлауы байқалады. Бұл дене қызуының көтерілуімен, естен танумен, тырысулармен, менингеальдық симптомдардың пайда болуымен (желке бұлшық еттерінің тартылуы, Керниг симптомы және т.б.) білінеді. Бұл жағдайлар кейде дұрыс танылмай, негізгі инфекцияның ауыр ағымы деп бағаланады. Басқа жағдайларда жеңіл түрде өтіп жатқан инфекцияның ағымы кенеттен ауырлайды: дене қызуы көтеріледі, жалпы жағдайы нашарлайды, менингеальдық белгілер пайда болады.

Инфекциялық энцефалит жалпы ми және ошақты симптомдармен сипатталады. Кейбір ошақты симптомдар жедел кезеңнің өзінде-ақ пайда болса (парездер, тырысулар, афазия), басқалары кейін көрінуі мүмкін.

Екіншілік энцефалиттің қалдықтық кезеңі кейде патологиялық симптомдардың көптігімен сипатталады. Мұнда қимыл-қоғалыс бұзылыстары (сал, парез, гиперкинездер), сенсорлық және моторлық афазия түріндегі сөйлеу бұзылыстары, дизартриялар (псевдобульбарлық дизартрия) және т.б. кездесуі мүмкін. Бұл кемістіктер эпидемиялық энцефалиттермен салыстырғанда жиірек кездеседі және көрінісі ауқымды болады.

Психикалық қызметтер тарапындағы өзгерістердің ішінде әсіресе ақыл-ой қабілеті зардап шегеді. Ал, жоғарыда айтып кеткендей, эпидемиялық энцефалит кезінде ақыл-ой бұзылыстары әлдеқайда әлсіз білінеді немесе тіпті болмайды. Екіншілік энцефалиттен кейін дамитын психикалық өзгерістердің сипаты да айтарлықтай дәрежеде ауырған кездегі жас мерзіміне байланысты болады. Осылай, жайылмалы орналасуға бейімділікпен сипатталатын, ерте жаста болған энцефалиттер кезінде (ерте жастағы бала миының анатомо-физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты) кемақылдылық түріндегі ақыл-ойдың төмендеуі жиірек байқалады. Сонымен қатар басқа себепті кемақылдыларға қарағанда осындай себептілерде кейбір жергілікті бұзылыстар жиі болатындығын атап өту керек. Мұндай балалар да, эпидемиялық энцефалитпен науқастанған кемақыл балалардағыдай көңілкүй-ерік және мінез тарапындағы ауыр бұзылыстармен сипатталады. Аталған бұзылыстардың физиологиялық механизмі нейродинамиканың кенет бұзылуында және ішкі қыртыстық тежелудің әлсіреуінде болады. Осыған байланысты қыртыс астының әсері күшейеді (қыртыс асты аймағының тежеусіздігі). Инфекциялық энцефалитке шалдыққан балалардың да тәртібінде эпидемиялық энцефалиттің резидуальдық кезеңіне ұқсас болатын бірқатар патологиялық ерекшеліктер пайда болады. Бұл негізінен ашу-ыза ұстамасына, көңіл күйдің тұрақсыздығына, нашар физикалық әуестіктерге бейімділік болып табылады, сондықтан оларды тәрбиелеу жұмысында үлкен қиындықтар кездеседі.

Алайда біріншілік және екіншілік энцефалитпен науқастанған балалардың тәртібіндегі бірқатар ұқсастықтарға қарамастан, бұл жерде айтарлықтай білінетін айырмашылықтардың да бар екендігін атап өткен жөн. Мысалы, бақылаулар көрсеткендей, осындай балаларда мектеп пен жанұясындағы ауыр түсініспеушіліктерге әкеп соғатын көңіл-күй, ерік және мінез тарапындағы ауыр бұзылыстар көбінесе эпидемиялық энцефалиттің қалдықтық кезеңіне тән. Инфекциялық энцефалиттерде мұндай бұзылыстар едәуір әлсіз білінеді. Көбіне ақыл-ойдың, сөйлеудің және қозғалыстың әртүрлі дәрежедегі түрлері тән болады.

Көмекші мектептердің оқушыларын тексеру көрсеткендей, осындай балалардың өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл жағдайларда ауру процесінің орналасу ерекшеліктеріне байланысты ақыл-ойдың біркелкі емес төмендеуі, яғни бір қабілеттердің бұзылуы, ал басқаларының белгілі дәрежеде сақталуы байқалады. Әсіресе өзіндік парафизикалық бұзылыстар түріндегі синдром тән, ол фонематикалық анализдің төмендеуіне байланысты болады. Нәтижесінде мұндай балаларда жазу мен оқудың ауыр бұзылыстары (дислексия, дисграфия) пайда болады. Осы аталған бұзылыстарды, бұрын болжағандай, тек қыртыс затының морфологиялық құрылымының өзгеруіне байланысты ошақты зақымдануымен ғана түсіндіруге болмайды. Олардың айтарлықтай бөлігінің негізінде нейродинамикалық бұзылыстар, іркілі тежелуі, жіктеудің бұзылуы жатады, бұл мидың анализдік-синтездік қызметін реттеуде басты орын алатын ішкі тежелудің әлсіреуімен байланысты.

Менингиттер мен энцефалиттер кезіндегі емдік шаралар алуан түрлі. Әдетте антибиотиктер, уротропин, сульфаниламидтік дәрі-дәрмектер, сарысулар қолданылады. Қалдықтық кезеңде физиотерапия, емдік гимнастика, логотерапия қолданылады.

Хорея. Бұл жүйке жүйесінің (мидың) ревматизмдік инфекция шақырған ауруы. Сырқат көбінесе ылғалды және жаңбырлы кезде пайда болады – күзде және көктемде. Әдетте соның алдында науқас баспамен (ангина), буындардың қабынуымен (полиартрит), кейде гриппен ауырған болып шығады. Жеделдеу түрде басталады. Аурудың алғашқы белгісі – баланың мінезінде айтарлықтай өзгерістердің пайда болуы, яғни бала тез тітіркенгіш, қырсық, кенеттен ашу-ызаға берілгіш, жылауық болады. Мектепте алаңғасар болып, сабаққа ешбір ынтасыз қарайды. Біртіндеп бет, қол, аяқ, дене бұлшық еттерінде еріксіз қозғалыстар дамиды (гиперкинездер).

Гиперкинездердің дамуына байланысты баланың қимылдары қиындайды, жазуы өзгереді, заттарды қолынан түсіріп алады, бет бұлшық еттерінің әртүрлі еріксіз жиырылуы пайда болып, бет-аузын қисайтады.

Бірте-бірте гиперкинездер аяқтарына көшіп, жүрісі қиындайды. Тіл бұлшық еттерінің қозғалысының қиындауына байланысты сөйлеуі күрт өзгереді. Дене қызуы көтеріледі. Хорея мидың ревматизмдік зақымдануы, яғни ревматизмдік энцефалит болғандықтан, онымен жүрек-қантамыр жүйесі тарапындағы өзгерістер (жүрек ақаулары) қатар жүреді.

Ревматизмдік энцефалит пен жүрек ақауынан қайтыс болған аурулардың миын зерттеу қыртыс асты құрылымдарының, соның ішінде стриатумның зақымданғандығын анықтады. Ми қыртысында да аздаған өзгерістер табылған.

Көпшілік жағдайда хорея салыстырмалы қолайлы өтіп, толық айығып кетумен аяқталады. Бұған жүрек қызметінің тұрақты асқынулары байқалатын сирек түрлері жатпайды. Алайда аурудың жеңіл дәрежесі болса да, науқас міндетті түрде төсектік тәртіп сақтап, жатуы және сәйкес ем қабылдауы тиіс. Әйтпегенде, балада жеке бұлшық еттерінің оқтын-оқтын тартылуы ұзаққа созылып, қобалжыған кезде күшейе түседі, сонымен бірге көңіл-күйінің тұрақсыздығы, ашуланшақтық, қатігездік түріндегі патологиялық мінез-құлық қалыптасып кетеді. Хореяның кейіннен байқалатын қалдықтық салдары ретінде кекештік дамуы мүмкін.

Педагогтар жиі өз оқушысының тәртібіндегі ерекше өзгерістерді алғаш байқай алады (бет-аузының тыржиюы, жазуының өзгеруі, мінезі мен көңіл күйіндегі теріс өзгерістер), сондықтан олар мұндай баланың тез арада дәрігер кеңесіне жіберілуі қажет екендігін айтуы керек.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Энцефалит дегеніміз не?

  2. Жалпы және ошақты ми симптомдарын атап шығыңыз.

  3. Біріншілік энцефалит дегеніміз не? Оның түрлері?

  4. Инфекциялық энцефалиттің себептері қандай?

  5. Энцефалиттердің жедел кезеңінде және қалдықтық кезеңінде жоғарғы нерв қызметінің қандай бұзылыстары байқалады?

  6. Энцефалитпен науқастануға қандай себептер жағдай жасайды?

  7. Эпидемиялық А энцефалитінің жедел кезеңіне сипаттама беріңіз.

  8. Эпидемиялық энцефалит көбінесе қай бөлімдерін зақымдайды?

  9. Эпидемиялық энцефалиттен кейін көбінесе қандай қалдықтық құбылыстар анықталады?

  10. Эпидемиялық энцефалиттің соңғы жылдары жиі кездесетін атипті өтетін түрлерін атаңыз.

  11. Энцефалиттің вестибулярлық және сенсорлық түрлеріне сипаттама беріңіз.

  12. Инфекциялық энцефалиттің жиі себептері қандай?

  13. Екіншілік энцефалиттің жедел және қалдықтық кезеңдері қалай өтеді?

  14. Инфекциялық энцефалит кезіндегі психикалық қызметтер тарапындағы өзгерістерге сипаттама беріңіз.

  15. Біріншілік және екіншілік энцефалитпен науқастанған балалардың тәртібіндегі ерекшеліктерді салыстырыңыз.

  16. Менингиттер мен энцефалиттер кезінде қандай емдік шаралар қолданылады?

  17. Хорея дегеніміз не? Ол мидың қай бөлімдерін зақымдайды?

  18. Хореяның клиникалық көрінісіне сипаттама беріңіз.



Полиомиелит (сал ауруы)

Полиомиелит – негізінен жұлынның сұр затын зақымдайтын жедел инфекциялық ауру. Бұрын ол балалық шаққа тән деп есептелген. 1883ж. проф. А. Я. Кожевников алғашқы рет полиомиелиттің инфекциялық табиғаты туралы болжамын айтқан және өзінің лекцияларында оның клиникасына сипаттама берген. Кейіннен Д. Гейне мен О. Медин бұл аурудың нақтырақ және толығырақ зерттеген, сондықтан оны Гейне-Медин ауруы деп атап кеткен. Қазіргі кезде осы ауру фильтрленетін вируспен шақырылатындығы дәлелденген. Енді полиомиелитті жалпы инфекцияларға жатқызады, өйткені оның жүйке жүйесінің зақымдануынсыз өтетін түрлері де анықталған.

Полиомиелит жеке, яғни спорадикалық түрде де, эпидемия түрінде де кездеседі.

Аурудың жаздың аяғында және күзде байқалатындығы оның таралуына шыбындар, соналар, кенелер, бүргелер және басқа да жәндіктер қатысады деп болжауға мүмкіндік береді.

Полиомиелитпен көбінесе 4-5 жасқа дейінгі балалар ауырады (31-сурет). Эпидемия кезінде полимиелит 6 айдан 12 жасқа дейінгі балалардың және ересектердің ауырған жағдайлары тіркелген. Ауырғаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады. Ұзақ уақыт полиомиелит вирусы тек қана жұлынның алдыңғы мүйіздеріндегі қозғалтқыш нейрондарды зақымдайды деп саналды. Соңғы кезде ауру сонымен қатар жұлынның артқы мүйіздерін де, қабықтарын, түбіршектерін, жұлын түйіндерін, жүйке ұштарын, бұлшық еттерді зақымдайтындығы және миға да тарауы мүмкін екендігі анықталды. Осылай таралуына қарай полиомиелиттің мына түрлерін ажыратады: жұлындық, бульбарлық (сопақша мидағы) және церебральдық (мидағы). Полиомиелитке зақымдаудың тереңдігі жағынан біркелкі еместік тән. Мысалы, патологоанатомиялық зерттеу арқылы толық зақымданған жасушалардың жанында аздап қана зақымданған немесе сау жасушалар кездеседі.

Аурудың ағымында бірнеше кезеңді бөледі. Вирус организмге енгеннен кейін инкубациялық (жасырын) кезең басталады, ол орташа шамамен алғанда 10-14 күнге созылады. Бұл кезеңге өзін -өзі жалпы нашар сезіну, бас ауыру және тәбетінің төмендеуі тән. Балалар әдеттегі қағылездігінен айырылып, салбыр, беймаза болады.

Келесі кезең – аурудың клиникалық көріністерінің айқындалу кезеңі. Оның ағымының өзінде 4 кезеңді бөліп шығаруға болады: салға (паралич) дейінгі немесе менингеальдық кезең, сал кезеңі, қалпына келу кезеңі және қалдықтық кезең.

Ауру дене қызуының 38-400 дейін көтерілуі мен қалтыраудан басталады. Ұйқышылдық немесе беймазалық, бас ауыруы, іш өту, құсу немесе жоғарғы тыныс жолдарындағы қабыну процесі пайда болады. Бір жасқа толмаған балаларда жиі құсу, үлкен еңбегінің көтерілуі мен солқылдауы байқалады. Полиомиелиттің бастапқы кезеңіне ми қабықтарының зақымдану симптомдары тән: желке бұлшық еттерінің тартылуы (кернелуі), Керниг симптомы, арқаның ауыруы. Кейде аурудың басынан-ақ тыныс алу бұзылады. Науқастардың басым көпшілігінде тыныс алудың бұзылуы тыныс алу бұлшық еттерінің салдануы нәтижесінде пайда болады.

Сал ауруы кейде қалтырау кезеңінде пайда болады. Дене қызуы қайбқаннан соң қалпына 5 күнін ішінде белгілі болады да, басында үлкен алаңдарды алып, содан соң белгілі бір шектелген жерде тұрақты кемістік түрінде жинақталады.

Полиомиелит кезінде болатын сал шеткі (перифериялық) немесе босаңсыған деп аталады. Көбінесе екі аяқ, сирегірек екі қол, ал кейде бір аяқ немесе бір қол сал болады. Зардап шеккен аяқ не қол жіп құсап салбырап қалады, түсі көгерген (цианоз), сипап сезгенде суық болады. Сіңірлік рефлекстері жоқ (арефлексия), бұлшық ет тонусы күрт төмендеген (атония), ал 2-3 аптадан кейін бұлшық еттердің семуі (атрофия) дамиды. Егер жұлынның мойын бөлігінің төменгі жағы зақымданса, зақымданған жақта Горнер симптомы байқалады, ол көз саңылауы мен қарашықтың кішіреюімен және көз алмасының шүңіреюімен білінеді. Әдетте 6 аптадан кейін қалпына келу кезеңі басталады. Біртіндеп сал боп қалған аяғының не қолының саусақтары, одан кейін алақандары мен табандары қозғала бастайды. Қалпына келу әдетте біркелкі емес жүреді. Мысалы екі аяғы да зақымданғанда біреуінің қимылдауы тез қалпына келсе, екіншісінікі болар-болмас білінеді. Қозғалыстың қалпына келуімен қатар әртүрлі бұлшық ет топтарының зақымданғандығы нәтижесінде контрактуралар (аяқ-қолдың буындарда қисаюы) пайда болады. Контрактуралар семген бұлшық еттердің әлсіздігінен сау бұлшық еттердің басым күші өзіне қарай бұрып тартуына байланысты болады. Сондықтан аяқ-қол дұрыс емес, қалпына сай келмейтін жағдайда болады. Қалдықтық кезеңде тұрақты сал және контрактуралар сақталады, соның нәтижесінде дененің, аяқтардың немесе қолдардың қисаюы пайда болады. Сал болған қол-аяқта бұлшық еттердің семуімен бірге сүйектердің де семуі байқалады да, олар кейіннен қисайып, морт сынғыш болады. Жоғарыда айтылған кемістіктердің нәтижесінде аяқ-қолдың ұзындығы мен енінің өсуі артта қалада, бұл буынның шығып кетуіне әкеп соғады. Науқастар тіпті жүре алмайды немесе балдақпен жүреді. Іштің және арқаның бұлшық еттерінің салы кезінде омыртқа жотасы әртүрлі қисаяды да, сол үшін науқастардың тұруға, жүруге шамасы келмейді және олар табиғатына сай емес, бұрыс дене қалпында болады. Сырқаттану кезіндегі және одан кейінгі қалдықты кемістікке (салға) байланысты баланың психикалық қызметтері зардап шегеді. Аурудың басында балалар салбыр, енжар, ал кейде тітіргенгіш болады. Ал қалпына келу кезеңінде тез шаршау, көңіл күйдің жиі өзгеруі, жылауықтық, қорқақтық және т.с.с. байқалады.

Осылайша, полиомиелиттің барлық кезеңіндегі психикалық симптомдардың басқа инфекциялар кезінде кейбір балаларда анықталатын астениялық реакциялардан ешқандай айырмашылығы жоқ десе де болады. Ал қалдықты кезеңінде сал нәтижесінде балалардың қимыл-қозғалысы күрт шектелген болады.

Жалпы, полиомиелитпен ауырып шыққан және қозғалыс кемістігі түріндегі қалдықты құбылыстары бар балалар өзінің жағдайына әртүрлі реакциямен жауап береді. Көбінесе олар табандылық, қажырлылық танытады. Бала қоршаған ортаға белсенді түрде бейімделіп, өзінің кемістігінің орнын толтыруға, түзетуге ұмтылады. Алайда қозғалысының кемтарлығына байланысты баланың қоршаған ортаны қабылдауы мен ол туралы түсініктері шектелген болады да, бұл оның мінез-құлқына, қалауына, ақыл-ойына өзіндік әсерін тигізеді.

Дұрыс ұйымдастырылған және жүйелі педагогикалық жұмыс мұндай балалардың көбісіне өзінің сау қатар-құрбыларының деңгейіне жетуге көмектеседі. Нәтижесінде ақыл-ой жағынан ауыр бұзылыстар (кемақылдылық) байқалмайды. Полиомиелитпен ауырып шыққан балалардағы психикалық өзгерістер негізінен мінез бен көңіл күй-жігер саласына қатысты болады және кемістік дәрежесіне, ұйымдастырылған педагогикалық жұмыстың дер кезінде және дұрыс орындалуына байланысты.

Науқас балаларды ауруханаға ерте жатқызудың және емдеудің дер кезінде басталуының аурудан жазу болжамындағы маңызы өте зор. Аурудың жедел кезеңінде толық тыныштық сақтау қажет. Науқастар қатты төсекте аяқтарын жазып жатуы керек. Салбыраған табандарына кішкене жәшік тіреп қою керек немесе шинамен тұрақты қалыпқа келтіру қажет.

Жедел полиомиелитті емдеуде тыныс алудың бұзылыстарымен күресу ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Тыныстың ауыр бұзылыстарында арнайы тыныс қалталары қолданылады, олар ырғақты түрде кеуде қуысының біресе қысылуын, біресе кеңеюін шақырады. Ауыру сезімі басылғаннан кейін бұлшық еттердегі қанайналымды жақсарту үшін және контрактураларды болдырмау үшін жеңіл массаж бен гимнастика жасалады. Сал дамығаннан кейін 4-6 апта өткенде электрлік ем және жылы ванналар қолданылады.

Ортопедиялық және хирургиялық ем кеңінен қолданылады. Операциялар контрактураны жоюға бағытталады. Омыртқа жотасының қисаюы кезінде корсет кию керек, бұл белгілі дәрежеде тік жүруді сақтап қалуға және жүрісін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Науқасқа нық тұруға және жүруге мүмкіндік беретін, сонымен бірге жүрген кезде аяқтың барлық буындары қимылдайтындай жағдай жасайтын қадаусыз аппараттар (Н. А. Шенк) қолданылады. Аппараттың ішінде аяқ жазылған түрде болады да, бұл контрактура пайда болуының алдын алып, ауру аяққа сау аяқпен бірдей дерлік жүктеме орындауға жағдай жасайды. Қысқарған аяқ түзелетіндіктен осындай аппарат киген науқастардың жүрісінің қалыпты жүрістен онша айырмашылығы болмайды. Сал аяқ белсенді және пассивті қозғалысқа үнемі қатысып отыратындықтан және денені тіреген кезде жүктеме түсетіндіктен, сәйкес тітіркенулер (импульстер) пайда болып, орталық жүйке жүйесіне жетеді. Қозғалыс кемістігін түзеуге бағытталған осы аппараттан басқа жүруді жеңілдету үшін сал аяқты тұрақтандыру мақсатымен ортопедиялық аяқ киім де қолданылады. Осы атап өтілген барлық ортопедиялық және хирургиялық шаралар зардап шеккен балаларға өздігімен жүріп-тұруға, оқуға және жұмыс атқаруға мүмкіндік береді.

Алдын-алу шаралары сау балаларды инфекциядан қорғауға бағытталады. Ол үшін науқастарды бөлек ұстайды, бөлмелер мен заттарды залалсыздандырады (дезинфекция). Айналасындағылар және балаға күтім жасаушылар қолын жиі жуып, ауыз бен мұрын қуысын залалсыздандырушы ерітінділермен шаюы тиіс. Науқастың ыдыстарын қайнату қажет. Сонымен қатар, жәндіктермен және паразиттермен күресу керек. Қазіргі кезде біздің елімізде полиомиелиттің алдын-алу мақсатымен жаппай егу (вакцинация) өткізіледі. Оның нәтижелері өте жақсы, қазіргі уақытта бұл ауру кездеспейді десек те болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасына сәйкес жақын арада полиомиелитті нағыз шешек (натуральная оспа) ауруы сияқты бүкіл әлем бойынша жоюға қол жеткізу қажет және бұл әбден мүмкін. Сонда тіпті егу жүргізудің де қажеті болмас еді.

Полиомиелиттен кейінгі қимыл бұзылыстары бар балалар үшін олармен арнайы педагогикалық шараларды ұйымдастырудың маңызы аса зор. Мұндай балалар көбінесе жалпы мектеп бағдарламасымен оқи алады. Осы балаларды оқытуды аурудан кейін бейімделудің бастапқы кезеңінде арнайы санаторий-интернаттарда өткізген дұрыс, өйткені онда оқытумен бірге түзетуші емдік шаралар да жүргізіледі. Бұл балалардың өзі сияқтылардың ортасында болуы оған аяушылықпен, ал кейде мазақпен қарауды сезінбеуі тұрғысынан да жағымды әсер етеді. Арнайы мекемеде оқи отырып, бала бірқатар емдік-түзету шараларын қабылдайды, соның ішінде бірінші орында емдік дене шынықтыру мен еңбекпен емдеу тұрады. Емдік дене шынықтырудың арнайы жаттығулары балалардың моторикасын дамытып, оларда нық басуды, кеңістікте тұрақты болу үшін бірқатар қажетті дене қалпын табу қабілетін, керекті қосымша қимылдарды қалыптастырады, протезді тағып жүруге және оны пайдалануға үйретеді.

Орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдалуынан кейін қалған қозғалыс кемістігі бар балаларды дамытудағы аса зор маңызды шаралар – дұрыс ұйымдастырылған еңбек процестері. Омір тәжірибесі көрсеткендей, сәкес жаттығулардан кейін балалар әжептеуір күрделі еңбек процестерін игереді: өздері әртүрлі заттар жасап шығарады., бұл олардың көңіл күйін көтереді, ширақтық береді және т.с.с. Тәрбиелік-педагогикалық тұрғыда өзінің кемістіктерін жеңе алған күшті, қайратты әрі батыл адамдар туралы (А. Мересьев, О. Скороходова, Бибі-ана және т.б.) әңгімелер немесе басқа да шығармалар оқыған пайдалы. Әрине, қозғалыс тарапындағы кемістігі бар баланың сыртқы ортаға бейімделуі тегіс, оңай өтпейді. Бұл жерде ауыр невротикалық реакциялардың нәтижесі ретінде депрессия, үмітсіздік кезеңдері болады. Дәрігер мен мұғалім өзінің кеңесімен, басқа адамдардың өмірінен келтірілген мысалдармен, қайырымдылықпен, жанашырлықпен қарауымен баланың рухани күш-жігерін нығайтатын ересек жақын адамдары болып табылады. Мұндай жағдайлардағы әрі қарай орындалуы тиіс міндет баланың компенсаторлық мүмкіндіктерін дамыту арқылы белгілі дәрежеде өзінің кемістігін жеңе отырып, мектеп бітіруі және әрі қарай пайдалы еңбегін жалғастыруы болып табылады.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Полиомиелит деген қандай ауру, оның қоздырғышы?

  2. Полиомиелит кезінде орталық жүйке жүйесінің қандай бөлімдері зақымданады?

  3. Ауру ағымындағы кезеңдерді атаңыз.

  4. Сырқаттың бастапқы кезеіңне сипаттама беріңіз.

  5. Полиомиелит кезіндегі сал (паралич) қандай түрде өтеді, талдау жасаңыз?

  6. Полиомиелит кезіндегі психикалық өзгерістерге тоқталып өтіңіз.

  7. Аурудың жедел кезеңінде жүргізілетін емдік шаралардың ерекшелігі неде?

  8. Полиомиелитте қолданылатын хирургиялық және ортопедиялық емдеудің мәнісі неде?

  9. Сал ауруының алдын-алу шаралары қандай?

  10. Полиомиелиттен кейін қандай арнайы педагогикалық шаралар ұйымдастыру қажет?



Невриттер

Бет жүйкесінің (нервінің) невриті. Жалпы неврит дегеніміз – бұл жүйкенің қабынуы. Бет жүйкесі невритінің пайда болуына итермелеуші себептер әртүрлі. Ең жиі себеп, әсіресе балаларда, жүйкеге салқын тигізу болып табылады, соның салдарынан организмнің қорғаныс қабілеті төмендеп, инфекциялық процесстің дамуына жол ашылады. Көбінесе невритті қоздырушы инфекция жақын орналасқан инфекциялық ошақтан таралады, мысалы кариеске ұшыраған (құрттаған) тістен, құлақтағы іріңді қабыну ошағынан және т.б. Неврит грипптен, эпидемиялық паротиттен, күл ауруынан (дифтерия) кейінгі асқыну ретінде дамуы мүмкін. Әдетте ауру жедел басталады немесе ол басталмай тұрып алдын-ала белгілер кезеңі болуы мүмкін, бұл кезеңде науқас бетінің аздап ауырғандығын сезеді, сөйлегенде және шайнағанда ыңғайсыздық байқалады.

Аурудың белгісі бір жақ бетінің түк сезбей қалуы мен бұлшық еттері қозғалысының күрт төмендеуі немесе толығымен жойылуы (қатып қалуы) болып табылады (32-сурет). Қатты ауыру сезімі байқалуы мүмкін. Қарап тексергенде беттің зардап шеккен жағында мұрын-ерін қатпарының, маңдай терісінің тегістелгені, көз саңылауының кең ашылғандығы (көз жабылмайды), терісінің ісінгендігі анықталады. Ал сау жағындағы бет бұлшық еттері өз жағына тартып тұрғандай болады да, бет асимметриясы (қисаюы) байқалады. Науқас тісін ақситып көрсетуге тырысқан кезде ауызы сау жағына қарай қисаяды; зақымданған жағындағы ұртын толтыра алмайды. Сонымен қатар ауру жағындағы көз қабақтарын жұма алмайды. Кейде дәм сезуі бұзылады, сілекей бөлінуі артады, аузында сұйық асты ұстауы қиындайды. Зардап шеккен жағындағы көзінен жас ағып тұрады, өйткені жастың кері ағу механизмі бұзылады.

Аурудың ұзақтығы жеңіл жағдайда 2-3 апта болса, кейде, әсіресе ем жүргізілмесе, бірнеше айға дейін созылады.

Бет жүйкесінің невритінің емдеуге көнбейтін және созылмалы сипат алатын түрлері де кездеседі, ондайда пайда болған бұзылыстар (беттің қисаюы және т.б.) кетпей, ұзақ уақыт сақталады. Бұл науқас бет-әлпетінің ұсқынсыздығына әкеп соғады да, әсіресе жасөспірімдерді бірқатар ауыр күйзеліске ұшыратады.



Үштік жүйкенің невриті. Ауру инфекция әсерінен пайда болады (грипп, безгек). Мұндай невриттің даму себебінде нервтің бас сүйегінен бұлшық еттерге қарай бағытталып шығатын тесіктерде қысылуы үлкен орын алады. Бұл жағдай сүйектегі тесіктің периостит (сүйек тінінің патологиялық өсуі) кезінде, сонымен қатар жарақаттан кейінгі тыртықтардың әсерінен кішіреюі нәтижесінде болады.

Аурудың негізгі симптомдары – көбінесе жүйкенің шығатын жерлерінде орналасатын ұстама түріндегі күйдіргендей ауыру сезімі. Үштік жүйке невралгиясының (жүйкенің ауыруы) ұстамалары кезінде адам өте қатты қиналады. Бетті жуған кезде суық су тигенде ұстамалар қайталанады немесе күшееді. Балалар бұл ауруға сирек шалдығады.



Шонданай жүйкесінің невриті. Ересектерде бұл аурудың көп түрі кездеседі және әртүрлі себептерге байланысты болады. Балаларда көбінесе суық тигізуден кейін пайда болады. Суық тасқа, даладағы суық орындыққа отыру, аяғының жаурауы, суық суға түсу инфекциялық неврит дамуына жағдай жасайды.

Сырқат жеңіл, біртіндеп күшеетін бел. жамбас аймақтарындағы, санның артқы беті мен балтырдағы ауыру сезімімен білінеді. Ауырудың орналасқан жері әртүрлі болады. Шонданай жүйкесінің жоғарғы бөлігі зақымданғанда ауыру көбінесе бел мен жамбаста, ал төменгі бөлігі зақымданғанда аяқтың артқы бетінде, әсіресе балтырда білінеді. Ауыру сезімінен басқа науқастың зақымданған аяғында жамбас және тізе буындарының қозғалысының шектелуі байқалады. Терінің ісінуі, қызаруы, кейде құрғауы анықталады. Аурудың қатты білінетін түрлеріне тән белгі «отыру симптомы» болып табылады. Төсекте жатқан адам тұрайын дегенде оның ауру аяғы тізе буынында едәуір бүгіледі. Тұрып тұрған кезде науқас әдетте зақымданған жүйкенің кернелуін азайту үшін сау жағына қарай иіледі, ал жүрген кезде ақсаңдайды. Неврологиялық жағдайын тексергенде бастапқыда сіңірлік рефлекстерінің жоғарылығы анықталады. Аяқты жоғары көтерейін дегенде жүйкенің тартылуына байланысты қатты ауырады (диагностикалық белгі). Невриттің созылмалы түрінде тізе және ахилл рефлекстерінің жоғалуы, бұлшық еттердің семуі дамиды және сезімталдық төмендейді. Ауру созылып кетсе, балалар ұзақ уақытқа мектептегі оқуынан қалады.



Иық өрімінің невриті. Иық өрімі жұлынның соңғы төрт мойын және бірінші кеуде түбіршектерінен құралған. Бұл өрімнен қол бұлшық еттерін жүйкелендіретін шеткі жүйкелер басталады: шынтақ, шыбық, ортаңғы және жауырынасты жүйкелері. Талшықтарының құрамына қарай олар аралас болып табылады, соның ішінде ортаңғы жүйкенің құрамында сезімтал және қоректендіруші (трофикалық) талшықтар басым болса, қалғандарында қозғалыс талшықтары басым болады.

Иық өрімінің немесе оның ішіндегі жеке жүйкелердің невриттері әртүрлі себептерге байланысты болады – инфекциялық, улану себептері және жарақаттар. Жарақаттар көбінесе механикалық тартылу немесе жаншылу түрінде болады.

Жедел иық невритінің көрінісі мойын-иық бұлшық еттеріндегі қатты ауыру сезімінен, иық пен шынтақ буындарындағы қимылдардың шектелуінен және бұлшық ет күшінің әлсіреуінен құралады. Әдетте сіңірлік рефлекстердің және тері сезгіштігінің төмендеуі байқалады. Қолдың қандай да бір жеке жүйкесінің зақымдануы (шынтақ, шыбық, ортаңғы және жауырынасты нервтерінің) сәйкесінше сол жүйкенің атқаратын қызметінің бұзылуымен білінеді. Аурудың болжамы көбінесе қолайлы, бірақ созылмалы түрі де кездеседі, ондайда бұлшық еттердің парезі мен семуі байқалады.

Көптеген жүйкелердің невриттері (полиневриттер). Полиневрит деген көп шеткі жүйкелер мен олардың түбіршектерінің зақымдануы. Полиневриттің себептері де алуан түрлі болып табылады. Улану нәтижесіндегі полиневриттер улы заттардың әсер етуімен шақырылады (сынап, қорғасын), олар зиянды өндіріспен байланысты адамдарда жиі кездеседі. Спиртті ішімдіктерге салынған адамдарда алкогольмен жүйелі түрде улану кезінде жүйкелердің ерекше ішімдіктік зақымдануы (алкогольдық полиневрит) мүмкін. Ең жиі инфекциялық-улану полиневриттері кездеседі. Аурудың бұл түрі жүйкелердің тікелей нейровирустардың әсер етуіне байланысты болады немесе кейбір жалпы инфекциялардың (грипп, сүзек, күл және т.б.) асқынуының нәтижесі болып табылады. Кейде анамнезінде қатты суық тиюі туралы айтылады) мұздай суға түсу және т.с.с.). Балаларда полиневрит негізінен нейроинфекция нәтижесінде дамиды.

Инфекциялық полиневритпен ауырудың басталуы жоғары дене қызуымен, бас ауыруымен, жалпы әлсіздікпен және ірі жүйке бағаналарының бойымен терінің қатты ауыруы, табан мен алақанның ұюы, сонымен қатар терінің жыбырлауы, шаншуы сияқты ерекше сезімдермен (парестезиялар) сипатталады. Сосын аяқ-қол бұлшық еттерінің парездері мен салы дамиды.

Неврологиялық тексеру кезінде ірі жүйкелердің бойымен жайлап басқанда ауыру сезімі байқалады. Сезудің бұзылыстары тән болады. Әсіресе қол мен аяқтың ұштарындағы беткей сезгіштіктің төмендеуі тән. Кейде терең сезгіштік те бұзылады. Сіңір рефлекстері басында жоғары болуы мүмкін, ал кейін өшеді. Бұлшық еттер тонусы төмендейді (гипотония). Қол мен аяқ бұлшық еттерінің қозғалыс ауқымы күрт азаяды (парез дамиды), бірте-бірте сал болған бұлшық еттердің семуі байқалады.

Инфекциялық полиневритпен науқастану әдетте 2-4 айға созылады. Аурудың болжамы негізінен қолайлы, бұзылған қызметтер толығымен қалпына келеді. Алайда кейбір жағдайда диафрагмалық және кезбе жүйкесінің зақымдануы нәтижесінде тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйелерінің қызметі тарапынан ауыр асқынулар байқалып, тіпті өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Полиневритпен ауырып шыққан балаларды одан әрі бақылау олардың кейбірінде біразға дейін астениялық реакциялар түріндегі мінездің және көңіл күй-жігер тарапындағы айтарлықтай өзгерістер сақталатындығын көрсетті (тез шаршау, тітіркенгіштік, жылауықтық). Сонымен бірге кейде қалдықтық құбылыс ретінде аяқ-қол бұлшық еттерінің аздаған жіңішкеруі, алақанның майда бұлшық еттерінің әлсіздігі байқалатындығын атап кету керек. Мұндай патологиялық ерекшеліктер тек қана нәзік қимылдар кезінде, мысалы жазғанда, білінеді (әріптерді біркелкі емес жазу, жазуының жалпы ұқыпсыздығы). Әсіресе осындай бұзылыстар күл ауруындағы полиневриттен кейінгі қалдықтық құбылыстар көрінісіне тән болады.



Полиневриттің күл ауруындағы түрі. Бұл ауру көбінесе балаларға тән. Әдетте жүйке жүйесінің зақымдануы (негізінен шеткі жүйкелердің) күл ауруының бастапқы не соңғы кезеңінде дамиды. Ең жиі кездесетін асқыну 9-шы және 10-шы жұп бас-ми жүйкелерінің зақымдануына байланысты жұмсақ таңдайдың парезі немесе салы болып табылады. Бұл кезде жұмсақ таңдай салбырап, фонация (дыбыс шығару) кезінде керілмейді немесе тегіс емес керіледі. Әдетте мұрнынан сөйлеген тәрізді болады. Кезбе жүйкенің жүректік бұтақтары және диафрагмалық жүйке зақымданғанда аурудың болжамы нашарлайды. Сонымен қатар көз бұлшық еттерінің, соның ішінде 3-ші жұп бас-ми жүйкесінің, дәлірек айтқанда қарашықтың аккомодациялық бұлшық еттеріне келетін талшықтарының парездері мен салы орын алуы мүмкін. Клиникалық тұрғыда бұл оқудың бұзылуымен білінеді. Дифтерия кезіндегі полиневритте одан да көп жүйкелердің зақымдануы көбінесе аурудың аяқталатын кезінде байқалады. Оның екі түрін ажыратады – салдық және атаксиялық. Салдық түрінде қол-аяқтың бұлшық еттерінің (көбінесе аяқ пен мойынның) салы болады, ал атаксиялық түрінде координацияның, яғни кеңістікте дұрыс, үйлесімді қимылдаудың бұзылыстары байқалады. Емі – дәрі-дәрмектік, физиотерапиялық, сонымен бірге емдік дене шынықтыру қолданылады.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Неврит термині нені білдіреді?

  2. Бет жүйкесінің невритіне сипаттама беріңіз.

  3. Үштік жүйкенің невритінің ерекшеліктері?

  4. Шонданай жүйкесінің невритінің клиникалық белгілері қандай?

  5. Иық өрімінің невриті кезінде қандай симптомдар байқалады?

  6. Полиневрит дегеніміз не? Оның түрлері?

  7. Инфекциялық полиневриттен кейін қандай өзгерістер анықталады?

  8. Полиневриттің күл ауруындағы түрі немен сипатталады?



Нерв жүйесінің мерезі (сифилис)

XIX ғасырдың аяғында және XX ғасырдың басында жүйке жүйесінің мерезі (сифилисі) кең таралған еді. Ол балалардағы әртүрлі даму ақауларының жиі себебі болған. Кейін келе бұл аурумен белсенді күрес жүргізіліп, оның дамуына септігін тигізетін әсерлердің бірқатары жойылған.

Мерезбен ауыру организмде бозғылт спирохетаның көбеюімен байланысты. Жүре пайда болған мерездің кіру қақпасы терінің және шырышты қабаттардың тұтастығының аз да болса бұзылған (тырналған, сырылған, кесілген) жерлері болып табылады. Жұқтырылу жыныстық жолмен де, сонымен қатар жыныстық емес жолдармен де таралуы мүмкін: сүйіскенде, ортақ ыдыс, орамал арқылы және т.б. Организмде мерез бірнеше кезеңнен өтеді, бұл инфекцияның біртіндеп дененің әртүрлі тіндері мен мүшелерінде таралуымен байланысты: тері мерезі, ішкі мүшелер мерезі, жүйке жүйесінің мерезі.

Балалармен жұмыс істеу тәжірибесінде дәрігер-невропатог көбінесе туа біткен (конгенитальдық) мерезбен кездеседі. Бұл жағдайларда мерез ауру анасының құрсағында жатқан балада дамиды. Ол қан ағымы арқылы жұқтырылады. Микробтар плацента арқылы өткен қанмен бала организміне түседі.

Туа біткен (конгенитальдық) мерезде таңдамалы түрде жүйке жүйесі зақымдалады, бұл осы аурудың үшіншілік кезеңіне тән. Конгенитальдық мерез кезінде тері зақымданады (бөртпе, папулалар, жаралар), ішкі мүшелер, сүйектер зақымданады; сонымен қатар жүйке жүйесі тарапынан да бірқатар өзгерістер болады. Ұрықты құрсақ ішілік қалыптасудың әртүрлі кезеңдерінде зақымдай отырып, мерез ең алдымен баланың физикалық дамуының тежелуін шақырады, ал кейде жүйке жүйесінің зақымдануына байланысты психикалық кемістіктер де кездеседі (мерездік олигофрения).

Көп жағдайда конгенитальды мерезбен науқас балалардың сыртқы түр-әлпетінде бірқатар тән белгілерді атап көрсетуге болады, олар тек бірге қарастырғанда ғана осы ауруға тән симптомдар жиынтығын құрайды (33-сурет). Бұл жерде жалпы физикалық дамуының артта қалуын, біртүрлі инфантильдікті, кейде бас сүйегінің дұрыс емес пішінін (төмпешікті, қисайған), дене бітімінің олқылығын (диспластикалығын), сүйектердің қисаюын (мысалы, сирақтарының садақ тәрізді иілгендігін) атап өтуге болады. Ер тәрізді мұрын пішіні, тістерінің пішінінің жарты ай тәрізді ойықтар пайда болуы арқылы өзгеруі, аузының айналасында жарықтар мен тыртықтардың пайда болуы, құлағынан ірің ағу, көздің қасаң қабығының бұлыңғырлануы, шашының түсуі (бастың шаш өсетін аймағында көптеген кішігірім тақыр жерлердің пайда болуы) осы ауруға тән белгі болып табылады. Жүйке жүйесі тарапынан кейбір жеке бас-ми жүйкелерінің зақымдануы, сіңірлік рефлекстердің төмендеуі, кейде патологиялық рефлекстердің орын алуы байқалады. Бірқатар балалардың қимыл-қозғалысы (моторикасы) жеткіліксіз, қимыл тепе-теңдігі нашар болады. Құрсақ ішілік кезеңде мерездік менингит немесе менингоэнцефалит болған жағдайда жүйке жүйесі айтарлықтай ауқымды зақымданған болады – су ми, сал және т.б. Кейбір кезде физикалық жағдайы тарапынан едәуір бұзылыстар болмағанымен, неврологиялық жағдайын тексергенде орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануының белгілері анықталады. Ақыл-ойдың бұзылыстары жиі кездеседі, көңіл күй-жігер және мінез-құлық саласы қатты бұзылады.

Мұндай балалар көңіл күйінің өте тұрақсыздығымен, ашу-ызаға (аффект) бейімділігімен, қатігез қылықтарымен сипатталады, оларда тамақтануға деген және жыныстық әуестіктері дөрекі білінген болады. Өзін-өзі ұстауы мен тәртібіне қарай мұндай балалар эпилептоидты психопаттарға жақын болады.

Жүйке жүйесінің мерездік зақымдануының клиникалық түрлері. Жүйке жүйесінің мерездік зақымдануының мынандай түрлерін бөліп шығаруға болады: жүйке жүйесінің зақымдануы жанама түрде өтетін жағдайлар; мерездік менингиттер мен менингоэнцефалиттер; менингомиелиттер және табес (жұлын құрғамасы). Басқа этиологиялы (себепті) жедел түрдегі менингоэнцефалитпен салыстырғанда ми мен жұлынның мерездік зақымдануы баяу түрде, кейде дене қызуының көтерілуінсіз, қалтыраусыз өтеді. Мерездік менингиттер мен менингоэнцефалиттердің клиникалық көрінісіне бас ішіндегі қысымның жоғарылауына байланысты қатты бас ауыруы тән. Жеке бас-ми жүйкелерінің невриті жиі кездеседі, мысалы көру, есту, көз-қимыл жүйкелерінің. Бұл көру мен есту бұзылыстарына, қылилыққа, жоғарғы қабақтың салбырауына (птоз) әкеп соғады. Кейбір жағдайларда су ми, қаңқа бұлшық еттерінің салы дамыса, басқаларында эпилепсия тәрізді ұстамалар дамиды.

Қыртыстың жайылмалы зақымдануы кезінде, яғни ауру процесіне мидың майда қантамырлары шалдыққан кезде, ақыл-ой қабілеті төмендейді (мерездік кемақылдылық). Гипоталамустың мерездік зақымдануы кезінде де, энцефалиттің кейбір басқа түрлеріндегідей, зат алмасуы бұзылады (семіздік пен жыныс мүшелерінің нашар дамығандығы – гипогенитализм).

Патологиялық процеске негізінен жұлын шалдыққанда жұлынның қабықтары, түбіршектері мен тікелей жұлын затының зақымдануы байқалады, бұл мерездік менингомиелит көрінісін сипаттайды. Сырқат ауыру сезімімен, сезудің бұзылуымен, спастикалық салмен, сонымен қатар сфинктерлердің қызметінің бұзылуымен (зәр шығару мен дефекацияның бұзылуы) білінеді. Өте сирек жағдайда балалар мен жасөспірімдерде мерез кезінде жұлынның құрғамасы (табес) деп аталып кеткен жұлын ауруы дамуы мүмкін. Бұл кезде жұлынның жалпы зақымдануымен қатар әсіресе оның артқы бағандары мен артқы түбіршектері (сезімталдыққа жауапты) зардап шегеді.

Бұл аурудың негізгі симптомдары беткей және терең сезгіштіктің бұзылуы болып табылады: терең бұлшық еттік және буындық сезгіштік жойылады да, соның нәтижесінде қимыл тепе-теңдігінің реттелуі бұзылады (атаксия). Науқас аяқтарын талтайтып жүреді. Аяқтарында кенеттен пайда болатын жылдам әрі қатты ауыру сезімі, сонымен бірге ішкі мүшелерде – асқазанда, ішектерде – қатты ауыру ұстамалары (криздер) болуы мүмкін. Көмекейдің спазмдары (қысылуы) да кездеседі, онда адамның тамағы қатты ауырып, қылқынады. Табес кезінде соқырлыққа әкелетін көру жүйкесінің атрофиясы болуы мүмкін. Диагнозды анықтауда қандағы және ликвордағы (жұлын сұйықтығындағы) Вассерман реакциясының, сонымен қатар бірқатар басқа ақуыздық реакциялардың маңызы зор. Кейбір көз симптомдары тән болады. Соның ішінде анизокория, яғни қарашық өлшемінің екі көзде әртүрлі болуы, қарашықтың жарыққа деген реакциясының әлсіреуі, сонымен қатар арнайы симптомның болуы – қарашықтың жарыққа деген реакциясының болмауы, бірақ конвергенцияға деген реакциясының сақталуы – байқалады. Көздің түбінде көру жүйкесінің емізігінің сұр атрофиясы дамиды. Сұр атрофия – бұл көру жүйкесінің емізігінің сұр түске боялуымен білінетін, көру қабілетінің әлсіреуіне немесе жойылуына әкеп соғатын, көру жүйкесінің емізігіндегі ауыр әрі қайтымсыз өзгерістер. Психиканың бұзылыстары тән болады – ашуға, сандырақ ойларға бейімділік, ақыл-ойдың төмендеуі.



Емдеуі. Мерезден дер кезінде және жүйелі түрде емделгенде ғана жазылып шығуға болады. Мерезді емдеуде антибиотиктер, мышьяк және йод препараттары қолданылады. Емдік дене шынықтыру мен баланың организмін күшейтетін бірқатар емдік-педагогикалық шаралардың маңызы зор.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Мерез ауруының қоздырғышы қандай?

  2. Мерездің жұғу жолдары және оның кезеңдері?

  3. Туа біткен мерезге қандай белгілер тән?

  4. Жүйке жүйесінің мерездік зақымдануының клиникалық түрлерін атап өтіңіз.

  5. Мерездік менингоэнцефалиттердің ерекшелігі неде?

  6. Мерездік менингомиелиттің белгілері қандай?

  7. Табес термині қандай патологиялық жағдайды білдіреді? Оның көрінісіне сипаттама беріңіз.

  8. Мерездің емдеуінде қандай әдістер қолданылады?



Жүйке жүйесінің туберкулездік (құрт ауруымен) зақымдануы

Жүйке жүйесінің туберкулездік зақымдануы әдетте туберкулез таяқшаларының (бациллаларының) организмде бұрыннан бар туберкулез инфекциясының ошағынан (өкпедегі, лифа түйіндеріндегі) қан арқылы жүйке жүйесіне келіп түсуінің нәтижесінде пайда болады. Туберкулез бациллалары мидың жұмсақ қабығына түскенде туберкулездік менингит дамиды. Туберкулездік менингитпен ауыру әрқашан организмнің белгілі бір мүшесінде туберкулездік ошақтың болуына немесе бүкіл организмде жайылмалы туберкулездік процесстің (миллиарлық туберкулез) болуына байланысты. Аурудың ұзақтығы 25-30 күн болады, кейде 2-3 айға созылады. Оның жедел кезеңінің клиникалық көрінісі менингиттің басқа да түрлерімен, соның ішінде менингококктық менингиттікімен бірдей болады: басы ауырады, кейде құсады, желке бұлшық еттерінің тартылуы, аяқ бұлшық еттерінің тонусының күрт жоғарылауы, жалпы сезгіштіктің өткірлеуі байқалады және т.б. Алайда аурудың ағымы баяуырақ және кейде температуралық реакциясыз болады. Біртіндеп бала қатты азады (кахексия). Бұрынғы кезде туберкулездік менингит әрқашан өліммен аяқталатын, тек өте сирек жағдайда ғана науқас тірі қалатын. Қазіргі заманда оны емдеуде антибиотиктердің кеңінен пайдаланылуы бұл аурудың ағымы мен нәтижесіне үлкен әсер етіп, туберкулездік менингиттен өлу көрсеткіші күрт азайды. Туберкулезді менингиттен кейінгі қалдықты құбылыстардың клиникалық көрінісінде қаңқа бұлшық еттерінің салы мен парездері, жеке бас-ми жүйкелерінің невриттері, мінез бен көңіл күй-жігер саласындағы бұзылыстар, кейбір жағдайда ақыл-ойдың төмендеуі анықталады. Осы аурумен ауырып шыққан балаларды оқыту үшін арнайы интернаттар ашылған.



Туберкулездік спондилит кезіндегі жүйке жүйесінің зақымдануы. Туберкулездік спондилит, яғни жеке омыртқалардың сүйек затының туберкулездік процеспен зақымдануы, көбінесе бұрыннан лимфа түйіндерінің, буындардың, өкпенің туберкулезі бар балаларда дамиды. Бала организмінің әлсіреуі, бірқатар инфекциялармен ауырып шығу, қаназдық (анемия), сонымен қатар омыртқа бағанасының жарақаттары туберкулездік спондилиттің дамуына жағдай жасайды. Бұл аурудың негізінде туберкулезді процестің жеке омыртқалардың сүйек затын бұзып, оның сиреуі мен тарауын шақыруы жатады, соған байланысты омыртқалар өзінің қалыпты пішінін жоғалтып, дене салмағының басу нәтижесінде әртүрлі бүлінуге (деформация) ұшырайды. Бұл омыртқа жотасының қисайып, бүкір болуға әкеп соғады (кифоз). Омыртқа жотасының деформациясы кейбір жағдайда (әсіресе омыртқалар сынған кезде) жұлын мен оның түбіршектерінің қысылып, зақымдануына әкеліп соғуы мүмкін. Бірақ олардың қысылуы көбінесе омыртқаның туберкулездік процеспен зақымданған жерлерінде дамыған абсцесске немесе грануляциялық ұлпаның, яғни жас дәнекер ұлпаның өсіп кетуіне байланысты болады. Жұлын түбіршектерінің және діңгегінің қысылуы бірқатар бұзылыстарға әкеледі: белдеулеуші ауыру сезімі, сезудің бұзылыстары, бұлшық еттер тонусының жоғарылауы, аяқ-қолдың парезі мен салы. Осының барлығы қуық пен тік ішек сфинктерлерінің қызметінің нашарлауымен асқынуы мүмкін, соның нәтижесінде кіші және үлкен дәретінің бұзылуы байқалады. Жұлынның механикалық қысылуы оның қызметтерінің де екіншілік бұзылыстарын шақырады, бұл қанайналымның нашарлауы, ісінудің дамуына байланысты. Сонымен қатар туберкулездік токсиндер, яғни улы заттар жұлын қызметіне залалды әсерін тигізеді. Осының барлығының нәтижесінде жұлынның екіншілік қабынуы (миелит) дамуы мүмкін.

Туберкулездік спондилитпен науқастану 1 жылдан 2-3 жылға, кейде одан да көпке созылады. Әдетте омыртқа бағанасындағы ауру процесінің ағымының қарқындылығы мен жұлын тарапынан болатын патологиялық көріністер арасында параллельді байланыс болмайды. Мысалы, сүйектегі өзгерістер күшейгенмен, жүйке жүйесі жағынан болған өзгерістер тыныштануы мүмкін. Ал кейде бұған қарама-қарсы болады. Туберкулездік спондилиттің нәтижесінде толық жазылу мүмкіншілігі бар, кейде омыртқа бағанасы тарапынан да деформация түріндегі, жүйке жүйесі тарапынан да парапарездер және т.с.с. түріндегі жеке кемістіктер мен ақаулар қалуы мүмкін.

Туберкулездік спондилит кезінде, әсіресе оның жедел кезеңінде науқасқа толық тыныштық жағдайын қамтамасыз ету керек. Бұған ұзақ уақыт төсектік тәртіп сақтау арқылы қол жеткізіледі. Әдетте науқасты горизонтальды жағдайда қатты төсекке жатқызады. Жатқызумен бірге зақымданған бөліктерінің бір-біріне қысым жасамауы үшін омыртқа жотасын керу қажет. Мұндай мәжбүр тәртіпті кейде өте ұзақ мерзім сақтауға тура келеді – 1-3 жылға дейін. Төсектік тәртіп сақтаумен қатар жалпы әлдендіруші ем және туберкулез процесіне қарсы арнайы ем жүргізіледі. Ұзақ уақыт арқасымен тапжылмастан төсек тартып жатуға мәжбүр қылатын ауыр тәртіп баланың психикасында тұлғаның әртүрлі астенизациясын тудырады (жабырқау көңіл күй, апатия, кейде тітіркенгіштік, ызақорлық, жылауықтық және т.с.с.). Өмірден, мектептен, үйреншікті ісінен еріксіз айырылу ақыл-ой дамуының аздаған тежелуіне септігін тигізеді. Сондықтан мұндай балалармен арнайы оқыту жүйесін ұйымдастыру өте маңызды болып табылады. Қазіргі кезде арнайы санаторийлерде емделіп жатқан балалармен жүйелі түрдегі оқу жұмысы жүргізіледі. Сабақтар ауру жататын бөлмеде өткізіледі. Мұның өзіндік ерекшеліктері бар. Балалар үнемі арқасында жататындықтан, бұл жағдайда қажетті мәліметтерді (суреттер, сызбалар, формулалар, кестелер және т.б.) өзіндік сынып тақтасы болып табылатын төбеден бейнелеп көрсету үшін эпидиаскопты пайдаланған дұрыс. Туберкулезді спондилитпен науқас балалар жататын осындай бөлмелерде сабақ жүргізу мұғалім тарапынан ерекше білімді және көңіл бөлуді талап етеді.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Туберкулез деген қандай ауру? Инфекция жүйке жүйесіне қалай түседі?

  2. Туберкулездік менингиттің клиникасына сипаттама жасаңыз.

  3. Туберкулезді спондилит дегеніміз не? Оның асқынулары қандай?

  4. Туберкулезді спондилитпен науқастану қанша мерзімге созылады?

  5. Бұл ауруда қолданылатын емдеу шараларын атап өтіңіз.

  6. Осы аурумен науқастанған балаларды оқытудың ерекшеліктері қандай?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет