Атипті остеомиелиттер. Атипті остеомиелит балаларда кездесетін барлық остеомиелит-тердің 4-7,5%-ын құрайды (Т.Ж.Сұлтанбаев, 1984; Г.Н.Ақжігітов, 1986; т.б). Атипті остеомиелит бала ағзасында иммунобиология-лық қасиеті жоғары болған кезде анықталады, сондықтан сүйектегі қабыну ошағы бірден шектеледі. Бұл остеомиелиттің түріне келесі сүйек қабынулары жатады:
Броди іріңдігі
Склероздаушы Гарре остеомиелиті
Альбуминозды Олье остеомиелиті.
Антибиотиктік остеомиелит.
Броди іріңдігі – сүйекте шектелген іріңді сүйек қуысының болуы. Бұл іріңді қуыстың остеогенді қапшығы болады. Броди іріңдігі жедел гематогендік остеомиелиттің 3,1%-ін құрайды. Ол мектеп жасындағы балаларда (8-12 жас) жиі кездеседі. Броди іріңдігі үлкен жіліншік сүйегінің проксимальды метафизінде, ортан жіліктің дистальды метафизінде, иық сүйегінің проксимальды метафизінде орналасады. Сүйек қабы астындағы кеңістікке ірің жиналмайды. Іріңде көбінесе стафилококк анықталады.
Ауру біртіндеп басталады, кейде белгілері болмайды. Дене қызуы 37,0-37,50С, кейде дене қызуы қалыпты болуы мүмкін. Интоксикация және токсикоз белгілері анықталмайды. Бала жергі-лікті, ошақты жердегі ауырсынуға шағымданады. Сүйекті соққан кезде немесе жүрген уақытта ауырсыну анықталмайды. Ауырсыну түнгі уақытта күшейеді. Сүйек ішілік іріңдік аймағында біраз ісік анықталуы мүмкін, бірақ гиперемия және флюктуация болмайды.
Диагноз қою үшін рентгенография жасау қажет: рентгенограммада сүйекте дөңгелектенген немесе сопақшалау сүйек қуысы көрінеді. Сүйек қуысы ішінде ұсақ секвестрлер байқалады, сүйек қапшығында өзгеріс болмауы мүмкін.
Емдеу үшін операция жасалады: сүйекті трепанациялау, іріңді грануляцияларды және ұсақ секвестрлерді сылып алып тастау, сүйек қуысына антибиотикті пломба жасау.
Склерозды Гарре остеомиелиті – сүйек арнасы толық склерозданып жабылып қалады, сонымен қатар сүйектің кортикальды қабаты білеуленіп деформацияға ұшырайды. Ауру орташа жеделдеу түрде өтеді.
Кей кезде сүйекте ауырсыну болады, дене қызуы 37,0-37,80С-қа дейін көтеріледі. Баланың зақымданған аяқ-қолының көлемі ұлғая-ды. Сүйекті пальпациялау және перкуссиялау кезінде ауырсыну байқалады, жергілікті температура көтеріледі. Науқастанған бала қабынуға ұшыраған қол-аяғын қозғамайды. Осындай жағдай 1-1,5 айға созылады, одан кейін баланың жағдайы кенеттен нашарлайды. Дене қызуы 38,0-39,00С, токсикоз, аяқ-қолының ауырсынуы артады.
Сүйектің жалпы шолу рентгенограммасында сүйектің кортикальды бөлігі қалыңдайды, сүйек қабығы өзгеріссіз, сүйек майынан арнасы тарылады. Кейде сүйекте секвестрлер анықталады.
Емі: антибактериальды және физиотерапия. Егер секвестрлер, жыланкөздер болған жағдайда, сүйек арнасын тазалау және сүйекті резекциялау қажет.
Альбуминозды Олье остеомиелиті – сүйекте ошақты қуыстар пайда болып, оған шырышты-белокты және май тәріздес сұйықтықтың жиналуы. Көбінде ортан жілік пен иық сүйегінде байқалады.
Клиникасы. Ауру жеделдеу түрде біртіндеп басталады. Дене қызуы 37,5-38,00С дейін көтеріледі. Ауырсыну сүйектің ошақты бір бөлігінде болады, сол жерде ісік және гиперемия байқалады. Буында қозғалыс шектеулі.
Рентгенограммада – сүйектің қалыңдауы, периостальдық реакция байқалады, дақты остеопороз.
Емі: сүйекті трепанациялау, альбуминозды сұйықтықты шығарып, антибиотикті пломба салу.
Антибиотиктік остеомиелит – егер балаға алдын ала антибиотик қолданған жағдайда анықталады. Ол кезде сүйектің деструкцияға ұшырауы және экссудаттық үрдістер аздап қана анықталады. Клиникалық белгілер анық емес, интоксикациялық белгілер байқалмайды.
Рентгенограммада – сүйектің дақты остеопорозы, ұсақ сүйек қуыстарының болуы, сүйек склерозы көрінеді.
Емі: қарқынды антибактериалдық ем.