Көрсетілетін қызметті сертификаттау. Көрсетілетін қызметті сертификаттау заңнамалық актілер мен нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес қоршаған ортаны қорғау, азаматтар денсаулығы мен өміріне қауіпсіздік бойынша іске асады.
Қызметті сертификаттау:
сертификаттау органына өтініш беру;
өтінімді қарастыру және сертификаттау сұлбасын таңдау;
сертификаттау жұмыстарын жүргізу туралы өтініш беруші мен сертификаттау органы арасындағы келісімшарт жасау;
қызметке сынақ жүргізу (тексеру) және (немесе) орындаушының қызмет көрсетудегі шеберлігін бағалау, кәсіпорынды аттестаттау, сапа жүйесін сертификаттау;
алынатын нәтижелерді талдау және сәйкестік сертификатын беру мүмкіндігі туралы шешім қабылдау;
сертификат беру және Мемлекеттік сәйкестік сертификаттары реестріне тіркеу;
сертификатталған қызметке инспекциялық бақылау жүргізу процедураларын қамтиды.
Сертификаттау жұмыстарын жүргізу үшін өтінім беруші аккредиттелген сертификаттау органына бекітілген нысан бойынша өтініш береді. Сертификаттау органы өтініш алғаннан кейін бекітілген немесе 1 айдан кем емес уақыт аралығында өзінін шешімін жеткізеді және қызметті сертификаттау туралы 2 дана шаруашылық келісімге қол қояды. Шешімде қызметті сертификаттаудың негізгі шарттары мен сертификаттау сұлбалары көрсетіледі.
Сертификаттау сынақтары аккредиттелген сынақ зертханаларында, сынақ зертханасы белгілеген және сертификаттау органымен келісілген уақыт аралығында жүргізеді. Сертификаттау жұмыстарын жүргізу үшін аккредиттелген сынақ зертханалары болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Мемстандарты сынақ нәтижелерінің ақиқаттығын қамтамасыз ететін сынақ өткізетін орын мен жағдай жасау мүмкіндігін анықтайды.
Сынақ (тексеру) жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарына бұйымды таңдап тексеру жүргізіледі және сынақ (тексеру) хаттамалары бойынша қорытынды жасалады. Тексерілетін бұйым саны мен таңдау ретін сертификаттау ережелері мен стандарттау бойынша нормативтік құжаттарға сәйкес сертификаттау органы анықтайды. Сынақ зертханасы сертификаттау органына сынақ хаттамасын жібереді. Материалдық емес қызметтер сараптама немесе социологиялық бағалау әдістерімен сертификатталады.
Қарастырылған сертификаттау сұлба бойынша сынақ нәтижелері оң болғанда және әкелінген құжаттар сараптамасынан кейін сертификаттау органы сәйкестік сертификатын рәсімдейді және оны бекітілген тәртіп бойынша Мемлекеттік реестрде тіркейді. Қажет деп табылған жағдайда қызмет көрсетуші бекітілген нысандағы сәйкестік сертификатының көшірмесін пайдалана алады.
Сертификат жұмыс жасау мерзімін таңдап алынған сұлбаға байланысты, бірақ үш жылдан артық емес уақытқа сертификаттау органы тағайындайды.
Нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігіне әсер етуші, қызметті атқару технологиясы мен қызмет көрсету жағдайына өзгерістер енгізу кезінде өтініш беруші жаңа сынақтар мен тексерулер жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдайтын, сертификат берген органға хабарлауы қажет.
Сертификаттау сынақтарының нәтижелері теріс болғанда, сертификатталатын қызметке қойылатын талаптар сақталмаған жағдайда, немесе өтінім берушінің сертификаттау жұмыстарының ақысын өтеуге келіспеген жағдайда, сертификаттау органы өтініш берушіге сертификат берілмейтіні туралы себептер көрсетілген қорытынды беріледі.
Қызмет көрсетуші сәйкестік сертификатын алған соң Мемстандарт рұқсатымен құжаттарды сәйкестік белгісімен белгілейді.
Сәйкестік сертификатын берген орган сертификатталған қызметке инспекциялық тексеру жүргізеді, тексеруге:
сертификатталған қызмет туралы ақпаратты талдау;
инспекциялық тексеру жүргізу үшін комиссия ұйымдастыру;
тексеру жүргізу;
тексеру нәтижелерін рәсімдеу және шешім қабылдау кіреді.
Инспекциялық тексерудің көлемі мен мерзімділігін сертификаттау органы сертификатталған қызметтің жағдайы мен сапасының тұрақтылығына байланысты анықтайды, бірақ жылына бір реттен кем емес.
Көрсетілетік қызмет сапасына шағымдану туралы ақпарат бірнеше рет түссе, кезектен тыс инспекциялық тексеру жүргізіледі.
Инспекциялық тексеру нәтижелері бойынша сертификаттау органы екі дана акт жазады, ал инспекциялық тексеру органы тексеру жүргізсе үш дана акт жазады, оған инспекциялық тексеруге қатысушылар мен сертификат ұстаушының жауапты өкілі қол қояды. Актінің бір данасы сертификат ұстаушыға, ал екіншісі сертификаттау органына беріледі.
Инспекциялық тексеру нәтижелері бойынша сертификаттау органы сертификаттың жұмыс жасауын тоқтатуына немесе жоюына немесе сәйкессіздік табылғанда, қызметке деген нормативтік құжаттың, көрсетілетін қызметтің технологиялық процесіне, тексеру мен сынау әдістеріне, сапа қамтамасыз ету жүйесіне өзгерістер енгізілсе және ол өзгерістер сертификаттау жүргізілген уақытта бақыланған талаптарға сәйкес еместігін көрсетсе, сәйкестік Белгісін қолдану құқынан айырады.
Сертификат жұмыс жасау мерзімі тоқтатылуы немесе жойылуы туралы ақпаратты сертификаттау органы қызмет көрсетушіге, Қазақстан Республикасының Мемстандартына және қызметті сертификаттау жүйесіне қатысушы мүдделі жақтарға жеткізеді. Сертификаттаудың жұмыс жасау мерзімінің жойылуы Мемлекеттік Реестрден алып тастағаннан басталады.
Қызметті сертификаттау – Қазақстан Республикасында жаңадан қолданыла бастаған сала. Қызметті сертификаттаудың негізгі принциптері өнімді сертификаттау принциптерімен бірдей, олар: міндеттілік пен еріктік, үшінші жақпен сәйкестікті бағалау, сертификаттау органдарын аккредиттеу, сәйкестік сертификатын беру. Сертификаттау объектісі ретінде қызметтің ерекшелігі – қызмет көрсетілуі кезінде орындаушы мен тұтынушының өзара іс-әрекеті, тұтынушыға қызмет көрсету жағдайының әсер етуі және қызмет сапасын тұтынушының өзі бағалауы. Функционалдық критерийлер бойынша көрсетілетін қызмет материалдық және материалдық емес болып бөлінеді. ҚР МСЖ қызметінде сертификаттаудың бес сұлбасы қабылданған. Қызметке сертификаттау тексерулерін ҚР МСЖ Мемлекеттік Реестрінде тіркелген сарапшы-аудиторлар жүргізеді.
Қызметке қойылатын жалпы талаптардың сандық сипаттамаларына күту уақыты, орындалу мерзімін сақтау, қызметкерлер саны мен жабдықтар саны, ал сапалық сипаттамаларға қауіпсіздік, эстетика, ыңғайлылық және т.б. жатады.
1- сұлба – жұмыс жағдайын, нормативтік және технологиялық құжаттарды білу, жұмыс тәжірибесі, кәсіпқойлықты көтеру туралы мәліметтер, қызмет нәтижесін таңдап тексеру және соңынан жүргізілетін инспекциялық тексеруді қамтитын орындаушы шеберлігін бағалауды қарастырады. Бұл сұлбаны кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорындар көрсететін қызметті сертификаттауда қолданады.
Көрсетілетін қызметке сертификаттау жүргізгенде қолданылатын сұлбалар 10.3 кестеде берілген.