XII ғасырдың екінші жартысында Керейіт мемлекетін Тоғрұл хан басқарған кезде мемлекеттің аумағы өсіп, нығайды. 80-жылдардың басында Тоғрұл монғолдардың жас қолбасшысы Темучинге қолдау көрсетті. Осы әрекеті арқылы өзінің монғолдар арасындағы ықпалын нығайтуға тырысты. Біраз уақыт Тоғрұл хан керейіт-найман одағының жетекшісі болды.
XII ғасырдың соңы - XIII ғасырдың басында Керейіт мемлекеті әлсіреп, монғолдар күшейді.
1203 жылы бұрынғы одақтастар арасында соғыс болып, керейіттердің жеңілуімен аяқталды.
Мемлекеттік құрылымы. Керейіт пен Найман мемлекеттері саяси құрылымы жағынан бір деңгейде және ұқсас болды. Мемлекетті мұрагерлік жолмен хан басқарды.
Елде тәртіп күшейтілді, ісқағаздары жүргізілді. Ресми құжаттар хан жарлығының шынайылығын растайтын мөрмен бекітілді. Ақсүйектердің қызметі әдеттегідей мұрагерлік жолмен берілді. Мемлекеттің бүкіл халқы әскери-әкімшілік жүйе бойынша мыңдық, жүздік, ондықтарға бөлінді. Қоғамда туыс тайпалардың бірігу үрдісі жүрді.
XIII ғасыр басында монғолдардың қысымымен найман мен керейіттер Шығыс Қазақстан, Жетісу аумағына қоныс аударды. Олар бұл өңірлерде жергілікті халықтың мәдени және этникалық дамуына айтарлықтай ықпал етті.
Жалайырлар.Жалайырлар туралы мәлімет монғол жылнамаларында ғана атап өтіледі.
Олардың этникалық құрамы біркелкі болған жоқ. VІ-VІІ ғасырларда жалайырлар Түрік қағанатының құрамына енді.
Монғол деректерінде өзін гурхан жариялап, қысқа мерзімге жалайырлар мемлекетін құрған Жамұқа туралы айтылады. Алайда Шыңғысхан жалайырларды талқандап, өзіне бағындырды. Жылнамаларда жалайыр тайпасының өкілі, Шыңғысхан әскері қолбасшыларының бірі Мұқылай есімі атап өтіледі. Жалайырлар Орталық Азияның кейінгі тарихында да елеулі рөл атқарды. Тарихшы Қадырғали Жалаири жалайыр тайпасынан шыққан.